Шындықты әр кез адал адам ғана айтады,
Мұқағали туралы шындық әлі жазылған жоқ.
Оны түбінде жазатын мына мен боламын.
Ақын ағаның әңгімесінен.
Жаным ашып, ақынға ауыр ойдан жүдеген,
Шындықты іздеп менің де жазғым келді бір өлең.
Түгел әр кез есебі тәкаппар мен сырбаздың,
Шындықтың да жолында керек шығар бір Мәжнүн —
Деп көз майын тауысып, талай томды ақтарып,
Бағым ба әлде сорым ба шындықты іздеп таппадым.
Бір ұққаным: үмітке иек артса сенім-ер,
Әркімге өз дегені шындық болып көрінер.
Өмір сүрер пенделер бір-бір шындық құшақтап,
Қара шындық бірінде, ал бірінде түсі аппақ.
Кеше сөйлеп бір Бедел, рухы өлген сонша өлік:
— Айтқанының бәрі де шындық! — десті қол соғып.
Езуіміз көпіріп, шаршағанша жақ талып,
Кеше даттап біреуді, ал бүгін кеп мақтадық.
Солай, солай қашаннан, жиіркен, мейлі, жиіркенбе,
Шындығыңыз бүгінгі жарамайды ертеңге.
Айтыңдаршы, ағайын, тірлігіңде мән бар ма,
Бүгін сүйген шындығың айналса ертең жалғанға?
Өмір сүрер пенделер бір-бір шындық құшақтап,
Қара шындық бірінде, ал бірінде түсі аппақ.
Не көрмеген бұл басым бәріне де төзген-ді.
Айналамның бәрі ұран:
— Шындықты айтар кез келді!
Е, бәрі-бәрі дұрыс қой, бірақ қайда шын шындық?
Жауап таппай бәріміз төмен қарап күрсіндік.
Қайда, қайда, қайда екен Ақиқаттың ауылы,
Ақыры бір табармыз жүр ізделік, бауырым.
Иә, айтпақшы, бір өсек естідім бе кеше осы:
«Әкесі өлген шындықтың, қайтыс бопты шешесі».
Жаратқанға қиын ба жазған құлды мұңлы ету,
Шындығыңыз бүгінде тұлдыры жоқ тұл жетім.
— Жә, жә, жарар, босама, болған іске бекінгін,
Қоғамыңда кімің бар сөзін тыңдар жетімнің? —
Деді маған үмітім, — көңіліңе тоқып ал:
«Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар».