0 дауыс
10.1k көрілді
Жыраулар поэзиясы - жырдың мөлдір бастауы?

3 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
Жыраулар поэзиясы мен ақындар  айтысының рухани сабақтастығы
 
Жыраулар поэзиясының өршіл рухы мен би-шешендердің терең ойға құрылған тегеуренді сөздері ХІХ ғасырдағы айтыс ақындарының шығармашылық мұрасына мазұмындық һәм көркемдік тұрғыда мол игі әсерін тигізді.

Жырауға тән кең таныс, үлкен пафосты тілейтін жырларды Сүйінбай, Жамбыл, Құлмамбет, Досмағамбет, Сарбас, Бақтыбай, Әсет, Кемпірбай т.б. ақындардың айтысынан байқаймыз. Төкпелете жыр төгіп, ұзағынан толғау, сүре айтыстарда жиі кездеседі. Жыраулар поэзиясына тән бұл сипат ақындар айтысында да елдік, халықтық мақсат-мұраттар тұрғысында барынша жарқырай көрінеді. Публцистикаға тән ақпараттық-танымдық, насихатшылдық, ұлттық иделогия көріністерін сүре айтыстарында молынан ұштастыруға болады. Мысалы, Сарбас пен Жамбыл айтысында, Сарбас ақынның мына бір толғамдары жыраулық дәстүр сарынын еске түсіреді:
                   «....Ерегіспе менімен –
                   Езіледі алқымың.
                   Ерегіссең менімен
                   Ісім түссін сенімен.
                   Тілімді алсаң қор болмай
                   Жүре бергін жолыңмен.
                   Енді не деп айтасың,
                   Алдырмаймын қайтесің?
                   Алатұғын жеріңді айт,
                   Ішіңдегі шеріңді айт,
                   Кешпейтұғын жөніңді айт,
                   Жеңе тұғын еліңді айт!
                   Ат жүздіріп келемін
                   Айдын шалқар көліме....» [1-223-224]
Жыраулар шығармаларында кездесетін философиялық ой-толғам, насихатшылдық сарын элементтерін айтыс жырларынан молынан ұшыратуға болады. Мұның өзі қазақ сөз өнерінің рухани жақындығы мен дәстүр сабақтастығының үзілмес желісін көрсетеді.

Ақтамберді жырау:
                   «Ағайының көп болса,
                   Ұлы шерік қолмен тең,
                   Білімді туған жақсылар
                   Аз да болса көппен тең.
                   Жақсысы кеткен ауылдың
                   Артынан жақсы шықпаса
                   Өртеніп кеткен жермен тең,
                   Қайырсыз болса жаман бай
                   Ел қонбаған шөлмен тең» [2-55]

Омарқұл мен Тәбия айтысындағы Омарқұл ақын жырынан үзінді:
                   «... Онан соң бұл жалғанда әйел жетім,
                   Туысында теңін тауып қосылмаған.
                   Жас жетім жиырмада желіспесе,
                   Дүниені қорғасындай ерітпесе.
                   Құс жетім реттеліп салынбаса,
                   Ат жетім, өрен жүйрік шабылмаса,
                   Күйлейтін саятшысы келіспесе.
                   Бойынан ащы тері алынбаса.
                   Таусылған кірер үйі кәрі жетім,
                   Өзінің теңі тұстас табылмаса» [1-383]

Ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғаларының өмірі һәм шығармашылық мұрасына зер салар болсақ, оларға жыраулық, шешендік, айтыскерлік сияқты сөз өнері түрлерінің қай-қайсысы да жат болмағандығын байқаймыз. Жыраулар поэзиясындағы халықты белгілі бір мақсат-мүддеге шақыратын, үгіттейтін насихатшылдық сарын айтыс жырларында да мол кездеседі.

