0 дауыс
6.9k көрілді
Дулат Бабатайұлының өмірі жайлы мәлімет өте аз. Халық ақыны Шәкір Әбеновтің ел аузынан жиыстырған мәліметтеріне қарағанда Дулат Бабатайұлы 1802 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сандықтас өңірінде туып, 1871 жылы дүниеден өткен екен. Дулат Бабатайұлы қазақ тарихында шығармаларының шыңшылдығымен, зар заманның қилы тағдырын шынайы суреттеген жырау, ақын ретінде танимыз.

Дулат Бабатайұлы шығармашылығының даралық, суреткерлік шеберлік қырларын сөз еткенде, оның тіл көркемдігін, сөз кестесін нысанаға аламыз. Сол арқылы ақынның алғыр ойын, жүйрік қиялын, талғампаздығы мен шешендігін қатар танытатын тіл көрнекілігін толық түсінеміз. Ақынның сөз қолданысындағы шеберлік қыры, тілдегі бар сөзді орынды пайдаланумен ғана емес, оларды бейнелік құрал ретінде алмастырып, ауыстырып жаңа, тың образдар тудыруынан айқын көрінеді.

Дулат Бабатайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Өсиетнама» 1880 жылы Қазан қаласында жарық көрген.

Тәуелсіздік тұсында ғана Дулат Бабатайұлының шығармашылығы толық жинақталып, ақынның 200 жыл толуы қарсаңында бірнеше еңбектері жарыққа шыққан

Дулат – жыраулық мектептен шығып, ақындық мектепті күшейткен суреткер. Олай дейтін себебіміз өлең сөз арқылы насихат, дидактикалық сипат пен заман, қоғам, адам жалпы философиялық қозғалысты қозғаса, ал ақындық мектепте поэзиядағы нақтылық,сынау, күйіну, сүйіну сияқты нақты суреттерге тоқталған. Көркем сөзді халыққа қызмет ететін қару деп ұғынған ақын өз шығармаларында заманының көкейкесті мәселелерін қозғайды. Ол өмір, тіршілік, тұрмыс, қоршаған орта, әлем жөнінде, өзгермелі, құбылмалы, опасыз, алдамшы, жалған дүние турасында толық тебіренеді.

Дулат шығармаларының ішіндегі ең күрделісі «Еспембет» поэмасы. Оның әлеуметтік лирика, дидактикалық поэзияға ғана емес, сюжеттік шығармаларға да шебер екендігі көрсетеді. «Еспембет» - сюжетке құрылған шағын ғана поэма. Оның көркемдік қасиеті де осы шағындығында. Көп сөзге салынбай, поэмада суреттелетін көп оқиғаны аз жолға сыйғызып көрсеткен.

Елін қорғап, ел үшін жауына оқ ататын батыр ұл, елді әділ басқарушылар болса деген арман, тілектерінің сәулесі ретінде «Еспембет» поэмасы туғанға ұқсайды.


Поэманың сюжеті:жетімЕспембетнағашысыЕрҚосайдыңүйіндетәрбиеленеді.

Есейген соң нағашысының елінде жүруе арланып, ол өзінің туған жеріне кетуге рұқсат сұрайды.

Нағашысы Қосайдың ұсынғансыйлықтарынан бас тартып, тек Ақбөрте тайды беруін сұрайды.

Нағашы атасы Ер Қосай ақ батасын береді.

Атасының батасын алып, өзінің туған жеріне келгесін, ағайындары ұнатпай, онша елемейді.

Арада 3-4 жыл өткеннен кейін, тай Ақбөрте бесті болады. Сол елдеболғаннан кейін бәйгеге қосады.

Сол бәйгеден жалғыз өзі озып келеді де, оның бәйгесіне тігілген жүз тайлақты бес Сыбанның ұлына Еспембет бөліп беріп,


Шақырып алып Еспембет

Ақтамберді қолбасын

Бес Сыбанның ұлына

Ортаға салды олжасын.

