+1 дауыс
17.1k көрілді
Сүйінбай Аронұлының өлеңдері керек еді. Өлеңдерін қайдан оқуға болады???

2 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап

Сүйінбай Аронұлы Жақсы мен жаман адам қасиеттері

Жақсы жігіт ел - жұртының қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады,
Қыранның қырдан байқар баласындай.
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай.
Жаманның көкірегі - көр, көзі - соқыр,
Жүрер жолдан тал түсте адасып - ай.
Жақсы адам қай жерден ажырайды,
Жақсымын деп бәрі жүр таласып - ай.
Жамандар - өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың іріткі салар арасына - ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай.
Соқтығып әркімге бір ұрынады,
Сиырдың тентек болған танасындай.
Сондай жанның ешкімге сүйкімі жоқ,
Жылқының қотыр болған аласындай.
Жақсы адам елдің басшы серкесіндей,
Жұғымды болар елге еркесіндей.
Жақсының жүзі жылы, сөзі майда,
Халқымның қалың жүнді көрпесіндей.
Жақсы болар баланың жүзі жақсы,
Орыстың күймей піскен бөлкесіндей.
Жақсыға үлкен-кіші бәрі жақсы,
Жасынан бірге өскен еркесіндей.
Жақсы кісі көрінер жыл құсындай,
Жаман адам балтаның ұңғысындай.
«Олақтан салақ жаман» ─ деген мақал,
Жамандар түзей алмас тұрмысын -ай.
Жақсы адам алысты жақын етер,
Беттескен екі таудың тұрғысындай.
Жамандар өсек-аян айтып жүрер,
Ешкімнің білмесе де қылмысын-ай.
Жаманның кеудесі үлкен, сөзі кесек,
Ақылы ауысқан адамның жындысынд - ай.
Екеуін салыстырып әдейі айттым,
Қажетін қолданарсың тұрмысыңа - ай.

Сүйінбай Аронұлы Жұмыққа

Атың емес,Жұмық- ай, ойың жұмық,
Бір басыңнан шығады нелер қылық.
Сүйінбайдың аты бар, өлеңі жоқ,
Жүргендей боп кеттім - ау көзді жұмып.
Сүйінбайды апарып көмгеннен соң,
Отырарсың жотада жалғыз ұлып.
Өмірдікелген, кеткен аңдамайсың,
Адамның болашағын болжамайсың.
Асыл сөздің білмейсін қасиетін,
Жаман ойға келгенде талғамайсың.
Қиял мінез, тымырық, от пен жалын,
Қайтейін, осыныңа арланбайсың.
Сүйінбай Алатаудай атым дардай,
Жатқанымда болдым ғой шөккен нардай.
Еңбегімен екі ауыз із қалмастан,
Көктемдегі жер тартты кеткен қардай.
Ақылымды қараңғы қалған басып,
Сау күнімде құдайым еске салмай.
Ауру билеп, бойымнан әлім кетті - ау
Бауырсаққа илеген кескен нандай.

Сүйінбай Аронұлы Тезекке тепсіну

Ойланып қара, хан сұлтан,
Жолы қандай жақсының.
Үйіңе келген кісіні
Өлтірем деп қожаңдау -
Ісі емес пе бақсының?!
Өрістен ұрлап жегенің,
Сүйек таппай қаңғырған
Жұмысы болар қасқырдың.
Ел қадірін білмейсің,
Хан едім деп қастанып,
Бұқараңа қас қылдың.
Жарлының ұрлап жалғызын,
Шығармай қырға аш қылдың!
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сыйыпсың.
Ұры-қары зұлымның,
Бәрін өзіңе жиыпсың.
Жанға жауап ьермейтін,
Дүлей мылқау сияқты,
Қиял мінез тұйықсың!
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсын!
Басшылық жоқ халықта,
Аққан судан сұйықсың.
Судан да сусын қанады,
Оппа балшық сықылды,
Жұтқыш лай былықсың!
Ел құмарын тарқатып,
Бір шешпедің түйінді.
Не деп айтып мақтаймын
Төре-қара биімді.
Хан ордадан топырлап,
Тарап жатқан елің жоқ,
Көр қылдың орда үйіңді,
Ашулансаң, хан Тезек,
Өлтірерсің Сүйінді.
Сүйінбай ақын өлген соң,
Көрерсің Тезек қиынды.
Шапырашты тентек ел,
Шығармай ма мыйыңды?
Қалың қазақ жиылып,
Бет-аузыңды қан қылып,
Бермей ме сөйтіп сыйыңды?
Сұраншы бастап аттанып,
Қарасай ұран шақырып,
Қызыл қанды сапырып,
Кетірер бастан күйіңді!

