+1 дауыс
124k көрілді
Қазақстаның мемлекеттік рәміздері деген тақырыпта шығарма?

5 жауап

+2 дауыс
 
Жақсы жауап
Мемлекеттік рәміздердің тәрбиелік мәні
Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Бұл міндеттің күрделілігін Елбасы нақты пайымдап, «...бұл міндет білім берудің, мәдениет органдарының, қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық жүйесіне, әрбір отбасына қатысты. Ал, оны елдің Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуден, заңды өкіметті құрметтеуге тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан - менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей еткен жөн» - дейді.

Өз тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дуниеге келді.
Тәуелсіз ҚР рәміздерін жасау бүкілхалықтық сипат алып, көптің ісіне айналуы да кездейсоқ емес. Халық жүрегін желпіген еркіндік самалы ғажайып шығармашылық белсенділікке жол ашты.
Елбасымыз жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдауға зор мән берді.
Мемлекеттік рәміздеріміздің ресми хатталуының да өз тарихы бар. Президент Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 4 маусым күні «ҚР Мемлекеттік туы туралы», «ҚР Мемлекеттік елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік әнүранының музыкалық редакциясы туралы» тарихи заңдарға қол қойды.
Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге, мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар. Біздің мемлекетіміздің рәміздері - Ту, Елтаңба, Әнұран. Бұл рәміздер 1992 жылы 4 маусымда қабылданды. Біздің мемлекеттік туымыздың түсі – көк. Көк түс аспанның белгісі. Бұл киелі тұс - бірлік пен ынтымаққа шақырып, барлық халықтар үшін әрдайым тыныштық, бейбітшілік пен береке символына айналған.
Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде Түркі қағанаты (552-630 ж, 682-743 ж), Хазар қағанаты (651-983 жж.), Ұлы Селжұқ қағанаты (1040-1157 жж.), Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының (1465-1737 жж.) бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген. Қазақ КСР-нің (1920 - 1991 жж.) мемлекеттік жалауында да шағын көк жолақ республиканың төл болмысының нышандық белгісі ретінде пайдаланылады. «Көк» сөзінің көне түркі тіліндегі бір мағынасы «шығыс», «шығыстық» деген ұғымға сәйкес келеді. Яғни, тудың түсінен белгілі бір нақты географиялық ақпарат алуға болады. Ол геральдика тілінде бүкіл әлемге Қазақстан жер шарының шығысында орналасқандығын, Ұлы дала өркениетінен бастау алатын, тамыры тереңде жатқан шығыс мәдениетінің өкілі екендігін баян етіп тұрғандай.
Ал, күн бейнесі - байлық пен береке белгісі. Күн бейнесін салу арқылы қазақ елі өзінің жалпы адамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қауымдастықтың бір бөлігі екендігін аңғартып тұр.
Қыран бүркіт образы қазақ халқының ұлттық дүниетанымында еркіндік, бостандық сүйгіштік, ерлік, жоғары аңсар, жан дуниесінің кеңдігі, асыл мұрат, жүрек тазалығы сияқты адамгершілік асыл ұғымдармен астасып жатады.
Ал, енді саяси тұрғыдан келсек ол – мемлекеттік тұтастық идеясын білдіреді.
Рәміздер саяси төуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып табылады. Демек, мемлекеттік рәміздер - белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс - ерекшелігін, айрықша арман - аңсарын, басқалармен байланыс мұратын білдіретін белгі. Әр елдің мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени-тарихи және геосаяси жағдайларына байланысты қалыптасады. Қазіргі Қазақстан аумағында ерте дәуірден бері талай мемлекеттік құрылымдар дүниеге келген. Орта ғасырдан осы мерзімге дейінгі қазақ мемлекеттілігінің сыртқы белгілері мен жаңа заманға сай рәміздері Қазақстанның әлеуметтік-саяси тарихының негізгі белгісін құрайды. Қазақ мемлекеттілігінің үш кезеңін қамтитын рәміздер тарихына тоқталсақ, олар: Қазақ хандығы, Кеңес одағы құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы және Қазақстан Республикасы. Әр тарихи кезеңнің мемлекеттілік билігіне тән белгілерінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстан Республикасының бас рәмізтанушысы Е.Шәймерденнің пікірінше, елтаңбаның қарапайым пішінінен күрделі түріне дейінгі дамуы бірнеше кезеңнен тұрады екен. Бірінші кезең, ерте әлеуметтік белгілердің   пайда болуымен сипатталады. Қазақ қоғамында көнеден келе жатқан белгінің бірі - малға ен салу. Екінші кезең, таңба белгілерінің қолданылуымен ерекшеленеді. Бұл деңгейге дала мәдениетіңің айрықша белгісі болып табылатын тайпалық таңбалар сәйкес келеді. Үшінші кезең, мөрлердің пайда болуы, тертінші - рулық таңба, бесінші – аймақтық және қалалық герб, алтыншы, ең жоғарғы деңгей – ресми бекітілген мемлекеттік елтаңбаның болуы. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады.
Қазақ халқы мен мемлекеттілігінің дамуында қазақ жүздерінің тарихын бірге қарастыру қажет. Бұл үш категория (халық, мемлекет, жүз) тарихи даму толқынында қатар дамыды. Олардың әрқайсысының өз таңбасы болды.

Мемлекеттік рәміздерімізге шетелдік мамандар жоғары баға берген, сонымен қатар рәміздеріміз әлемдік каталогқа енген.
Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз үғым.
Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Жас мемлекеттің жас астанасында және бүкіл республика аумағында елдің елдігін танытатын, отаншылдық пен патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін тудыратын  нышандар өз дәрежесінде көрініс тауып отыр.
Мемлекеттік рәміздердің зор тәрбиелік мән, мағынасы бар. Жай ғана мысал, Олимпиада ойындарындағы өз спортшыларымыздың жеңісі кезіндегі мемлекетіміздің көк байрағының желбіреуі әрбір азамат үшін зор мақтаныш, үлкен эмоция тудырады.Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің үлттық патриотизмді және жалпы қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қызметі, орны ерекше екені даусыз.
«Қоғамда Қазақстан - біздің отанымыз, бүл үғымға көп нәрсе кіреді деген қарапайым ойды қалыптастыру керек» - деп, атап көрсеткен Елбасымыздың сөзі терең ойдан туындаған пікір.
Қай үлттан шыққанына қарамай, әрбір азаматтың парызы ең алдымен, біздің ортақ үйіміздегі достық пен келісім ахуалын қолдауы. Құрамындағы ұлттар мен ұлыстар саны біздегіден де көбірек гүлденіп отырған мемлекеттер аз емес. Бүл елдерде патриоттық сезімі ерекше жоғары дамыған, қоғамда мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарау қалыптасқан. Мысалы, мектептерде сабақ басталғанда, мемлекеттік органдарда ант қабылдағанда, басқа да көптеген іс-шаралар кезінде Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран орындалады.
Қазақстандық патриотизм елдің нағыз патриоттарын қалыптастыратын құбылыс. Қазақстан патриоты, біріншіден, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне: Туына, Елтаңбасы мен Әнұранына ерекше құрметпен қарайды, мемлекеттік нышандарымызды шын ниетімен қадірлейді және оны басқалардан талап етеді.
Қазақстандық патриотизм - өзіңді республика халқының құрамдас бөлігі ретінде сүйіспеншілік және берілгендік сезімді, халық пен елдің мүддесін қорғайтын, тіпті әскери қорғауды жүзеге асыратын азаматтың парызы мен намысын тәрбиелеу.
Ұлттық патриотизмді қалыптастыруға негіз болған қазақтың дәстүрлі қоғамында орныққан құндылықтар қатарына, «Отан», «атамекен», «ел-жүрт», «азаматтық борыш», «ар-намыс», «адалдық пен әділдік», «азаматтық парыз», «қанағатшылдық пен жомарттық», тағы басқа үғымдарды жатқызуға болады.
Қазақ жұрты кіндік қаны тамған жерін, ата-баба әулетінің мәйіті жатқан жерді ерекше қадірлейді. Қазақ үшін атамекен - отанжанды пенде ретінде өмір сүруінің шарттық атрибуты. Сондықтан да халқымыз өз ата-мекенін, Отанын, өз халқы, өз тілін, өз мемлекетінің рәміздерін, салт-дәстүрін жүрекпен сүйе білген әрі ұрпағын да соған тәрбиелеген, баулыған.
+2 дауыс
Қазақстан мемлекетінің рәміздері

Егеменді елдің әрбір азаматы құрметтеуге және мақтаныш етуге тиісті ресми рәміздері бар.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері - Ту, Елтаңба және Әнұранының сипаттамалары және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» заңмен белгiленген. Бұл заң 2007 жылдың 4 маусымында қабылданған болатын.
Алайда, Қазақстан Республикасы рәміздерінің тарихы 1996 жылғы 24 қаңтарда қабылданып, қазіргі таңда күші жойылған Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк нышандары туралы» Конституциялық заңынан басталуда.     
Терминнің дұрыс пайдаланылуына байланысты 2007 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде «нышандар» деген сөз «рәміздерге» ауыстырылды.
«Рәміз» деген сөз грек тілінде «символ» деп аталынады. Рәміз – философия мен психология өнерінің ең басты дәрежелерінің бірі. Дүниежүзіндегі мемлекеттің ресми рәмізділігі үш бірлікті білдіреді – Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Әнұран. Олар елдің саяси тәуелсіздігінің, егемендігінің белгісі болып табылады.
Көптеген елдерде мемлекеттік рәміздер жалпыұлттық және біріктіруші күш ретінде ұғынады. Рәміздер діни, партиялық, рулық бөліністерінен биік болып, барлығын біріктіреді.
Жас мемлекеттің рәміздерін жасау тарихына бүкіл Қазақстанның халқы ат салысты. Оған сол кезде жарияланған байқау куә. Мемлекеттік рәміздерде эстетикалық талаптармен бірге, тарихи, экономикалық, саяси мәні анық көрінетін шешімді табу қажет болатын.
Мемлекеттік туымыздың авторы республиканың өнер қайраткері − Шәкен Ниязбеков. Ол Қазақстандағы дизайнерлік өнердің негізін салушылардың бірі.
Жалауды айқындайтын элементтердің бірі – оның түсі. Көк түстің таңдалуы кездейсоқ емес, ол адалдықтың, мінсіздіктің және сенімділіктің белгісі. Бірлікпен бірге көк түс барлық елдердің тыныштығы мен ырысын білдіретін бұлтсыз аспанды еске салады. Аспандай ашық көк түс қазақтардың ұлттық түсі болып табылады. Өйткені көшпенді қазақтар үшін табиғат мекендеу ортасы ғана емес, сонымен қатар, өмірлеріндегі ажырамас бөлігі болатын. «Көк» сөзі ежелгі түріктердің тіліне аударғанда «Шығыс» мағынасын беріп, осылай тудың түсі географиялық ақпараттың тасушысы ретінде де қолданылады. Геральдистердің сөзіне сүйенетін болсақ, Қазақстан жер шарының шығысында орналасып, шығыс мәдениетінің өкілі болатынын білдіреді.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Туымыздағы күн бейнесі – шекарамыздың бұзылмайтындығын бейнелейді. Шексіз далада ұшқан қыран, ою-өрнек – еліміздің ұлттық жиынтық белгісі. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Бүгінгі Елтаңба − Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихан секілді сәулетшілердің шығармашылық ізденіске толы үлкен еңбегінің жемісі. Мемлекеттік Елтаңбамыз - дөңгелек нысанды. Дөңгелек, шығыс қазақтарының аса құрметінде, өйткені бұл нысан өмір шексіздігінің белгісі. Ортасында шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнеленген. Шаңырақ – отбасы амандығы, бейбітшілігі және ашық аспанды білдіреді. Шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Олар өмір мен жылудың белгісі. Оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылып, жауға қарсы күресте арыстанның үрейсіздігін, бұқаның күші мен қуаттылығын, маралдың жылдамдығын, түлкінің қулығын білдіреді. Тұлпардың алтын қанаттары – астықтың, еңбектің және материалдық ырыстың белгісі. Елтаңбаның ортасында бес бұрышты көлемді жұлдыз, біздің жүрегіміз бен құшағымыз барлық бес континент өкілдеріне ашық деген сөз.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік әнұранның негізі – ол халық арасында кең тараған «Менің елім» атты патриоттық өлең. Әнұран – халық жүрегінің соғуы, армандардың қорытпасы болып табылады. Әнұранның авторлары Шәмші Қалдаяқов (әні), Жұмекен Нәжімеденов және ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Әнұран ресми рәміз ретінде, Қазақстан болашағы мен өзінің болашағына сенетін қазақстандықтардың ортақ қазынасына айналып кетті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентінің Резиденциясында сақталады.
Туып-өскен жердің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіну − әрбір Қазақстан азаматының борышы.
Әр жас ұрпақ, лауазымды тұлға мемлекеттік рәміздерін заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуы қажет.
+1 дауыс
1.

Қазақтың рулық және мемлекеттік таңбалары туралы айтыңыз

Адамзат қашаннан бері әртүрлі таңбалар мен белгілерді қолдануға әуес болған. Халқына, тайпасы мен әулетін белгілі бір таңбамен белгілеудің терең тарихы бар әрі жаһан жұртына тән құбылыс. Жер бетіндегі қай мемлекеттің болмасын елтаңбасына сол халықтың дүниетанымы, тарихы тікелей ықпал етеді. Өйткені елтаңбаларда белгілі халықтың дүниетанымы, мәдениеті, дәстүрі, салт-санасы, тарихы мен рухы сіңіп тұрады.

Тайпалық белгілер мен рулық нышандарды «тотем» деп атайды. Олар бүгінгі заманауи елтаңбалардың ет жақын туысы. «Тотем» сөзінің төркіні Солтүстік Америкалық үндістердің «оттем» сөзі, яғни «оның елі» дегенді білдіреді. Тотемдік дәстүр бойынша тайпаны жебеп, қорғап жүрген жебеушісі ретінде жануар яки өсімдіктер бейнесі арқылы сол тайпаның негізгі нышандық белгісі таңдалады. Бұл дәстүр өте ежелгі халықтар арасында кең таралған. Алайда, сол көне салтқа сай елтаңбалар бүгінде кездесіп жататыны да белгілі.

Ал, осы сынды түрік және монғол тектес азия халықтарында «тамға» дәстүрі бар. Оған сәйкес әр тайпа, әр рулы ел өздеріне тән аң-құс бейнесі, қару-жарақ яки тайпаға ғана тән басты белгілерді байрақтарына бейнелеген. Қазақ руларының да өзіндік белгілері мен ұрандары болған. Яғни, әр рудың таңбасымен қатар ұраны тең жүрген. Шайқас ұрандарын кейіннен еуропалық рыцарлар да иемденіп, қолданыстарына енгізген. Негізі елтаңба тарихы осы жаумен шайқас кезіндегі ұрандар мен байрақ таңбаларынан бастау алады.

Елтаңбалардың арғы тегі – байрақтарға, киімдерге, жүзіктер мен жеке әулеттік заттарға бейнеленіп, көмкерілген алуан түрлі белгілік нышандар. Ұрандар мен төл белгілер тулар мен елтаңбалардан көрінген. Батырлар, билер мен қолбасшылардың өздеріне тән белгілері болған. Мысалы, Ескендір Зұлқарнайынның әскери дулығасында – теңіз аты (гиппокамп), Ахиллес бас киімінде – бүркіт, Нумибия патшасы Масиниса дулығасында – ит, римдік император Каракалы басында – бүркіт суреттелген.

