Туған жері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы.
Алғашқыда ауыл молдасынан арабша хат таныған Ғабит жастайынан әуелі екі жылдық ауылдық орыс мектебін, кейін төрт жылдық жоғары басқыш орыс мектебін бітіріп, Қазан төңкерісінен кейін үстемдік алған Кеңес өкіметінің жұмысына әжептеуір орысша сауаты бар адам ретінде араласып, түрлі қызмет атқарады.
Орыс мектебінде жүргенде орыстың атақты ақын жазушыларының шығармаларын оқып білуі, ауыл мектебінде өзін оқытқан әдебиетші мұғалім Бекет Өтетілеуовтың әсер ықпалы болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізеді. Орынбордағы рабфакта оқып жүргенде ол әдеби білімін, эстетикалық сезімін одан сайын жетілдіре түседі. Осы кезде өзінің тырнақалды туындысы «Тулаған толқында» повесін жазады. Содан былай қарай баспа орындарында, партия, кеңес мекемелерінде жауапты қызмет атқара жүріп, шығармашылық жұмысын толассыз дамыта береді. Соның нәтижесіндей болып, «Қос шалқар», «Көк үйдегі көршілер», «Шұғыла», «Талпақ танау» әңгімелері мен «Бір адым кейін, екі адым ілгері» повесі жыл аралатып барып, бірінен кейін бірі жарық көреді. Оның бұл шығармалары қазақ әдебиетіне жазу стилі қалыптасқан, көркемдік шеберлігі ерекше жаңа суреткердің келгенін жария еткен еді.
Шығармашылық жолының бір белесін аналар туралы әңгімелер топтамасымен түйіндеген жазушы енді кең тынысты туынды жазуға кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяғын ала ол өзінің тұлғалы туындысы «Қазақ солдаты» романын жазады. Роман тың тақырыбымен, образдарының көркем бейнеленуімен, сюжет құру шеберлігімен, тартымды тамаша тілімен таңдаулы қазақ романдарының қатарына қосылады. Бұдан кейін ол араға біраз уақыт салып барып, өзінің ең ірі салалы да салиқалы шығармасы «Оянған өлке» романын жариялайды.
Қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы саналған осы романынан кейін жазушы қайтадан шағын жанрға ойысады. Сөйтіп әңгіме жанрында зергер суреткерлігімен танылған ізденімпаз жазушы, көркемдік шеберлігін барған сайын шыңдап, әр әңгіме, повесі сайын жаңа бір белеске көтеріліп отырады. 1968 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» кітабы үшін Абай атындағы республикалық сыйлық алады. Араға бес алты жыл салып барып, прозадағы соңғы елеулі туындыларының бірі «Ұлпан» повесін жариялайды.
Сонау отызыншы жылдарда ақ үлкен драматург екенін танытып, «Қыз Жібек» операсының либреттосын, «Қозы Көрпеш Баян сұлу» пьесасын берген Ғ.Мүсірепов кейінгі жылдарда да бүкіл қазақ драматургиясының тамаша туындысы болып табылған «Амангелді», «Ақан сері Ақтоқты» пьесаларын жазады. Оның шығармаларының негізінде кинофильмдер түсіріледі.
Ғабит Мүсірепов өзінің қоғамдық, публицистік, журналистік, сыншылдық қызметімен де туған халқының мәдениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Алайда қазақ халқы оны үлкен суреткер жазушы деп таниды, көркем сөздің хас шебері деп біледі, құрмет тұтады.
Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, бір рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталды.
Шығармашылығы[өңдеу]
Алғаш 1925 жылы «Едіге» әңгімесі «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланды.
