+5 дауыс
111k көрілді
Тақырыбы; табиғат - менің өз үйім
жоспары;
1 Табиғат - ана
2 Табиғат және адам
3 Жасыл желек

10 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге көтеріңкі сезім сыйлайтын салиқалы да салмақты сөзде қаншама терең тұжырым, ұлағаты мол ұғым, мағыналы да мазмұны ауқымды ой жатыр десеңізші!

Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя- бесігі, бар байлықтың ырыс, қазынасы. Ал, адам үшін табиғат ең қасиетті де, қастерлі ұғым!  Өйткені адамның өзін дүниеге алып келген аяулы да ардақты Анасы, сондықтан да адамның табиғатты «Ана» деп құрметтеуінде де өте терең танымдық та, тағылымдық және тәрбиелік мәні зор ұғым жатыр.

Туған жерді Анам демей не дейін,

Туған жерді панам демей не дейін.

Туған жермен асқақ менің ән-жырым,

Туған жермен асқақ менің мерейім.

(Жұбан Молдағалиев)

«Табиғат – Ана», «Жер – Ана», «Отан – Ана» деген киелі сөздердегі «Ана» деген сөздің қосылып айтылуында зор мән бар, яғни бұл сөздер адамды дүниеге әкелуші, әрі оған өмір сыйлап, өз перзенттеріндей аялы алақанымен аялап, жүректегі ең ыстық ықыласы арқылы бүкіл мейірім шапағатын арнайтын аяулы да ардақты «Ана» деген ұғымды нақтылай түседі. Табиғат, Жер – Ана, туған жер, атамекен, ауылым деген жанға жайлы, сезіміңді сергітетін сөздер бір-бірімен үнемі үндесіп, құлаққа жағымды естілетін бір-бірімен мағыналас мазмұны бай сөздер.

Белгілі ғалым, әрі жазушы Әсіп Сапабек ағамыз өзінің «Қазақ қасіреті» деп аталатын құнды еңбегінде «намысы жоқтың елі жетім, қорғаны жоқтың жері жетім»- деген халық даналығын келтіре отырып, нақтылы деректер арқылы қазақ жерінің қадір-қасиетін, оны қорғай білген данышпан бабаларымыз жайлы құнды деректерді көптеп келтірген. Әсіресе, біздің заманымызға дейінгі кезеңде өмір сүрген ғұндар ханы Мүде бабамыз өзіне көршілес ханның жер сұраған өтінішіне үзілді – кесілді қарсы шығып, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі кімді болса да ойландырмай қоймайды.

Мүде хан көрші ханның өтінішіне орай, «Жерді беру деген не сұмдық. Жер дегенің елдің тірегі емес пе? Жерсіз ел бола ма?... жер ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету. Жерден айырылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айырылу. Жерді беремін деу – ұрпақтың жауы! Қасиетті Жер – Ананы ел дұшпанына берейік дегендердің басы кесілсін! Қасиетті Жер – Ана үшін өлім ақ өлім! Жер берілмейді» - деген екен. Мұндай даналық ойды қазіргі кезде санамыздан тыс қалдыруға мүлде болмайды.

Бұрынғы ата-бабаларымыз Жер-Ананың, киелі судың қасиеттерін ерекше бағалай білген. Ертедегі Түрік қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшысы, әрі ойшыл кемеңгері Тоныкөкке (646-731) орнатылған ескерткіште мынадай жазу бар:

«Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су,

Бізді қорғайды, ойлану керек».

Мұндағы «Жер-Су бізді қорғайды»  деген сөздерде терең тұжырым бар. Халқымыздың сан ғасырлық өмірден түйген, көкірек көзінің сүзгісінен өткен даналық нақыл сөздерінің әрі дүниетанымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. «Ханның қасында болғанша, бұлақтың басында бол» - деген өсиет нақылда мағынасы мазмұнды ұғым жатыр емес пе?!

Ерте дәуірдегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы Күлтегін (684-731) өз елі мен жерін қорғауды ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған. Белгілі ғалым әрі ақын Әдібай Табылдиев ағамыз «Күлтегіннің өсиеті» деген жыр жолдарында арғы бабаларымыздың ұлағаты мол аманатын былай деп жеткізген:

...Жер - ананың гүлзары боп орнаңдар,

Ел - ананы басқыншыдан қорғаңдар.

Халқын бай қып көркейтіңдер сақталсын,

Алтын байлық өзен-көлдер, ормандар.

Халқымыздың табиғатқа деген ерекше жанашырлық сезімі бұрынғы  ата – бабаларымыздың өмір өнегесінен де байқалады. Күллі түркі халқының данышпаны саналатын 10-ғасырда өмір сүрген Қорқыт атаның артына қалдырған мұраларында «асқар тауларың құламасын, саялы ағаш сынбасын, қанаттарың қырқылмасын» деген ұғымдар да, туған жеріңнің табиғатын аялай біліңдер деген аталы сөздер.

Табиғатты аялау, оған үнемі жанашырлық сезіммен қамқорлық жасап отыру ата-бабаларымыздың ұрпақтарына ұран етіп қалдырған аманаты екендігін ешқашан да естен шығармауға тиіспіз.Өз заманының өнегелі ойшылы, әрі ғұлама ғалым, әрі ерен емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1397-1492) бабамыз «Шипагерлік баян» атты энциклопедиялық еңбегінде «жетіге тиіспеу» - деп арнайы табиғаттағы «көктемде өсіп келе жатқан өскінге», «көктемде көбеймелі жорғамаларға», «көктемде көрінген жорғалағыштарға», «көктемде көзі ашылған шикілікке» (балапандарға Р.С.) тиіспеу керектігін ерекше атап көрсеткен. Сонымен бірге, «Қырық бірге жуыспау» деген ескертпесінде «ордалы суманға (жыланға Р.С.)», «қордалықынамаға (құмырсқаға Р.С.)», «жалғыз ағашқа», «суықторғайға», «алдан өткен абаданға (қасқыр басқарушысына Р.С.)», «жаралы жыртқышқа», «обалы бар торшыға (өрмекшіге Р.С.)» және т.б. жұғыспау, яғни тиіспеу қажеттігін атап көрсетуінің мәні зор.

Шығыс ойшылы көрнекті ақын Әбу-л-Қасым Фирдоуси (940-1020/30) «құмырсқаны баса көрме, оның аузында бала-шағасына апара жатқан титтей дәні бар, ол да бір кішкентай өмірдің иесі ғой, осы құмырсқадан үлгі алыңыз» - деуі кезкелген адамды ойландыратынына шүбә келтіруге болмайды. Бұл арада көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Өз үйіңді қорлама» деген шағын тұжырым толғауы еріксіз ойға оралады:

- Адам да құстар сияқты өмірбақи алып байтеректің бір бұтағын паналап тіршілік етеді. Сөйте тұра, сорлылар, сол өзі паналайтын бұтақты балталап шаба береді. Бұтақ құласа, өзі құлайтынын сезбейтін қандай мақұлық?!..

Ойсыраған орны толмас бір кем дүние..

Қазақ халқының туған жерге, оның табиғатына деген ыстық ықыласы мен аялы алақанын, жүрек жылуын сөз еткенде біз ең алдымен даламыздың данышпан абызы Асан Қайғы Сәбитұлы (14 ғасырдың соңы 15 ғасырдың басы) бабамыз асқар таудай алыстан көрінеді. Сондықтан да, қазіргі кезде Асан Қайғы бабамызды қазақтан шыққан алғашқы «ел экологы» және «табиғат жанашыры» деп мақтануымызға болады. Оның желмаяға мініп алып «Жерұйықты» іздеуі, қазақ жерінің өзен-көлдеріне, кең байтақ даласына берген орынды бағасы осы күнге дейін өз құнын жойған жоқ. Бірде, көріпкел Асан Қайғы бабамыз Сыр өңіріндегі шөлді алқапты көзімен шолып тұрып, аңызақ желіне кеудесін айқара ашып былай деген екен:

Шөлге көшіп келесің,

Қиындыққа көнесің.

Өсіп-өнесің

Арықпен су әкеліп,

Тегістеп қырат – белесін.

Ағаш – бұта егесің,

Жердің төсін емесің.

Ерінбесең ертең-ақ,

Несібеңді шөптен тересің.