Жыраулық дәстүрдегі көрініс:
                   «...Ерге дәулет бітпесе,
                   Қызыл тілден не пайда?
                   Мал араға жүрмесе,
                   Құр айтқаннан не пайда?
                   Өзіңе еркіндік бермесе,
                   Азат бастан не пайда?
                   Өзге алып еліңді,
                   Билегеннен не пайда?» [3-65] сияқты мәселені салыстырмалы түрде айта отырып, халыққа байлық пен дәулет, азаттық пен еркіндік сияқты ұғымдардың қаншалықты қымбат екендігін ұғындырады. Әрі сол арқылы халық санасына осы киелі ұғымдарды ұстап тұру үшін не қажеттігін насихаттайды. Мұндай мысалдарды жыраулар поэзиясынан мол ұшыратуға болады. Мәселен, Ақтамберді жыраудың «Күлдір, күлдір кісінетіп, күреңді мінерме екенбіз» деп басталатын атақты толғауын елді асқақ мұрат, баянды бейбітшілікке шақыратын насихатшылдық рухы күшті шығарма деп бағалаймыз. ХІХ ғасыр еншісіндегі айтыс мұраларында да осы дәстүр жақсы сақталған. 1965 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабының бірінші томына кіргізілген Нұралы мен Мықан ақындардың айтысы өзінің мазмұны мен көркемдік ерекшелігі тұрғысынан екшеп айтар айтыстың бірі. Бұл айтыс Шымкент шаһарында өтеді. Дулат пен Найман руларының намысын жыртып шыққан ақындар қыза-қыза келе елдік, әлеуметтік мәселелерге ойысады. Әрине, айтыстағы ру атына айтылған сын мен міннің қаншалықты маңызды екендігін қазіргі уақыт үрдісімен зерделейтін болсақ, бұл айтыстың құндылығын дәуір келбетін көрсетумен бағалы дер едік.

Сонымен қатар, сол замандағы ел шаруашылығының қам-қарекетін танытатын жыр-жолдары насихаттық сарында жырланғанын байқаймыз.
         «...Өз еліңде тіршілік етпейсің бе?
         Диқаншылық айналсаң жақсы кәсіп,
         Бидай, қонақ, тары, арпа екпейсің бе?
         Еккеніңді орасың деген сөз бар,
         Дәнді дақыл тұқымын сеппейсің бе?
         Кәдуілгі жабайы күніңді ойлап,
         Астық пенен жемісті шөп дейсің бе?
         Қауын менен жүгері, өрік, алма,
         Өніп тұрса мол болып көп дейсің бе?...» [1-268]
         Айтыста келтірілген проблема немесе белгілі бір руға айтылған сын сол уақыттағы көкейкесті мәселелерден туындайды. Айтысушы ақындар тұтас халықты құрайтын белгілі ру-тайпа өкілдері. Сол дәуірдегі Үйсін, Дулат, Шапырашты, Қоңырат, Қыпшақ, Арғын,  Найман, Керей, Алшын, Адай сияқты іргелі рулардың айтыс ақындары өз елінің абырой,
 
намысын көтере отырып, қарсылас ақынның руын сынап мінейді. Бұл ХІХ ғасырда өткен барлық айтысқа тән қасиет. Кеңес заманында бұл құбылысты рушылдық деп танысақ, қазіргі Тәуелсіз ел тарихы бұған басқаша сипат беруге мүдделі.

Біріншіден рулық сипатта өрбіген айтыстың өзі тұтастай қазақ халқы мүддесіне жұмыс істеді. Олай деуімізге айтыста айтылған әр рудағы келеңсіздіктердің екінші рет қайталанбауына белгілі дәрежеде ықпал етті. Сондай-ақ, айтыс арқылы біз халықтың дәстүр-салтынан бастап, дін, діл сияқты рухани мәселелерді, әлеуметтік-экономикалық ахуалды, саяси-тарихи жағдайларды әр қырынан танып білуге мүмкіндік алдық.

