0 дауыс
16.9k көрілді
Аңыз әңгімелердің ерекшелігі туралы шығарма тауып бересіздер ме?

3 жауап

0 дауыс

Ауыз әдебиеті әңгіменің бір саласы – аңыз.  Аңыз негізінде  әңгіме, кейде өлең, жыр түрінде болуы да мүмкін.

Аңыз белгілі  бір адамның атына, іс-әрекетіне байланысты туады. Кейде аңыз әңгімеде де шындық оқиға мен  қиял-ғажайып оқиға аралас келіп отырады. Бұл жағынан  алғанда аңыз  бен ертегі  екеуінің  арасы жақын. Негізгі айырмасы – аңыз әңгіме көбінесе тарихта болған адамның басына құралады. Әуелде тарихта  шын  болған, кейін сондай адам болыпты-мыс  деп, ел аузында лақапқа айналған адам туралы әңгіме етіледі.

Аңыз әңгімелердің тарихи адамның төңірегінде  тууының, негізгі себебі сол адамның өз басына  істеген, ісіне, белгілі бір тарихи кезеңде атқарған рөліне, әлеуметтік мәні  зор еңбегіне байланысты. Ол адам батыр,  не ел басшысы, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен»  шешен би немесе әділеттік іздеуші, халық мұңын жырлаушы күрескер болуы мүмкін.  Бірақ ол адамдардың іс-әрекеттерімен  байланысты  айтылған әуелгі шындыққа қоспалар қосылып, сол істепті-міс, айтыпты-мыс деген әр түрлі лақап біртіндеп аңызға айналады. Оны әңгіме, жыр етіп, біреуден жаттап алып, кейінгі ұрпаққа  қалдырады.

Аңыз әңгімелерге қиял элементі қаншама көп араласса да , әлгі аңызға айналған  адамның өзі  кәдімгі қарапайым адамның  қатарында  қала берді. Қазақ аңыздарындағы Асан қайғы, Жиренше шешен, Қорқыт т.б. – бәрі де  шындықтағыдай, жай адамдар ретінде суреттеледі.

Аңыз әңгімелердің бәрі бірдей бір сюжет, бір идеялық мазмұныда бола бермейді.  Тақырыбы бір болғанымен, идеялық мазмұны  әр басқа  болуы да мүмкін. Аңызда әр топтың өкілі өзінше  баяндап, өзінше түсініп, оны өз тобының көзқарасына лайықтап, өз мүддесіне пайдалануға  әкеп тірейді.

Қазақта Асан қайғы туралы аңыз әңгіменің бірнеше нұсқасы бар. Кейбіреулерінде ол өз халқына бақыт іздеп, Жерұйық тапса, жақсылықты алдан күтсе, кейбіреуінде ол хандардың қамқоршысы кейпінде көрінеді, сары уайымға салынады.

Қазақ аңыз әңгімелерінде  қиял-ғажайып дүниелер мол, олар адамды асыл армандарға бастайды, оның ұшқыр ойына қанат бітіреді, келешекке үміттендіреді.

Жиренше мен Қарашаш

Жиренше шешен мен Қарашаш тарихта болған адамдар ма, жоқ па, ол жөнінде мәлімет жоқ. Жалғыз-ақ ел аузындағы әңгіме оны тарихта болған Әз-Жәнібек ханның тұсында болыпты-мыс дейді. Жиренше  шешен жөніндегі аңыз халыққа өте көп тараған. Көбіне ол шешендігі жағынан әңгіме етіледі. Жиренше – халық ауыз әдебиетінен сүйікті орын алған ұнамды қаһарман. Хан мен Жиренше кездескен жерде,  ханның ақымақтығы, Жиреншенің ақылдылығы айқындалып отырады. Сөйтіп Жиренше жөніндегі аңыз халықтың ішінен шыққан дана адам үстем тап өкілдері әр дайым жеңіп отырса олардан анағұрлым  мойны озық жатса деген тілек мақсатты қамтиды. Мысалы: «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» – дейді Жиренше Жәнібек ханға.