Әрбір халықтың өзінің кіндік қаны тамған, өркен жайып өскен жерінің табиғаты оның тұла бойындағы адамгершілік ақыл – ой парасатымен үнемі тамырласып та, тағдырласып та жатады.

Қазақ халқы өзі туып өскен жерін ерекше қастерлеп «Атамекен», «Атажұрт» - деп атауында қордалы қорытынды жатқандығы белгілі. Адамның бойындағы асыл қасиеттердің барлығы да өзінің атамекеніне, атажұртына деген шынайы сүйіспеншіліктен басталады.

Халқының азаттық алуына бар саналы өмірін арнаған алаш қозғалысының айбынды қайраткері, әрі жетекшісіМұстафа Шоқай (1889-1941)өз еңбектерінде «атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады», - деп айтуы қазіргі ұрпақтар үшін өнегелі өсиет...

Киелімдей жүретін кіл есімде,

Кір түсірме ел деген ұлы есімге.

Атамекен – бақыты балалардың,

Жеңіп алған сан ғасыр күресінде.

Күндерімен,түнімен, гүлдерімен,

Өзіңдікі ол сенің, білесің бе?

 (Күләш Ахметова)

Халық ұғымында «табиғат»- деген ұғым «туған жер» деген сөзбен мағыналас, әрі мазмұндас айтылады. Мысалы, «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердің түйе аунайтын топырағы да киелі, туған жердің түйе жейтін жантағы да киелі», «Жері байдың – елі бай», «Қара жер қарыз арқаламайды», «Жер – Ана, ел - бала», «Тозған жерде тоқшылық болмайды», «Күте білсең – жер жомарт» және т.б. Бұл арада асқан ақыл иесі Абай атамыздыңтөмендегі өсиетін келтіре кету өте орынды деп есептейміз. «...әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (Абай: Төртінші қара сөзінен) деген даналық тұжырымы ойға оралады.

Ата – бабаларымыз туған жерін жауға да, дауға да бермей, көзінің қарашығындай сақтай білгендігі жайлы аңыз – әңгімелер көптеп кездеседі.

... Заман бар ма тарихын тыңдатпаған,

Әр тарауы, әр жолы қымбат маған.

Жер деген бір тірі Адам,

Ана ғой ол – бәрімізді, әлдилеп, құндақтаған

–деп, ақын Серік Тұрғынбеков Жер – Ананың адам өміріндегі алатын орнын асқақ жыр жолдары арқылы жүрегімізге жеткізе білген.

Адам баласы дүниеге келгенде алғаш рет өзімен өзектес туған жердің ауасымен тыныстап, табанына туған жердің киелі топырағының табы арқылы бар жақсылық қасиеттер дариды. Олай болса, қазақ халқының жанының жомарттығы, кеңпейіл дарқандығы, қиялының ұшқырлығы, мұратының асқақтығы, пайым-парасаты, сезімінің мөлдірлігі кең байтақ даламызбен, көк айдынды өзен-көлдерімізбен, асқар биік тауларымызбен, көкорай шалғын жайлауларымызбен тікелей байланысып жатады. Халқымыздың біртуар асыл перзенттерінің бірегейі, тұғырлы тұлғалы Мұхтар Әуезов (1897-1961) өзінің 1918 жылы жазылған шағын мақаласында табиғаттың адам өміріндегі маңызын ерекше бір шабытты сезімімен толғана отырып жазып қалдырған: «Адамға қорек беретін – табиғат; адамның тұрмысын, кәсібін, жан сипаттарын һәм түрлі түрге салатын табиғаттың шарттары; әр халықтың мінезі, қылығы, салты, пейілі, талабы, жігері өз маңайындағы табиғат әсерінен пайда болады», - деп дөп басып айтқан.

Халқымыздың қайсар да, қажырлы ұлдарының бірі көпшіліктің көңіліндегі ой-толғаныстарды дөп басып, өз шығармаларына арқау ете білген жазушы ағамыз Шерхан Мұртаза өмірден көрген көңіліне түйген көпшілікке ой салар жәйттер туралы түйінді тұжырымдамалар топтамасынан тұратын кітабында: «...құмырсқа екеш құмырсқа да өз илеуін қорғайды. Ал адамдар өз үйін (табиғатты) қорлайды», - деп ойланарлық қортынды жасаған.

