Кісі қайтыс болған үйде сол жылы құрбан айттан бір күн бұрын шек шалу дұрыс па?
Сауабын өліге бағыштап кез келген уақытта құрбандық шалуға болады. Бұл жайлы пайғамбарымыздың екі қошқардың біреуін өзі үшін, ал екіншісін үмметі үшін шалғандығы сахих хадистерде риуаят етілген.
Кейбір адамдар құрбан айтта өз атынан құрбан шалу уәжіп бола тұра, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалумен шектеліп жатады. Бұл дұрыс емес. Яғни, қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан айтта мал шалғысы келген кісі, егер өз атынан құрбан шалу міндеттелген жан болса, (қарызы жоқ және негізгі қажеттілігінен тыс 85 грамм алтыны яки құнына тең қаражаты бар адам) онда өз атынан да құрбан шалуы шарт. Ал егер екі құрбан шалуға шамасы жетпесе, онда тек өз атынан шалады. Бұл құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болған жандарға тиесілі үкім. Ал шариғатта құрбан шалуға міндеттелмеген жандар (негізгі қажеттілігінен тыс 85 грамм алтыны яки құнына тең қаражаты жоқ жандар) өздерінің атынан немесе қайтыс болған кісіге сауабын бағыштап құрбан шалуларына рұқсат. Тағы бір ескеретін жайт, сауабы қайтыс болған кісіге бағышталып шалынатын құнбандықтың құрбан айтқа бір күн қалғанда шалынуы шарт емес. Құрбан айт күндері шалынатын малдар өте көп болғандықтан, нәпіл құрбандарды бір күн бұрын шалып, етін мұқтаж жандарға тарата беру кейбір жерлерде үрдіске айналған. Алайда, нәпіл құрбандарды құрбан айт күндерінде де, басқа уақыттарда да шала беруге болады.
Қайрат Жолдыбайұлы,
Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы
http://muslim.kz/kk/question/48-kisi-qaitys-bolgan-uide-sol-jyly-qurban-aittan-bir-kun-buryn-she.html