1928 – 38 жылдары «Қазақстан» баспасында, «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде редактор, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі, Қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі
1938 – 55 жылдары шығармашылық жұмыстармен айналысқан, Қазақстан Жазушылар одағы төралқасының мүшесі
1956 – 57 жылдары «Ара – Шмель» журналының редакторы
1957 – 62 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы
1974 – 75 жылдары ҚазКСР Жоғары Кеңесінің төрағасы
1959 жылдан КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Алғашқы «Тулаған толқын» (1928) повесінде 1918 – 1920 жылдардағы азамат соғысы жайы суреттелсе, «Қос шалқар» (1928), «Көк үйдегі көршілер» (1929), «Туннель» (1930), «Шұғыла» (1935), «Алғашқы адымдар» (1932) әңгімелері қазақ ауылындағы таптық күресті көрсетеді. 1934 жылы «Ананың арашасы» новеллалар циклын жариялады. «Оянған өлке» романында (1953, 1984) революцияға дейінгі Қарағандыдағы қазақ жұмысшыларының қалыптасу процесі суреттелген.
1967 жылы «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі жарияланды. Мүсіреповтің драмалық шығармалары – «Қыз Жібек» операсының либреттосы (1934), «Амангелді» (1939), «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» (1939), «Ақан сері – Ақтоқты» (1942) пьесалары. КОКП 22-съезінің, Қазақстан Компартиясы 10 – 15-съездерінің делегаты. КСРО Жоғары Кеңесі 5-шақырылымының, ҚазКСР Жоғары Кеңесі 6 – 11 шақырылымдарының депутаты. ҚазКСР Мемлекеттік сыйл. (1970), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1976) лауреаты. 3 мәрте Ленин, 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Халықтаралық Достығы ордендерімен, медальдармен марапатталған[1].
Жазушы, ҚазақстанАкадемиясының академигі (1958), Социолистік Еңбек Ері (1974), Қазақстанның халық жазушысы (1984). 1908 – 10 жылы ауыл мектебінде дәріс алып, діни сауат ашқан. Оқуын Қостанай уезднің Обаған болысындағы 2 кластық орыс мектебінде жалғастырған (1916 – 18). Пресногорьков жоғары бастауыш мектебінде оқыған (1921). Ауыл мектебіндегі әдебиет пәнінің мұғалімі Бекет Өтетілеуовтың әсер-ықпалымен әдебиетке ықыласы ауды. 1923 – 26 жылы Орынбордағы жұмысшы факултетінде С.Мұқановпен бірге оқыды, онда С.Сейфуллинмен танысты. Омбы а. ш. интернатын бітірген (1927). 1927 – 28 жылы Бурабай орман шарушылық техникумында оқытушы, Қазақ мемлекеттік баспасының бас редакторы (1928 – 32), Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты өнер секторының меңгерушісі (1933), “Қазақ әдебиеті” (1934), “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) (1935) газеттерінде бас редактор, Қазақ Өлкелік комитетінде баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары (1936), Қазақстан Компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі (1937) қызметтерін атқарды. 1938 – 55 жылдары бірыңғай шығармашылық жұмыстармен айналысқан. “Ара – Шмель” журналының бас редакторы (1956 – 57), Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы (1956 – 61, 1964 – 66), КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы (1959 – 85) қызметтерін атқарды. 1958 жылдан КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы әдебиет, өнер және архитектура салалары бойынша Лениндік және Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комитеттің мүшесі болды. Мүсіреповтің тұңғыш повестерінің қатарына 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген “Тулаған толқында” мен “Американ бидайығы” атты шығармалары жатады. Жас жазушының болашағынан үміт күттірген бұл туындылар азаматтық тақырыпты толғайды. “Тулаған толқында” повесі сюжеттік құрылысының босаңдығына қарамастан, жас қаламгердің пейзаждық, юморлық, диалог жасағыштық