Жүз тайлақты есептеп


Біреуін де алмады.

Осы жолдардан-ақ өзінің ірілігін, мырзалығын көреміз. Осы оқиғадан кейін көзге түсіп, ауызға ілігеді. Қаракерей Қабанбай, Байжігіт, Ақтамберді батырлар қалмаққа қарсы жасақ құрып, қол жиғанда, жас жігіт Еспембет те бірге аттанады. Қалмақпен шайқасқан жерде, ұрысқа алты жүз рет кіріп, талайды тұралатқан, тап сол күні жекпе-жекте қазақтан сегіз батырды бір өзі өлтірген қалмақтың батырына Еспембет жалғыз өзі қарсы шығып


Жетіп келіп Еспембет:

- Ақтамберді ер, - деді, -


Мен барамын сіз үшін,

Кезегіңді бер, - деді.

Жас санама, бас сана,

Қайратымды көр, - деді.


Ақтамберді қарт батыр

Қол жайып бата берген.

Тотан шығып жөнелді

Найзаға таққан шоқтай боп,

Ақбөрте кетті құнтиып


Садақтан тартқан оқтай боп,

Қанға сусап қалмақ тұр

Обатұғын оптай боп.

Еспембет келе сөйледі,


Ерлікке сай қайраты,

Қаруға сай амалы:


«Сен – қалмақтың қабаны.

Қарсыңа қалай жіберді

Қазақ саған баланы?

Қазақ сені қорлады,

Баладан төмен санады

Жігерің болса, қайраттан,


Баланы саған балады.

Ағаштан жұлып алмадай

Басыңды бала алады»[1;102],- деп қалмақтың намысан тиіп, ащы тілімен мұқата білді. Осы сөзден кейін Еспембетке жігерленіп, қалмақты қалайда жеңу керектігін ойластырды. Сол кезде қалмақтың батыры ашуланып, тістеніп, екі ұртына қан толып, шыдай алмай Еспембетпен қылыштасады. Қылыштары жарқ-жұрқ етіп, денелері қанға боялып, екі батырдың жекпе-жектегі ерлігін Қабанбай, Ақтамберді сынды бытырлар жандарын шүберекке түйіп, ел үшін туған ерім деп Еспембетті қолдайды. Иә, күрес үстінде жеңіліс пен жеңіс бар. Біреуі озып шығатыны шындық. Қазақтар мен қалмақтардың арасындағы күресте Еспембет өзінің батырлық ерлігін көрсетіп, қалмақ батырын өлтіріп, атын олжа етеді. Осыдан кейін рухтанған қазақ қолы жөпелдемеде шабуыл жасап, қалмақтарды жеңіп, еліне қайтады. Жасынан-ақ халқының жауына қару жасап қызмет етсем деген тілегі орындалады.


Бет бұрып тізгін тартқан жоқ

Жаудың мың мен санынан.

Өле-өлгенше ел болды

Еспембеттің арманы.

Өзімен бірге жасады


Астындағы тарланы.


Бәрін айт та, бірін айт,

Еспембеттей ер қайда?

Еспембеттей ер туса,

Ер күтетін ел қайда? [1;103], -деп

Еспембеттің «батыр» деген даңққа жетуімен поэма аяқталады.

Қай халықтың болсын адамның адамдық қасиетін көрсететін мінез - өз жері, өз елін сүю. Келешекте халқына тұлға боларлық батыр Еспембет те жастығына қарамастан аталық сөздер айтып, ақыл, парасатының жоғарылығын аңғартады. Эпостарда батырлыққа тән және бір шарт - өзіне серік

боларлық атты өзі танып, тақымына басуы. Еспембет бұл сыннан да өтеді. Ақбөртені ол құлын кезінен танып, көзінен таса қылмаған.

Жігіттің батырлығын айқындайтын – оның ерлігі. Ерлік әр жерде емес, тар жерде көрінеді. «Ер басына күн туып, етегімен су кешкен, ат басына күн туып, ауыздығымен су ішкен» жағдайларда, көпшілік үшін басын бәйгеге тігіп, өліміне бел байлап, қалың қолға жол ашады, жауды жеңуге мұрындық болады.