Халқымыздың табиғатқа етене жақын болуына тарихи қалыптасқан өмір салты да зор әсер еткен. Қазіргі кезде өзіміз иелік етіп отырған ұлан байтақ жерімізді ата-бабаларымыз аттың жалында, түйенің қомында жүріп білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғауы және оны сақтап қалуы тарихта теңдесі жоқ ұлы батырлықтың белгісі деп білеміз. Бабаларымыздың осындай асыл қасиеттерін бағалай білген ардақты ақын ағамыз Кәкімбек Салықов өзінің жүрегінен шыққан жыр шумақтарында өте орынды атап өткен:

Сұлу Көкше, өр Алатау арасы,

Бәрі тұтас қазағымның даласы.

Сонша жерді сойылымен қорғаған,

Бабаларым осал емес – ау шамасы...

Бұл жыр жолдарындағы жерді қорғау деген сөздер табиғатты қорғау деген сөздермен үнемі үндесіп жатады. Абзал ақын ағамыз Сапарғали Сырымбетовтың да төмендегі жыр жолдары да соны нақтылай түседі:

Батыр болған бабамнан

Ел қорғауды үйренгем,

Ару болған Анамнан

Ар қорғауды үйренгем.

Туып өскен ұям деп,

Жер қорғауды үйренгем!

Біздің қазіргі кезде күнделікті ауызымыздан тастамай айтып жүрген экологиялық мәселелерімізге қазақ халқы ертеден-ақ ерекше мән беріп, барлық тұрмыс – тіршілігін соған сәйкес жүргізе білген. Мысалы, «обал» және «сауап» деген ұлағатты сөздерді естен шығармау қажеттігін қатал ескерткен. Халықтың бұған ұқсас экологиялық тағылымы осы күнге дейін толық мәнінде зерделеніп зерттелмей келеді. Дегенмен де, халқымыздың табиғатты ұл – қызындай аялау дәстүрін Ысқақов Сұлтанбек, әкелі – балалы Нұрғали мен Қайрат – Дәрмен Сарыбаевтар, Ақпанбек Ғұзыхан, Сейдімбеков Ақселеу, Рысбай Сәтімбеков және басқалардың еңбектерінен кездестіруге болады.

Ғұзыхан Ақпанбек халықтың экологиялық тағылымын былайша суреттеп берген:

                            Көшкен кезде жерошақты,

                            Тегістейтін, топырақпен жабатын.

                            Жанды, жансыз бар ғаламның,

                            Бабын, тілін табатын.

                            Жөнсіз іске жалтақтамай,

                            Бірден тыйым салатын.

                            Білгендері  кез келгенді,

                            Жамандықтан тыятын.

                            Бар тыйымның түсінігі,

                            «Обал» деген жалғыз сөзге,

                            Жалғыз сөзге сиятын.

Әрбір табиғат байлықтарына және оның жеке туындыларына да арнайы айтылатын экологиялық тыиым сөздер халық арасында кеңінен таралған. Ондай тыйым сөздердің тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор. Мысалы, күнделікті өз мұқтажымызды өтеп жүрген ауыз судың тазалығын сақтауға арналған көптеген тыиым сөздер «суға түкірме», «суды ластама», «бұлақты былғама», «су ішкен құдығыңа түкірме», «өзің ішетін суға өлген ит тастама» және т.б. бар. Осы айтылған әрбір сөзде ұлағатты ұғым, қаншама терең мағына жатыр десеңізші!

Халқымыздың әрбір экологиялық тиым сөздері халықтық тәрбиенің қайнар көзі. Мұндай өнегесі мол экологиялық тиым сөздерді балалардың жүрегіне жеткізуді жыр жолдары арқылы ақын Өтепберген Ақыпбекұлы (1950-2007) былайша өрнектейді:

                            Пір тұтып табиғат – Ананы,

                            Пұшайман күйге оны түсірме.

                            Пайдалы іс істе саналы,

                            Пәк болып, жер, суға түкірме!---

                            Пәк болу – адалдық ұққанға,

                            Пейілмен зейін қой білімге.