Ал, антикалық дәуірдің қалалары мен аралдарының кейбір белгілері әрдайым монеталардан, төс белгілер мен мөрлерден көрініс тапты. Мәселен, солардың бірі Афин қаласының белгісі – үкі, Қорынтық қаласының белгісі – пырақ, Самос шаһарыныңкі – тауыс, Родос аралдары – раушан гүлімен таңбаланған екен.

Ассирия, Бабыл, ежелгі Мысыр елдерінің елтаңбалары мөрлерде таңбаланатын болған. Ал, б.з.д. үшінші мыңжылдықта шумерлер мемлекетінде бүркіт пен жолбарыстың бастары бейнеленген өз елтаңбасы болды. Бұл тарихтағы алғаш мемлекеттік елтаңбасымен танылған мемлекет болып есептелінеді.

Рулық таңба

Үш жүзден тараған қазақтардың да терең мағынаға ие рулық таңбалары болған. Төл таңбамызды зерттегенде алғаш тастарда қашалып жазылған руна жазуы көзге келеді. Оны бекер еске алып отырғанымыз жоқ. Себебі, көшпенді бабаларымыз кішкентай ғана белгіге тарихын, санасын, пәлсапасын, дүниетанымын, мәдениетін, болмысын сыйдырып қойғанын аңғаруға болады. «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия» кітабының сегізінші томында таңба хақында былай деп жазылған: «Әлемдік хат мәдениеті тәжірибесінде құпия сақтау мақсатында туған код пен шифр арқылы жазу үлгілерімен салыстырғанда көшпелі түркілердің рулық таңбалары мен руникалық тұжырымдамасы жер бетінде қайталанбайтындығымен ерекшеленеді. Ғылыми әдебиеттерде идеографиялық жазудың айрықша түрі ретінде таңбаны атайды».

Қазақ тегіне берік екенін білеміз. Рулық таңбалар – түркі халықтарының тектік қасиеті. Бүгінде сол түркі халықтарының ішінде рулық таңбаларын қазақтар әлі күнге дейін сақтап келеді. Рулық таңба қасиеті жөнінде «Қазақ руларының таңбасы» атты мақаласында Мақсұтбек Сүлеймен былай дейді: «Рулық таңба – түркілік төлқұжат, өмір шындығын танып-білудің даналық құпиясы, ақпараттық жүйе, қоғамдық дамудың интеллектуалдық қуатын танытатын қасиетті рәміз, ұлттық ойлаудың айнасы. Рулық таңбалар – қазақтың шығу тегі барша рулардың бірігуінен шыққанын дәлелдейтін тарихи құжат, жәдігер. Тек соның құпия сырларының кілтін таба білуіміз қажет».

Қазақ рулары мен тайпаларының арғы тарихын зерттеуде, ең алдымен олардың таңбалық белгілерін зерттеудің қажеттілігін алғаш аңғарған Николай Аристов болса, оның пікірлерін тереңдете зерттеген Сәрсен Аманжолов болды. Олар белгілі бір атадан рудың, одан тайпаның, одан тайпалық одақтың қалыптасу жолдарын рулық таңбаларды зерттеу арқылы анықтауға болатынына кәміл сенді.

Таңбаны бір жағынан түркі халықтарының этникалық құрылымының сыртқы рәміздік белгісі деп қарасақ, оның терең де басты мағынасында таңба – рудың қасиеті, ары, тегі, шежіресі, жаршысы.

Таңба – ақпарат сақтау мен таратудың коды дейді таңба зерттеушілері. Осы шифрдың кілтін таппаған бөгде жұртқа қазақтың ішкі сыры мен рухын ұғыну жұмбақ күйінде қалады. Бағзы қазақтың ойлау жүйесінде геометриялық өлшем, симметриялық дәлдік – таңбатану өте жоғары деңгейде дамыған. Бұл түркі халықтарының этникалық біртұтастығын сақтап тұрған киелі қорғаны, ең маңызды ұлттық құндылығы екенін мойындауымыз тиіс.

Геральдика тарихы

Бүгінгі күні таңбалардың қыр сырын зерттейтін ғылыми тармақты «геральдика» деп атайды. Бұл ғылымның пайда болу тарихы өте қызық. Алда айтып кеткеніміздей, бүгінгі мемлекеттік елтаңбалар тарихы ұрыс алаңдары мен жекпе-жектерден, яғни, соғысқа аттанған батырлар мен қолбасшылардың таңбаларынан бастау алады. Жалпы геральдика өнері Х ғасырдан бастау алды деседі кейбір деректер. Бірақ батыста алғашқы мөрлер мен құжаттарда бейнеленген гербтер ХІ ғасырдың еншісіне келеді дейді ғалымдар. Ал бұл өнердің дамып, өркен жая бастаған кездері рыцарлар жекпе-жегі мен крест жорықтары кезеңі. Рыцарлар жекпе-жегінің ХІІ –ХVІ ғасырларда қызу өркен жайған кезі болатын. Жекпе-жекке шыққан рыцарь міндетті түрде өз таңбасымен шығуға тиіс еді. Алғашында кез келген рыцарь қарсыласының белгісін танып, сол ен арқылы оның қай әулетке тиісті екенін білген. Сонымен жекпе-жекке бір уақытта, бір жерде әр елден жиылған феодалдардың ұлттық мінезі туады, бір-бірін тануға деген қажеттілік пайда болады. Ал, рыцарлар білім мен тіл білу жағдайында шығыстық өркениеттен алынған өз атын, таңбасын қорғау, жаумен шайқасу, қарулануы сынды қабілеттерді игереді. Рыцарлардың батылдығымен қатар таңбалар білімін жетілдіруі геральдиканың безендіруі мен пайда болуына жол ашты.