Жиренше мен Қарашаш қатар аталады. Халық Қарашаш бойына даналықты ды, шешендікті де дарытқан. Талай тұйыққа  тіреліп , не қыларын білмей қалған жағдайларда , Жиренше ақыл тауып беретін де аузына сөз салатын да Қарашаш. «Еркек қайда қоздат», — деп хан әмір бергенде, Жиренше шын сасады, келіп Қарашашқа айтқанда «Сасатын түрі жоқ, қойды алып кел», — деп мерзімді кезіне дейін қойды соып жей береді де, ханды сөзден жығып, Жиреншені өлімнен құтқарады. Жалғыз бұл емес, көп тұста халық Қарашашты ең дана, ақылды әйелдердің өкілі етіп суреттейді. Бұның ерекше мәні бар. Әйел – көп халық.  Олардың әлеуметтік өмірде орны үлкен, маңызы зор. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады», әйелдердің ішінде де асқан дана адамдар бар деген пікірді бұл аңызда да қолдайды. Аңыз әйел мәселесі жөніндегі феодалдық – кертартпалық көзқарастан аулақ.

Қорыта келгенде, аңыз әңгімелердің көпшілігі – халық мүддесі, ел тілегін қамтитын туындылар. Халық өз ішінен шыққан әртүрлі ақылды адамдардың ел тілегінен қабысқан игі ісінің айналасында әңгімелер туғызып, сол, арқылы  өз кезіндегі көпшіліктің нені аңсап, нені көздегенін тайға таңба басқандай етіп, ауыз арқылы кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған.

Алдар Көсе

Өмірдің ұнамсыз жақтарын шенеп-мінеуде  ең күшті құралдың бірі-түлкі. Халық ауыз әдебиетінде  күлкіні молынан пайдаланған. Солардың ішінде  ерекше орын алатын аңыз әңгіменің  бірі – Алдар  Көсе. Алдар  Көсе оқушыларын сөз тапқыштығымен, кейде іс-әрекетімен, кейде айла – амалымен еріксіз күлдіреді. Ал Алдар  Көсе  туралы аңыз жұртшылыққа кең тараған, әртүрлі қулық істері баяндайтын нұсқалары көп.

Көсе образы – қарапайым халықтың езуші байлар тобына, оның өкілдеріне қарсы жұмсау соларды масқаралау, келеке ету тілегінен туған ұнамды, күлдіргі образ. Оның басқа аңыздарда кездесетін образдардың ерекшелігі де, осы күлдіргілігінде.

Осы аңыздың  қай нұсқасында болсын Алдар  Көсе – халық сүйетін ұнамды образ. Оның іс-әрекеттерінің көпшілігі халықтың тілек-мүддесімен ұштасады. өзін езіп, қанап отырған үстем таптың өкілдеріне халық  Алдар  Көсені қарсы жұмсап, аңызда оған қалайда жендіріп шығарады.

Халық аузындағы мәтелге айналған «Жұмыртқадан жүн қырыққан», «Өзі тойса да, көзі тоймайтын», «Кесіп алса қан шықпайтын» дегендердің қайсысы болсын байларда өшпенділікті көрсетеді.

Осы мәтелдерде айтылған опасыздық, сараңдық – байлардың көбіне тән қасиет. Алдар  Көсе әңгімесінде шық бермес Шығайбай – сұрқия сараңдықтың жиынтығы. Шығайбайдың әдеті мен ісін мейлінше жек көрген халық қапияда жол,  қапылыста сөз табатын, айла-амал мол Алдар  Көсені жіберіп, Шығайбайды ондырмай күлкі етеді.

Шығайбайдың түнде өз асын өзі ұрлап ішпек болуы, ертемен қойға барарда, ыстық таба нанды Көседен жасырып қойнына тығуы тәрізді әрекеттерді адамдық арын дүниеге сатқан мол құмар, кісілік қасиетінен айырылған хан екенін көрсетеді.

«Ұрының әйелі өзіне лайық» дегендей,  оның тәрбиесіндегі үй іші — әйелі, қызы тап өзі тәрізді. Көсе үйге кіріп келгенде, әйелі илеп отырған нанды, қызы үйтейін деп  әзірлеп жатқан қазды жасыра қояды. Бұл, Шағайбыдың мінезін толықтыра түседі, соған  жаңаша мінездеу есебінде қолданылады. Шығайбай Көсеге еш нәрсе бермеуге қаншама тырысқанымен, Көсе бермесіне қоймайды. Айла-амалымен сараң байды қолына түсіреді, әбден масқаралайды

0 дауыс
Алдар таң-тамаша қалады, «не де болса, осы үйге барайын», — деп таудан түседі. «Достың үйі ме, дұшпанның үйі ме, адамның үйі ме, диюдың үйі ме? Әуелі байқайын», — деп, ептеп келіп, үйдің жабығынан сығалайды. Сығаласа:

Бір жігіт пен бір әйел

Сүйіседі жақындап.