шеберліктерін байқатып, суреткерлік қырын танытқан шығармасы болды. М. әңгіме жанрының өркендеуіне үлкен үлес қосты. Алғашқы шығармаларынан-ақ жазушылық шеберлігімен танылды. “Қос шалқар” (1928), “Көк үйдегі көршілер” (1929), “Өмір ертегісі” (1930), “Алғашқы адымдар” (1932), “Шұғыла” (1934), “Үздіксіз өсу” (1934), “Жайлау жолында” (1936), “Тұтқын қыз” (1938), “Жеңілген Есрафил” (1939), тағы басқа әңгіме, повестерінде еңбек адамдарының қиындыққа толы қажырлы өмірі мен азамат соғысы, ұжымдастыру кезіндегі дүрбелең оқиғалар легі суреттеледі. Мүсірепов әр кезеңде жазылған ана тақырыбындағы туындыларында қазақ әйелінің жиынтық бейнесін жасады. Көптеген әңгіме, новеллаларында Әйел – Ананың бейнесін асқақтатып, әлем әдебиетіндегі Әйел – Ана тұлғаларының галереясын байыта түсті. Ол “Ананың анасы” (1933), “Өлімді жеңген ана” (1933), “Ашынған ана”, “Ананың арашасы” (1934), “Ер ана” (1942), “Ақлима” (1944), “Әмина”, “Ана жыры”, “Ана” шығармалары арқылы сөз өнеріне жаңа көркемдік өрнек әкелді. Ана жайында жазылған алғашқы әңгімелері М.Горький сарынында алынғанымен, ана бейнесі қазақы қасиеттерімен көркем өрнектелген. Мүсірепов қаламынан туған Қапия, Ақлима секілді ана образдары арқылы қазақ өмірінің шынайы көріністері сипатталады. Мүсіреповтің алғашқы романы – “Қазақ солдаты”. 1945 ж. “Қазақ батыры” деген атпен жарық көрген повесін жазушы өңдеп, толықтырып, 1950 ж. қайта жариялады. Бұл шығарма бүкіл қазақ әдебиетінің проза саласында 2-дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туынды және қазақ әдебиетіндегі соғыс тақырыбында жазылған таңдаулы шығармалардың санатынан лайықты орнын алған аса елеулі еңбек болды. Романның басты кейіпкері – Қайрош Сарталиевтің прототипі Қайырғали Смағұлов 1941 – 45 жылдардағы соғысқа бастан-аяқ қатысып, Кеңес Одағының батыры атағына ие болған адам. Соғыс кезіндегі халықтың басқыншыларға қарсы патриоттық сезімі мен күресін шынайы бейнелеген романда жазушы өзіндік шығармашылық өрнекпен отты жылдардың көркем шежіресін жасады. Нақтылы кейіпкерлердің жинақталған бейнесі арқылы бүкіл халықтың, елдің ерлік бітімін көрсетті. “Оянған өлке” (1953) тарихи романында қазақ халқының 19 ғасырдағы өмірі үлкен суреткерлікпен өрнектелген, қазақ жеріне өндіріс орындарының орнай бастауы шынайы сипатталған. Шығармада жазушы ескілікті әдет-ғұрыптарды сынап, кейбір кертартпа дәстүрлердің қазақ даласында азая бастағандығын көрсетті. Қазақ топырағындағы Қарағанды шахтасы мен Ақбұйрат мыс қорыту зауытының құрылуы мен жаңа өмірге ұмтылған адамдар тағдыры, характер шиеленістері, түрлі қақтығыстар – барлығы романда көрініс тапты. Үш томға лайықталған еңбектің алғашқы кітабы Жұман мен Игілік секілді қазақ байларының, орыс байлары мен жұмысшы тобының тартысты қатынастарын жан-жақты көрсету арқылы қазақ даласының бүкіл бір дәуірін суреттейді. Көркем филос. толғауы басым роман қазақ прозасының шоқтығы биік туындысы ретінде танылды. “Оянған өлкенің” заңды жалғасы болып табылатын “Жат қолында” (1984) романы 30 жылдан соң жарық көрді. Бұл кітапты өз алдына дербес шығарма деуге де болады. Өйткені романда суреттелген өмір кезеңі де жаңа, кейіпкерлері де соны. Роман өндіріс ошақтарын ағылшындар мен француздардың билеп-төстеуі мен сол тұстағы (19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басы) халық тұрмысын тарихи тұрғыдан терең бейнелеуімен, Орталық Қазақстан өңіріндегі әлеум. өмірдің шындығын кең ауқымда байыпты түрде суреттеуімен құнды. Жазушы бейнелеп отырған дүбірлі оқиғаларға толы тарихи мезгіл сол тұста өмір сүрген жекелеген адамдардың сомдалған тұлғалары, сан алуан әрекеттері, тағдырлары арқылы оқырманның көңіл айнасынан өтіп, көз алдына елестеп