                            Парасат пайыммен құстарға,

                            Пана бол, үркітпе бірін де!---

Халқымыздың ырымында түнде су әкелу қажет болған жағдайда су алуға барған адам суды қастерлеп оған тас лақтырып, ұйқысынан оятып барып, одан соң су атасы Сүйлейменнен рұқсат сұрайды. Олай етпеген жағдайда алған су арам болады деп есептелген:

                            Су атасы – Сүлеймен,

                            Айдыныңа тас аттым.

                            Рұқсат ет балаңа,

                            Су алуға болама?

                            Түн ұйқыңды ояттым.

                            Тұнығыңды қорғаймын,

                            Лайласам оңбаймын.

                            Су атасы – Сүлеймен,

                            Рұқсат ет балаңа,

                            Су алуға болама?-

деп, үш рет қайталап, алдын ала су иесінен кешірім сұраудың өзінде де қаншама тәрбиелік өнеге жатыр.

Ертеде Сыр өңірін құтты қоныс еткен бабаларымыз «Сырдың суын екі жыл ішсең, ішіңе алтын байланады» - дейді екен. Ал, Сыр алқабының қазіргі жағдайына қарап, жергілікті тұрғындар «Сырдың суын екі ай ішсең, екі елі тұз байланады» - деген уәжді айтады. Мұның өзі де өмірден алынған ащы шындық!

Табиғаттың аса бір құнды байлықтарының бірі – орман – тоғай. Орманды «жер сәулеті, әрі ел дәулеті»- деп, ерекше қастерлеген. Мысалы, «көкті жұлма», «көкті таптама», «орманды отама», «жалғыз ағашты кеспе», «бауға балта шаппа» және т.б. Мұндай тыиым сөздердің бәрі де адамның  бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ұмтылған ұлағаттылықтың бір белгісі деп түсінген жөн.

Табиғаттың қадір – қасиетін тереңінен түсінген халқымыз табиғаттың өзін де ұлы ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші санап, оны күнделікті ұрпақ тәрбиесіне орынды пайдалана білген. Тіпті бала құрсақта жатқан кезінен бастап-ақ ана мен оның құрсағындағы нәрестені мәпелеп, ренжітуге тыиым салынған.  Өмірде көргені мен көңіліне түйгені бар ардақты аналар аяғы ауыр өз келіндеріне «биік тауға қара, көңілің өседі, көңілің өссе дүниеге келер нәресте кеңпейілді болады. Жайқалған жасыл желекке, жайнаған гүлге қара, сәбиіңнің жүзі жарқын әрі шырайлы болады. Бұлақ көзін ашып жүр, балаң қайырымды болады» - деп, өсиет – өнегесін үнемі айтып отырған.

Табиғатты аялау дәстүрі Асан Қайғы бабамыздан кейінгі ақын-жыраулардың  ой-толғауларына да алтын арқау болған.

Қожаберген Толыбайұлы жырау (шамамен 1663-1763) өзінің «Баба тілі» деген дастанында:

Мұсылманның үлгісі,

Ақиқат пен шариғат.

Үгітімді ұқ бозбала,

Бұзылмасын табиғат!

Туған жердің табиғатының тағдыры талай кемеңгер қол да, жол да бастаған бабаларымызды толғандырғаны тарихтан белгілі. Жоғарыда аты аталған атақты сыншы Толыбай бабаның ұрпағы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» атты дастанында да туған жердің табиғатын қорғау және оның табиғатына деген сүйіспеншілік сезімі ерекше әсерлі айтылған.

Пір Бекет Ата Мырзағұлұлының  (1750-1813) да табиғатты аялай жүріп, істеген әрекеттері туралы аңыз-әңгімелер көптеп айтылады. Ол өз ұстазының келер жылға жетерлік отын әкел деген тапсырмасын орындау кезінде Бекет ата аздаған қураған ағаштарды жиып әкеледі. Оның мән-жайын  сұраған ұстазына, жас ағаштарға жаным ашып кесуге қимадым, сондықтан да тек қураған ағаштарды ғана алдым деп берген жауабына ұстазы да әбден риза болған екен.  Бұдан асқан аса зор адамгершілік бола қоймас!

