Біз және бізден кейінгі ақындар - қаршадайымыздан социалистік қоғамның идеологиясын жанымызға сіңіріп, билік не айтса, соған «ләббәй, тақсыр» деп айқайламағанмен, бас изеп тәрбиеленгендерміз. Қанға сіңіп қалған қасиеттің қандай сұйықпен немесе қылықпен жусаң да кете қоюы екіталай.
Өмірдің шындығын тұп-тура қаны сорғалаған күйінде жазуға көп ақынның батылы бармайды, батылы барғандар қоғамның көңілінен шықпайтындықтарын біледі де, биліктің алдында жаманатты болғылары келмейді.
Ғасырлар бойы қалыптасып қалған осы жайдың шырқын бұзып, шеңберден шыққан, өзі өмір сүрген дәуірінің ақиқатын әртүрлі әдістермен айта білген бірен-сарандарды елеп, бағалап жатқан әдеби орта не зерделі оқырмандар жоқ. Тәуелсіздік таңы атқан бүгінгі күндері батыр да, батыл да көбейді. Кешегі темір тордың астында ақиқатты айту түгілі ауыздарын ашуға жарамағандар қазіргі күндері «өзім батыр, өзім бай - кімді аяйын» деп, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағандай адамсиды.
Сол бірен-саран ақындардың арасында Жүрсін ініміз бар болатын.
Жайдақталып кетсе де замана тым,
өңмендеумен шықпасын жаман атым.
Шұға жауып жатса да көктен жерге,
қалғып кетпе, қазақы қанағатым! - деп,
жастайынан жағаласып жүріп жұрттан озуды ар санайтын ақын бірнеше жыр жинақтарын шығарып, өлең түсінетін оқырманға әбден таныс болса да, оза шапқанды бағалап бәйге беретін орта болса, өздері тауып аларды қанағат етумен келеді.
«Қой» дейтіғұн қожасы болмағасын, қызында сенім жоқ, ұлдары алаңдаған түлкі заманда шал шалдуар, кемпірі мыстан болуы да заңды секілді көрінеді. Сондықтан да
Азабына қазақтың қосып азап,
дұшпан таба қылады, досы - мазақ.
Жауға алдырмас жарағын дауға алдырып,
сормаңдай-ау шынымен осы қазақ.
Тұнжыраған көзімде тұнып бір мұң,
өксігімді көмейде құмықтырдым.
Қайран Мұха, қадірің өткен күні
басыңа кеп бөрідей ұлып тұрмын.
Бұл - ақынның Мұхтар Әуезовке арнаған өлеңі.
Өмірдің «тайғақ жолындағы киік-тағдыр» ақынның біресе «орман - қайғысы шуылдап», елдің ұлдары құлға айналса, ол халықтың көсегесін кім көгертер» деген ойлардан «бар мен жоқтың арасында» теңіз бетіндегі қалтылдаған желкенсіз қайықтай сенделсе, енді бірде
Қаламымды кезеніп мен осынау
халқым үшін бәрібір майдандасам! -
деп, шабытына жігерін жаныған күйі:
Ақырып шыға келсем Қабанбайлап,
Япыр-ай, бітер ме екен маған да айбат?!
Жоқ, әлде бұғып тағы қалсам ба екен
жұлқыссам жыртылатын жағамды ойлап? -
деген шерменде күдікпен күн кешетініне де сенесің. Себебі «махаббат мұңсыз болмас» дегендей шын ақынның дерті де сол көңіліне ылғи күдік-құзғын ұялап, тылсым оймен тынымсыз тіршілік тауқыметін кешу ғой.
Жүрсін ақынның «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба?», «Сізге арнадым», «Құдіретке жүгіну», «Құстың көлеңкесі» атты шығармалары сөз қадірін білетін, сөз патшасының тамырына дейін талдап, жүрегін баураған жолдардың астын сызатын қызыл қарындаш іздейтін, соңында сол шумақтарды дәл бір өзі жазғандай рахат сезімге оранатын оқырмандары, құдайға шүкір бар, шын мәніндегі жыр-толғамдар.
Уайымсыз өлең - тойған қарынның кекірігі. Ал Жүрсіннің жырлары шерге буланған шындықтың шырынындай әрі нәрлі, әрі зарлы. Көрінгеннің бәрін қуаныш көріп қарсы алатын, айқайлағанның бәрін әнші, қол сермеп, бірдеңелерді оқығанды ақын, ақырғанды батыр көретін деңгейдегі оқырман мен тыңдарман.
Заманым берер емес мүлде тыным,
білмеймін түсетінін кімге күнім.
Шошынып күнде көрген сұмдықтардан
келеді кәлимаға күнде тілім.
Шортанбай шал болжаған заманақыр
жетті ме екен: әйел - би, бала - батыр.
Ақылымның азабын тартып жүрсем,
үйретеді үйде олар маған ақыл.
немесе
Басымды тәуекелге тағы байлап,
шынымен көрсем бе екен Абылайлап?
Соңымнан ерер ме екен жанкештілер,
жырқылдап күлер ме екен ауыл-аймақ? -
деген ойлы шумақтарды оқығасын ат-тонын ала қашып, «аспаны ашық, заманы жарқыраған мына дүниеде Жүрсіннің мұнысы несі» деп, кінә тағары әбден мүмкін. Өйткені біз - мадақтау мен қол шапалақтап, мәз болуға үйренген елміз.
Қазақтың бырығы мен былығын, биліктің қылығы мен сығымын ғана емес, жалпы пенденің табиғи болмысын айнадан көрсеткендей өлеңдерімен әшкере еткен Абай атамыздың әлі күнге жұрттың аузынан түспей, әр сөйлемі халықтық мақалға айналуы тектен-тек емес.