Сонымен, жыраулар поэзиясы мен айтыс өлеңдеріндегі ұқсастық, сабақтастық сипаттарға аз-кем баға беруге әрекеттендік. Бұл туралы «Қазақ әдебиетінің тарихы» кітабының үшінші томында «Ақындық пен жыраулық поэзияның өзіндік сипат-белгілерін бұлардың өмір шындығын суреттеудегі көркемдік тәсілдері мен белгілі бір тарихи кезеңде аренаға шыққан авторларының нақтылығынан, ғасырлар бойы өзара үзілмей келе жатқан дәстүр жалғастығын танытатын стильдік ерекшеліктерінен де көреміз» [4-31], - деп жазылған.

Жыраулық һәм ақындық поэзияның даму жолдарын зерттеуші М.Жармұқамедов біріңғай импровизация дәстүрінде туып, егіз бір арнадан нәр алып келген ақындық поэзия мен жыраулық толғаулардың жырлайтын тақырыбы мен жанрлық ішкі мүмкіндіктерінде де өзіндік ерекшеліктердің барлығын айтады. Сондай-ақ ақындық поэзияда тақырып ауқымының кеңдігіне қоса, сезімге құрылған лирикалық сипаттың басым екендігін, ал жыраулық толғауларда әлеуметтік өмірдің әр алуан көріністері мен заман жағдайын сипаттайтындай ой-болжам, асқақ эпикалық үнге көбірек мән беретіндігін жазады.

Осылай деп пікір айтқан зерттеуші ақындық поэзия мен жыраулық туындының өзіндік ерекшеліктері жөнінде, яғни, өзгешелігі туралы төмендегідей тұжырым келтіреді.

«Солай дегенмен ақындық поэзияның жыраулық туындылардан бөлініп, дараланатын өзіндік белгілері де аз емес. Мұнда жыраулық поэзияда сирек ұшырасатын адамның ішкі сезім күйі мен ой-толғанысына айрықша мән берілетіні мәлім» [4-56]

Жыраулар поэзиясы мен айтыс жырларындағы сабақтастық пен үндестік жайындағы ойларымызды зерттеуші ғалымдар пікірі негізінде қорытындылай отырып, шешендік сөз бен айтыс өнерінің рухани жақындығына тоқталсақ.

Шешендік сөз өнері көрнісі айтыс жырларына да тән қасиет. Алдымен ауыз әдебиет тарихынан белгілі би-шешендердің тұлғалық болмысына тоқталсақ. «Негізінде шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы, нығаюы, нағыз шешен-билердің тегеурінді өнерімен, өнегесімен, қызметімен тамырлас» [4-465].

Би-шешенді осылай деп танитын болсақ, олардың сөйлеген сөзі, іс-әрекеті халықтық мақсат-мүдде тұрғысында өрбитіні белгілі. Жыраулар мен ақындар мұрасына тән әлеуметтік, бұқаралық сипат би-шешен туындыларына да ортақ.

Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек бидің жырмен өрілген мына бір аманат іспеттес сөзі  өзінің тағылымдық мәнімен қоса философиялық танымдылықты, әрі патриотизмдікті  сипаттайды:
                   «Алтын ұяң – Отан қымбат,
                   Құт берекең – атаң қымбат,
                   Аймалайтын анаң қымбат,
                   Мейірімді апаң қымбат,
                   Туып өскен елің қымбат,
                   Ұят пенен ар қымбат,
                   Өзің сүйген жар қымбат» [1-150-151]

Би-шешендердің аузынан шыққан дуалы сөз, кесімді пікірлері халықты әділдікке, ынтымақ-бірлікке, отанды-елді сүюге насихаттауымен құнды. Сонымен қатар, жыраулар мен ақындар, би-шешендер далалық мәдениеттің көкжиегін кеңейте отырып, көшпелі елдің көкірегіне сәуле құйған ағартушы-ұстаздар болды. Халықтың діни наным-сенімі, салт-дәстүрді ұстанудағы таным-түйсіктері, өмірге, тіршілікке деген философиялық көзқарастарының қалыптасуына ақын-жырау, би-шешендер өлшеусіз үлес қосты. Сөз өнерінің майталмандары болған дала ділмарлары қазақи ұғымға тән қарапайым тіршілік қағидаларының өзін тағылымдық сипатта насихаттап отырды.

