*Сирия Оңтүстік-Батыс Азияда орналасқан шағын мемлекет. Жер көлемі 186,2 мың шаршы шақырым. Ол солтүстігінде Түркиямен, шығысында Иракпен, оңтүстігінде Иордания және Израильмен, батысында Ливанмен шектеседі. Жерінің басым көпшілігін шөл басып жатыр. Бірақ оның қойнауында мұнай, фосфат, марганец, хром және т.б. пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Сонымен бірге Сирия тоқыма өндірісімен де мақтана алатын ел. Осы өндірістің 60-қа жуық фабрикаларының өнімдері Еуропаға шығарылады. Жері шағын болғанымен, бұл елдің тарихы мейлінше бай. Әлемдік өркениеттер мен мәдениеттің алғашқы ошағы осы жер.* Біздің жыл санауымыздан 14 ғасыр бұрын пайда болған финикия жазуы осында туған. Ежелгі эллин мен рим мәдениетінің қалыптасуына Сирияның мәдениет пен өнер қайраткерлері үлкен үлес қосқан. Елдің астанасы Дамаск қаласы өзінің ежелгі тарихымен әйгілі шаһар. Қазақ даласына Шам атауымен белгілі болған оның мәдениет пен білім орталықтарына ғұлама бабаларымыз барынша құмартқан. Адамзаттың Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған отырарлық әл-Фараби осы Шам шаһарында тұрып, ұзақ жылдар ғылыммен айналысқан. Оның жаны да осы қалада жай тапқан. Былтырғы наурыз айында әл-Фараби мен осында жерленген тағы бір ұлы жаһангер бабамыз Сұлтан Бейбарыстың кесенесінен туған жерге топырақ жеткізілген еді. Ол Оңтүстік Қазақстандағы Арыстанбаб кесенесінің жанындағы арнаулы дайындалған орынға қойылды.
Шам шаһары әлемдегі ең ежелгі қалалардың бірі болуымен қатар, қазіргі астаналардың ішіндегі ең көнесі болып табылады. Оның жасын қазір шамамен 6-8 мың жылға апарады. Қаланың көне бөлігінде антика дәуірінен бұрынғы шаһардың жобасы сақталған. Орта ғасырлық медреселер мен базарлар, VІІІ ғасырда Омеяд династиясы өкілдерінің салдырған мешіті, Равеннің “алтын” жауһарлары, Жақия пайғамбар салдырған алтын күмбез, Анакий әулиенің жер астындағы шіркеуі, Кисан Бабтың мұнарасы — бәрі-бәрі адамзат дамуы тарихының көне куәлері. Мұнда Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сақал-шаштары, төртінші Әли халифтің ұлы Хұсейіннің басы арнаулы орындарға қойылған. ХІІ ғасырда басқыншы кресшілерді елдің аумағынан қуып шыққан Салах ад-Дин сұлтанның да кесенесі сәулет өнерінің жауһарларына жатады. Сирия халқының осы Салах-ад-Диннен кейінгі орынға қойып, пір тұтатыны біздің батыр бабамыз Сұлтан Бейбарыс. Ол басқыншы кресшілерден Сирия жерін толық азат еткен. Тіпті соғыс болған таулы мекенді де қазір сириялықтар құрмет тұтады. Оның есімі мектепке, шағын ауданға берілген. Ал әл-Фарабидің есімімен Дамаскінің үлкен даңғылдарының бірі аталады.
Дамаскінің өзі құла дүзде, шөл даланың ортасына түсе қалған оазисті қоныстанған. Қазір онда көне дәуірдің мол мұраларымен қатар, осы заманғы тамаша құрылыстар, әсем үйлер салыныпты. Сириялықтар Дамаскінің жүрегі деп Сук әл-Халидия базарын айтады екен. Осы базар бұдан бірнеше ғасыр болған күйінде сақталған. Әрине, қазіргі тауарлардың көп түрлілігі ғана бұрынғы күйінен өзгеше. Мұнда тігіншілердің, етікшілердің, зергерлердің, кілемшілердің арнайы көшелері бар. Осы жерден Дамаскіге келген адам атақты Шам құрышынан құйылған көне қанжар мен семсерден бастап, бейнеаппаратуралардың соңғы үлгісіне дейін сатып ала алады.
Сирия Араб Республикасы президенттік басқару жүйесіндегі республика. Елді ұзақ жылдар басқарған Хафиз Асадтан кейін қазір оның ұлы Башар Асад президенттік қызметті атқарып келеді. Өзінің құрылымы бойынша ел 14 провинцияға бөлінген. Сирия жері сонау есте жоқ ескі замандардан бері талай басқыншылықты бастан өткізді. Атап қана өтер болсақ, ол біздің дәуірімізден бұрынғы ХVІ ғасырда Ежелгі Египеттің құрамында болды. ХІІ ғасырда Сирияны еврейлер, VІІІ ғасырда ассириялықтар басып алып, үстемдік жүргізді. Одан Сирия Вавилон патшалығының, парсылардың, Александр Македонскийдің империяларына қарады. Ал VІІ ғасырда Сирияны арабтар басып алды. Одан Ақсақ Темірдің, кресшілердің, қайтадан арабтардың, одан Осман империясының, ең соңынан Францияның қол астында болды. Осы басқыншылықтардың нәтижесінде Сирия жерінде кітап түсірілген діндердің бәрі де қатты өрістеді. Мұса, Иса, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарлардың бәрінің де Сирия жерінде ізі, қалдырған мұрасы бар. Ол түгіл Адам атадан тараған ағайынды жігіттер Қабылдың Абылды өлтірген жері де осында...
1946 жылы Сирия жерін басып алған француздар мен британ әскерлері шығарылған соң ел өз тәуелсіздігін жариялаған. 1958 жылы Сирия Египетпен бірігіп, Біріккен Араб Республикасын құрды. Бірақ оның ғұмыры ұзаққа бармай, 1961 жылы тарады. 1967 жылғы алты күндік соғыстың салдарынан Израиль Сирияның Голан қыраттары деп аталатын жақсы жерлерін басып алды. Содан бері Сирия Израильмен қырғи-қабақ қатынаста.
ТАПҚАНЫМ ОСЫ!!!