«Еспембет» поэмасы қалмақ батырының басын алуымен аяқталады. Бұл шығарма арқылы қазақтар мен қалмақтар арасындағы күресті байқаймыз.

Дулат Бабатайұлының екінші бір дастаны «Шаштараз». «Шаштараз» дастанның этикалық-философиялық мән-маңызы, ғибратты тәлімі, өнегелік қырлары ұланғайыр.

«Шаштараз» дастанында: дүниені уысынада ұстаған патшаның басында қос мүйіз болады. Оны жан баласы сезіп қойса, бақыты таяды екен. Патша тәжісін басынан ешқашан түсірмейді. Шашы өсіп, патшаның сиқын кетіреді. Сонда шаһардағы ең епті шаштаразды шақырып алып, сырын ашып айтады. Не сұрасаң бәрін беремін, қолдан келетін көмегін аямайтынын ашық айтады. Үй де, ділда да, жиһаз да, қызметшілеп де, саят құруға құс та, құралайды көзге ататын мерген де, құшағыңа сұлу қыз да беремін деп уәде етеді.


Дүнияда не қажет,

Керегіңнің бәрін ал –

Қызметкер – күң мен құл,


Өлі жиһаз, тірі мал.

Алғыр құс, атқыш мерген бар,

Саясаттап сайран сал.

Ұнатып елден сұлу сүй,

Лебізі тәтті, шәрбәт – бал.


Бірақ саған үш түрлі

Қоятұғын шартым бар»[2;93],- деп былай дейді.

Біріншіден, басымдағы қос мүйізімінің барлығын құпия ұстайсың, екіншіден, басқаның шашын қимайсың, үшіншіден, аузыңнан шыққан сөзге ие боласың дейді.

Шаштараз міндетін атқарады. Мүйізді көрген соң, есінен танады, іштей булығып айтқысы келеді. Бірде таң алдында, алакөбеде шаһардан шығып, ен далада етбетінен жатып, көрген-білгенін шыдай алмай ақыры қара жере сыбырлап қояды.

«Кеше күндіз патшаның

Шашын алып берді, - деп,

Қасиетті басынан

Қос мүйізін көрдім», - деп,

Жерге төсеп ауызын,

Өзінен-өзі күбірлеп,

Мақтан тойын тойлайды

Кеудесінде дүбірлеп.

Мың қайтара айтқанда

Ортайды куде толғаны.

Сілесі қатып ұйықтады,

Естіген адам болмады»[2;95],-.

Ішіндегі бар сырын жерге айтып, жеңілдеп қалғанын сезеді. Бірақ, аузынан шыққан сөзі, топыраққа сіңеді, топыраққа сіңген сөзі жеті жыл жерде сақталып, шаштараз ішіндегі сөзін айтқаннан кейін сауық-сайран салып, айтқан сөзінің жерге сңіп кеткенін де білмейді. Күндер, айлар, жылдар өтеді. ол байлыққа кеңеліп, молшылықта өмір сүре бастайды. Патшаның ұсынған мол байлығына кеңеліп, өзіне лайықты жар таңдап бақытты ғұмыр кешіп жатады.

Күндердің-күнінде өзен тасып, сырын төккен ойпаң жерге құрақ өсіп, шаштараздың лебізін құрақ судырлап, жел жыбырлап, жалпақ әлемге жайып жібереді. Осы бір мезетте жырау былайша баяндайды:


...Көк құрақ басын иеді,

Жылы леп пен жылмақ жел


Бұраңдатып сүйеді,


Сылдырлатып ән салды..

Дүниеге хабар таралды,

Жел айтқанды ел айтып,

Патшаға хабар барады.

Қамыс айтты, жел айтты,


Ел айтқанда, шын айтты[2;97].

