0 дауыс
4.0k көрілді
ауезоаке арналган олендер керек болып жатыр кайдан тапсам болады

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Біз және бізден кейінгі ақындар - қар­шадайымыздан социалистік қоғамның идео­логиясын жанымызға сіңіріп, билік не айтса, соған «ләббәй, тақсыр» деп ай­қай­ламағанмен, бас изеп тәрбиеленгендерміз. Қанға сіңіп қалған қасиеттің қандай сұйықпен немесе қылықпен жусаң да кете қоюы екіталай.
Өмірдің шындығын тұп-тура қаны сорғалаған күйінде жазуға көп ақынның батылы бармайды, батылы барғандар қоғамның көңілінен шықпайтындықтарын біледі де, биліктің алдында жаманатты болғылары келмейді.
Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осы жайдың шырқын бұзып, шеңберден шық­қан, өзі өмір сүрген дәуірінің ақиқатын әр­түрлі әдістермен айта білген бірен-са­рандарды елеп, бағалап жатқан әдеби орта не зерделі оқырмандар жоқ. Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі күндері батыр да, батыл да көбейді. Кешегі темір тордың астында ақиқатты айту түгілі ауыздарын ашуға жа­рамағандар қазіргі күндері «өзім батыр, өзім бай - кімді аяйын» деп, халықтың мұ­ңын мұңдап, жоғын жоқтағандай адам­сиды.
Сол бірен-саран ақындардың арасында Жүрсін ініміз бар болатын.
Жайдақталып кетсе де замана тым,
өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге,
қалғып кетпе, қазақы қанағатым! - деп,
жастайынан жағаласып жүріп жұрттан озу­ды ар санайтын ақын бірнеше жыр жи­нақтарын шығарып, өлең түсінетін оқыр­манға әбден таныс болса да, оза шапқанды бағалап бәйге беретін орта болса, өздері тауып аларды қанағат етумен келеді.
«Қой» дейтіғұн қожасы болмағасын, қы­зында сенім жоқ, ұлдары алаңдаған түлкі за­манда шал шалдуар, кемпірі мыстан болуы да заңды секілді көрінеді. Сондықтан да
Азабына қазақтың қосып азап,
дұшпан таба қылады, досы - мазақ.
Жауға алдырмас жарағын дауға алдырып,
сормаңдай-ау шынымен осы қазақ.
Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң,
өксігімді көмейде құмықтырдым.
Қайран Мұха, қадірің өткен күні
басыңа кеп бөрідей ұлып тұрмын.
Бұл - ақынның Мұхтар Әуезовке ар­наған өлеңі.
Өмірдің «тайғақ жолындағы киік-тағдыр» ақынның біресе «орман - қайғысы шуылдап», елдің ұлдары құлға айналса, ол халықтың көсегесін кім көгертер» деген ойлардан «бар мен жоқтың арасында» теңіз бетіндегі қалтылдаған желкенсіз қайықтай сенделсе, енді бірде
Қаламымды кезеніп мен осынау
халқым үшін бәрібір майдандасам! -
деп, шабытына жігерін жаныған күйі:
Ақырып шыға келсем Қабанбайлап,
Япыр-ай, бітер ме екен маған да айбат?!
Жоқ, әлде бұғып тағы қалсам ба екен
жұлқыссам жыртылатын жағамды ойлап? -
деген шерменде күдікпен күн кешетініне де сенесің. Себебі «махаббат мұңсыз бол­мас» дегендей шын ақынның дерті де сол көңіліне ылғи күдік-құзғын ұялап, тылсым оймен тынымсыз тіршілік тауқыметін кешу ғой.
Жүрсін ақынның «Арайлы күн, армы­сың», «Ұлытауға бардың ба?», «Сізге арна­дым», «Құдіретке жүгіну», «Құстың көлең­кесі» атты шығармалары сөз қадірін білетін, сөз патшасының тамырына дейін талдап, жүрегін баураған жолдардың астын сызатын қызыл қарындаш іздейтін, соңында сол шумақтарды дәл бір өзі жазғандай рахат сезімге оранатын оқырмандары, құдайға шүкір бар, шын мәніндегі жыр-толғам­дар.
Уайымсыз өлең - тойған қарынның ке­кірігі. Ал Жүрсіннің жырлары шерге буланған шындықтың шырынындай әрі нәрлі, әрі зарлы. Көрінгеннің бәрін қуа­ныш көріп қарсы алатын, айқайлағанның бәрін әнші, қол сермеп, бірдеңелерді оқы­ғанды ақын, ақырғанды батыр көретін деңгейдегі оқырман мен тыңдарман.
Заманым берер емес мүлде тыным,
білмеймін түсетінін кімге күнім.
Шошынып күнде көрген сұмдықтардан
келеді кәлимаға күнде тілім.
Шортанбай шал болжаған заманақыр
жетті ме екен: әйел - би, бала - батыр.
Ақылымның азабын тартып жүрсем,
үйретеді үйде олар маған ақыл.
немесе
Басымды тәуекелге тағы байлап,
шынымен көрсем бе екен Абылайлап?
Соңымнан ерер ме екен жанкештілер,
жырқылдап күлер ме екен ауыл-аймақ? -
деген ойлы шумақтарды оқығасын ат-то­нын ала қашып, «аспаны ашық, заманы жарқыраған мына дүниеде Жүрсіннің мұнысы несі» деп, кінә тағары әбден мүм­кін. Өйткені біз - мадақтау мен қол шапа­лақтап, мәз болуға үйренген елміз.
Қазақтың бырығы мен былығын, би­ліктің қылығы мен сығымын ғана емес, жалпы пенденің табиғи болмысын айнадан көрсеткендей өлеңдерімен әшкере еткен Абай атамыздың әлі күнге жұрттың аузынан түспей, әр сөйлемі халықтық мақалға ай­налуы тектен-тек емес.
