+3 дауыс
51.6k көрілді
Ұстаздар күніне арналған сценарий керек?

5 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

«Ұстаз аты – биік, әрі мәңгілік» атты мерекелік жиын

Мақсаты: Оқушыларды ұстазды құрметтеуге, сыйлауға үйрету, ұстаз мамандығының
қыры мен сырларын түсіндіру. Ұстаз еңбегін әрқашан бағалай білуге үйрету.
Көрнекіліктер: Қанатты сөздер, гүлдер, жалауша, шарлар.
Би: «Ақбұлақ»

І жүргізуші: Ұлылықтың ұйытқысынан жаралған,
Өнегеңнен барлық шәкірт нәр алған.
Шапағатты шуақ сепкен ұстаздар,
Өздеріңнен бастау алар бар арман.

ІІ жүргізуші: Ұстаздар жақсылықтың жол ашары,
Қолыңда шәкіртіңнің бала шағы.
Өмірді алға қарай өрлететін,
Сендерде Ұлы Отанның болашағы –

І жүргізуші: Ұстаз ... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне ерекше жылулық
нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі – Ұстаз.

ІІ жүргізуші: Дұрыс айтасың Ұлжан.
«Ұстаз» деген сөз қазақ баласы үшін қашанда қасиетті, қадірлі болған.«Ұстаздан тәрбие алған » немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер « ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып жатады.

І жүргізуші: Иә, Жеңісбек.
Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің » дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз.

ІІ жүргізуші: Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде еңбегі зор.

І жүргізуші: Шәкірттерге білім беруде ұстаздардың еңбегі ұшан теңіз. Сондықтанда ұстаз әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

ІІ жүргізуші: Олай болса, қадірлі ұстаздар!
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз.

І жүргізуші: Сіздердің шәкірттерді тәрбиелеп, білім беру жолындағы еңбектеріңіз жана берсін.

І, ІІ жүргізуші: Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға бақыт, мерейлеріңіз үстем бола берсін демекпіз.

І жүргізуші: Олай болса бүгінгі мерекеге арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты мерекелік жиынымызды ашу үшін мектеп басшысы Ғалымбек ағайға береміз. Рахмет, ағай!
«Той бастар» әнін қабыл алыңыздар. Орындайтын 8 – класс оқушысы Сейділда Жұлдыз.

ІІ жүргізуші: Келесі тыңдайтын әндеріңіз «Ұстазым» орындайтын 10 – класс оқушысы Сілтеу Мадина.

І жүргізуші: Ұстаз! Осы бір сөздің өзінде қаншама мән – мағына, қасиетті ұғым жатыр. Ұстаз алдынан өтпейтін ешкім жоқ. Жүрексіз өмір болмаса, мұғалімсіз білімнің, тәрбиенің іске аспайтыны белгілі. Небір данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті арман қуған жеткіншектер де бәрі бір адамға қарыздар.

ІІ жүргізуші: Иә, ол – ұстаз! Ұстазсыз өмірдің нақты тұтқасын ұстау мүмкін емес. Адамды тәрбиелеп, оны азамат атандырудың өзі бір үлкен күш, сондықтан да ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып тер төккен шопан да бәрі – бәрі ұстаздан тәлім алған, сондықтан барлық құрмет ұстаздарға арналады.

І жүргізуші: Олай болса ұстаздарымыздың құрметіне ауыл әкімі Бибісара апайдың жылы лебізін тыңдасақ.
Рахмет, апай!

ІІ жүргізуші: «Қазақ қызы» орындайтын 8 – класс оқушысы Қуанышбай Әбдуали.
І жүргізуші: Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып,
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиетіне бас иейік мәңгілік! – деп келесі мерекелік құттықтау сөзді ардагер ұстаз Кемал ағайға береміз. Рахмет, ағай!

ІІ жүргізуші: «Ұстазыма» орындайтын 7 – класс оқушысы Жеткербай Гүлзат.
І жүргізуші: «Мектеп – білім тірегі, ұстаз - оның жүрегі» - деп ғұлама ағаларымыз айтқандай, Жеңісбек менің ойымша, кез – келген адам ұстаз бола алмайды.

ІІ жүргізуші: Олай ойлауыңның себебі неде?
І жүргізуші: Себебі ұстаздық - өнер, тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез – келген адамға қона бермейді.

ІІ жүргізуші: Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекке ұштастырылуы шарт.
Ұлжан, «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз тегін айтылмаса керек.

І жүргізуші: Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың – деп келесі мерекелік құттықтау сөзді мектепішілік ата – аналар ұйымының төрағасы Мейрамбек ағайға береміз. Рахмет, ағай!

ІІ жүргізуші: «Асыл досым» әні орындайтын 8 – класс оқушысы Сейділда Жұлдыз.
І жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Төгілген арай, шуағым
Арманым қонса, қолыма,
Арқаң деп сенің ұғамын.
ІІ жүргізуші: Мұғалім, ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым.
Ұланың бүгі тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.

І жүргізуші: Жеңісбек, ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзінің уақытын аямау – деген екен ғұлама ағаларымыз.

ІІ жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ұлжан.
Алтын уақыттарын сарп қылып, ұстаздық еңбегін шыңдау барысында көмегін аямай, балаларды білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарымыздың еңбегі зор.

І жүргізуші: Олай болса ұстаздарымызға арналған құттықтау сөзді мектепішілік өзін - өзі басқару ұйымының президенті Әбілова Ақмаралға береміз. Рахмет !
ІІ жүргізуші: «Ұстазым» әні орындайтын 7 – класс оқушысы Жұматай Тұрсынай.
І жүргізуші: Ұстаз жолы қиынырақ басқадан,
Сырлары мол әлі сыртқа шашпаған
Шаршаса да осы жолдың бойында,
Қандай жақсы шын бақытын тапса адам – дей келе ендігін мерекелік құттықтау өзді мектеп басшысы Ғалымбек ағайғ береміз. Рахмет, ағай!
«Достар» әні орындайтын 10 – класс оқушысы Сілтеу Мадина.

ІІ жүргізуші: Мектеп үйім, ұстаздарым ата – анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырлары сан тарапқа тараған.

І жүргізуші: Бүгінгі күн құшақтары гүлге толсын,
Дендеріңнің саулығы мықты болсын.
Білімімен суарған шәкірттерін,
Төл мерекең ұстаздар құтты болсын !

ІІ жүргізуші: Құрметті ұстаздар, қонақтар !
Бүгінгі Ұстаздар мерекесіне арналған «Ұстаз аты – биік әрі мәңгілік» атты мерекелік жиынымызды жабық деп жариялаймыз.
І жүргізуші: Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп – көп рахмет!

+1 дауыс
Мұғалімдер күніне сценарий

Ұстаз – саған мың алғыс!
Өткізілетін уақыты: 05.10.2012ж, сағ: 15:00
Өткізілетін жері: Баянды ауыл клубы
Ансамбль ашады. Гүлжанат, Маржан, Ақмоншақ, Алтынгүл, Еңлік. Домбырада 3 күй орындайды

1-жүргізуші:Міне, жадырап жаз өтіп, алтын күз де келіп жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім-ақ сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мектептегі мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елестетеді. Жаңа оқу жылымен қатарлас келетін Мұғалімдер күні де күздің үлесіне тиіпті. Мектеп қабырғасынан әлдеқашан алыстап кетсе де, бойында жылуы бар әрбір парасатты азамат әліп үйретіп, білім теңізіне жетелеген ұстаздары мен балалық шағының талай қызықты күндеріне куә болған алтын ұя – мектебін әрдайым үлкен сағынышпен, құрметпен еске алып отырады.

Олай болса, мұғалім бақыты – шәкірт құрметі.