ХҮІ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген Құрмысы бидің  шешендік сөздері үнемі мақал-мәтел, нақыл сөз сипатында айтылуымен ерекшеленеді.
         «Жабағы тайды қорлама,
         Жазға шықса ат болар.
         Жас жігітті қорлама,
         Жұртыңа ертең бас болар.
         Көрген сайын «сіз» десіп,
         Сыйласқанға не жетсін?
         Шашылғанды бірлесіп,         
         Жинасқанға не жетсін?!» [5-261]

1851 жылы Мойынқұм өңірінде дүниеге келген қазақтың белгілі шешені Қылышбай Ерханұлы өз заманының сұңғыла тұлғасы. Ол өлең жазған әрі суырып салып айтудың да шебері болған. Қара қылды қақ жарған  әділдігін бағалап халық оны тура би атаған. Қылышбай шешен сөздері өмірдің өзінен алынған қарапайым қағидаларды, фәлсафалық оймен астарлап өруімен құнды.
         «...Не жандар өткен байлықпен,
         Өтірік сөз бен зорлықпен,
         Жаһанға малы сыя алмай,
         Тұтыларсың бір күні.
         Малтыққан қарға қояндай,
         Иманың ата болмайды.         
         Қанаудан ниет тазармай,
         Өлімге көзің жетсе де,
         Жақсылыққа бой ұрмай,
         Ақыры бір күн өтерсің,
         Үзіліп сонда кетерсің...» [5-525]

Шешендік сөз өнерінің публицистикалық белгілері жайында ғалым Б.Жақып шешендік сөздердің мән-мағынасы, қазақи тәрбиелік құны жыл өткен сайын күшейе беретіндігін, сондай-ақ шешендік сөздердің ықпал ету, әсер ету қуаты ғасырлар бойы сарқылмайтындығын жазады. Расында да, шешендік сөз өнері жыраулық, ақындық дәстүрлерге де ерекше реңк беріп, тіл қуатының ажарлы, айбынды болуына өзіндік әсер-қуат береді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Айтыс» 1-том .Алматы. «Жазушы» 1965 ж.
2. «Қазақ хандығы дәуріндегі әдебиет» . 4- кітап. Алматы. «Ана тілі» 1993 ж.
3. Бұқар жырау Қалқаманұлы. «Шығармалары». Алматы. «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығы. 1992 ж.
4. Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-том. Алматы. «Ғылым» 2000ж.
5.     Нысанбек Төреқұлов. «Даланың дара ділмарлары» .Алматы. «Қазақстан. 2001 ж.
0 дауыс

Қазақ жыраулар поэзиясының хандық дәуірдегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын дәйектейтін сипаттардың бірі – жыр-толғаулардың кейіпкерлері мен қаһармандары. Жыраулардың негізгі қаһармандары – ел, ел билеген хандар және қол бастаған батырлар. Хандар мен батырлардың жыраулар поэзиясында маңызды орын иеленуі де замана тынысымен тікелей байланысты. Ел ішіндегі береке мен жердің бүтіндігіне алаң жыраулар елге тұтқа тұлғалардың ұсақ-ұлаң кемшіліктерінің өзі ел тағдырында зор маңыз алатынын анық түсінетіндіктен, өз қаһармандарының жақсы әрекеттерін халыққа өнеге ете, асқақтата жырласа, көңілге кірбің түсіретін мінездерін аяусыз сынайды және мұндай шығармашылық мінез:

«Ай, хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып, қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Елеуреп неге сөйлейсің?!» –

деп айбындана сөйлейтін Асан қайғыдан бастап, бір сәт астамшылыққа бой алдырған ханды:

«Ай, Абылай, Абылай,

Сен мен көргенде Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға 

Қызметкер болып тұр едің...» –

деп сабасына түсіретін Бұқар жырауға дейінгі аралықта бұлжымас дәстүрге айналған тағылымды жол сияқты көрінеді.