Елді қорғау, жерді қорғау дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жалғасып, сабақтасып, келе жатқан өмір шындығын жырға қосқан жыраулардың толғауларында да ерекше орын алған. Мысалы, Сыр сүлейлерінің бірегейі –Нұртұған Кенжеғұлұлы (1887-1930) бабамыз: «байладым басты өлімге, мақпалдай шөбі түрленген атамекен жер үшін» - деп толғайды.

Бабаларымыздың өз ұрпақтарына қалдырған өнегелі өсиеттерінде де туған жердің табиғатының тағдыры ерекше орын алады! Мысалы, мына аталы сөздердің тәрбиелік мәніне зейін қойып көрейікші!:

Қылса да дұшпан қастығын,

Жолдасы бол жақсының.

Елді, жерді қорға деп,

Балам саған тапсырдым.

Халқымыздың табиғатқа деген аса зор сүйіспеншілігі және табиғатты көзінің қарашығындай сақтап келуі жайлы құнды деректер қазіргі өскелең ұрпақтарға үлгі-өнеге боларлық даналық асыл мұралар, ұлағаты мол ұғымдар, мағынасы терең мақал-мәтелдер, ғибратты  нақыл сөздер, ақиқатты аңғартатын аңыз- әңгімелер арқылы жетіп отырды. Осындай асыл мұралардың дүниетанымдық та, тағылымдық та және тәрбиелік те мәні өте зор. Өйткені ата-бабаларымыз өздері туып өсіп, туын тіккен қасиетті атажұртының табиғат тағдыры сезімін сергітіп, жүрегіне қуат, көңіліне шуақ беріп отырған.

Халқымыздың табиғатқа деген зор сүйіспеншілігі табиғаттың көркем келбетін, арайлы ажарын, сұлу сымбатын көріп сезіне білуінен адамның бойында қажыр - қайрат, көңілінде сергек сезім орын алады. Табиғаттың сұлулығы адамды жақсы сезімге бөлейді де,  өмірге деген құштарлығы арта түседі.

Халқымыздың қажырлы да қайсар, батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы  (1910-1982) атамыз «Сұлулық дегеннің тамыры табиғаттану деген нәрседе жатыр. Мысалы, гүлді алайық сол гүлдерге біз сұлу емессің деп айта алмаймыз. Ол табиғаттың жасаған сұлулығы. Аңдардың ішінде де сұлуы аз емес. Құстарды алып қарағын. Олардың ішінде де қаншама сұлулық бар. Сол себепті, қарағым, сұлулық деген нәрсенің өзі табиғаттың жасаған шеберлігі (творчествосы). Осы күнде ғалымбыз деп  жүрміз, бірақ табиғатқа қарсылық ету күнә» - деп, табиғат сұлулығын сезіне білуге және оны аялы алақанмен аялай түсуді кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған.

Бауыржан Момышұлы бабамыздың өз келіні зерделі де зейінді Зейнеп Ахметова бір естелігінде атасының айтқан әңгімесін есіне түсіріп:

- Ертедегі ата-бабаларымыз Тәңірге табынып, табиғатты өзінің асыраушысы, өмірінің мәні мен сәні ретінде қасиеттеп, кие тұтқан. Олар табиғат ананың тылсым тынысын тыңдап, үнін естіп, қат-қабат құпия сырларын ұғуға құлшыныпты. Әлемдегі ең ұлы кітап – жаратылыстың өзінен оқып, тағылым алып, тәжірибе жинапты.

- Еш нәрсенің себепсіз жаратылмағанын, белгілі бір мақсат-міндетті атқару үшін келгенін түсінген. Көргенін, түйгенін жүрек көзінен өткізіп, ақыл тезіне салып, ой қорытқан, байламдармен болжамдар жасаған. Сол күнделікті түйсінген ұғым түсініктері негізінде әлем тіршілігі жайлы, болмыс туралы дүниетанымы қалыптасқан. Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-тыйымдары, үрдістері пайда болған. Түп бабаларымыздың бізден артықшылығы олардың табиғаттан бөлінбегендігінде. Адам мен жаратылыс арасындағы көзге көрінетін-көрінбейтін тығыз байланысты бұзбаған. Табиғатқа зорлық жасап, «бермесін тартып аламыз» деп қатыгездік көрсетпеген. Табиғаттың тепе-теңділік заңдарын сақтауды бізден артық білгеніне күмәнім жоқ деп сеніммен айта аламын...