Күйіседі сақылдап,

Текешіктей бақылдап.

— Қызық та, той да, кәсіп те мұнда екен, — деп Алдар ойланып тұрып-тұрып, «аптышау» деп, қатты бір түшкіреді. Жігіт пен келіншек шошып кетеді. Жігіт бір секіріп, төр алдындағы тұрған сары сандыққа кіріп кетеді. Келіншек шашбауындағы ашқышпен сандықты екі бұрап, кілттеп қояды. Алдекең мән-жайды біле қояды.

— Ассалаумағалайкум! — деп Алдакең жылт етіп, үйге кіріп келеді.

«Қайдан келдің, пері?» дегендей, келіншек қабағын түйіп, бір қарап, үндеместен отыра береді.

Алдар ішінен:

— Үндемесең, үндеме, келіншек, сенің де, сары сандық, сенің де сазайыңды берермін, — деп күлімдеп, отыра береді. Біраз отырғасын келіншек күлімдеп отырған Алдарға бір қарап:

— Неге күлімдеп отырсың? — дейді.

— Ана сабадағы қымызды көріп, күлімдеп отырғаным ғой, — дейді Алдар.

— Көрсең, іш, —дейді келіншек.

«Іштің» хабары келгесін Алдакең қарай ма, қара сабаның басына мінеді. Тойғанша қымыз ішеді. Сабаның қасында тураулы тұрған, пісірулі сары қазыны да бірге аттандырады. Қазы мен қымызға тойып алып, төр алдына барып, жантая кетеді.

Алдардың күлімдеуінен қорқып, бірдеңені біліп қойды ма? — деп қипақ қағып отырған келіншек жібек кілемнің үстіне сұлаған Алдарға ештеңе айта алмайды.

Алдекең қазыны жегенге, қымызды ішкенге, төрге аунағанға місе тұтпай, келіншекпен қалжыңдасуға кіріседі. Қалжыңдасып отырып, бұл бір сасық байдың үйі екенін, байдың баласы жоқ екенін, келіншек қырық бірінші қатыны екенін біліп алады. Сандықта жатқан жігіттің келіншек шаңырағына мініп келген «енші» екенін де сезеді.

Сиырларын өк-өк деп,

Түйелерін шөк-шөк деп,

Жылқыларын құраулап,

Ешкі мен қойды құрайлап.

Кешке таман бай келеді, келеді де, төрде жатқан Алдарды көріп:

— Торғайын құшақтап, төрімде жатқан бұл қай Құдайың! — деп ақырады.

— Ол — мен Құдайың! — дейді Алдар.

— Мен Құдайың қай Құдай?

— Мен Құдайың — бәлгер Құдай. Мынауым —көріпкел, біліпкел байғұз Құдай.

Байдың өмір бойы тілегені бір бала екен. Бала таптырам деп, алмаған қатыны, қаратпаған бақсысы жоқ екен. «Балгермін» дегенге райдан қайтып қалады. «Құдай шипа берсе...» деген ойына келеді.

— Кім болсаң да, бір қу боларсың, — дейді де, ала көзімен бір қарап, қазан жаққа барып, орнына отыра кетеді.

Ас ішіп, біраз отырғаннан кейін бай мән-жайын айтады:

— Төрт түлігім сай бай едім, мал дегенің есепсіз болып еді. Бірақ соның бәрі бір балаға тұрмады. Алладан бала тілеп, қырық қатын алдым. Қырқынан да пайда болмады. Ақырында, мал-мүлкімді төгіп, осы қатынды алдым. Бірақ одан да ештеңе болмай отыр. Жасым да келіп қалды. Сонда да Алладан үмітім бар. Балгермін дейсің. Байғұзым көріпкел дейсің. Көріпкелің не айтар екен? Балыңды аша көр, жаным, — дейді.

— Жарайды, — деп Алдар бал ашуға, бақсы болып, ойнауға кіріседі. Жынын шақырып, «ақ сөйле» деп, құсына ақырып, сарнайды.

—Мынау нағыз балгер екен, — деп бай қуана түседі.

Алдар сарнап жүріп, баяғы сары сандықты айналдыра береді.

— Япырым-ай, байым қалай-ды?

Қиын екен бұл өзі.

