+2 дауыс
26.0k көрілді
Шымкент сөзінің мағынасы мен шығуы және Шымкент қаласы қай жылы құрылды?

6 жауап

+4 дауыс
 
Жақсы жауап

Шымкент қашан пайда болды?

шымкент қаласы

Осы уақытқа дейін ғалымдардың көпшілігі қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғ.ғ.болған деген тұжырымдама болатын. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел: археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлардың жерлеуші, мамандардың болжамы бойынша, біздің эрамызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән.

Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жақында бір еркек пен әйелдің мәйіті табылды, және ол зороастрлық салтпен жерленгендігі анықталып отыр, олай болса бұл мәйітке 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірлері бойынша, бұл жерде үлкен қорым болған, егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Біздің заманымызға жеткен жазба деректерде Шымкент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-дин Али Йе (а) здидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазған “Зафар Наме” атты (“Жеңіс кітабы”) кітабында кездеседі.

“Шымкент” атауы қайдан шыққан?

Ғалымдар Шымкент туралы кездесетін әр түрлі тарихи деректерді атай отырып, қала атауының мағынасын “бау-бақшалы қала”, “Жасыл қала”, “Шыммен қоршалған қала” – деп түсіндіреді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай деп түсіндіріледі: Шымкент түркінің “Шым” және иранның “Кент” — қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атауы Соғдының (Иранның) “чиминь-чемень” яғни, көгалды, гүлденген алқап, ал бұған “Кент” сөзінің жалғануымен, “жасыл (гүлденген) қала” деген мағынаны береді. Қандай болғанда да, қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған. Оған ежелгі қоныстарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәдениет мұралары дәлел бола алады. Тау етегінде өзен бойындағы алқаптарда егіншілік пен жүзімдік, ал көгалды таулы жайылымдарда мал шаруашылығы дамыған.

шымкент риксос қонақүйі

+3 дауыс
Бұрында Шымкент қаласы Баршынкент деген қала болған. Сосын Шымкент деп аталған. Нақты қай жылы құрылғанын білмеймін. Шыңғысхан Түркістанға шабуыл жасаған кезде қаланың аты Баршынкент болатын.
+3 дауыс

Шырайлы Шымкент – Оңтүстіктің ордасы

Оңтүстік Қазақстан облысы елімізде алар орны ерекше аймақтардың бірі. Дін мен дәстүрдің қаймағы сақталған саңлақ аймақтардың қатарында екендігінде дау жоқ. Орталығы болған Шымкент қаласының бүкіл Қазақстанға, тіпті бүкіл әлемге аты мәшһүр. Шымкент десе елең ете қалмайтын ел жоқ. Шымкенттіктер десе қорқа қарайтын да, қызыға қарайтын да жұрттар бар. Айтары жоқ, расында Шымкент жақтың тұрғындары кең пейілді, ақ жарқын, барған жеріне тез сіңісіп кете алатын жандар. Шыққан жерінің қасиетінен бе, әйтеуір бір иығын өнерге берген өнерпаздардың көбісі сол аймақтан шығады. Бұл жағынан қызыға да, қызғана қарайтынын жасырмайтын ағайындарды да кездестірдік. Оңтүстіктің тұрғындары елдің демографиясының өсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Бұл өңірде туу көрсеткішінің жоғары болуы діні мен дәстүрін тиянақты ұстағанынан болар.

«ТМД және ЕурАзЭС-тің таңдаулы қаласы» атты ІІІ халықаралық қалалар байқауының қорытындысы бойынша барлық талап биігінен көрінген шырайлы Шымкент өткен жылы «Үздік қала» атағына ие болды. Шараны Халықаралық астаналар және ірі қалалар қауымдастығы, ТМД-ның атқару комитеті ЕурАзЭС, Ресейдің өңірді дамыту министрлігі мен Бүкілресейлік жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі ұйымдастырған. Арнаулы дипломды сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Берік Оспанов қала әкімі Арман Жетпісбаевқа салтанатты түрде табыс етті. Берік Оспанов өз сөзінде: «Бұл награда біздің қаламызға шаһар тұрғындарын аула, кіреберіс тазалығын сақтауға және көпқабатты үйлердің ішкі алаңдарын көркейтуге, қоқыс жинауға және жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоғары дәрежеде ұйымдастырылғаны үшін беріліп отыр» деп атап өтті. Шымкентті әлемге әйгілі деуіміздің де түп төркіні осында жатыр. Шымкентті ТМД білсе, ары қарай күллі әлем естиді деген сөз.

Ал енді сол шырайлы Шымқаланың өткені мен бүгінінен сөз қозғап, таныстыра кетейік. Қаланың пайда болуына байланысты тың деректерді ақтарсақ, тамыры тым тереңде жатқанын байқаймыз. Парсы тарихшысы Шараф ад-дин Али Йаздидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазған “Зафар Наме” атты (“Жеңіс кітабы”) кітабында Шымкент алғаш рет елді мекен түрінде кездеседі. Қаланың атауына келетін болсақ, ғалымдар әртүрлі тарихи деректерді алға тарта отырып, қала атауының мағынасын “бау-бақшалы қала”, “Жасыл қала”, “Шыммен қоршалған қала” – деп түсіндіреді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай деп түсіндіріледі: «Шымкент» түркінің “Шым” және иранның “Кент” – қала, мекен деген сөздерінен құралған. 1914 жылы Қазақстанның Ресей империясына қосылуының 50 жылдығына орай қалаға орыс генералы Черняевтің есімі берілді, бірақ 1921 жылы қала Шымкент атауына қайта ие болды.

Шымкент қаласының аумағы көптеген тарихи оқиғаларға куә болған. Шыңғыс ханның Жер сілкіндірердей қалың қолы қаптап өткен кезде қабырғасы қайыспаған киелі Жер бұл. Бұхар мен Қоқан хандығының Жер қайыстырар екеуара қақтығыстарын көзімен көрген.   XV ғасырдың басы мен XVIII ғасырдың жартысына дейін Шымкент Жоңғар шапқыншыларының тонауына ұшырайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы – Қазақстан Республикасының оңтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлігі. Әкімшілік-саяси басты орталығы -Шымкент қаласы. Он екі ірі аудандардан тұрады. Олардың әрбірінің өзі жеке шығарма. Өңірде өзіміз бен көрші отырған өзге елдерді қызықтыратындай белгілі брендтері бар. Атап айтар болсақ, металлургия өнеркәсібіндегі қорғасын зауыты немесе “Южполиметалл” АҚ (қорғасын және т.б. өнімдер); мұнай-химия өнеркәсібі саласындағы ірі кәсіпорындар: “ПетроКазахстанОйл Продактс” АҚ (мұнай өңдеу) және “ИнтеркомШина” АҚ (шина өңдеу, шығару); машина жасау саласының жетекші кәсіпорындары: “Карданвал” АҚ (автомобильдер мен тракторлар үшін кардан біліктерін шығаратын), “Южмаш-К” АҚ (ұстаханалық-престеу машиналары мен қосалқы бөлшектерін шығару), “Электроаппарат” (қуатты электр қосқыштары және т.б. өнімдерді өндіру), “Экскаватор” АҚ, “Кентау трансформатор зауыты” АҚ, “Түркістан-насос” АҚ; құрылыс өнеркәсібінен “Шымкентцемент” АҚ; химия өнеркәсібінен – “Химфарм” АҚ (дәрі-дәрмек өнімдерін шығару); жеңіл өнеркәсіптен “Восход” АҚ, “Эластик” (шұлық тоқу) АҚ, “Адал” (тоқыма өнеркәсібі) ЖШС, т.б. кәсіпорындар оңтүстік өңірін және бүкіл Қазақстанды өз өнімдерімен қамтамасыз етуде. Тамақ өнеркәсібі саласындағы жетекші кәсіпорындар қатарын “Шымкент-май”, “Қайнар” акционерлік қоғамдары, “Арай”, “Амангелді” ЖШС және т.б. толтырып отыр. Сарыағаштың минералды суын шығарудан “Әсем-ай”, “Алекс” ЖШС алдыңғы қатарда. Сөз арасында айта кетейік, өңірдің осы аталған брендтерін «Жебе» киностудиясы түсірген «Сапа олимпиадасы» анимациялық фильмі тамаша көрсете білген.