Табиғаттың алып тұлғасына, оның ғаламат күші мен керемет көркіне, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемінің бітіміне зор мән берген ата-бабаларымыз өзінше бір жан иесі жыланның да қыр-сырларын жақсы  білген бе деймін. Мысалы, қазақтар үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып, шығып кетуіне мүмкіндік жасайды...

Қазақ халқының қара сөзінің хас шебері Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов  (1902-1985) өз шығармаларында халқымыздың бойында ежелден қалыптасып, ұрпақтан –ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл адамгершілік қасиеттерініңбірі – табиғатқа деген ерекше сүйіспеншілік, табиғатты жүрек жылуымен, аялы алақанымен аялай білетіндігін өз шығармаларына  алтын арқау еткен аптал азамат.  «Қазақ деген ел – бостандық, азаттықты сүйетін, даланы, таза ауаны сүйетін, таза суды, таза көгалды сүйетін халық» - деп, тебірене жазды. Ол 1944 жылы Қарағанды өңірінің бір топ маңдайалды майталман ақындарын республикалық ақындар айтысына әкеле жатып, солардың арасындағы Жолдекей деген ақынның аузынан «Домбыра сазы» деген өлеңді жазып алады. Ол өлеңді сол кездегі құйтырқы солақай  саясатқа қарсы келер деген оймен көп уақыт бойы жариялай алмайды. Кейіннен жампоз жазушы осы өлеңді «қазіргі табиғат байлығын аялау қажеттігі туындаған кезде жарияла деп тұрғандай көрінді» - деп, «Ел аузынан» - деп аталатын аса құнды кітапта басып шығарды.

... Домбырам сазы қара орман,

Қарағайлы, қайыңды,

Ұяңдай қысқы мекенің,

Құтырған желден пана сол.

Күн күйдірсе пана сол,

Балта даусы шыққанда

Ойбайлайды домбыра –

Орманға тиді арам қол!

Зар қағады домбыра!

Тарт орманнан қолыңды!

Қара орманға ие бол...

Осы өлең жолдарында қара орманның қасиеттері мен адам өміріндегі ерекше маңызы – айшықты жыр жолдарымен барынша нақты айтылғандығы бірден-ақ байқалып тұр.

Халқымыздың ұғымында «қара жер», «қара орман», «қара қазан» деген сөз тіркестеріндегі «қара» деген сөз «киелі», «қасиетті» деген ойды білдіреді. Талай ғасырлар өзіне сая боған орманды халқымыз «қара орманым» - деп ерекше қастерлеген. «Бабалар еккен шынарды, балалары саялайды» – деп, әрбір ағаштың өзін де аялауға үйреткен. «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген өсиет сөздерде де зор мән бар.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

+8 дауыс

Табиғат – менің өз үйім

Тіршілік иелерінің бәріне де қорек, ауа, су, жылу, жарық қажет. Бұл тіршілік қажеттерін олар табиғаттан алады. Осының өзі де адам, өсімдік пенжануар сияқты тірі табиғаттың перзенті екеніне дәлел бола алады.

Табиғатқа тау, тас, ауа, жан-жануар, шатырлаған найзағай, жауын-шашын, ақ ұлпа қар сияқты құбылыстарды жатқызуға болады.Осы құбылыстырды төрт мезгіл арқылы баяндай аламыз.

Астанамның көгінде

Алаулаған күн қандай!

Бұлбұлдары сайраған

Бұйраланған бақ қандай!

Теректері жайнаған

Жасыл бантик таққандай

Самал желмен таранған

Қызғалдақты қыр қандай!

Жер бетіне сан алуан

Жалау өсіп тұрғандай.

Көктем –шуақты мезгіл. Көктем келіп, жер беті жаңарып, әдемі түрге енеді. Құстар сайрап, барлық жан –жануар, тіршілік оянады. Көк шөп шығып, бәйшешек, ағаштар гүлдеп, мал төлдейді. Жылғалардан су ағып, сең жүреді. Күн күркіреп, найзағай ойнап, жауын жауады.