«Heeralt», демек герольд – Германияда батыл, беделі бар ардагер рыцарь дегенді білдіреді. Еуропада ежелгі әскерлерде жаумен келіс сөз жүргізу үшін, жарлықтар мен хабарландыруды жария ететін адамдарды «менестрели» (ақын, әнші), «глаштай» деп атаған. Уақыт өте осы үш мамандықтың қосындысы ретінде «герольд» деген кәсіп иелері пайда болады. Олар жекпе-жектерге қатысушылардың атын ғана емес, дәулетті әулеттердің, олардың атынан шығатын қатысушының, рыцарлардың таңбасын жетік білуге міндетті еді. Осылайша герольд кәсібі геральдикалық мәнге ие болып, жекпе-жектер таңбалардың қыры мен сырын ашатын геральдика ғылымының дүниеге келуіне себеп болды. Ал, XIII ғасыр соңы мен XIV ғасырларда геральдика тек әскерлер киімдерінде емес қоғамдағы бар салаға еніп, әдебиетте, өнерде, тұрмыстық жағдайда сәнге айнала бастады.

Сөзтүйін. Бүкіл бір елдің қасиетіне баланған таңба сызықтар шимайы, түсініксіз түртпелер емес. Белгі жан-жақты зерттелген, оңайшылықпен өзгерте салынатын дүние де емес. Өйткені онда баба аманаты, әке тағылымы, тектік тәлім, қандық қасиет, ұлы армандар мен арлы болмыс жататыны белгілі.

Таңба туралы мәлімет:

* Таңба, таңма, тамға – ерекше белгі.

* Таңбалар ежелгі заманнан-ақ қолданыста болған.

* Көшпелі түркілердің дүниетанымы, рухани мәдениеті, тарихы таңбаға көшіріліп, құпиясы жасырын сақтаулы тұр.

* Түркі таңбалары туралы Рашид әд-Диннің, Г.Н.Потаниннің, А.И.Левшиннің, Н.И.Гроздековтің, Н.А.Аристовтың, Ш.Құдайбердіұлының, М.Тынышбайұлының еңбектерінде айтылған.

* Қазақтың рулық таңбалары белгілі бір жүйеге бағынған.

* Таңбатануда Е.Д.Плотниковтің еңбегі өте құнды.

* Орыстанған түркі тектес әулеттердің отбасылық гербтерінің негізі рулық таңбаларымыздан алынған.

* Түркі тектес халықтардың ішінде түріктер, өзбектер, ұйғырлар, әзербайжандар т.б. этностар руларын және рулық таңбаларын жоғалтып алды.

* Ежелгі түркі руна жазуы таңбаларынан ортақ модель шығады, сол арқылы күллі ғаламның нысандарын белгілейтін таңбалар жаратылады.

Ресми дерек:

Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді. Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды.

Елтаңбасы – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді. Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған. Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды.

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік әнұран қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды.
0 дауыс

Ескерту. Тақырыбында және бүкiл мәтiн бойынша "нышандары", "нышандарының", "нышандарын", "нышандарына" деген сөздер тиiсiнше "рәмiздерi", "рәмiздерiнiң", "рәмiздерiн", "рәмiздерiне" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2008.07.04 N 56 Конституциялық Заңымен.

1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК РӘМIЗДЕРI

1-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi

Мемлекеттiк Ту, Мемлекеттiк Елтаңба, Мемлекеттiк Гимн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы - ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тiк бұрышты көгiлдiр түстi мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тiк жолақ түрiнде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесi алтын түстес. Тудың енi мен ұзындығының арақатынасы - 1:2.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы - дөңгелек нысанды және көгiлдiр түс аясындағы шаңырақ (киiз үйдiң жоғарғы күмбез тәрiздi бөлiгi) түрiнде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесiндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесi орналастырылған. Жоғарғы бөлiгiнде - бес бұрышты көлемдi жұлдыз, ал төменгi бөлiгiнде "Қазақстан" деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесi, сондай-ақ "Қазақстан" деген жазу - алтын түстес.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнi - осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда орындалатын музыкалық-поэтикалық туынды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының эталондары Қазақстан Республикасы Президентiнiң Резиденциясында сақталады.

2-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк рәмiздерiнiң пайдаланылуын реттейтiн заңнама

Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн орналастыру және пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Конституциялық заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде айқындалады.