Жыраулар поэзиясы өз дәуіріндегі ел өмірінің көркем бейнесі болып табылатынын жыр-толғауларда суреттелетін кейіпкерлер мен қаһармандардың іс-әрекеттері, мінез-құлықтары да айқын танытады. Мәселен, ХV ғасырдағы Асан қайғының:

«...Арасынан қытай, орыстың Қорған сап, тыныш жатырсың,

Өзің – Жәнібек, елден асқан батырсың! Тіл алсаң, іздеп қоныс көр, Желмай мініп жер шалсам, Тапқан жерге ел көшір...» –

деп келетін толғау жолдарынан өз батырлығына сенген Жәнібек ханның қытай мен орыстан төнуі ықтимал қатерді аңдамай, бір сәт қамсыздыққа бой алдырғанын, оның бұл қылығы ел көңіліне алаң кіргізгенін көрсек, ХVІІ ғасырдағы Жиембет жырлары Есім хан тұсында ел арасында берік тәртіп орныққанын аңдатады. Ал Ақтамберді, Үмбетей, Бұқарлардың жыр-толғауларынан ХVІІІ ғасырдағы ел өмірінің түрлі көріністерімен қатар, жекелеген адамдардың ұнамды-ұнамсыз іс-әрекеттерін, мінез-құлықтарын көреміз және сол әрекеттердің арғы астарына дендей көз салар болсақ, ел тірлігіндегі жақсылы-жаманды оқиғаларды, әртүрлі әлеуметтік қарым-қатынастарды аңғарамыз.

Ал жыраулар поэзиясында ел өмірінің алуан мазмұнда көрініс табуы және солардың бәрінде береке-бірлікті ұлағат етуге бағдар ұсталуы – жыраулардың өз дәуіріндегі өмір шындығын алға тарта отырып, елді жақсылыққа бастауды мақсат тұтқан және сол мақсат жолында қызмет қылған қайраткер тұлғалар болғандығының айқын айғағы.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

Жыраулар поэзиясы неліктен тарихи-мәдени құбылыс саналады?
Хандық дәуірге дейінгі жыраулар поэзиясының қазақ ұлтын ұйыстырудағы маңызы қандай?
Жыраулар поэзиясын ұлт қалыптасуының көрінісі ретінде тануға қандай себептер бар?
Жыраулар поэзиясындағы романтикалық және реалистік әдістердің тоғыса көрінуі себептері неліктен?
Жыраулар поэзиясының негізгі мазмұны мен қаһарман­дары, олардың идеялық маңызы.

Әдебиеттер:

Жолдасбеков М. Асыл арналар. – Алматы, 1986.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,1994.
Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1991.
Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
Сыдиқов Қ. Ақын-жыраулар. – Алматы, 1974.
ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. – Алматы, 1982.

0 дауыс

Қазақ хандығы дәуіріндегі жы­раулар поэзиясында ерлік тақырыбының басымдық алып, өз мемлекетінің тәуелсіздігі мен оның даңқын арттыру жолында күрескен батырлардың ержүректігі мен қайтпас қай­сарлығын жыр­лау ең өзекті мәселе болды. Жырау­лар билеушілердің және адамдар жоқшылық дегенді білмей, молшылықта өмір сүретін қоғам­ның мінсіз бейнелерін жасады. Олар өздерінің поэтикалық монолог-толғауларында маңызды мемлекеттік проблемалармен қатар, әдеп пен мораль, ар-намыс пен қадір-қасиет мәселелерін қорғады. Өмір мен өлім туралы, дүниенің құбылмалылығы мен жалғандығы туралы өз ойларын толғады.

Жыраулар поэзиясы ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерек­шеленді. Мемлекетті басқар­ған хандардан бастап, балаға тә­лім-тәрбие беретін эстетикалық есті дүниелер қалдырды. Қазақ хал­қы сөз өнерін киелі санайды. «Сөз – сүйектен, таяқ еттен өтеді» дейді дана халқымыз.