2-жүргізуші:Құрметті ұстаз қауымы! Сіздерді қазан айында аталып өтетін Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Сіздердің бала көңілдеріңіз əр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазымен мақтанады. «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мадақтауларды жалғастыра берсек, даналық сөздер тізбегі шексіздікке ұласады. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілейміз

1-жүргізуші:Бүгінгі кешіміздің шымылдығын ашып беру үшін мектебіміздің директоры, ұлағатты ұстаз Құралай апайға сөз береміз.(апай сөйлейді)

Әлімжанова Гүлназ

Ұстаз деген ұлы сөз ұлағатты,

Ол болмаса, кім береді парасатты.

Асылын беріп шәкірт бойларына,

Ағартқан сол үшін де қара шашты.

Ұстазға әркім басын ию керек,

Кемеңгер, ақылшым деп білу керек.

Сен бүгін керемет боп кетсең дағы,

Жеткізген сол ұстаз деп білу керек.

Жақсылар ұмытпайды ұстаздарын,

Ойлайды, олар сонымен ұшталғанын.

Мәңгілікке мақтанып өтеді ұстаз,

Шәкіртінің биікке шыққандарын.

2-жүргізуші:Ал бұлбұл әншіміз асыл ұстазына деген жылы лебізі мен шәкірттік асқақ махаббатын әсем әнімен жеткізгісі келеді екен.
Ендеше сахнада ән, орындайтын Дүзелбай Динара

Дүзелбай Мадияр

Тұла бойың тұнған сабыр, кешірім,

Айқара аштың бізге білім есігін.

Өр тұлғаңды балап шыңға, Ұстазым,

Мен өзіңе тәнті болсам, несі мін?!

Бала елдің болашағы болғанда,

Зор пайданы тигізесің қоғамға.

Мамандығың - кәсіптердің абзалы,

Адамдығың қымбат бізге одан да.

Ашық болсын нұрға толы көгіміз,

Аман болсын еліміз бен жеріміз.

Аманаттап тапсырамыз тағдырды -

Анамыз деп қабылдадық сені біз!

Әр таң сайын жаңа арман құшамыз,

Ұстазымыз - үлгі бізге ісі аңыз.

Жақсылықты, тәтті үмітті танытқан

Өзіңізді мәңгі үлгі тұтамыз!

1-жүргізуші:Қазақ қызы күлімдер күн көзіндей,
Дөңгеленіп билейді ай жүзіндей.
Жұлдыздардай өрнекті аспандағы,
Биші қыздар бұрала билейді би.
Сахна төрінде қазақ биімен Сабирова Анаргүл

1-жүргізуші:Құрманғазы,Тәттімбет
Домбырамен сайраған.
Жүректе от жансын деп,
Елге күйін арнаған.
Қазір сахнада көңіл толқытар күй орындалады. Орындайтын Лауадин Әліби

2-жүргізуші:

Зауытта болсаң, күнбе-күн
көрінер еді табысың.
Дәрігер болсаң түрлі емің -
шипалы жанның бағы шын.
Ал сенің еңбек жемісің
өзгеше тіпті басқадан:
ол - өзің арнап ел үшін
осынау жүрген жақсы адам.
Жақсы адам - елдің тірегі,
байлығы туған халықтың,
шапағын шашар үнемі
көгінде тұрған жарық күн.
сан жастың қамын шертесің,
тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін
үйреттің өзің қолға алып.
Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір - сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің
бейнетін кешіп жүрсіздер.
Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жаныл, жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік!

1-жүргізуші: Құлақтан кіріп бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй

Көңілге түрлі ой салар

Әнді сүйсең, менше сүй деп сахнаға қыздарымыздың триосын шақырамыз!(«Гүлдәурен», Көпжүрсінова Еңлік, Қосанова Үмітжан, Аманбай Ақмоншақ )

Жайлау Маржан

Нұр құйды ма сәби – гүл - әлди елі,

Жүрегіңде қасиет бар киелі...

Шәкірттерге ұстаздар дәріс берсе,

Сіз ұстазға үйреттің тәрбиені.

Ұзақ жылдар мектептің басшысы боп,

Тәрбиені үйреттің басқышы көп...

Өнегелі еліне еңбек еттің,

Сәлем берер сондықтан дос кісі көп.