3-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн
бекiту

Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Туының бейнесi (осы Конституциялық заңға 1-қосымша);
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесi (осы Конституциялық заңға 2-қосымша);
3) Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң музыкалық редакциясы мен мәтiнi (осы Конституциялық заңға 3-қосымша) бекiтiлсiн.

2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ТУЫ

4-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын пайдалану тәртiбi

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мынадай орындарда мiндеттi түрде көтерiледi (тiгiледi, орналастырылады):
1) Қазақстан Республикасының Президентi Резиденциясының, Парламентiнiң, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Конституциялық Кеңестiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, мемлекеттiк ұйымдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерiнiң басшылары резиденцияларының ғимараттарында және сол мемлекеттiң протоколдық практикасына сәйкес көлiк құралдарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасының Парламентi Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталарының, Үкiметтiң үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстары өтетiн залдарда, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының сот мәжiлiсi залдарында, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа отырысы залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және үкiметтiк наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некенi тiркейтiн үй-жайларда - ұдайы;
4) мемлекеттiк органдардың ғимараттарында алғаш ашылған кезде, салтанатты жағдайда;
5) егер халықаралық құқық нормалары мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары төрағаларының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң және олардың өкiлеттi өкiлдерiнiң қатысуымен халықаралық форумдар өтетiн ғимараттарда немесе үй-жайларда;
6) ресми адамдар ретiнде Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының төрағалары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мiнген теңiз кемелерiнде, iшкi жүзу кемелерiнде және басқа да қатынас құралдарында;
7) Қазақстан Республикасында тiркелген кемелердiң бұлқынындағы ту ретiнде - белгiленген тәртiппен;
8) Қазақстан Республикасының әскери корабльдерi мен кемелерiнде - әскери жарғыларға сәйкес;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде және мекемелерiнде, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарында - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерi күндерiнде, ант қабылдау кезiнде;
10) мемлекеттiк органдар, мемлекеттiк ұйымдар, сондай-ақ өзге де ұйымдар өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде;
11) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында - жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде;
12) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк және ресми сапарлармен келген шет мемлекеттердiң мемлекет басшыларымен, парламенттерi мен үкiметтерiнiң басшыларымен кездесу кезiнде.
Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Туды пайдалану (тiгу, орналастыру) тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
Ғимараттарға тұрақты тiгiлген Мемлекеттiк Туға тәулiктiң қараңғы мезгiлiнде жарық түсiп тұруға тиiс.
Мемлекеттiк Ту басқа да ғимараттарда (үй-жайларда) олардың иелерiнiң еркi бойынша көтерiлуi (тiгiлуi) мүмкiн.
2. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Туының бейнесi мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен;
2) Қазақстан Республикасының әуе кемелерiнде, сондай-ақ ғарыш аппараттарында орналастырылады.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi өзге де материалдық объектiлерде орналастырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк Ту оның көлемiне қарамастан мемлекеттiк стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Мемлекеттiк Ту мемлекеттiк стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен ауыстырылуға және жойылуға тиiс.
Мемлекеттiк Тудың бейнесiн қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар туларының геральдикалық негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттiк Тудың бейнесi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк наградаларының, Ұлттық Банк банкноттары мен монеталарының элементi немесе геральдикалық негiзi ретiнде пайдаланылуы мүмкiн.
4. Ұлттық аза тұтуға байланысты Мемлекеттiк Ту ұлттық аза тұту мерзiмi iшiнде тутұғыр биiктiгiнiң жартысына дейiн төмен түсiрiледi.

5-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын және басқа да туларды Қазақстан Республикасының аумағында бiр мезгiлде пайдалану

1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын шет мемлекеттердiң, қоғамдық бiрлестiктердiң және басқа да ұйымдардың туларымен бiр мезгiлде көтергенде (тiккенде, орналастырғанда) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туының көлемi басқа тулардың көлемiнен кiшi болмауға тиiс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы басқа тулардан төмен орналастырылмайды.
2. Қоғамдық бiрлестiктердiң және басқа да ұйымдардың тулары Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туымен бiрдей болмауға тиiс.