Өмірден ерте кеткен ақын, профессор А.Егеубай жыраулар поэзиясының қазақ ұлтының рухани қалыптасуына жасаған ықпалы туралы: «Жыраулар толғаған адамшылық, имандылық, қаһармандық, жігерлілік һәм жайсаңдық жаңа қалыптаса бастаған қазақ ұлысының рухани келбетін кестелеуі тиіс еді. Солай болды да. Қазақ елінің ажары мен жан дүниесі сол шығармалардан танылды. Білім-білік, ақиқат, тіл, жаратылыс жайлы толғамдар да сол арнада желі тартты. Ежелгі түркі дүниесінің бар болмысы мен арман-мүддесі бір кезеңде қазақтың классикалық мәдениеті арқылы жаңғыра көрінді. Жырау­лар дәуірінің ішкі мәніне үңілсек, төрт-бес ғасыр бойына тұтастай құбылыс ретінде дамыған әлеуетті әлеуметтік-көркемдік ұлы самғау бұрын-соңды болмаған еді. Ол поэзияда, елдік құрылыста, тұр­мыста материалдық һәм рухани мәдениетте бірдей айқын мүсін­делді», – дейді.

Жыраулар поэзиясы – дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген Қазақ хандығы атты дәуірдің әдеби мұрасы. Көрнекті ғалым-жазушы М.Мағауиннің айтуынша: «Қазақ халқының жалпы түркілік ортақ этнос құрамынан бөлініп, дербес Орда құрған хандық заманы төрт ғасырға жуық ұзақ дәуірге созылды». Ол тағы бірде «ХV–ХVІІІ ғасырларда жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды», дейді. Яғни, жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнерінің әлемдік классикалық шығармалар шоғырына қосылатын біздің ұлттық рухани қазынамыз.

Жыраулар шығармаларында ой-пікірлерін ашық айтып, әмірші, хандарды, сұлтандарды «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» қағидаттарын ұстанып сынап отырған. Жыраулар өздерінің сынында мемлекет мүдделерін жеке бас мүдделерінен жоғары қойған.

Жыраулар поэзиясының атасы, абызы Асан Қайғы болатын.

Оның толғауларынан Қазақ хандығының құрылу дәуірінің тарихи белгілерін көреміз. Ғалым Б.Кенжебаев: «Асан Қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», деп жазған еді.

Асан Қайғы – халқының бір­лігін, мемлекеттің тұтастығын сақтаған жырау.

Оған төмендегі толғау мысал болады:

«…Қырында киік жайлаған,

Суында балық ойнаған,

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын,

Жемде кеңес қылмадың,

Жемнен де елді көшірдің.

Ойыл деген ойынды,

Отын тапсаң, тойынды.

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің».

Асан Қайғының, Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің, Жием­­беттің, Марғасқаның, Ақтамбердінің, Тәтіқараның, Үмбетейдің, Бұқардың толғау­ларында қазақтың ата мекендері шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік әр­түрлі ерекшеліктеріне орай жырланады. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда дәуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен, қимастық сезіммен жырланады. Атап айтқанда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары, т.б. мекендер жыр арқауының негізін құрайды.

Бүгінгі таңда жыраулар поэзия­сының көркемдік ерекшелігі мен құндылығы – Тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елінің өс­кін ұрпақтарын еліне, жеріне, Тәуелсіз Қазақстанына деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік сезімін оятып қалыптастырады. Қазақ елінің мемлекеттілігін, ежелгі ата жұртын мәңгілік мақтанышпен, асқақ сезіммен жырлау – жыраулар поэзиясында қалыптасқан ұлттық болмысымыздың нақты көрінісі.