Серт пен сырға осалдық танытқаны үшін, шаштараздың басы алынады. «Ешкімді жамандама, қара жер де жеткізіп қояр» деген аталы сөздің мағынасы мен тағылымына жете түсінбегендігі ақыры түбіне жетеді. Екі елі аузыңа, төр елі қаққа сал деген қазақ мақалы бекерден-бекер айтылмаса керек.

Дулат Бабатайұлының шығармалары қанық та айқын бояумен, өзгеше өрімдерімен, сан құбылған сөз сиқырларымен ерекшеленіп тұрады.

ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясында Дулат Бабатайұлы тұңғыш рет патша өкіметінің орталық езгі саясатының астарын ашып айтып, оның ел ішіндегі «жексұрыны, қанды ауыз ұлық болған, қазақтан шыққан кәпірдің» образын ашық суреттей білген.

Дулат – кестелі тілді, шешен ақын ғана емес, ХІХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясына жаңа форма, соны мазмұн әкелген жаңашыл қаламгер. Ол жазып та, айтып та шығарған.

Жалпы, Дулат Бабатайұлының ақындық мұрасы негізінен осы алуандас жанды, бейнелі образдық жүйесімен, нақышты, кестелі тілімен, терең мағыналылығымен, сыңғыр қаққан келісімімен ерекшеленеді.

2 жауап

0 дауыс
Дулат Бабатайұлы 1802жылы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Сандықтас қонысында дүниеге келген.
0 дауыс
*Дулат Бабатайұлы*