Азаматқа жүретін балап елім,

Сондай жұртқа қадірлі адам едің!

Ұл-қыздарың қондырған ұясына,

Мен де Сізді бір тауға санап едім.

«Талпынған бақытына болады кез,

Арналы дарындардан қалады сөз» -

Деп құйған құлағына шәкірттердің,

Адамсыз –

Дана ойлы,

Бал мінез!

2-жүргізуші:Ұстазым,менің,ұстазым,
Өзіңмен өткен қыс-жазым.
Қалдырған ізің мәңгілік,
Жадымда тұрар жаңғырып.
Шәкірттеріне аса мейірімді, сөзіне берік, шыншыл мінезді, жүрегі батыр, өнегесі асыл, жаны жомарт, пейілі дарқан, ерен еңбекшіл, байламы берік, ойы өткір ұстаздар төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!!!

Сіздерге арнап сахнада мектебіміздің қыздары мың бұралып би билейді. «Ақжелкен» би тобы.(Гауһар қанатбаева, Фариза, Дәмеш, Айкүміс)

1-жүргізуші:Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.

Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздерге арнап өз әзілдерін алып келген мектебіміздің «Жігер» КВН командасын ортаға шақырайық!

2-жүргізуші:Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы былай деген:“Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз”

Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.

“Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

1-2 жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын! Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз!

Ән-шашу
0 дауыс
ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КЕШ СЦЕНАРИЙІ

Музыка ырғағымен оқушылар ортаға шығады. Ұстаз туралы шығарған өлең жолдары оқылады.

1-жүргізуші:
Білімнің кәусәр бұлағын,
Жүресің құйып санама,
Біз үшін сенсің-мұғалім,
Ұстаз да,ғылым дана да.
ӘН: Ұстазым

2-жүргізуші:
Қыр сырын зерттеп заманның,
Ұлылығын айтып бабамның
Өнерге өріс беретін,
Барометрі сенсің адамның
Ортаға мың бұралған бишілер шығап «Бипыл» биін билейді.

1-жүргізуші:
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерін оқытқан,
Келіп тұр жолдап сәлемін
Құттықтау сөз бүлдіршіндерге беріледі, әсем ән орындалады.

2-жүргізуші:
Көзге ыстық көрінер,
Оқулығы, партасы
Оқу қызық болғаны,
Мұғалімнің арқасы.

1-жүргізуші:
Ақыл, білім көп бердің,
Анамдайсың мектебім
Сенде өсіп көктедім,
Сенсің өмір көктемім.
Екеуі хормен: Алғыстарым көп менің
Асыл анам –мектебім!
ӘН орындалады

1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, біз сіздер оқытып жүрген барлық пәндерді ардақтаймыз, сөздеріңді ықыласпен тыңдап,пән атауларына зер салып оқып үйреніп жүрміз. Жан-жақты білім бергені үшін ұстаздарымызға айтар алғысымыздың шегі жоқ.
( Ортаға жеті оқушы шығады қолдарында шарлары бар)
М -мейірімді
Ұ- ұлағатты
Ғ-ғазиз
А-ақылды
Л- лайықты
І-іскер
М- маман

2-жүргізуші:
Мұғалім,ғазиз мұғалім,
Сарқылмас мәңгі бұлағым
Ұланың бүгін тойыңда,
Арнайды саған бұл әнін.
Әсем ән орындалады

1-жүргізуші:
Бірге өсіп,ен жайлаған ұл менен қыз,
Асыға сәлем жолдап жүректен біз.
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
Би орындалады.

2-жүргізуші:
Оқытыңдар,ұл-қызым, деп,
Күлімдеген ұстаздар.
Ән арнадық арнайы
Тағзым ете,ұстаздар.

1-жүргізуші:
Қара сөздің дауылы,
Құрмет еткен ауылы
Екеуі хормен:
Сыйымызға риза бол,
Мұғалімдер қауымы!