отырады. Көлемді романдармен қатар Мүсірепов прозада шағын жанрды да дамыта түсті. “Автобиографиялық әңгіме” (1956), “Этнографиялық әңгіме” (1956), “Сөз жоқ, соның іздері” (1962), “Өмір жорығы” (1963), “Айгүл қойшының бір күні” (1964), “Айжан қойшының түндері”, “Бірінші фонтан”, “Қыран жыры” (1967), “Жапон балладасы” (1967), тағы басқа шығармаларында сан түрлі мәселелерді көтеріп, әрқилы образдарды жасады. “Арқаның, Көздің, Тастың әңгімелері” арқылы, ондағы көркем бейнелер негізінде адамзатқа шексіз қайғы-қасірет әкелуші адамдарды әшкереледі. Оның “Кездеспей кеткен бір бейне” повесі (1966, ҚР Мемл. сыйл., 1970) – классикалық шығарма. Повесть Мүсіреповтің шынайы сөз зергері ретіндегі қаламгерлік қарымын, талант қуатын танытты. Қара сөзбен жазылған поэма іспетті бұл шығармада азаматтық ерлік пен ақындық асыл өнер, адамгершілік биіктік пен махаббат терең лиризммен әсем өрнектелген. Адам бейнесін, мінез-құлқын, іс-әрекетін әдемі штрих-детальдармен беруде жазушы ірі көркемдік табысқа жеткен. Бас кейіпкер Еркебұланның жігерлі тұлғасы, оның рухани әлемінің алуан сырлары көркемдік бояумен әсем өрнектелген. Оның прототипі ретінде ақын Сәкен Сейфуллин алынған. Терең лиризммен, сан түрлі сезім толқындарымен тебірене жырланған Еркебұлан бейнесі қазақ әдебиетіндегі ұнамды образдар қатарын байытып, сөз өнерінде үлкен жетістік саналды. Қаламгердің көп ізденіс, үлкен дайындықпен келген образы – өлпан бейнесі (“өлпан” романы, 1974), ол – қазақ әдебиетіндегі қайталанбас, оқшау тұрған әдеби образ. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен көрінетін өлпан бейнесін жасауға жазушы өмір бойы іштей дайындалып, көп ізденіп, толғанғаны байқалады. Ол күнделігінде: “Менің ойымда өлпан 40 жыл бірге жасасып жүрді. Мен ол бейнені әр қырынан көрсетуге тырыстым – ойы, сезімі, сырт суреті, жас кезі, есейген кезі, мінезі, мейірімі, тағысын тағы.” деп жазды. Шығармадағы өлпан мен Есеней ойдан шығарылған образдар емес, тарихта болған адамдар. Сонымен қатар туынды арқауына алынған 19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ халқының әлеум.-тарихи өмірі тарихи жан-жақты зерделеніп, іріктелген оқиға, мәліметтер. Мүсіреповтің драматургия саласына сіңірген еңбегі де орасан зор. Оның “Қыз Жібек” (1934), “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” (1939), “Ақан сері – Ақтоқты” (1941) пьесалары лиро-эпостық жырлар негізінде туындаған. Фольклорлық шығармалардың идеялық, тақырыптық желісін сақтай отырып, ол тың өрнекті дүниелер жасады. Жазушы пьесалары қазақ театры репертуарынан тұрақты орын алды. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” ұйғыр, корей театрларының сахналарында, Украинадағы Винницкий театрында және Мәскеу қаласындағы театрларда, Франциядағы Нанси қаласы театрында (1984) қойылды. Бұл спектакль Париж қаласында өткен театр фестивалінде 1-орын алды (1981). Мүсірепов сондай-ақ “Қыз Жібек”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” сияқты опера либреттоларының да авторы. Ол тарихи тұлғалар өмірінен “Амангелді” (1939), “Ақан сері – Ақтоқты” (1942), “Болашаққа аманат”, “Қыпшақ қызы Аппақ”, “Қайран Майра” атты драмалық шығармалар жазды. Мүсірепов драматургиясы шиеленіскен әлеуметтік тартысқа құрылған, қимыл-әрекеттері ширақ, диалогтары дәлме-дәл, монологтары ақындық пафоспен рухтанған серпінді, тілі құнарлы да бейнелі: осы қасиеттер кейіпкерлер характерлерін терең ашуда қолайлы қызмет атқарған. Сценарийін Б.Майлин, В.Ивановпен бірігіп жазған “Амангелді” фильмі (1938) қазақ кино өнерінің алғашқы баспалдағы саналса, “Махаббат туралы дастан”, “Қыз Жібек” (1970) фильмдері қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған туындылар.
