Қазіргі Қазақстан жерін ежелгі адамзат баласы бұдан 1 миллиондай жыл бұрын мекен еткен. Қола дәуірінде Сібірдің, Жайық өңірінің, Қазақстан мен Орта Азияның ұлан-ғайыр далаларын тегі және тарихи тағдырларының ортақтығы жағынан туыс тайпалар мекендеді. Бұл тайпалар өзінше бір үлгідегі жарқын мәдениет қалдырды. Мұны ғылымда Андрон мәдениеті деп атайды. Ерте темір ғасыры дәуірінде (біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдық ортасы) Қазақстанда тайпалық одақтар қалыптасты. Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аудандарын мекендеген тайпалар сақ тайпалар одағына, ал батыс, солтүстік аудандарындағы тайпалар савроматтар тайпалық бірлестігіне бірікті. Біздің заманымыздан бұрынғы 3-ғасырда Қазақстан жерінде кейбір тайпалар өз мемлекетін құрып, алыс-жақын елдермен саяси қарым-қатынастарға түсті. Олардың алғашқылары сюнну (ғұндар) болатын. Зерттеушілер ғұндарды түріктердің арғы ата-бабалары деп есептейді. Бұл бірлестікті Мөде басқарған кезде ғұндар бүкіл әлемге танылды. Ғұндардың батысқа жорығы “Халықтардың ұлы қоныс аударуына” түрткі болды. Жетісуда ежелгі тиграхауда сақтарының жерін мұра етіп алған усундер (үйсіндер) біздің заманымыздан бұрынғы 160 ж. шамасында Іле алқабында өз мемлекетін құрды. Олар Қаңлы мемлекетімен шектесті. Бұл тайпалар құрған мемлекеттер Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты елдермен саяси, экономикалық және мәдени байланыс орнатқан.
Қазақстанды Ресейдің отарлауы 1731 жылы Кіші Жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге қосылуынан басталды. Бұл процесс 130 жылдан аса уақытқа созылып, 19 ғасырдың 60 жылдарының ортасына қарай толық жүзеге асырылды. 1731 – 1860 жылдары Қазақстан Ресейге, көбіне сөз жүзінде ғана бағынып, іс жүзінде ру, тайпа билеушілері дербес саясат жүргізді. Патша өкіметі халық көтерілістерін аяусыз басып отырғанымен, елдің ішкі істеріне (сот жүйесіне, ру аралық мәселелерге) араласпады. Ел ішіндегі беделді адамдарға, ру басыларына жалақы тағайындап, әр түрлі атақтар беріп, екінші жағынан әкімшілік реформалар жасап, көнбегендерін жазалау арқылы өз билігін күшейтті.
1822 ж. “Сібір қазақтары туралы жарғы”, 1824 ж. “Орынбор қазақтары жөніндегі жарғы” деген құжаттармен қазақ жерін басқару тәртібі белгіленді. Осы заңдар бойынша Орта жүз бен Кіші жүз хандықтары жойылды. Кіші жүзде хандық биліктің орнына Ресейдегі сияқты әкімшілік басқару жүйесі қалыптасты. Ал Орта жүзде “аға сұлтан” деген басқарушы қызмет енгізілді. Ішкі округтер құрылды. Округтер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлінді.
19-ғасырдың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңтүстік Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушілеріне қарсы жиі-жиі бас көтеріп отырды. Отарлық езгінің күшеюі, шұрайлы жерлерді тартып алып, бекіністер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 – 47) тудырды.
19-ғасырдың 60-жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдісі аяқталды.
1914 ж. 1-тамызда Ресейдің 1-дүниежүзілік соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді.
Жаппай наразылықтар нәтижесінде 1916 жылғы көтеріліс шықты. Көтерілістің басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ пен Түркістан өлкелерінің және ішінара Сібірдің 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөніндегі жарлығы түрткі болды. Көтерілістің аса ірі ошақтары Жетісу мен Торғайда болды.
1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетті.
1917 ж. 21 – 28 шілдеде Орынборда 1-Бүкілқазақ съезі өтті. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердің шешілуіне, Құрылтай жиналысына әзірлік және қазақ саяси партиясын құру мәселелеріне баса назар аударды. Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Мағжан Жұмабаев, т.б. қайраткерлер отаршылдыққа қарсы Алаш партиясын құрды. Олар қазақ халқын отарлық езгіден азат ету ұраны төңірегіне топтасып, қазақтың дербес, тәуелсіз Алашорда демократиялық мемлекетін құруға кірісті. Бірақ көп ұзамай бүкіл Ресейдегі сияқты қазақ жерінде де кеңес билігі орнады.
