Медитация- ақыл ойды шоғырлау, бір жүцеге келтіру. Медитациямен айналысатын адам ойын алаңдататын нәрселдерден түгел тиылып, ақыл-ойын толайым әлгі мәселені шешуге бағыттайды да, сол арқылы ең оңтайлы тәсілді дөп басып таба алады.
Жалпы медитация туралы өте көп айтуға болады. Оны меңгеру спортта, бизнесте, ғылымда, саясатта ғана емес, өмірде күнделікті кездесетін барлық мәселелерді шешуге игі ықпалын тигізбек. Сондықтан да, медитациямен айналысудың пайдасы ұшан теңіз. Онымен кез келген жаста, кез келген адам айналыса алады. Дегенмен, ақыл-ойды шоғырлау өнерін білікті тәлімгердің басшылығымен үйренген жөн.
Оны тибеттік сопылар дәлелдеген
Адам баласының таңғажайып табиғаттың тылсым құпиясын білуге, өз бойындағы талантының көзін ашуға, жан-дүниесін, рухани күш-қуатын тепе-теңдікте ұстауға, өзін-өзі гипноздап он екі мүшесін, сана сезімін босаңсытуға, бір жаңалық, тәжірибені меңгеруге деген құштарлығы өте айрықша. Содан, кейінгі кезде адамдардың арасында аутогендік жаттығулар жасаушылар, эзотериканы өмір салтына енгізушілер көбейді. Ең бастысы, көп адам өмірдегі қайғы-мұң, ауыртпалық, күйзелістен сәл болса да сейіліп, сергудің жолы арақ-шарап ішіп босаңсу емес, әркімнің медитацияға беріліп, өзін-өзі рухани, физикалық, психологиялық жағынан тазарту екенін түсінуі болып отыр. Олай болса, медитация дегеніміз не, оның қандай түрлері бар, бұл қайдан келген ілім, ол адам денсаулығына қаншалықты пайдалы, сол туралы әңгіме қозғасақ.
Медитация туралы таным-түсінік
Медитация арқылы әрбір адам өзінің ішкі әлеміне қалтқысыз үңіліп, барлық рухани назарын жан дүниесіне бағыттап, санасын өзіндік мазмұнға терең батыра алады. Сөйтіп, адамдар медитацияға түскенінде санасының күйі өзгереді, оған жайшылықта көрінбейтін әртүрлі аяндар беріледі, олар көріпкелдік тәрізді таңғажайып бір сезімдерді бастан кешіреді.
Мамандардың айтып, түсіндіруінше, медитацияның негізгі мақсаты нирванаға жету. Бұл – мына фәни жалғандағы құмарлық пен талпыныстан арылу. Қазіргі заманда қанатын кеңге жайып келе жатқан медитацияны адамдар, дәрігерлер осы өмірден толық кету үшін емес, психосоматикалық ауруларды емдеу, ішкі рухани әлемді тазартып, оны қалыпты тепе-теңдікке келтіру үшін пайдаланады.
Белгілі бір уақытта медитацияға берілу табандылықты, нақты ынта-ықыласты, біраз мезгілді, осы тәсілге, адамның өзін-өзі басқара алатындығына нақты сенуін талап етеді. Медитациямен осындай ерік күші, жауапкершілігі, төзімділігі күшті жандар жан-жақты айналысып, оның жемісін тата алады. Медитация арқылы адамдар өзін-өзі сендіру техникасын меңгеріп, аутогенді жаттығулармен эмоциялық ауыр жүктерден арылады, сабасына түсіп, миын басқа дабылдардан азат етеді, ақыл-ойын өзін-өзі сендіруге икемді етеді, басын жағымсыз, көңіл күйі мен ойын шатастыратын жайлардан құтқарады, сендіру арқылы ағзада демалыс және тыныштық жағдайын жасап, жүректе, баста болатын ауыртпалықтарды жеңілдетеді.