Республика ауыл шаруашылығының даму барысы. Колхоздар мен совхоздарды нығайту, оларды езінің техникасымен жабдықтау МТС рөлінің төмендеуіне алып келді. Шаруашылықтар енді өнімділігі жоғары техниканы сатып ала алатын және колданатын болды. Мұндай жағдайда МТС-тар өз рөлін жойып, қажетсіз болып қалды. Ел Үкіметінің қаулысы бойынша МТС-тар қайта ұйымдастырылып, жөндеу-техникалық станцияларға айналды, ал ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға сатылды. Кейіннен жөндеу-техникалық станциялар да жойылып, олардың міндеттері республикада жаңа құрылған «Казсельхозтехника» өндірістік-техникалық жабдықтау бірлестігіне жүктелді. 50-жылдары, кейін 60-жылдары да Қазақстанда ұсак колхоздар негізінде жаңа совхоздар ұйымдастыру кең көлемде жүргізілді. Ірі шаруашылықтар халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету міндетін атқара алады деп саналды. Экономикалық жағынан нашар колхоздар ірілендіріліп жаппай совхоздар ұйымдастыру 1957 жылдың көктемінен басталды. Осы жыл ішінде 198, ал 1958 жылдың соңына қарай 500-ден астам осындай шаруашылық құрылды. Ет-сүт, астық, мақта-мата т.с.с. өндіретін совхоздар дами бастады. Келесі жылдар көрсеткендей, бұл қайта ұйымдастыру басты мәселені шеше алмады, бұрынғы колхоздар да, олардың негізінде құрылған совхоздар да негізгі міндетті: халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз етуді біржолата шеше алмады. Оның үстіне жағдай осы кезде мемлекеттік-партиялық органдардың жеке қосымша шаруашылықтарды жою жөніндегі науқанды жүргізе бастауымен күрделене түсті. 1957-1958 жылдары колхоз, совхоздардағы мал басын көбейту мақсатымен ауыл тұрғындарынан ірі қара мал алына бастады.