3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ЕЛТАҢБАСЫ

6-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын
пайдалану тәртiбi

1. Мемлекеттiк Елтаңба мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасы Президентi Резиденциясының, Парламенттiң, Сенат пен Мәжiлiстiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың ғимараттарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы елшiлiктерiнiң, халықаралық ұйымдардағы тұрақты өкiлдiктерiнiң, сауда өкiлдiктерiнiң, шетелдегi басқа да ресми мекемелерiнiң, шетелдегi мекемелерi басшылары резиденцияларының ғимараттарында - ұдайы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентi палаталары төрағаларының, Премьер-Министрдiң, Мемлекеттiк хатшының, Конституциялық Кеңес Төрағасының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының және жергiлiктi соттары төрағаларының, Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң басшыларының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар басшыларының, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерi басшыларының кабинеттерiнде - ұдайы;
3) Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң бiрлескен және бөлек отырыстары, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталарының, Үкiметтiң үйлестiру және жұмыс органдарының отырыстары өтетiн залдарда, Конституциялық Кеңестiң отырыс залдарында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының сот мәжiлiсi залдарында, орталық, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың алқа отырыстары залдарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк және үкiметтiк наградалары тапсырылатын залдарда, Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң қабылдау залдарында, сондай-ақ бала тууды және некенi тiркейтiн үй-жайларда - ұдайы орналастырылады.
Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Елтаңбаны орналастыру тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.
2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесi мiндеттi түрде:
1) Қазақстан Республикасының Президентi мен оның Әкiмшiлiгiнiң, Парламенттiң, оның палаталары мен олардың аппараттарының, Қазақстан Республикасының Парламентi палаталары Бюроларының, Үкiметтiң және Премьер-Министр Кеңсесiнiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен жергiлiктi соттарының, Қарулы Күштердiң әскери құрамаларының, бөлiмдерiнiң, бөлiмшелерi мен мекемелерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, жергiлiктi өкiлдi, атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттiк ұйымдардың мөрлерi мен құжаттарының бланкiлерiнде;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, Үкiметiнiң, Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының ресми басылымдарында;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен монеталарында, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бағалы қағаздарында;
4) Қазақстан Республикасының азаматтарына берiлетiн жеке куәлiкте, туу туралы куәлiкте, паспортта және өзге де паспорттарда, мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк ұйымдар қызметкерлерiнiң қызметтiк куәлiктерiнде;
5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасына орнатылатын шекара бағаналарында;
6) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, министрлiктердiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн мемлекеттiк органдардың және олардың ведомстволары мен аумақтық бөлiмшелерiнiң, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының және жергiлiктi соттарының, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнiң веб-сайттарында Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен орналастырылады.
Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi өзге де материалдық объектiлерде орналастырылуы мүмкiн.
3. Мемлекеттiк Елтаңба оның көлемiне қарамастан мемлекеттiк стандартқа сәйкес келуге тиiс.
Мемлекеттiк Елтаңба мемлекеттiк стандартқа сәйкес келмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен ауыстырылуға және жойылуға тиiс.
4. Осы Конституциялық заңда белгiленгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк емес ұйымдардың және олардың лауазымды адамдарының бланкiлерiнде, мөрлерiнде және басқа да реквизиттерiнде Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесiн пайдалануға тыйым салынады.
Мемлекеттiк Елтаңбаны қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да ұйымдар елтаңбаларының геральдикалық негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.
Мемлекеттiк Елтаңбаның бейнесi әскери немесе өзге де мемлекеттiк қызмет атқаратын адамдар үшiн белгiленген айырым белгiлерi мен нысанды киiм үлгiлерiнде, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларының элементi немесе геральдикалық негiзi ретiнде, сондай-ақ спортшылардың спорттық костюмдерi мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылуы мүмкiн.

7-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын
және басқа да елтаңбаларды Қазақстан
Республикасының аумағында бiр мезгiлде пайдалану

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы мен шет мемлекеттердiң елтаңбаларын немесе қоғамдық бiрлестiктiң, басқа да ұйымның елтаңбаларын (геральдикалық белгiсiн) бiр мезгiлде орналастырғанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Елтаңбасының көлемi басқа елтаңбалардың көлемiнен кiшi болмауға тиiс.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы басқа елтаңбалардан (геральдикалық белгiлерден) төмен орналастырылмайды.

4-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТIК ГИМНI

8-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн пайдалану тәртiбi

1. Мемлекеттiк Гимн:
1) Қазақстан Республикасының Президентi қызметке кiрiскен кезде - ол ант бергеннен кейiн;
2) Қазақстан Республикасы Парламентi сессияларының ашылуы және жабылуы кезiнде;
3) Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттiк мерекелерiне, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шараларға арналған жиналыстар мен мәжiлiстердiң салтанатты ашылуы кезiнде;
4) телевизия және (немесе) радио хабарларын таратуды жүзеге асыруға лицензиясы бар бұқаралық ақпарат құралдарының теле- және радиобағдарламалары эфирге шыққан кезде тәулiк сайын, олардың хабар таратуы басталғанда және аяқталғанда;
5) Қазақстан Республикасы халқының өмiрiндегi аса маңызды тарихи оқиғаларды атап өту құрметiне ескерткiштердi, монументтердi, құлпытастарды және басқа да ғимараттарды ашу кезiнде;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктерi мен өзге де ұйымдары өткiзетiн рәсiмдер, салтанатты және спорттық iс-шаралар кезiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы көтерiлген кезде;
7) Қазақстан Республикасына мемлекеттiк немесе ресми сапармен келген шет мемлекеттердiң басшыларын қарсы алу кезiнде - тиiстi шет мемлекеттiң мемлекеттiк гимнi орындалғаннан кейiн;
8) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында жаңа оқу жылының ашылу және оқу жылының аяқталу рәсiмдерi кезiнде, сондай-ақ өзге де салтанатты iс-шаралар өткiзiлген кезде;
9) Қазақстан Республикасының ұлттық (құрама) командасы қатысатын спорттық iс-шаралар өткiзiлген кезде орындалады.
2. Қарулы Күштердiң әскери құрамаларында, бөлiмдерiнде, бөлiмшелерiнде, мекемелерiнде және басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда Мемлекеттiк Гимндi орындау тәртiбi жалпы әскери жарғыларда айқындалады.