1917 жылы большевистік революциядан кейін Қазақстанда Кеңес билігі орнады. Бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстары бүкіл ел шаруашылығын күйретті. 1920-1921 жж. қыста болған жұттың салдарынан ірі қараның жартысына жуығы қырылды. 1921 жылы жаз егінсіз болып, аштық орнады. Тек 20-жылдардың соңына қарай Қазақстан қалпына келді. 1920 жылы Қазақстан автономды, ал 1936 жылы КСРО құрамындағы одақтық республика болды.
Аймақтың экономикалық әлсіздігін есепке ала отырып, одақтық үкімет Қазақстан шаруашылығын қарқынды түрде дамытуды алға қойды және 1941 жылы өнеркәсіп өндіріс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда сегіз есеге артты.. Ірі экономикалық жобаларды орындауға ресурстарды топтастырудың жоспарлық жүйесінің мүмкіндіктері арқасында Қазақстан 30-жылдары көшпелі өлкесінен ірі және өнеркәсіптік, егіншілік пен мал шаруашылығы дамыған, жоғары мәдени деңгейі бар аймаққа айналды.
Қазақстан аумағында мыңдаған ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылды, он мыңдаған шақырымға созылған темір және автомобиль жолдары түсті. Қазақстан түрлі түсті және қара металл, көмір, мұнай, бидай, мал шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушісі болды. 1991 жылы Қазақстан үлесіне қорғасын, мырыш, титан, магний, қалайыны өндіруде одақтық өндірістің 70 пайызы, фосфор мен хром өндірісінің 90 пайызы, күміс пен молибденнің 60 пайыздан астамы тиесілі болды. Қазақстан дәнді дақылдардың ірі өндірушісі болды.
Алайда, экономикалық дамудағы жетістіктер үшін қазақ халқы құнын өтеді. «Социалистік индустриялау» әдісі қайғылы жағдайға әкелді. Нәтижесінде ұжымдастыру бойынша қозғалыс 30-жылдары аштыққа әкеліп тіреді. Қазақтардың бір бөлігі тобымен Қытайға және көршілес ортаазия елдеріне кетті. 1931-1934 жылдары аштық пен аурудан бір жарым миллион адам қаза тапты, ол этностың 40 пайызын құрады.
Қазақстан бұрынғы КСРО аумағындағы негізгі тұрғындардың ең аз бөлігін құраған бірегей республика болды; мұндай жағдай 30-жылдары халықтың көп бөлігінен айырылғаннан емес, КСРО-ның басқа аймақтарынан Қазақстан аумағына жүз мыңдаған адамдарды жарамсыз большевиктік режимде 1937-1938 жж. террор құрбандарына арналған концлагерлер ұйымдастыру арқылы қоныс аудару салдарынан болды.
1935 жылдан 1940 жылға дейінгі кезеңде Батыс Украина, Белоруссия және Литвадан поляктардың жер аударуы көп орын алды (120 мыңға жуық адам). ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстанға Поволжья немістері, Кавказдан шешендер, ингуштар және басқа да ұлт өкілдері күштеп қоныс аударылды, ал 50-60 жж. тың игеруге байланысты біздің елге Ресей, Украина, Белоруссиядан миллиондаған тұрғындар көшіп келді. Нәтижесінде 1926 жылы республикадағы барлық тұрғынның меншікті салмағы 57,1% құрап, 1939 жылы бұл көрсеткіш 38%-ға дейін төмендеді, ал 1959 жылы небәрі 30 пайызға тең болды. Тек соңғы жылдары қазақтардың меншікті салмағы 50 %-дың көрсеткішке жетті. 70-80 жылдар қарсаңында КСРО-ның экономикалық және әлеуметтік-саяси өміріндегі дағдарыс Қазақстанға да әсер етті. Қатаң жоспарлық жүйе елдің экономикалық дамуын, әлеуметтік саланы тоқыратты. Сондықтан да қайта құру саясаты жариялылық пен демократияға сенген Қазақстан халқынан кең қолдау тапты. Алайда, 1986 жылғы 17 желтоқсанда орын алған Алматыдағы жастардың демократиялық көтерілісінің қатты қысымға алынғаны тағы да «әлеуметтік» жүйенің жарамсыздығын көрсетті.