Дін мен дәстүрін, тілін сары майдай сақтаған Оңтүстік басқалардан асып түседі. Ислам дінін ата-бабадан қалған мұрты бұзылмаған қағидамен ұстанады. Ханафи мәзһабын ұстану жалпы қазаққа ортақ, ынтымақтың ұйытқысы екенін іс жүзінде дәлелдеген аймақ. Мәзһаб – бұл ынтамықтың ұйытқысы. Сондықтан да оңтүстік аймағы ынтымағы жарасқан облыстардың алдыңғысы. Әр пенденің Аллаһ Тағала алдындағы парызын өтеуге көмектесетін, жол сілтейтін ғибадат үйі мешіттердің көптігімен де ерекшеленеді. Тілі де тазалыққа тұнып тұр. Қазақ тілінің саф үлгісін бұзбаған өңір. Араластырып сөйлеуден ауылы алшақ.

Бәрін айт та бірін айт, Оңтүстіктің өнерге толы төрін айт. «Шаянға барсаң әншімін деме» деген сөздің төркініне қарап әнші-жыршылардың төресі осы өңірде екенін бірден-ақ білесің. Шәмші Қалдаяқов, Сейдолла Бәйтереков сынды атағы дардай композиторлар және т.б. сегіз қырлы, бір сырлы әнші-сазгерлер, биші-күйшілер, жыршы-термешілер, от ауызды, орақ тілді шешендер мен айтыскерлер, атақты ақын-жазушылар осы өлкенің ауасын жұтқан. Осылардың ішіндегі әр қайраткердің орны бір төбе. Елдің көңілін шат қылатын әзіл-ысқақ театрларының орны ерекше. Олардан «Шаншар», «Шымкент-шоу», «Алдараспан», әзілдері жастарға жақын «Нысана» театрлары тек оңтүстік емес, бүкіл Қазақстанның көңіл қуанышы. Тіпті көңілді тапқырлар клубының негізі оңтүстікте қаланып, өзге аймақтарға үлгі болып таралды.

Бұл аймақ спорт десе ішкен асын жерге қояды. Ауасы таза, жылы аймақ болғандықтан ба, әйтеуір дарынды спортшылардың дені осы жақтан шығады. Жақында ғана өткен «Лондон» олипиадасына 13 бірдей спортшы жолдама алды. Көркем гимнастикадан спорт шебері Әлия Жүсіпова елдің мақтанышы. Сидней олимпиадасында топ жарған Бекзат Саттархановтың жеңісін ауыз толтырып айтуға болады. Футболдан «Ордабасы» командасы да өз еліміздегі чемпионаттарда талай рет топ жарып, алдыңғы қатарларды бермей жүр. Шекара асып барып бірталай жеңістерде көзге түскен болатын. Сайып келгенде аты аңызға айналған Қажымұқан атамызды үлгі ретінде айта кетудің өзі жеткілікті шығар.

Басшыға бағынған ел тозбайды. Ордалы оңтүстікті басқарған дарында басшылар аз болмады. Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімов, Асқар Мырзахметов секілді облыс әкімдері қызметін атқарған ағаларымыз халқына адал, жұртына сенімді басшы ретінде бағаланып, Елбасымыздың да оң бағасын алды. Елбасы ондай жандарды үлкен қызметтерге лайық деп танып, лауазымы жоғары қызметтерге тағайындады. Бұл жағынан басқа да облыс басшыларына үлгі бола алатын жандар деп айта аламыз.