Қорытынды бөлім.
0 дауыс

Мұғалімдер күні
1-бөлім
1-жүргізіші: Күмбірлейді туған жердің бел, өрі,
Күмбірлейді қайың, шырша, терегі
Балбұлақ та қоңырау болып кеткендей,
Бүгінгі күн-
Ұстаз күні себебі.
Күмбірле, қоңырау, күмбірле,
Шаттанып күлейік біз бірге.
2- жүргізіші: Желпіндіріп, желіктірген күш қандай?
Балғында шат, шаттық нұрын құшқандай.
Бүгінгі күн – Ұстаз күні содан ба
Алтын күн де күлімдейді ұстаздай.
Күмбірле, қоңырау, күмбірле,
Шаттанып күлейік біз бірге.
1- жүргізіші: Армысыздар, ардақты ұстаздар!
2- жүргізіші: Қош келіпсіздер, құрметті қонақтар!
Күз мезгілінің алтын шуағымен бүкіл елімізде салтанатты түрде Ұстаз күні аталып өтіледі. Бұл мереке біздер, шәкірттер, үшін ерекше күн. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, он бір жыл бойы бізді білімнің кәусар бұлағынан сусындататын асыл жандар – аяулы ұстаздарымыз.
1- жүргізіші: Қадірлі ұстаздар! Жаныңызға шуақ шашар сәулелі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап сіздерге зор денсаулық, ұзақ өмір, қажымас қайрат, еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға береке мен шаттық тілей отырып, мерекелік іс-шарамызды бастауға рұқсат етіңіздер.
2- жүргізіші: Ғұлама, білгіш ғалымнан,
Оқушы жас жалыннан,
Оқыған жас-кәріден,
Оқушының бәрінен
Ұстаздарға мың сәлем.
(Приветствие кетеді)
1- жүргізіші: Ұстаз! Ұстаздық – ұлы нәрсе. Ұстаздық ету өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау. Жарық дүниеде бұдан асқан қиын, бұдан асқан қиямет қайым қызмет жоқ. Патшалық құру ұстаздық етуден он есе жеңіл. Ұстаздық міндетті батыр да, бай да, патша да атқара алмас. Ұстаздық ұстаздан басқа ешкімнің қолынан келмейді. Қысқасы патшалық құру – рахат, ал ұстаздық ету – бейнет.
2- жүргізіші: Сол бейнеттің зейнетін көріп отырған аяулы ардагер ұстаздарымыз бүгін ортада отыр. Таныс болайық (таныстыру керек)