9-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау тәртiбi

1. Мемлекеттiк Гимн көпшiлiк алдында орындалған кезде қатысушылар оны орнынан тұрып айтады (тыңдайды), бұл ретте Қазақстан Республикасының азаматтары оң қолын жүрек тұсына қояды.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен өзге де ұйымдары шет мемлекеттер аумағында iс-шаралар өткiзген кезде Мемлекеттiк Гимн осы Конституциялық заңға, сондай-ақ сол мемлекеттiң заңнамасы мен протоколдық практикасына және жергiлiктi салт-дәстүрге сәйкес орындалады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын салтанатты жағдайда көтеру және тiгу кезiнде Мемлекеттiк Гимн орындалады, бұл ретте қатысушылар жүздерiн Туға қарай бұрады.
2. Мемлекеттiк Гимндi оркестр, хор, оркестр мен хор орындайды не ол өзге де вокалдық және аспаптық түрде орындалады. Бұл ретте дыбыс жазу құралдары пайдаланылуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн ықшамдап орындауға жол берiледi.
3. Мемлекеттiк Гимн бекiтiлген мәтiнi мен музыкалық редакциясына дәлме-дәл сәйкестiкпен мемлекеттiк тiлде орындалады.
4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнi мен музыкалық редакциясын басқа музыкалық шығармалардың және өзге де өнер туындыларының негiзi ретiнде пайдалануға болмайды.

5-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰЗЫРЕТI

10-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

Үкiметтiң құзыретiне:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының осы Конституциялық заңда бекiтiлген мемлекеттiк стандарттарға және олардың бейнелерiне сәйкес келетiн эталондарын дайындау жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарға сәйкес келмейтiн Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерiн бекiту;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын және олардың бейнелерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнiн орналастыру ережелерiн бекiту;
4) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi саласындағы уәкiлеттi органды айқындау жатады.

11-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi саласындағы уәкiлеттi органдардың құзыретi

1. Техникалық реттеу және метрология саласындағы уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының мемлекеттiк стандарттарын әзiрлейдi және бекiтедi;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының эталондарын әзiрлейдi;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын және Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау жөнiндегi қызметтi лицензиялауды жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен лицензиаттың лицензияда көрсетiлген талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн пайдалану мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк стандарттарға сәйкес келмейтiн Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын ауыстыру және жою ережелерiн әзiрлейдi;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын және олардың бейнелерiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiнiң мәтiнiн орналастыру және пайдалану ережелерiн әзiрлейдi.

12-бап. Жергiлiктi атқарушы органның құзыретi

Жергiлiктi атқарушы орган Қазақстан Республикасы мемлекеттiк рәмiздерiнiң тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң аумағында пайдаланылуын (тiгiлуiн, орналастырылуын ) бақылауды жүзеге асырады.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiне құрметпен қарауды қалыптастыру

1. Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Азаматтыққа және отансүйгiштiкке, өз Отаны - Қазақстан Республикасына деген сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн құрметтеудi қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәнi мен маңызын түсiндiру мақсатында оларды оқыту жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру ұйымдарының негiзгi жалпы бiлiм беру бағдарламаларына енгiзiледi.
Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарында арнайы оқшауланған көрнектi орынға ұдайы Мемлекеттiк Ту тiгiледi, Мемлекеттiк Елтаңба не олардың бейнесi, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң мемлекеттiк тiлдегi мәтiнi орналастырылады.

14-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын,
Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасын дайындау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен берiлген тиiстi лицензиясы болған жағдайда жүзеге асырылады.

15-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн пайдалануды реттейтiн заңнаманы бұзғаны үшiн жауаптылық

Осы Конституциялық заңның талаптарын бұза отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын және олардың бейнелерiн пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнiн орындау және оның мәтiнiн пайдалану не Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерiн қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылыққа әкеп соғады.

16-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

1. Осы Конституциялық заң ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткеннен кейiн қолданысқа енгiзiледi.
2. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәмiздерi туралы" 1996 жылғы 24 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 1, 178-құжат; 1997 ж., N 12, 193-құжат; 2006 ж., N 1, 1-құжат) күшi жойылды деп танылсын.

Қазақстан Республикасының
Президентi

"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
1-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы

"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
2-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы

"Қазақстан Республикасының
мемлекеттiк рәмiздерi туралы"
2007 жылғы 4 маусымдағы N 258-III
Қазақстан Республикасының
Конституциялық заңына
3-ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк Гимнiнiң
музыкалық редакциясы

Әннiң авторы Шәмшi Қалдаяқов

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк гимнiнiң мәтiнi

Сөзiн жазғандар: Жұмекен Нәжiмеденов,
Нұрсұлтан Назарбаев

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерлiктiң дастаны,
Елiме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой.

Қайырмасы:
Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң - Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерiм бар.
Бiрлiгi жарасқан,
Тәуелсiз елiм бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгiлiк досындай.
Бiздiң ел бақытты,
Бiздiң ел осындай!

Қайырмасы:
Менiң елiм, менiң елiм,
Гүлiң болып егiлемiн,
Жырың болып төгiлемiн, елiм!
Туған жерiм менiң - Қазақстаным!

0 дауыс
Жақсы шығарма маған ұнады әсіресе  1 ріншісі
...