Оңтүстіктің әр қаласы жеке бір дастан. Қазақтың рухани астанасы саналатын Түркістан қаласы Қазақ хандығының құрылу кезеңінің басты куәгері. Әр қазаққа рухани дем беріп, басын қосатын сол кезде қасиетті қала болды. Кезінде жау келсе жауға ауасын тарылтып, бейбіт мақсатта келгендерге ауасы күрт жылынып сала беруінің өзі қасиетінен емес пе?! Қазіргі кезде Түркістан қаласы саяхаттап барғандарға есігі айқара ашық туристік аймақтардың бірі. ЮНЕСКО-ның тізіміне енген беделді қала. 1500 жылдық тарихы бар көне қала. Одан бөлек арқалы Арыс қаласын тілге тиек етудің өзі бір ғанибет. КСРО-ның кезінде ең ірі темір жол магистралі осы қалада болған. Темір жол арқылы жөнелтілетін құнды заттар мен тауарлар алдымен Арыс қаласына табан тірейтін. Небір дүлдүлдер шыққан деп мақтануға болады бұл аймақпен.

«Білімді мыңды жығады» демекші, оңтүстіктің білімді ұрпақ тәрбиелеуде қарқына баяулаған емес. Жастарымызды білікті маман етіп даярлауда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университеті мен Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Медицина Академиясы  секілді жоғары оқу орындары жемісті қызмет атқарып келеді. Сонымен бірге өңірде жеке оқу орындарының қарасы көбірек. Бірақ олар да жастарға білім беруде бір кісідей-ақ ат салысуда. Білім бісекелерінде облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде топ жарған шәкірттерін санауға ерінесің.

Оңтүстіктің ғажап табиғаты, тау шатқалдары, өзен көлдері туристердің назарын аудармай қоймады. Осы аймақтағы табиғаттың қайталанбас інжу-маржандарының бірі – Ақсу-Жабағылы Орта Азиядағы байырғы қорық болып табылады. Мұнда көне дәуірге тән өсімдіктер мен жануарлардың көптеген түрі бастапқы қалпында сақталған. Бұл өңірдегі экзотикалық орындар Қаратау бөктеріне жақын жайғасқан Қызылкөл, табиғаты ғажайып «Бадам» шатқалындағы «Қырыққыз» туристік базасы мен Батыс Тянь-Шань сілемдеріндегі «Ақмешіт» және «Біркөлік» демалыс аймақтары, «Сайрам-су» шатқалындағы «Альтекс» спорт кешені, Машат өзеніндегі шатқал, Шардара су қоймасы, емдік-минералдық бұлақ суы бар Сарыағаш ауданының шипажай аймағы және т.б. орындар өңірдің сәні мен салтанаты. Сайрам ауданы төңірегінде орналасқан «Манкент» шипажайын айтпай кету әбестік болар. Одан бөлек қыс мезгілінде жұрттың көбі ағыла баратын «Тау самалы» тау шаңғысы базасы қыстың таза ауасын көкірек керіп жұта отырып, демалатын бірден-бір орын.

Облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырып, елең еткізер жаңалықтарды ел назарына ұсынып отырған БАҚ өкілдерін ерекше айтуға болады. «Оңтүстік Қазақстан» газеті (қазақ тілімен қатар орыс және өзбек тілдерінде шығады) «Шымкент Келбеті» қалалық қоғамдық-саяси газеті, «Рабат» облыстық апталық қоғамдық газеті, «Замана» газеті, «Шара-Бара» апталық жарнама газеті секілді басылымдар елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, жақсылығын асырып, жетістіктерімізді халықпен бөлісіп, елдің разылығын алып жатқан жайы бар. Телевизия саласында «Қазақстан-Шымкент», «Отырар», «Айғақ» телеарналары табанды қызмет етіп, елдің айнасына айнала білді.