1 - жүргізіші: Өнерпаздар жарысып сан-саналы
Жиын десе, той десе жан салады.
Ұстаздардың мерекесі құрметіне
Әуелеген әсем ән де жолданады.
Ән:
2- жүргізіші: Құрметті ұстаздар, біз сіздер оқытып жүрген барлық пәндерді ардақтаймыз. Сөздеріңізді ықыласпен ынта қойып тыңдап, пән атаулыны зер салып оқып, үйреніп жүреміз. Әрбір пән мұғаліміне жан-жақты білім бергені үшін алғысымызда шек жоқ. Ал сіздерге қояр сауалдарымыз ба, ардагер ұстаздарға.
1. Мұғалім жүрегі соғып тұруы үшін не қажет?
1- жүргізіші: Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз ана, дана бола алады.
Ең бастысы ұстаз мына өмірде
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
Ендеше, құрметті мұғалімдер, 2-сауалымыз ұстаз сөзінің формуласы қандай?
2- жүргізіші: Құрметті оқушылар, ұстаздар, қонақтар бүгінгі мереке қарсаңында ардагер ұстаздарымыз өз құттықтауларын жолдаған екен соларға назар аударайық.
1- жүргізіші: Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой-қиялдың, қалың күйін,
Шерттіріп құнарлырақ домбараға,
Тербеліп ырғағына тамылжиық.
Сәрсенбеков Жаснұрдың орындауында « » күйі
2- жүргізіші: Ұстаздық жол жеңіл емес кімге де,
Кім көрінген ілікпейді жүлдеге
Мүсіндеуге келешектің келбетін
Күн-күн сайын шығады ол мінбеге.
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар. Мереке қарсаңында оқушылар арасында сауалнама жүргізгенбіз. Сол сауалнама қорытындысын жариялауға рұқсат етіңіздер.
1- жүргізіші: «Ақ Орда» би студиясы бишісі Жәрдемхан Назеркенің орындауында қазақ биі
2- жүргізіші: Шәкіртіне «Өмір сырын ұға біл!»
Деген ұстаз – ұстасы ғой мұраның.
Құрметтеген бар адамзат баласы
Қастерлі есім, екінші ана – мұғалім.
Жүрек жарып шын көңілмен жырлаған
Тыңдаңыздар шәкірттердің алғысын.
Барша ұстаздар қауымын бүкіл мектеп-гимназия оқушылары атынан құттықтау үшін сөз кезегі «Жас ұрпақ» өзін-өзі басқару ұйымының президенті Бердібеков Ерланға беріледі. (Сөз сөйлеп жабады)
(Приветствие)
2-бөлім
Ерланға алғысымызды айта отырып, салтанатты кешімізді ары қарай жалғастырайық.
1- жүргізіші:
«Ұстаз» деген ардақты сөз, ұлы есім ғой, бұл есім
Ұлы есімнің қасиетін есіңе алып жүресің
Сол ұстаздың көмегімен ойлы қырмен шапқылап,
Білім деген тұлпарға да сол арқылы мінерсің.
Шәкірті жоқ ұстаз деген – жапырақсыз теректер
Ұстазымның шәкірті үшін маңдайымнан ағар тер.
Біріншіден, ата-анам жетелесе өмірге
Екіншіден, ұстазым-ау, өзің болдың себепкер.
2 - жүргізіші:
Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз.
Ән: «Ұстазға тағзым».
Орындайтындар: музыка пәні мұғалімі Рүстемов Тобажан,
мектеп тәлімгері: Шәлекеева Нұргүл
1- жүргізіші: Ұстаз –әрі актер, әрі философ, әрі әнші, әрі күйші, әрі шәкірттің ата-анасы, қамқоршысы, қадірлі жақыны. Қысқасы сегіз қырлы, бір сырлы жандар.
Орыс тілі пәні мұғалімі Сергей Геннадиевичтің орындауында
Александр Шевчуктің әні «Что такое школа?»

2- жүргізіші: Гүлнар Санаубаева «Как здорово что все мы сегодня собрались»
Ұстаздық – от, күн барда ол сөнбейді,
Шәкіртінен жаңбыр боп та селдейді.
Шәкіртінің шәкіртімен жалғасып
Ұстаз мәңгі өмір сүрер өлмейді,-
Оралбаев Қалдыбектің орындауында орындауында .Байкенжеевтің әні «Ұстаздарым».
Мерекелеріңіз құтты болсын. Ұстаздар мерекесіне арналған салтанатты жиынымызды жабық деп жариялаймыз.

0 дауыс

«Ұстазым менің, ұстазым»

