+3 дауыс
29.5k көрілді
Байғыз деген құс жамандық әкелетіні рас па?

Бұл құстың шақыруын қазақ жаман ырымға балайды. Ажалдың хабаршысы ретінде қабылдайды. Қарғысқа ұшыраған қыз деп те айтады. Әйтеуір даусы ащы, жағымсыз. Көктем-жазда түн жамылып, ағашқа немесе бағанаға қонақтап алып, сұңқылдап, төңіректің тынышын бұзатын тынымсыз құс. Көнеден келе жатқан аңыздарға сенсек, Сүлеймен пайғамбардың әйелі құс сүйегінен сарай салып бер деген тілегіне байланысты жер бетіндегі құс екеш құстың бәрін жинаса керек. Содан  құс атаулының тұмсығынан тесіп, тізбектей бастайды. Бұл жерге байғыз ғана келмегені белгілі болды. Пайғамбар дереу шақырту жіберіп, құсты алдырыпты.
– О, байғыз, шақырттым, келмедің. Менің үш шартым бар, егер жауап бермесең, басыңды аламын, – дейді.
– Ләппай тақсыр, сауалыңызды қойыңыз.
– Әлемде тау көп пе, жазық көп пе?
– Жазық көп. Алай-дүлей болғанда тау шағылып, тасқа айналып, жазық болады.
– Олай болса, тірі көп пе, өлі көп пе?
– Өлі көп. Тал түске дейін ұйқыда жатқанды өліге санаймын, – дейді байғыз.
– Ал, енді үшінші сауалымды тыңда. Жалғанда еркек көп пе, әйел көп пе?
– Әйел көп. Өйткені әйелдің сандырақ сөзін істейтіндерді еркек демеймін.
Сүлеймен бұған бөгеліпті. Бөгелгені сол, әйелі айтқан өтінішті орындаймын деген ниетінен қайтқан екен. Осылай құстың ішінде жалғыз байғыздың ғана тұмсығы тесілмей қалған көрінеді.
Жалпы, орнитологтардың зерттеуінше, жапа¬лақ тәрізділер отрядына жататын бұл құстың арқа беті қоңыр теңбілді, бауыры ақшыл тарғыл, тұмсығы сүйір, имекті келеді. Ол жартас үңгіріне ұя жасап, 4-6  жұмыртқа салады. Мекиені жұмыртқаны бір айға жуық басады, балапанын 35-40 күнде ұядан ұшырады. Осы арада бір мәселе ашық айтылмайды. Байғыз қанша жыл өмір сүреді? Бұл орайда Нұртуған Кенжеғұлұлының мынадай өлең жолы бар:
Жалғанды қаламан жалғыз байғыз,
Он екі ай кетеді ұшып толғанына.
Ойласақ адамзаттың бірде-бірі
Дүниеде жетпей кеткен арманына, – дегеніне қарағанда байғыз небәрі бір жыл өмір кешеді. Осы уақыт аралығында бұл құс артына ұрпақ қалдырып үлгереді.

6 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазақ халқында Байғыздың сұңқылын, иттің ұлуын жаман ырымға балайды. Бұл екеуі де тамылжыған түн тыныштығын бұзатын жағымсыз үндер, сондықтан халқымыз бала-шаға, бейсауыт адамдарға беймезгіл уақытта айқайлаудың орынсыз екенін ұғындыру мақсатында осы тиымды пайдаланған болар.
Өте жақсы жауап. Сіздің осы пікіріңіз жақсы ұнады. Ағасы өзіңіздің көпті көрген, салт-дәстүр т.б. өте жақсы хабарыңыз бар екенін көріп қатты қуанамын. Сіздің арқаңызда Айтабер.кз жазып жатқан салт-дәстүр туралы ақпараттарыңызға сусындап жүрмін. Мына жауабыңызды оқып келіспеске амалым қалмай отырмын. Шынымен де бейуақытта балалардың жатып демалсын деп алдап шығарған сөз болуы да мүмкін.
+3 дауыс
(Ағраф, 131) Ал, Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Ауру (Аллаһ Тағаланың бұйырығынсыз) жұқпайды және құстың (ұшуы), байғыз жаман ырым емес. Сондай-ақ сапар (айы) ешқандай жамандық әкелмейді355».
–1 дауыс
Байғыз (лат. Athene noctua) — жапалақтәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанның солтүстік мен солтүстік-шығысынан басқа жерлердің бәрінде мекендейді, әсіресе, Үстіртте, Маңғыстауда, Арал, Балқаш жағалауында, Қаратауда, Алтайда жиі кездеседі. Республикамызда байғыздан басқа, орман байғызы (Aegolius funereus), байғызша (Glaucidium passerinum) деген түрлері бар. Байғыздың қоразы қанатының ұзындығы 153—172 мм, салмағы 154—157 г, мекиенінің денесі ірілеу, қанатының ұзындығы 157—175 мм, салмағы 195—260 граммдай болады. Арқасы қоңыр теңбілді, бауыры ақшыл тарғыл, тұмсығы сүйір, имекті келеді. Жарқабақтардағы індер мен жартастағы үңгірлерге ұя жасап, оған 4—6 ақ жұмыртқа салады.[1] Оны мекиені бір айға жуық басады, балапандарын 35—40 күнде ұядан ұшырады. Байғыз — отырықшы құс. Олар майда кеміргіштермен, торғай тәрізді құстармен, ұсақ жәндіктермен қоректенетіндіктен, ауыл шаруашылығына пайда келтіреді. Алайда қазақ халқының дәстүрлі ұғымында байғыздың шақыруы жаман ырымға баланып, бұл құсқа қатысты әр түрлі аңыздар пайда болған
0 дауыс
Маған жаман құс туралы мәлімет керек еді ????
0 дауыс
Адам неге сенеді, сол болады.
0 дауыс
“Қазіргі таңда кейбір аймақтарда ай мен күн тұтылған кезде намаз оқып дұға жасаудың орнына дабыл қағып, мылтық атады. Бұл бидғат пен ырымға сүйенген халық арасындағы сенім. Мұның Исламмен ешқандай байланысы жоқ. Сол сияқты байғыздың дауысын естігенже мұны жамандыққа жорып ойбайлап жылау да осы секілді қате сенімнен туындаған.”(Хазіреті Мұхаммед Мұстафа 544-бет)
...