Қазақ хандығының мемле­кеттік құрылуы дәуірінде өмір сүрген көркем сөз шеберлері – қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының қалыптасуында Доспамбет пен Шалкиіз жырау­лардың алатын орны ерекше. Доспамбет жырау поэзиясында атамекенді сүю, ардақтау, отаншылдық-патриоттық рух өте басым.

«Бетегелі Сарыарқаның

бойында,

Соғысып өлген өкінбес!» деп, одан соң:

«… Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!

… Кетбұғадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!» дейді.

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?!»

дейді.

Доспамбет жыраулар поэзия­сында өзіндік қолтаңбасы бар, жорықшы, батыр жырау болған. Қазақ хандығы дәуірінде мемлекет мүддесін жоғары ұстанған ақын, елінің бірлігін, тұтастығын жырлаған.

Жыраулар – Қазақ хандығы мемлекетіндегі қазақ халқының әрбір азаматының асыл сапаны иеленуін, сол жақсылықты ұрпақтарға жалғастыруын мұрат тұтқан қайраткерлер. Жеке адам­­­дардың қасиеттері арқылы халықтың, оның ұрпақтарының өнегелі тұлға, үлгілі әулет құрай­тын­дығын жыр жолдарында айғақтайды.

Шалкиіз жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ, әлем бір қалыпта тұрмайды, бәрі өткінші деген пікірді уағыздайды. Жырау әрбір адам ақырын жүріп анық басуы тиіс, асқанға бір тосқан болатынын да еске салады.

Жыраулар қазақ халқының ертеңгі болашағы, балалардың да татулықпен, бірлікпен қа­лып­тасып өсуін жырлайды. Жастайынан ауызбіршілікпен, достықпен қалыптасып өскен жас ұрпақтың халқын баянды бақытқа жеткізгені – тарихта дәлелденген ақиқат.

Ақтамбердінің қазақтың жаңа жас буынына арналған тәрбиелік өсиетінің осындай тағылымды жақтары бүгінгі Қазақ елінің өскін ұрпақтарына үлгі-өнеге болмақ.

«Балаларға өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет.

Татулық болар береке,

Қылмасын жұрт келеке», дейді ақылман Ақтамберді.

Ақтамбердінің жырлап кеткен өсиет сөздері бүгінгі таңда өзіндік құндылығымен ерекшелене түседі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елі үшін бірлігін сақтауға, мемлекеттілігінің тұтастығын қамтамасыз етуге жыраулар поэзиясының беретін тәлім-тәрбиелік жақтары ұшан теңіз.

Жыраулар – Қазақ хандығы халқымыздың барлық жастағы адамдарының асыл, саналы қасиет­ті болуын мұрат еткен нағыз тәрбиешілер. Жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнеріндегі шынайы ұлттық сипаттың негізгі көркемдік іргетасы. Сондықтан, халықтық тәрбие дәстүрін жырау­лар поэзиясы арқылы тереңдете ұғындыру – өмір талабынан туын­даған мәселе.

Қорыта айтқанда, Қазақ хан­­­­дығы дәуірінде жыраулар поэзиясының басты тақырыбы – халықтың топтасқандығы мен бірлігі және әскери күш-қуа­тын нығайту мәселелері бол­ды. Сондай-ақ, жыраулар шығар­маларында әміршіге тіке­лей арнау да, мадақ өлеңдер де, болмыс туралы философиялық толға­ныстар да, ізгілік пен зұлымдық, жақсы мен жаман, достық пен дұшпандық туралы толғаулар молынан. Жыраулар өз туындыларын, толғауларын кейінгі ұрпақтарына мәңгілік мұра етіп қалдыру жолында көркемдігі жоғары поэзия тілімен, таптыр­мас теңеулер, жарқын метафоралар, синтаксистік жә­не психологиялық параллель­дер арқылы баяндаған. Бұл туындылардың Тәуелсіз Қазақ­станның өркендеп дамуына тигізетін ықпалы орасан зор деп білеміз.

Құдайберген МӘМБЕТОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Түркология ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері.

...