 

Сексенге толған серке өңір

         Жаңадан бері алған асуы мен жеткен жетістіктерін санап үлгермей жатқан Оңтүстікке биыл 80 жыл толыпты. Сексеннің сеңгіріне шығып, сенімді қадам қалыптастырып, Қазақстанның басқа аймақтарына үлгі болып отырған жайы бар. Елу жылда ел жаңа, сексенге толған Оңтүстігімізді жаңарған әрі дамыған деп айтуға әбден болады. Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша, жері сулы, тоғайы нулы керемет жер. Оңтүстіктің орталығы болған Шымкент қаласында аспанмен таласқан үйлер болмаса да, келбеті келіскен, сәні жарасқан әсем ғимараттар көз тартады. Алайда келешекте қаланың оң қанатынан жаңа жерге жаңа қала салу бас жоспарда бар. Ол жоспар да сексен рет талқылаудан өтіп, қаланың сексен жылдық мерейтойына орай бекітілген көрінеді. Жаңа Бас жоспар бойынша алдағы уақытта сәулеті мен келбеті келіскен, жер қорын үнемді пайдалануға, инфрақұрылымды тиімді жүргізуге мүмкіндік беретін көпқабатты үйлерге басымдық берілетін болады. Шымкент шаһары алдағы уақытта еліміздегі сәулетті үшінші қалаға айналады. Елбасымыз да Шымкенттің әсем әрі үшінші орынды иеленетін қала екендігін көптеген сөздерінде айтқан болатын. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев бір сөзінде былай дейді: «Шымкент – сәулетті қала. Тарихқа тұнып тұр. Астана мен Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Халқының саны 1 миллионға жетерлік қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады».

Мемлекет Басшысы 2014 жылдың желтоқсанына қарай ел тұрғындарын 50 пайыз отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы тапсырма жүктегені белгілі. Сол мақсатта жоғарыда аты аталған «Химфарм» кәсіпорнына Еуропа нарығына кеңінен танымал «Польфарм» компаниясы келіп қосылды. Бұл компания қаражат қана құйып қоймай, технологиялық озық жабдықтарын да ала келіпті. Енді отандық дәрі-дәрмек көбейетін болды. Бұл біздің оңтүстіктің бағындырған бір белесі ғана. Басқа да көптеген қол жеткізген жетістіктерін айтып тауыса алмайсың. Ол жетістіктің барлығын жазатын болсаң бес бет былай тұрсын, бес кітап жетпейді. Қаншама ақындардың жырына, сазгерлердің әуеніне арқау болған киелі мекенге оның өзі аздық ететіндей.

Оңтүстіктің төрінде,

Құт-береке жерінде.

Қазағымның елінде

Думан тойды көрдің бе?

Қазақтың жер ұйығы,

Ана тілдің тұнығы.

Сен деп соғар жүрегім,

Аңсап сені келемін.

Оңтүстігім өз елім,

Арта берсін беделің, – деп жырлаған ақын ағаларымыздың осы бір жыр шумақтары ордалы Оңтүстіктің мерейтойына арналғандай. Мерейің үстем болсын Оңтүстік! Сән-салтанатың арта берсін, шырайлым Шымкент!

Нұрқанат БАЙЗАҚОВ

0 дауыс

Жақында Шымкент қаласының 2200 жылдығын атап өткелі жатырмыз.Шымкент қаласының 2200 жыл бұрын салынғанын ЮНЕСКО мойындап отыр.Ең көне деген Тараз қаласына 2010 жыл болса,Шырайлы қала Шымкентке (Исфинджап) 2200 жыл болды.

 

 

0 дауыс
Шымкент шамамен 2000 жылдай бұрын пайда болған деседі
0 дауыс

Шымкент — Қазақстандағы қала, Республикалық маңызы бар қала[5], 2018 жылдың 19 маусымына дейінгі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы.

...