1 – жүргізуші: Мадина
Армысыздар қадірменді көрермен қауым!
2 – жүргізуші: Нұрлан
Армысыздар! Бүгінгі құқықтану мамандығының 2 және 3 топ, ІІІ – курс студенттерінің дайындаған «Ұстазым менің, ұстазым» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер!
1 – жүргізуші:
Өнерпаздар жарысып, сан – салалы,
Жиын десе, той десе жан салады.
Кешіміздің ашылу құрметіне,
Әуеленген әсем ән жолданады. – дей отырып, ашық тәрбие сағатымызды әсем әнмен ашуға рұқсат етіңіздер. Бауыржан мен Ақтотының орындауында «Ұстазым» әнін қошеметпен қарсы алыңыздар.
2 – жүргізуші:
Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,
Ұстаз деген – анасы ол адамның.
Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,
Сен де одан адам болып жаралдың.
Ұстазыңды түсінген сен тереңнен,
Бар әлемге еңбегімен еленген.
Сенің бағың өрге қарай өрлесе,
Ол да бірге қуанышқа кенелген.
Сол арқылы сен де өмірді жалғадың,
Ізгі іс қой, ұстаз тілін алғаның.
Мақтау алсаң ұстаздардың алдында,
Ол өзіңнің орындалған арманың.
Ұстаз сөзін айтып жүрдік ән қылып,
Одан басқа жүрген кім бар жанды ұғып.
Ұстаз деген – ұлылардың ұлысы,
Қасиеті бас иелік мәңгілік!
1 – жүргізуші:
Ажырамай колледжден бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге,
Ұстаздарға арналсын тілегіңіз! – деп ортаға екінші анамыз Қырмызы Әшімқызын шақырамыз. (Куратор сөзі)
2 – жүргізуші:
Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан,
Келіп тұр жолдап сәлемін – дей отырып, құрметті студенттерімізді қарсы алыңыздар. (өлеңдерін оқиды)
1 – жүргізуші:
Өлеңге көңілің құмар, даусың жытар,
Созылтып ән мұржасын созсаң зытар.
Ән сүйгіш, жылы көңіл, сөзге тақсық,
Жылпыңдап жылы сөзді неге ұмытар – деп, келесі кезекте бітіруші және бітіріп кеткен түлектеріміз Ақтоты мен Бауыржан және Жүргенов колледжінің студенті Ануардың орындауында, Қонаев студенттерінің сұрауы бойынша «Әдемі еркем» әнін қабыл алыңыздар! Құлақтарыңыз әнде болсын ағайын.
2 – жүргізуші:
Өнерге ұмтыл, өнерді біл замандас,
Қамдан, жатпа заманыңмен хабарлас.
Ынта салсаң, білім туын қолға алсаң,
Теңдік тиер, ешкім күйе жаға алмас – деп алдарыңызда өз өнерімен _____ мектеп оқушысы _____ қызымыздың _____ биін қошеметпен қарсы алыңыздар!
1 – жүргізуші:
Білімнің айдынында жүзіп өткен,
Ұстаз сенсің білімнің нәрін сепкен.
Сен арқылы бастау алып, дана, ғылым,
Сен арқылы әлемді танып білген.
Құлпырған еліміздің ұл – қызымыз,
Әзірге үлпілдеген құндызымыз.
Арасын жер мен көктің бағындырар,
Ертеңгі жарқыраған жұлдызымыз – дей отырып, ақын жанды ұлдарымыз Дәурен мен Мақсатты қарсы алыңыздар.
2 – жүргізуші:
Домбыралы, кернейлі,
Өнерпаздар, алға шық.
Мерекеміз, мерейлі,
Кетсін күйге жалғасып – дей отырып, 1 курс студенттері Қанат пен Дәулеттің орындауында «_____» күйін қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші:
Ұстаз болған баршаға,
Ардақты жандар қаншама.
Шәкіртің күнде қуансын,
Шаршама ұстаз, шаршама – деп, ұстаздарға арнаған «Мейірбан ұстаз» атты көрінісімізді қабыл алыңыздар.
2 – жүргізуші:
Білімнің кәусар бұлағын,
Жүресің құйып санама.
Біз үшін сенсің мұғалім,
Ұстаз да, ғалым, дана да.

Анадай құс ұйқымен көз ілдірер,
Арманын аласартпас, сезімділер.
Бағбандай мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер – дей отырып, Дарханның орындауында «Ұстазым менің, ұстазым» әнін қабыл алыңыздар.
1 – жүргізуші:
Шәкірттің жүрегіне дем бересің,
Екінші анам болып сен келесің.
Мейірім – шуағыңды күндей шашып,
Барлығына шәкірттің дән себесің – дей отырып, колледж директорының тәрбие – ісі жөніндегі орынбасары Баян Мұратбаевнаға сөз береміз.
2 – жүргізуші:
Ұстаздар қартаймасын, қажымасын,
Әрқашан өмір жасы ұзақ болсын.
Немере, шөберенің бетін сүйіп,
Тәңірім бақтан бізді айырмасын.

Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар.
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар ...! – дей отырып, осымен ұлағатты ұстаздарға арнаған кешімізді жабық деп жариялаймыз!

...