Немістің ұлы композиторы Рихард Штраус:
- Қарапайым бір ән жазып, ол елу жылдан кейін халық әніне айналса, композитор үшін бұдан асқан бақытты мен білмеймін, - деген екен.
Бұл даналық сөзді ақынға да айтуға әбден болады.
Біздің Жүрсін де біреуді жамандап не көңілі ұнатқанға көпшік қойып емес, керісінше, өз сезімі, өз болмысы арқылы ұлт табиғатын көрсетуге тырысады. Бұл - үлкен таланттың қолтаңбасы.
Ақынның әр туындысынан қазақ тілінің нәрімен сусындап, баяғы бала шақтарда сары уызды тамсана талмағандағы тәтті сезімді басыңнан кешкендей күйге енесің.
Сондай-ақ Жүрсін ақын «тәуелсіздік жасасын!» немесе «азаттықтың таңы атты» деп жар салып, ұрандамайды. «Елбасымызға дауыс берейік, ағайын!» деп те айтпайды.
Айбар болар Алашқа таусылды ма ер,
намыс оты жарқылдап, жансын жігер,
көк байрақтың астында табысуға,
Ата қазақ, сен бүгін дауысыңды бер!
Ортағында ауа, су, Отын көпке
Отанына болмасын ботаңда өкпе,
Дауысыңды бер, ағайын, Абайыңа,
Қасымыңа, Мағжан мен Махамбетке!
Тәуелсіздік бақытының байрағын желбіреткен елдің азаматы қуанышын осылай шырқар болар, Елін, Жерін сүйетінін осылай жария етер!
Жүрсін поэзиясы арқылы «аспанда қыран қалықтап барады, ал жерде жылан жорғалап жылжиды - сен жыландай жорғалама, қырандай қалықта» деп ешқашан оқырманға ақыл айтып, үгіт-насихат жүргізбейді.
Мысалы, біз ана тіліміз туралы көп айтамыз, анасының тілін білмейді деп біреулерге өкпелеп, дымын қоймай сөгіп, кінәлаймыз.
Ал Жүрсін болса бұл мәселеге мүлдем басқа жағынан келеді:
Сөздің батпан салмағын сездің бе, ұлым:
әр сөз өзі кеседі өз кіндігін.
Көздің құнын сұрама - сұрамасаң,
сұрау керек алайда сөздің құнын.
Бір сөз үшін азапқа төзгенде адам,
туған тілдің қадірін сезген бабаң.
Аттан жығыл жығылсаң - уақасы жоқ,
жығылуға болмайды сөзден, балам!
Бұл да - ақындық шеберліктің белгісі.
Әңгімем Жүрсін Ерман жайлы болғандықтан тағы бір мәселені айта кетсем деймін.
Жүрсін Ерманның халқымыздың айтыс өнерін өрістетуге біраз жылдан бері күш-қуатын аямай жұмсап келе жатқанын ел біледі.
Бұл жолдағы оның еңбегін де ерлік деп бағалауға болады. «Айтыскер ақындар Жүрсіннің құлақ кесті құлындай, айтысты өзінің жеке бизнесіне айналдырып алған» деген күңкіл айтушылар да бар дегенді кейде естіп қаламыз. Күңкілдің бәріне құлақ аса берсек, біздің елде бірде-бір тірі жан сүттен ақ, судан таза болмай шығары сөзсіз.
Киелі сөз өнеріне деген халқымыздың ықыласын қайда қоямыз? Айтысқа және жазба ақындар мүшәйрасына жас пен кәрісі, бала-шағасына дейін қазақ атаулы құлап-сүрініп, өтіп жатқан залдың есігін сындырса да, әйтеуір барып тыңдауға құмар. Яғни бұл - халқымен бірге жасайтын ұлттық өнерге деген елдің құштарлығы, «шындықты басқа айтпаса да, ақындар айтар-ау» деген дәме.
Ал айтысты ұйымдастыруға, жан-жақтан ақындарды шақыруға, бәйге беруге Үкімет қаржы бермейді, демек, ұйымдастырушы әркімнен көмек сұрап, қалталы мырзалардың тілін табуға мәжбүр болады.
Осындай шаралар кез келгеннің қолынан келе бермейді. Неше жылдан бері жақсы атын да, жаман атын да арқалап келе жатқан Жүрсін өлеңін жазып, тып-тыныш үйде отыруына болса да, ұлттың рухы мәселесіне келгенде арқасы шымырлап:
Жеткізем деп жүректерге жыр үнін,
жеткізем деп елге айтыстың дүбірін,
бар ғұмырды осы айтысқа арнадым
бар секілді менің артық ғұмырым.
Түлетем деп дәстүрім мен салтымды,
мысыңды - мыс,
алтын дедім алтынды.
Көрінгеннің күңкіліне түкірдім
қуантуға жарап жүрсем халқымды, -
деп жар салады Жүрсін. Мұнысы шындық па? Шындық.
Жүрсін ақынның жырларының арасында арнау өлеңдер де бар. Бірақ олар қандай өлеңдер? Абайға, Қасымға, Мұхтар Әуезовке, Сабырхан Асановқа, Жамбылға, Ақселеуге деген тақырыппен жазылған өлеңдердің әрқайсысы - өмір жайлы толғаныс, өзекті өртейтін өкініш, әділетсіз дүниеден шындық іздеп шырқаған ақынның жан айқайы.
Бұл - поэзия ма? Поэзия!