Астық пен ет дайындау мәжбүрлеу, жазалау және үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің тұрмыс-тіршілігінен хабарсыз Голощекин тіптен егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан астық өткізуді талап етті. Мысалы, астық салығынан 2 жыл мерзімге босатуға жататын Оңтүстік Қазақстан облысындағы көшпелі мал шаруашылығы Талас және Созақ аудандарында астық даярлау жүргізілді. Ал етке өткізілуге тиіс мал басы саны қолда бар мал басынан анағұрлым асып түсіп жатты. Мәселен, Балқаш ауданында бар малдың басы 173 мың болса, етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Ауданның 3 жылда етке мал өткізу жоспары 160 мың бас малдан 1,5 млн бас малға, яғни 10 есеге дейін өсті. 1933 жылы 10—16 шілде күндері өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алтыншы пленумында сөйлеген Х.Нұрмұхамедов мынадай деректер келтірді: «Менің бауырымның, яғни 12 жыл жалшы болған кісінің бір ғана сиыры болды. Егіншілікпен ешқашанда айналыспаған. Соған қарамастан оған 1930 жылы 5 пүт астық салығын салып, бұл астықты төлеу үшін соңғы сиырын және үйдегі мүліктерін сатуға мәжбүр болды. Өкінішке орай мұндай жағдайлар өте көп кездеседі». Сөйтіп, жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құрбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды.
Сталиндік-сібірлік тәсілді негізге алған Голощекин астық пен ет дайындау науқаны барысындағы қателіктерін кулактар мен байларға қарсы күрес желеуімен бүркемеледі. Азық-түлік дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес, өз өмірлеріне де қауіп туғызды. Партия басшыларының қатыгез саясаты жергілікті жерлерде үрей отын шашты. Өйткені партияның арнайы және жергілікті өкілдері 107-баппен соттау, түрмеге камау әрекеттерін кең жүргізді. Ал 1932—1933 жылдары азық-түлік даярлау барысындағы жазалау шараларын қатаңдатқан, негізінен, ату жазасын белгілеген бірнеше құжат жарық көрді.
1932 жылғы 7 тамызда қабылданған «Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымдар мен кооперацияның мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті нығайту туралы» заңы жазалаушылық әрекеттерді одан әрі өршіте түсті. Ол заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін жағдайда мүлкін төркілеп 10 жылға түрмеге отырғызу жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат ұстаған басшылар қарапайым халық күйзелісін шегіне жеткізді. Алдымен мал, одан соң адамдар жаппай қырылды. Торғай облысында, мәселен 1931 жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар-жоғы 4 мыңы ғана қалды.
Жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілетін бұйрықтар мен нұсқаулар арқылы жүргізілді. 1930 жылы 5 каңтардағы БК(б)П ОК-нің «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің ұжымшар құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында Қазақстанда жаппай ұжымдастыруды, негізінен, 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Осылайша тағы да жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, жоғарыдан кысым жасау басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын тұрған Голощекин ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 каңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60—80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру қарқыны бүдан да тез жүргізілді. Ол көп жағдайда күштеу, корқыту, жазыксыз жазалау әрекеттері арқылы іске асырылып отырды. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 1218 мың шаруа қожалықтары болған. Ұжымдастыру аякталған соң 1933 жылдың ортасында оның 628 мыңы ғана қалды.
Байлар мен кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлау мәселелеріне байланысты Өлкелік партия комитеті жанынан жасырын үштік құрылды. Үштіктің 1930 жылы 23 қаңтарда өткен алғашқы жасырын мәжілісінде жаппай ұжымдастыру болатын аудандардан кулак қожалықтарын жер аударуды екі бағытта жүргізу — Қазақстанның ішінде және Қазақстаннан тыс жерлерге жер аудару көзделді. Осы жұмысты ұйымдастыру үшін округтерде де оперативтік үштіктер құрылды. Олардың құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің басшы қызметкерлері кірді. Оларға кулак отбасыларын есепке алуға 10-ақ күн уақыт берілді. Қысқасы, барлық жұмыстар шұғыл, асығыс және қатал түрде жүзеге асырылды.
Партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатқан шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз соғыс жариялады. Әсіресе Өлкелік партия комитеті жанынан құрылған бай-кулактарды тап ретінде жою шараларын даярлаған, құрамында Құрамысов, Альшанский және Асылбеков бар комиссия ерекше белсенділік танытты. 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын құла-дүз, жері құнарсыз тоғыз аудан белгіленді. Олар темір жолдардан, өнеркәсіп орындарынан, шекарадан әлдеқайда қашық, елсіз-сусыз, шөл және шөлейт, бұрын халық тұрмаган аймақтар болатын. Алғаш бұл аудандарға шамамен 24 мың бай-кулак қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Жер аударылатындардың әрбір жаңа ауылы 50 үйден аспауға тиіс болды.
1932—1933 жылдардағы ашаршылық
Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтардан көп азап шеккен ең алдымен қазақ халқы болды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған қазақтар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті.
Ауыл шаруашылығында егіншілік көлемі күрт азайып кетті. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру қарсаңында Қазақстанда 40,5 млн бас мал болды, ал 1933 жылдың 1 қаңтарында олардан қалғаны бар болганы 4,5 млн бас еді. 1931—1933 жылдары бүкіл Қазақстанды құшағына алған аштықтан 6,2 млн республика халқының 2,1 млн-ы қырылды.
Өлкелік партия комитетінің Торғай ауданындағы уәкілі 1932 жылдың қыркүйегінде мұнда әр адам басына орта есеппен 56 килограмм ғана астық және бір ғана мал калғанын, ал бұлар алты айдан кейін мүлде таусылып, қаңтардың соңына қарай, қыстың кақаған, сары аязында нағыз қиямет-қайым орнайтынын алдын ала ескертіп, дабыл қақты. Ол сонымен бірге кейбір толық емес мәліметтер бойынша ауданда ең кемі 2042 адам аштық құрбаны болғанын, ал 8500 адам аштан өлейін деп жатқанын Құрамысов пен Кахианидің, Исаев пен Құлымбетовтың аттарына жолдаған ресми мәлімдемесінде ашық айтты. Анадан туғандай тыржалаңаш, аш адамдардың дала төсінде босып сандалып жүргендерін, басқасын былай қойғанда, олардың даладағы атқұлақ пен сарышұнақты түгін қалдырмай жеп койғанын жазды. Осындай қайғылы жағдайдың көрші Батпаққара ауданында да кеңінен орын алып отырғаны да айтылды.
Голощекин қазақ даласындағы жағдайды өзі жіберген уәкілдері арқылы жақсы біліп, толық хабар алып отырды. Арнайы тапсырмамен Сарысу ауданында болған О.Жандосов мынадай мәлімет берді:
«Ауылдарды аралаған кезімде мен ондаған күндер бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім… Әйелдер жоқшылық пен аштыққа төзімділеу. Еркектердің бірден ұнжырғасы түсіп кетеді. Күйзелгендер қолдарына не түссе де түк қалдырмай жеп қояды. Сүйек-саяқты жинайды, оларды жүрек жалғау үшін ондаған мәрте қайнатады. Тамақ орнына жартылай өңделген терілер де кете береді. Мен иттің етін жеген және онысын жасырмайтын бірнеше адамдарды кездестірдім. Оныншы ауылдан келе жатқан жолымда елсіз жапаннан екі жасөспірімді көрдім, Олар қайдағы бір ескі жұрттағы, атылған иттердің терісін алу үшін қалған өлімтіктеріне бара жатыр екен. 5-ауылда аштықтан жартылай ісінген, аяғы ауыр әйел маған жақын келіп, оған ит атып беруімді өтінді».
Голощекиндік геноцид қазақстандықтарды, ең алдымен, казақ халкын аштыққа және босқындыққа ұшыратты. Зарлаған ана, шырылдаған бала, түнеріп, өлексе сасыған қазақ даласы — большевиктік эксперименттің нәтижесі осы еді.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлык бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1
Ms.Bruno
пікір