Ніл
Ніл (лат. Nіlus , гр. Neіlos ) – Африкадағы және дүние жүзіндегі ең ұзын өзен. Ұзындығы 6671 км, алабының аумағы 2870 мың км2. Орташа су шығыны Асуан маңында 2600 м3/с (әр жылдары 500 м3/с-тан – 15000 м3/с-қа дейін ауытқиды). Шығыс Африка таулы үстіртінен 2000 м-ден астам биіктікте басталып, Жерорта теңізіне атырау жасап құяды. Ніл Рукарара өзені болып басталып, Кагера өзені арқылы Виктория көліне құйып, одан Виктория – Ніл деген атпен ағып шығады. Альберт көлінен кейін Альберт – Ніл, Асуа саласы қосылған жерде Бахр-әл-Жебел, Бахр-әл-Газал қосылғаннан кейін Ақ Ніл (Бахр-әл-Әбияд) деп аталады. Хартум қаласының тұсында Ақ Нілге Көгілдір Ніл қосылады да, сағасына дейін Ніл деп аталады. Жоғарғы бөлігінде ағысы қатты, арнасы шоңғалды және көптеген суқұламалар жасайды. Ең ірісі – Мерчисон сарқырамасы (биікт. 40 м). Таулы үстірттен шыққаннан кейін өзен аса кең, жайпақ қазаншұңқырды басып ағады. Ағысы баяулайды, арнасы тарамдарға бөлініп кетеді. Аңғарында кристалл тау жыныстары ашылған жерлерде шоңғалдар пайда болған (Хартум мен Асуанның арасында 6 шоңғал бар). Көгілдір Ніл алабында жаңбыр жазда мол жауады. Сондықтан Ніл төмен ағысында жаздағы су шығыны сабасына түскен кездегіден 5 есе асып түседі. Ніл аңғары адамзаттың ежелгі мәдениет ошақтарының бірі. Оның суы ежелден жер суаруға, кеме қатынасына, халықты сумен қамтамасыз етуге, балық аулауға пайдаланылып келеді. Ніл аңғарында Египет халқының 97%-ы тұрады. Бірнеше бөгендер мен СЭС-тер салынған (ең ірісі – Асуан СЭС-і). Кеме жүзетін су жолының ұз. 3000 км-ден асады. Жағалауында Хартум, Асуан, Каир, атырауында Александрия қалалары орналасқан.[1]