12. Жол қозғалысына қатысушылармен өзара қарым-қатынас жасау
88. Жол полициясы қызметкерлерінің жол қозғалысына қатысушылармен өзара іс-қимылы заңдылықты қатаң сақтауға, өзіндік міндеттемелерді нақты орындауға, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесуде қатаңдықты, батылдық пен принципшілдікті ұштастыра білуге, азаматтарға ілтипатты, ізгілікті және сыйласымды қарым-қатынасқа негізделуі тиіс.
89. Жол қозғалысына қатысушылармен қарым-қатынас жасасу кезінде жол полициясының қызметкерлері оң қолын бас киіміне апарып өзін таныстыруы, өз лауазымын, арнаулы атағы мен аты-жөнін атауы, көлік құралын тоқтатуының себебі туралы айтуы тиіс. Азаматтар өтініш жасаған жағдайда, қызметкерлер өз құзыреті шегінде бұл талаптарды орындай отырып, көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдауға, ал қажет болған жағдайларда қойылған мәселені шешу үшін қайда жүгінуге болатынын түсіндіреді.
90. Азаматтармен әңгімелескен кезде жол полициясының қызметкерлері сабырлылық пен ұстамдылық көрсетуге міндетті, дауласпай, өзін-өзі ұстап, дөрекілікке дөрекілікпен жауап бермейді.
91. Жол полициясы қызметкерлерінің іс-әрекеті жол қозғалысына қатысушыларға түсінікті болуы, ал басқа көлік құралдарының қозғалуы үшін олар амалсыздан бөгет жасамауы (кенеттен тежеуді қолдану, орын ауыстыру) үшін жүргізушілерге уақытында белгілер беріп отыруы тиіс.
92. Жол полициясы қызметкері көлік құралын тоқтатқан жағдайда дереу жүргізушіге келіп тоқтату себебін түсіндіреді.
93. Жүргізуші немесе жолаушылар қылмыс жасауда күдікті деп танылған жағдайларда жол көлігін тоқтатудың шын мәніндегі себебі туралы айтуға болмайды. Бұл ретте жол полициясының қызметкері өз ниетінің шынайы сипатын ашпастан-ақ, жүргізушімен әңгімелесу үшін сылтау табуы тиіс.
94. Өкімді, оларға қатысы бар азаматтардың қате немесе екі мағынада түсінуін болдырмай, қысқа және айқын беру керек.
95. Тәртіп бұзушыға оның әрекеттері құқыққа қарсы екендігі туралы түсіндіргенде ақыл айтпай, жол қозғалысы ережелерінің тиісті талаптарына сыпайылықпен және нақты түсінік беру тиіс.
96. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан кезде полиция қызметкерлері тәртіп бұзушыларға олардың әкімшілік құқықтары туралы қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген:
1) істің материалдарымен танысу, түсініктеме беру, айғақтар ұсыну, ұсынымдар жасау;
2) істі қараған кезде адвокаттардың заңгерлік көмегін пайдалану;
3) ана тілінде сөйлеу және егер іс жүргізілетін тілді білмесе, аудармашының қызметін пайдалану;
4) іс бойынша қаулыға шағым жасау жөніндегі олардың құқықтарын түсіндіреді.
97. Жанжалды жағдайлар, наразылықтар пайда болған кезде немесе жол қозғалысына қатысушының талабы бойынша ол омырау белгісінің нөмірін айтады (житон нөмірін)және қолынан шығармастан қызметтік куәлігін көрсетеді, өз іс-әрекетіне шағым жасау құқығы мен тәртібін түсіндіреді, азаматқа өзінің келіспеушілігін жазбаша түрде беруді ұсынады. Бұл жөнінде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамада жазба жасалады және қосымша материалдар жалпы материалдарға тіркеледі.