+2 дауыс
Шүйбек деген байдың қойын бағып жүргенде, бір күні түс көріп, ұйқысынан өлеңдетіп оянғанын ол қожайынына былайша баяндайды:
 
Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін "өлең" – деді,"көген" –деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған.
Менің тұр қолды-аяққа тұрғым келмей,
Қойды ғой қойыңа да қырғын келмей!
Аузымнан түйдек-түйдек шыққан сөзді
Не дейін сөз кестесі – өлең демей?!
Сен маған ұлықсат бер, Шүйбек байым,
Әйтеуір, тегін емес Сүйінбайың.
Жын соқты ма, білмеймін, таңертеңнен
Көңілім ұйқы-тұйқы құйындайын...
"Төрелерге" деген өлеңінде Сүйінбай бір өңірдің атқа мінерлерінің нашарға жасаған қиянатын, зорлығын, әділетсіздігін бас-басына тізіп айтып шығады.
 
Дәулетбақтан – Ноғайбай, сен бір арсыз,
Байсүгір – Қараталдан тұғыянсыз.
Ыстанбек, төремін деп мақтанбағын,
Бұл арсыздың ішінде сіз де барсыз.
Дүниеден Сарыбай да кетті көшіп,
Бұл жерде Нарбота отыр желдей есіп.
Алдыңа бір жауапкер екей келсе,
Түйе басы тоғызды салма кесіп.
Ала бұқа көзденген Атамқұл бай,
Жұртыңа жақсы болсаң, боласың жай.
Құланаян, маржаны айдап жедің,
Тәңір алдына барғанда қайтесің-ай!
 
Ақын әрі қарай әр билеушінің қиянатының түрін, әдіс-айласын атап көрсетеді.
 
Біреудің көз саласың құзырына,
Мен тұрмын аң-таң болып қызығыңа.
Аударып ақты арамға пәре жейсің,
Не дейін әділетсіз бұзығыңа.
Келдіңдер осы топқа барайын деп,
Бір шайқам май түсе ме, қарайын деп.
Момын малын зұлымға алып беріп,
Нашардың қайтарсыңдар талайын жеп.
Айтамын білгеннен соң, көзім ашық,
Төрелер, кеп отырмын дидарласып.
Тау басына жиналған тазқаралар,
Жемей ме қарны ашса көкей жасық.

Қарғамен айтысы
Сүйінбай:
 
Ассалаумағалейкум, қара Қарға,
Қиялап ұя сапсың биік жарға.
Шуылдап ертелі-кеш бас қатырдық,
Еліңде арыз тыңдар биің бар ма?
Саңқылдап екеу ара дес бермейсің,
Еншіге бөліспеген үйің бар ма?
 
Қарға:
 
Сүйінбай, жастайыңнан қозы бақтың,
Жазуына кім қарсы жазған һақтың.
Шыбын талап, маса жеп, байғұс бала,
Тәніңді жапырақпен талай жаптың.
Сені жеген жауызға біз қас болып,
Тор салып, қақпан құрып, талай қақтым.
Мен-дағы сен секілді сорлы жанмын,
Баяны, тұрағы жоқ жүрген аңмын.
Сүйкімсіз түрімізге ісіміз сай,
Ісіне жаратқанның мен де таңмын.
 
Әрі қарай қарға олардың да ішінен жуан шыққанын, шау қарға, қара қарға, құзғын қарға деген үш руға бөлінгенін, сөйтіп, үшеу ара соғысқанын баяндай келе, сөзін былай аяқтады:
 
Біздің елде би де көп, биік те көп,
Босыған, қансыраған киік те көп.
Ашынып кеттім білем, ей Сүйінбай,
Қайыршы, жетім-жесір күйік те көп,
Сорлымын соның бірі, мені қара,
Жазуы жаратқанның солай шығар,
Ісіне құдіреттің бар ма шара.
 
Сүйінбай:
 
Естідім хал-жайыңды, Қарға жаным,
Есіркер менің-дағы бар ма халім.
Көп екен ел ішінде құзғын-құмай,
Қан сорғыш, тілі майда, өңшең залым, –
 
деп, қарғаға: – Бүйтіп берекесіз шулағанша, бірігіп егін сал, басыңды қос, әділ, турашыл бол:
 
Қарғажан, қош болып тұр, есен-аман,
Аман-саулық біліп тұр, келсе шамаң.
Немесе мақшар күні кездесерміз,
Күн туып, көрісетін болса заман, –
 
деп, қалың кедейдің жақсы күнін алдан күтіп, өріп кеткен қозы-лақтың артынан жүгіреді.
Айтыс өнеріндегі осы әдепкі адымынан-ақ, Сүйінбайдың әділдік, шындық, бірлік, адал еңбек жолын таңдағанын көреміз. Қарғамен айтысында:
 
Бас кеспек болса-дағы, тіл кеспек жоқ,
Шындықты айт, өлсең, сақтап беттің арын, –
 
деуі де соны көрсетеді. Айтыстағы осы және осы тектес кесек ойлар қаршадай баланың таланты мен зерделілігін танытады.
 

[Толығырақ][1]


  [1]: http://1september.kz/load/aza_tili_men_debiet/s_jinbaj_aron_ly/6-1-0-337
...