+1 дауыс
3.1k көрілді
айтану сабағында бизге абай туралы білгім келеді дегенди жазып келиндер дейтін болған енді оны қалай тауып алуға болады?

1 жауап

0 дауыс
Абай (Ибраһим) Құнанбаев (10.8.1845 - 6.7.1904) – қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, оның алғашқы классигі. Бұрынғы Қарқаралы дуанына (округ) қарасты Шыңғыс тауының бауырында, Қасқабұлақ күзегінде туған. Руы – Арғын ішінде Тобықты. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы сол маңайдағы қазақ руларының ішіндегі байының, биінің, беделді адамының бірі болған. Патша үкіметі оны 19 ғ-дың орта тұсындағы бір сайлауда Қарқаралы дуанының аға сұлтандығына бекіткен. Абай Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжаннан туады. Ол Арғын ішіндегі Қаракесек руының шешендік, әзіл-ажуамен атағы шыққан Шаншар тобының қызы екен. Ұлжаннан Тәкежан (Тәңірберді), Абай, Ысқақ, Оспан деген 4 ұл туады. Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу, жалғыздық көрер жерім жоқ» деуі сондықтан. Абайдың шын аты Ибраһим кейіннен шешесі еркелетіп «Абай» деп кеткен.

 Құнанбай өте діншіл адам болған. Сол кезге дейін көшпелі қазақ ауылдарының арасына кең тарай қоймаған мұсылман дінінің ықпалын күшейтуге тырысқан; намаз, ораза, зекет сияқты дін шарттарын өз еліне күшпен таратпақ болған. Осы мақсатпен Орта Азияның діндар қожаларын, татардың молдаларын қарамағындағы ауылдарға таратып, олардың балаларын мұсылманша оқытқан. Сондай қожа-молдаларды өз ауылына да ұстап, өз балаларын, оның ішінде Абайды Ғабитхан деген татар молдасына сабаққа берген. Молдадан 3-4 жыл оқыған Абайдың сабаққа зеректігі байқалған соң, әкесі оны Семей қаласындағы мұсылман имамы Ахмет Ризаның медресесіне берген. Ол ислам әлемінде «мүтәкәллимин» аталатын бағытты қолдайтын, яғни дін сабақтарына тарих, поэзия, математика, философия сияқты дүние тану пәндерін араластыра оқытуды қажет көретін ағымның өкілі болады. Соның медресесінде 4 жыл оқыған Абай араб, иран және Орта Азия әдебиеті классиктерінің шығармаларымен танысып, соларға електеп қысқаша өлеңдер жаза бастайды. Бірақ Семейде Абай ұзақ бола алмайды. Сол кезде әкімшілік жұмысынан қол үзуге айналған, тек дінмен шұғылданып, Меккеге қажылыққа баруға дайындалған Құнанбай ел басқару істерінде келешекте өзінің орнын басады деп дәмеленіп, Абайды 13 жасында оқудан шығарып, қасына алады. Жастайынан ел басқару ісіне араласқан Абай қазақтың білгірлері, шешендері, ақындары, жыршылары, ертегішілері, тақпақшылары, күлдіргілері, әнші-күйшілері сияқты өнер иелерімен жиі кездесіп, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жақсы танысады.

 Абайдың поэзиясы түгелімен лирикалық өлеңдерден құралады. Ол - поэма жанрына беріле бой ұрмаған ақын. Бірақ Абай қысқа өлеңдерінде табиғаттың бейнесін, адам портретін жасауға, оның ішкі-сыртқы қылық, мінездерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай тақырыпқа жазған өлеңінде болса да, қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының бейнелері айқын елестеп тұрады. Мысалы, қысты ол: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды... Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды» деп, қазақтың қатал шалдарына ұқсатады. Сонымен қатар, қазақтың сол кездегі қыста да киіз үйде отырытын тұрмысын елестетіп, «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда, Алты қанатақ ақ орда үй шайқалды» дейді. Мезгіл тақырыбына жазған өлеңдерінен табиғат көріністерінен басқа ауылдың әлеуметтік өмірі де, бай мен жарлының тұрмысындағы айырмашылық та, таптық теңсіздік те көрініс беріп отырады. «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қан сонарда», «Желсіз түнде жарық ай», «Шоқпардай кекілі бар...» сияқты өлеңдері ірі шеберлердің қолынан шыққан ғажап суреттердей өте көркем, өте ұғымды, сонымен бірге бұл – тек қазақ даласында кездесетін көріністер.

 Абайша, ақындықтың құралы – тіл, «Өткірдің жүзі, Кестенің бізі», яғни көркемөнердің басқа түрлерінің ешбір құралы тілдей өткір бола алмайды. Осындай ұғымдағы Абай көркем шығарма жазуға кірісерде: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» дейді. Қазақ тілін көркемдіктің биігіне көтеру үшін оған араласып жүрген бөтен сөздерден өлеңді аршымақ болады.

 Абайдың түсінігі бойынша, мектеп ашу, бала оқыту, ғылымды білу, халықты ағартып, оның мәдениетін көтеру – қазақ өмірін прогресшіл жолмен өзгертудің негізі болмақ. Қазақ елін экономикалық және мәдени даму жолына бағыттау үшін қоғамдық құрылысты революциялық жолмен өзгерту қажеттігін Абай тарихи себептермен түсініп жеткен жоқ еді. Ол өзінің әлеуметтік-саяси көзқарасында ағартушылықтың шеңберінде қалды. Себебі Абай дәуіріндегі қазақтың патриархты-феодалды қоғамында таптық күрес әлі шиеленісіп жетілмеген-ді. Еңбекші бұқара патриархты-рушылық әдет-ғұрыптардан қол үзіп, таптық революциялық күрес жолына түсуге әзірленіп жетпеген болатын.

 Абай қазақ арасындағы берекесіздіктің, басқа кемшіліктердің түп тамыры надандықта, оқымағандықта деп түсінеді де, халқының «көңіл көзін», яғни сана-сезімін жетілдіру үшін қазақ жастарын оқуға шақырады.
...