Күні кешеге дейін валюта айырбастаудың, басқа елдерге ақша аударылымдарын жөнелту мен алудың не екенін білмейтін едік. Бүгін ештеңеге таңғалар емеспіз. Зейнеткерлердің өзі зейнетақыларын пластикалық карталармен алатын болса, жүйрік уақыт үйіңнен шықпай, электронды ақша арқылы есеп айырысуға болатындығын көрсетіп отыр. Осы ретте Мәжіліс қоржынына бір жылдан астам бұрын түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электронды ақша мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралды. «Қазақстанда төлемдер мен қаржылық операцияларды іске асыруда электронды ақшаны шығару мен қолданудың құқықтық негіздерін қалыптастыру мақсатында әзірленді» деген Заң жобасын мәжілісмендер бірден мақұлдай қоймады. Бірінші оқылымда қаралған кезде депутат Серік Темірболатов Үкіметке кері қайтару туралы ұсыныс айтып, дауысқа салу кезінде ол ұсыныс өтпегенмен, екінші оқылымның өзінде депутаттар жобаның кейбір нормаларымен келісе алмай, үшінші оқылымға қалдырды.
Әдетте Үкіметтен түскен заң жобаларына шұқшия бермей, жеңіл-желпі ұсыныстар ғана жасап, мақұлдап, Сенатқа жібере салатын мәжілісмендердің бұл жолы шалқаюының мәнісі неде? Осы сұрақтың байыбына бару үшін сөзді электронды ақшаның қандай қаржылық құрал екенінен бастап көрелік.
Электронды ақша Интернет жүйесінде және телекоммуникациялық жүйеде төлем жүргізу үшін қолданылады. Бүгінгі күні ол әлемнің көптеген елдерінде төлем кәртішкелері мен басқа да төлем құралдарына қосымша жаңа төлем құралы болып табылады. Әсіресе, ең көп қолданылатын саласы — интернет-сауда. Мысалы, электронды сауда жасағысы келген заңды немесе жеке тұлғалар осы операцияны орындауға лицензиясы бар банкке тиісінше ақша салады да, банк оған ақшасы көрсетілген кәртішке береді. Банк Интернет арқылы жүргізілген операция мен аударылған ақшаны Интернет арқылы қадағалайды. ТМД елдері арасында электронды ақша мәселесіне қатысты нормативтік-құқықтық актілер Беларуссияда, Украинада, Армения мен Қырғызстанда қабылданған. Ресейде тиісті заң жобасы дайындалып, қазір Мемлекеттік думаның қарауында.
Қазақстан территориясында шетел эмитенттері (көбіне Ресей компаниялары) шығарған электронды ақшалар белсенді таратылуы байқалады. Бұл туралы Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов кейбір сарапшылардың Қазақстан нарығында шетел эмитенттерінің электронды ақшаларымен орта есеппен бір айдағы операциялар көлемінің 10 миллион АҚШ долларына жететінін айтатындығын білдіреді. Мұндай жағдай отандық электронды ақша жүйесі мен эмитенттердің жоқтығынан орын алып отырса, электронды ақшаның айналымына орай құқықтық кеңістік құру үшін заң керек екені анық. Заң жобасы қабылданған соң қазақстандық Интернет пайдаланушылар мен сатушылар арасындағы сауда-саттық отандық эмитенттер шығарған, әрі ұлттық валюта — теңгемен айқындалған электронды ақша пайдалану заңды негізде ғана жүзеге асырылады десек, мәжілісмендердің көңілдерін май ішкендей кілкілдетіп отырған не?
Cебебі жобаның үкіметтік нұсқасына мәжілісмендер бірталай өзгерістер енгізу үшін өз ұсыныстарын берсе, ол ұсыныстар әзірге жобаны ұсынушы жаққа жақпай отырғанға ұқсайды. Анықтап айтқанда, жобада электронды ақша иесі жеке тұлғаның кім екені белгілі болған жағдайда бір операцияның шекті көлемі — 500 айлық есептік көрсеткіштен (750 мың теңге), электронды ақша иесі жеке тұлғаның кім екені белгісіз болған жағдайда бір операцияның шекті көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен (150 мың теңге) аспауы тиіс. Ал, депутат Мұрат Әбенов осы нормаларды өзгертуді ұсынады. Оның ішінде электронды ақша иесі жеке тұлғаның кім екені белгілі болған жағдайда бір операцияның шекті көлемін — 50, жеке тұлғаның кім екені белгісіз болса, 10 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендету қажеттігі туралы ұсыныстарын жобаны дайындаған Ұлттық банкке ұсынғанмен, оны қабыл алмады. Бұл жерде Ұлттық банк әлемдік тәжірибені, сондай-ақ, электронды ақшаның жасырын иесінің 8 мың долларға дейін, ал, иесінің кім екені белгілі болған жағдайда мүлдем шектеу қойылмаған деп, Кеден одағындағы серіктесіміз Беларуссияның тәжірибесін көзір етіп, Үкіметтің осы мәселе бойынша позициясы туралы үнсіз қалып отыр.