Көріп едім талайды, — деп, сандықты ұрады, құлағын салып тыңдайды, шертіп қарайды.

— Е, байым, іс жаман екен,—дей береді. Ақырында, ашқан балын айтады:

— Сары сандық ішінде

Қара пәле жатыпты.

Жібек көрпе үстінде

Қызық іске батыпты...

Қылмайды екен қарекет,

Ішеді екен, жейді екен.

Арғы затын сұрасаң,

Екі аяқты дию дейді екен.

Осы қара пәле әйеліңе бала бітірмейді екең. Осы пәлені көшірмесе, болмайды екен, — дейді.

Бай мұнысына нана қоймайды. Алдап-сулап, мал тапқысы келіп жүрген бір қу болды ғой, сонда да:

Бақыр-мақыр берермін,

Көп сұраса, көнермін.

Көшірсе, көшіре қойсыншы», — деп ішінен ойдайды да:

— Жарайды, көшіре қой, — дейді.

— Мұны көшіру үшін ыстық су керек, —деп Алдар су қайнаттырады. Бақсы ойнап жатыр дегенге «мұндайдың талайын көргенбіз», — деп мысқыл етіп, келіншек те сырттан үйге кіріп тұрады.

Келіншек тұр күлімдеп,

Күлім-күлім жасарып.

Жігіт жатыр селкілдеп,

Қайда барсын қаша алып.

Келіншек тұр қуанып,

«Дию» деген жөнінен.

Жігіт жатыр қуарып,

«Құю» деген жөнінен.

Алдар үй ішін айналып жүріп, келіншектің шашбауындағы кілтін кесіп алады. Сүйтеді де, бір бақыраш ыстың суды қолына алып, сары сандыққа жүгіріп барып, аузын ашып:

— Көш, пері, көш! —деп ыстық суды жігіттің басына құя салады.

Атып кетті бір адам,

Бір адымы он қадам.

Пәле кетті үйінен

Асқан сұлу жігіт боп,

Түсі кетті келіннің

Көңілі мұздай суық боп.

Сиқыры құрсын, масқара!

Өле алмайды ұяттан,

Бар ма лажы, жоқ шара

Әбден болды дүзқара.

Сонымен басы күйіп, жігіт кетті. Іші күйіп, келіншек кетті. Жүрегі ұшып, талып, бай жатыр. Күлкісін жия алмай, Алдар жатыр.

Біраздан кейін бай есін жиып, орнынан тұрады.

— Мың рахмет, шырағым. Бәлені үйімнен қудың. Әйтпесе, өлген екенбіз. Енді Алладан үмітім күшейді... әрі садақа болсын, әрі еңбегің болсын. Аю ат дейтін атым бар. Соны ал. Сонымен бірге ол пәлеңнің қайтып келмесін кім біліпті. Осы балгер құсыңды маған сат. Бағасын айт, — дейді.

— Өмірлік жолдасым еді, мұнсыз күйім қараң еді. Байғызымды сатпаймын, — деп, Алдар біраз шалқаяды. Бай жалынып болмайды. Ақырында:

— Сіз үшін ғана құсымның көзін қиямын, — деп сатпақ болады.

— Бір өтірігі жоқ, осы құсымды мен иесінен қырық жылқыға сатып алғанымда иесі екі күн өкінген. Мен де өкінермін, елу жылқы беріңіз, —дейді.

— Мұның көп. Жылқының құны да аз емес қой. Амал жоқ, сол берген жылқыңды мен де берейін, — дейді бай.

— Жоқ, болмайды. Оллаһи тегін, қырықңа берсем, өмірімде есімнен кетпейді, — деп Алдар көнбейді.

— Оллаһи, бағасы, — деп бай көнбейді.

Екі ңу бірін-бірі тездікпен жеңіскен бе? Азайтып айтқанда, бір жұма, көбейтіп айтқанда, бір жыл екеуі саудаласып, алақан ұрумен болады. Ақырында, Алдардың қулығы асып, елу жылқы алып, байғызын сатып:

· Қаңғып қалды бұл басым,

Іс болмаса құсыма.

Қош айтысып жылайын,

Жыламай, не амал қылайын! — деп бір жұма құсымен қоштасқан боп, тағы жатып, қазы-қарта жеп, қымыз ішіп, тойынып алып, жөніне кетіпті.
0 дауыс
Рахмет бирак кишкене кателик бар
...