Жетісулықтар жұлдызды қыздарға автокөлік сыйлап, 10 миллион теңгеден тарту жасады Печать
17.08.12.
Лондонда өткен ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің атын әлемге танытып, Қазақстанды үлкен абыройға бөлеген спорт саңлақтарының қатарында жетісулық Зүлфия Чиншанло мен Майя Манеза, Светлана Подобедованың болғанын жұрт жақсы біледі және орынды мақтан тұтады. Осы орайда айта кететін жаңалық - Жетісу жерінде жұлдызды қыздарды салтанатты қарсы алу ұйымдастырылды. Сәрсенбінің сәтінде Алматы қаласынан шыққан автокеруен мерекелік көңіл күйде және спортшыларға деген зор құрметпен Талдықорған қаласына қарай бағыт алды.
Бірінші болып Олимпиада чемпиондарын қапшағайлықтар қарсы алды, одан кейінгі кезек Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде жиналған спортсүйер қауымға тиді. Олимпиада чемпиондары қонақтарға арналған берекелі дастарқаннан дәм ауыз тиіп, қазақы ұлттық киім киген аудан өнерпаздарының әсем әндерін, көркем билерін тамашалады. Осы өңірдің айтулы ақыны Мұхит Тұңғышбаев спорт жұлдыздарына арнау айтты. Ақын өз жырында спортшыларға жаһанға белгілі жарыстарда әрқашан да биік белестерден көрініп, толағай табыстарға жете беруді тіледі.
Талдықорғандықтардың тілеуі мен көңіл күйі, тіптен ерекше болды. Облыс орталығының бас қақпасы жанында өздерін шашу шашып қарсы алған жұртшылықпен бірге көрікті керуенмен сырнайлатып, кернейлетіп қала көшелерін аралап шыққандарды бұл кезде «Жетісу» орталық стадионында мыңдаған жанкүйер күтіп тұрған. Олардың арасында облыс әкімі Аңсар Мұсаханов бастаған өңір жетекшілері мен қала басшылығы да бар болатын.
Жетістікке жеткендерге құрмет көрсетуде басқаларға үлгі болатын жетісулықтар чемпиондардың жолына қалы кілем төсеп тастапты. Осы салтанатты жолақпен сахна төріне көтерілген алтын алқалы қыздар мен олардың бапкерлерін қарсы алғандар арасында бірінші болып сөз алған Аңсар Тұрсынханұлы: - Бүгін біздер ХХХ жазғы Олимпиада ойындарында мемлекетіміздің мәртебесін асырып, еліміздің абыройын тасытқан, көк байрағымызды көкке өрлетіп, Әнұранымызды әуелеткен жеңімпаз жерлестерімізді құттықтап, құрмет көрсетуге жиналып отырмыз.
Лондон төріндегі жерлестеріміздің жеңістері Жетісу жерінде спортқа үлкен қолдау жасалып отырғандығының жарқын дәлелі.
Құрметі Зүлфия, Майя және Светлана! Сендер өздеріңнің жоғары марапат пен айтулы сый-құрметке лайық екендіктеріңе бүкіл әлемнің көзін жеткіздіңдер. Сендердің есімдерің әлем, оның ішінде қазақ спортының тарихына алтын әріптермен жазылары анық. Сонымен бірге өздеріңнің намысқойлықтарың мен жеңіске деген құштарлықтарыңмен жас спортшыларға үлкен өнеге көрсеттіңдер.
Елбасының «Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы әрдайым жоғары болатындығына сенемін» деген сөзін іс жүзіне асырдыңдар. Алдағы кезде де жеңісті жолдарың жалғасын тапсын. Біздің тараптан барлық қолдау мен қамқорлық жасалады, - деп толғанды.
Құттықтау сөздерден кейін тау көтерген толағайларға жеңістеріне лайықты тарту-таралғы жасалды. Облыс әкімі олардың қолдарына аппақ «Тойота Ланд-Крузер - 200» автокөліктерінің кілттерін ұстатты және әрқайсысына 10 миллион теңгенің сертификаттарын тапсырды. Чемпион қыздардың бапкерлері де сый-құрметтен құр қалмады. Ауыр атлетика федерациясы президенті Қайрат Тұрлыханов, Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни мен үш қыздың жеке жаттықтырушысы Виктор Нилге «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы мен әрқайсысына 5 миллион теңгенің сертификаттары мен «LG» теледидарлары берілді. Сонымен бірге Қазақстан Республика-сы құрама командасының жаттықтырушысы Иван Сивохин де 5 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Лондонда жүлделі орындардан көрінбегендерімен, намысты қолдан бермеуге тырысып, барын салған жетісулық спортшылар Нұрмахан Тінәлиев, Асхат Ділмұхамедов, Дәурен Жұмағазиев, Денис Ганькин, Артем Косиновтар мен Айман және Шолпан Қожахметоваларға да алғыс айтылып, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Жеңімпаздар құрметіне арналған салтанатты шараның соңы қазақ эстрадасы жұлдыздарының тамаша концертіне ұласты.
Болат Абаған
Алматы облысы
Толығырак http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=15676&Itemid=2