Дулат Бабатайұлы (1802, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Сандықтас қонысы — 1874, сонда) — көрнекті ақын. Өлеңдері ел ішінде көп тараған. Дулат шығармалары негізінен дидактикалық негізде жазылған. 1880 жылы Қазанда жарық керген «Өсиетнама» деген жинағына ақынның замана туралы толғаулары енген.
Орта жүз құрамындағы найман тайпасынан шыққан. Өмірі туралы деректер толық зерттелмеген. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Кейбір өлеңдері Қазан қаласынан 1880 жылы алғаш рет “Өсиетнама” деген атпен жеке кітап болып жарық көрген. Жинаққа ақынның сол кезеңдегі қазақ елінің саяси-әлеуметтік өмірін шыншылдықпен жырлаған ой-толғаныстары енген. Ақынның кейбір өлеңдері кеңес дәуірінде әр түрлі хрестоматияларда “XVІІІ — XІX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары” (Қазақ ССР ұылым академиясының баспасы, А., 1962) деген жинақта, кейін “Үш ғасыр жырлайды” (Революцияға дейінгі қазақ ақындарының шығармалары. А., 1965) жинағында басылып шықты. Ал, “Еспембет” поэмасы алғаш рет 1957 жылы “Жұлдыз” журналының 5-нөмірінде жарияланды. Дулат шығармаларын барынша зерттеп, жинап баспаға әзірлеген Қ.Өмірәлиев болды. Ақынның жеке жыр жинағы “Замана сазы” деген атпен 1991 жылы жарық көрді. Дулаттың өлең-жырларының басты сарыны — 19 ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету. Ақын “Тегімді менің сұрасаң”, “О, Сарыарқа, Сарыарқа”, “Асқар таудың сәні жоқ”, т.б. жырлары мен жеке кісілерге айтқан “Сүлейменге”, “Бараққа”, “Кеңесбайға”, т.б. арнау өлеңдерінде қазақ жерінің отарлануын, ел билеушілердің отаршыл саясаттың шылауында кетуін “Сауыр жерден айрылып, Қазақ елі жұқарды..., Орыстың көрсе ұлығын, Қыздан дағы қылықты..., Майырдың алса бұйрығын, Борбайға қысып құйрығын, Ел пысығы жортады”, — деп, кекті де отты жыр жолдарына айналдырған. Д-тың ақындық өнері, негізінен, 19 ғасырдың алғашқы жартысында қалыптасты. Осы кезеңнің өмір шындығы Дулат шығармаларына арқау боп өрілді. Қазақ даласындағы дәстүрлі хандық басқару жүйесін жою саясатын орнықтырған Ресей империясының 1822 — 24 жылдары шығарған Қазақ даласын басқару жөніндегі ережелеріне қарсылық Дулат шығармаларының тақырыптық, стильдік, жанрлық ерекшелігін айқындады. Дулаттың уытты, шыншыл сөздерінің кімдерге арналғанын оның: “Халыққа емес сыйымды, Парақор баспақ биіңді, Ел бүлдіргіш бегіңді, Улы тілмен улаттым”, — деген өлең жолдары көрсетіп тұр. Туған халқының екі жақты езгіге түсіп, көз жасының көл боп ағуы, қайғысы мен мұңы ақынның жан сыры ретінде жыр болып төгілді. Дулаттың образ жасау, өлең өрнегін жетілдіру, замана сазына қарай ақындық өнерде жанрлық, стильдік, сонылық таныту ерекшелігі кейін Абай шығармаларында дамытылып, жалғастық тапқан. Дулат ендірген қазақ өлеңі құрылысындағы жаңалықты, яғни “а а а б” түріндегі желілі ұйқасты Абай ақындық дәстүр ретінде қабылдап, “Келдік талай жерге енді” өлеңінде одан әрі дамытты. 19 ғасырдың 1-жартысында ертеректе туған батырлық және лиро-эпос жырлары сияқты фольклорлық туындылар немесе тарихи жырлар болмаса, қазақ топырағында көне тақырыпты алып, ойдан сюжет құрып, поэма жанры үлгісінде шығарма жазу дәстүрге енбеген еді. Дулат өзінің “елге қорған ер туса” деген идеясын халыққа жеткізу үшін, қазақ-қалмақ соғысы тұсындағы сюжетті алып, “Еспембет” поэмасын жазған. “Еспембет” жанрлық ерекшелігі жағынан батырлық эпосқа жақын. Елдік, елдің батыр ұлдары туралы идея “Еспембеттей ер қайда?, Ер күтетін ел қайда”, — деп басталатын ірі туындыда айқын көрініс тапқан. Дулаттың бұдан басқа “Шаштараз”, “Тымсал өлең” атты ірі шығармалары бар. М.Әуезов Дулатты ғылыми зерттеулерінде, “Абай” романында жоғары бағалайды. 1947 жылғы ҚКП ОК-нің әдебиет, өнер жөніндегі қаулысындағы Дулатты діншіл, хандық дәуірді, ескілікті аңсаушы кертартпа ақын деген теріс бағадан кейін, 1959 жылы өткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми конференцияның ұсыныстарында Дулат жөнінде “... творчествосын орта мектепте оқыту қажетсіз деп саналсын”, — деген саяси қорытынды берілді. Сол себепті “Абай” романында өз атымен берілген Дулат “Абай жолында” Барлас атанып кете берді. Әйтсе де, Дулат шығармалары хрестоматиялық оқулықтарда, кейбір жинақтарда жарияланып келді. Дулат мұрасы қазақ әдебиеті тарихында әр қилы таным тұрғысынан бағаланып, 1940 — 50 жылдары қызу пікірталас нысанына айналды. Дулат мұрасы жөніндегі ғылыми таным мен дұрыс баға талантты ғалым Қ.Өмірәлиевтің “Қазақ поэзиясының жанры мен стилі” деп аталатын көлемді ғылым монографиясының басылым көруіне байланысты тұрақтана бастады.[қалғанын осы жерлен оқып аларсың!][1]


  [1]: http://%5B%D0%BC%D3%99%D0%BB%D1%96%D0%BC%D0%B5%D1%82%20%D0%BC%D1%8B%D0%BD%D0%B0%20%D0%B6%D0%B5%D1%80%D0%B4%D0%B5%D0%BD%20%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D0%BD%D0%B4%D1%8B!%5D%5B1%5D
...