Немістің ұлы композиторы Рихард Штраус:
- Қарапайым бір ән жазып, ол елу жыл­дан кейін халық әніне айналса, композитор үшін бұдан асқан бақытты мен білмеймін, - деген екен.
Бұл даналық сөзді ақынға да айтуға әб­ден болады.
Біздің Жүрсін де біреуді жамандап не көңі­лі ұнатқанға көпшік қойып емес, ке­рісінше, өз сезімі, өз болмысы арқылы ұлт та­биғатын көрсетуге тырысады. Бұл - үл­кен таланттың қолтаңбасы.
Ақынның әр туындысынан қазақ ті­лінің нәрімен сусындап, баяғы бала шақ­тар­да сары уызды тамсана талмағандағы тәт­ті сезімді басыңнан кешкендей күйге ене­сің.
Сондай-ақ Жүрсін ақын «тәуелсіздік жа­­сасын!» немесе «азаттықтың таңы атты» деп жар салып, ұрандамайды. «Елбасымыз­ға дауыс берейік, ағайын!» деп те айт­пай­ды.
Айбар болар Алашқа таусылды ма ер,
намыс оты жарқылдап, жансын жігер,
көк байрақтың астында табысуға,
Ата қазақ, сен бүгін дауысыңды бер!
Ортағында ауа, су, Отын көпке
Отанына болмасын ботаңда өкпе,
Дауысыңды бер, ағайын, Абайыңа,
Қасымыңа, Мағжан мен Махамбетке!
Тәуелсіздік бақытының байрағын жел­біреткен елдің азаматы қуанышын осылай шыр­қар болар, Елін, Жерін сүйетінін осы­лай жария етер!
Жүрсін поэзиясы арқылы «аспанда қы­ран қалықтап барады, ал жерде жылан жор­ғалап жылжиды - сен жыландай жор­ғалама, қырандай қалықта» деп ешқашан оқырманға ақыл айтып, үгіт-насихат жүр­гізбейді.
Мысалы, біз ана тіліміз туралы көп ай­тамыз, анасының тілін білмейді деп бі­реулерге өкпелеп, дымын қоймай сөгіп, кінә­лаймыз.
Ал Жүрсін болса бұл мәселеге мүлдем бас­қа жағынан келеді:
Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым:
әр сөз өзі кеседі өз кіндігін.
Көздің құнын сұрама - сұрамасаң,
сұрау керек алайда сөздің құнын.
Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам,
туған тілдің қадірін сезген бабаң.
Аттан жығыл жығылсаң - уақасы жоқ,
жығылуға болмайды сөзден, балам!
Бұл да - ақындық шеберліктің белгісі.
Әңгімем Жүрсін Ерман жайлы бол­ғандықтан тағы бір мәселені айта кетсем деймін.
Жүрсін Ерманның халқымыздың ай­тыс өнерін өрістетуге біраз жылдан бері күш-қуатын аямай жұмсап келе жатқанын ел біледі.
Бұл жолдағы оның еңбегін де ерлік деп бағалауға болады. «Айтыскер ақындар Жүр­сіннің құлақ кесті құлындай, айтысты өзінің жеке бизнесіне айналдырып алған» деген күңкіл айтушылар да бар дегенді кей­де естіп қаламыз. Күңкілдің бәріне құ­лақ аса берсек, біздің елде бірде-бір тірі жан сүт­тен ақ, судан таза болмай шығары сөз­сіз.
Киелі сөз өнеріне деген халқымыздың ықыласын қайда қоямыз? Айтысқа және жазба ақындар мүшәйрасына жас пен кәрісі, бала-шағасына дейін қазақ атаулы құлап-сүрініп, өтіп жатқан залдың есігін сындырса да, әйтеуір барып тыңдауға құмар. Яғни бұл - халқымен бірге жа­сайтын ұлттық өнерге деген елдің құш­тарлығы, «шындықты басқа айтпаса да, ақындар айтар-ау» деген дәме.
Ал айтысты ұйымдастыруға, жан-жақ­тан ақындарды шақыруға, бәйге беруге Үкі­мет қаржы бермейді, демек, ұйымдас­тыру­шы әркімнен көмек сұрап, қалталы мы­р­залардың тілін табуға мәжбүр бо­лады.
Осындай шаралар кез келгеннің қо­лынан келе бермейді. Неше жылдан бері жақсы атын да, жаман атын да арқалап келе жатқан Жүрсін өлеңін жазып, тып-тыныш үйде отыруына болса да, ұлттың рухы мәселесіне келгенде арқасы шымырлап:
Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,
жеткізем деп елге айтыстың дүбірін,
бар ғұмырды осы айтысқа арнадым
бар секілді менің артық ғұмырым.
Түлетем деп дәстүрім мен салтымды,
мысыңды - мыс,
алтын дедім алтынды.
Көрінгеннің күңкіліне түкірдім
қуантуға жарап жүрсем халқымды, -
деп жар салады Жүрсін. Мұнысы шындық па? Шындық.
Жүрсін ақынның жырларының ара­сында ар­нау өлеңдер де бар. Бірақ олар қандай өлең­дер? Абайға, Қасымға, Мұхтар Әуе­зовке, Сабырхан Асановқа, Жамбылға, Ақ­селеуге деген тақырыппен жазылған өлең­дердің әрқайсысы - өмір жайлы тол­ға­ныс, өзекті өртейтін өкініш, әділетсіз дү­ниеден шындық іздеп шырқаған ақын­ның жан айқайы.
Бұл - поэзия ма? Поэзия!

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
0 жауап
Шуақ 11.04.2017 Мектеп сұрақ қойды
...