Мүсірепов – қазақ әдебиетінде очерк, публицистика жанрларын дамытуға да үлкен үлес қосты. Оның “Уақыт іздері” (1977) атты еңбегі идеялық сонылығымен ерекшеленді. Жазушы очерктерінің басым көпшілігі мазмұн тереңдігімен, шынайы көркемдігімен өзі өмір сүрген заманның талабына толық үндес келіп отырды. Мүсірепов 1970 жылдан күнделік жазуды әдетке айналдырған. Оның архивінде (мұражайындағы) жазушының 300-ден астам қойын кітапшалары сақталған. 1997 ж. Мүсіреповтің “Күнделік” атты кітабы жарық көрді (құраст. Ә.Нарымбетов).
Жазушы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының дамуына зор үлес қосты. Оның әдебиет мәселелері жайында жазған еңбектері 20 ғасырдың 20-жылдарынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейін мерзімді баспасөз бетінде қазақ, орыс тілдерінде үздіксіз жарияланып тұрды. Әдеби-сын мақалалары “Суреткер парызы” (1970), “Заман және әдебиет” (1982), “Дәуір дидары” (1986), “Әдебиет – кәсіп емес, өнер” (1987) атты кітаптарында жинақталып, жарық көрді. Мұнда ол әдебиет пен өнердің 20 ғасырдағы даму кезеңіне, сондай-ақ олардың жекелеген елеулі құбылыстарына биік позиция тұрғыдан қарап, ғылыми топшылаулар жасады. Әдебиет тарихына талдау жасап, сөз өнерінің әрбір табысын халықтың рухани қазынасына қосылған құнды дүние ретінде бағалады. Жоғары көркемдік идея мен шығармашылық шеберлікті әдебиет пен өнердің әрбір туындысын талдау үстінде берік, айнымас өлшем ретінде ұстанып, әдеби шығарманың халықтық асыл мұра болып қалуы үшін белсенді түрде үздіксіз күресті.
Көркем аудармада О.Генри, С.Тагарао, М.Горький, М.Шолохов, В.Василевская, И.Эренбург, У.Шекспир, А.Островский, Ж.Мольер, Я.Галан, К.Симонов, А.Леонов, А.Сафронов, А.Штейн, тағы басқа қаламгерлер пьесаларын қазақ тіліне аударды. Мүсірепов белгілі ғалым Г.Ломидзе атап көрсеткендей: “Ол керемет дәлдікпен әрі үйлесімділікпен жұмыс істейтін өте нәзік, өрнекті шебер. Мүсірепов қаламынан жанды бейне, тірі пішін сомдалып, ол суреттеген адам мінез-құлқы мен құбылыстарға кең тыныс, ауқымдылық тән” суреткер болды.
Мүсірепов – көрнекті қоғам, мемлекет қайраткері. 1932 жылдың 4 шілдесінде ол республикаға танымал адамдармен бірлесе отырып, халықтың басына