Маусым айы- жаздың басы. Сенің туған жерге саяхат-жорығың да осы айда басталады. Кешқұрым дала түрлі қимылдарға толады. Мал қораға келеді.

Түні қандай тұнық десеңші! Ай сүттей жарық. Шартабақтай жарқырап, түнімен жер бетіне күміс сәулесін төгеді де тұрады.

Арайлы таңды айтсаңшы, шіркін! Сен елең – алаңнан оянып, жаз таңын қарсы алып көрдің бе? Күн шығыс жақ балқыған нұрға бөленеді. Таңмен бірге оянған бұлбұл әні көңілді әлдилейді. Гүлдер де бой түзеп, таңғы ауаны құшырлана сіміреді.

Құстардың шырылдаған әсем үндері естіледі.

Алқаптарда қалықтаған үйме-үйме шөмелер жапырлайды. Тау-тау маялар бой көтереді.

Аспанда қалықтаған бұлт аз. Күнтас төбеге көтеріледі де,жер беті жетіле түссін дегендей, мол нұрын төгеді. Күн айналып жерге түскендей ыстық болады. Жеміс-жидек, алма, өрік сары ,қызыл бояулармен бояна бастайды.

Бау-бақшаға кірсең, орман араласаң, самсаған жидекке қарық боласың. Осындай   шілденің дастарханына тамыз өз шашуын дархан дастарханына тамыз өз шашуын шашады.

         Тамылжыған жас иісті,

         Жазғы жасыл көк дала

         Жайылған жібек кілемдей,

         Қызылды-жасылды, көк ала.

Жазда күн ұзақ, түн қысқа. Күннің ыстығы сонша күшті, құм да, тас та қызып кетеді.

Күз-барлықтың, байлықтың айы. Қиырына көз жеткісіз алтын толқынды теңіздерде мыңдаған « дала кемелері» жүзіп жүр. Қырманын астыққа толтырған диқанның қуанышы қойнына сыймайды.

Бұл мезгілде құс атаулының  көші басталады. Ұзақ сапарға шығатын достарына жол жоралғысын жасап, суық торғай мазасыз күйд. Оларды шығарып салып, шыр-пыр болып жүр.

Сұрағыңызды өзгерткеніме ренжімеңіз! Оқығанға ыңғайсыз екен.
Қалай біреудің  сурагын озгертеді?
Белгісіз
+2 дауыс
Табиғатты аялау - халық даналығы

 Па, шіркін, табиғаттай бар ма дана!
                                                                                                                    Перзентке бар жемісін арнады ана ,
                                                                                                                  Қажыған шөбін шауып, егін орып ...
                                                                                                                  Қар ете түскелі  тұр шаруа дала
                                                                                                                                          Қадыр Мырза Әли
   Табиғат дегеніміз - бұл  біздің санамыздан  тыс, бізге бағынбайтын, біздің  өмірімізге тірек болып, тұрған болмыс , адамның бойына  қуат, көңіліне  шабыт, сезіміне   ләззат шапағатын ұялататын  сұлулық пен әсемдік әлемі. Табиғат  адам баласын дүниеге келтіріп бойындағы  махаббат мейіріммен,  күн шуағын  жүрегімізге   ұялатқан - Аяулы  Ана.
   Адам  мен табиғат әрқашанда егіз. Табиғатты қорғаушың, асыраушың  деуге де болады. Ата - бабамыз " Жер - қазына, су - алтын, мал - байлық ", - деп өсиет айтып келгені  тегін емес.
    Бүкіләлемдік  тіршіліктің  төрт құдіретті негізі бар. Олар: күн - ана, жер - ана,  ауа мен су. Адамзат күнделікті   тіршілігінде  осы төрт құдіретке сүйенеді.  Егер осы төрт негіздің  біреуі болмаса,  тірішілік тоқтайды.  Сондықтан адамзат  Күнді, Жерді  анадай ардақтайды. Күн -барлық   тіршіліктің  құдіретті тіргегі. Оның нұры - сәулесі, құдіретті күші - от.
      Әлемдегі барлық тіршілік оттың    күшімен  қозғалысқа  түсіп,  адам  өмірін өркендетіп тұр.  Отты дана халқымыз қастерлеп,  отты баспа , отпен ойнама , отқа түкірме  деп ырым,  тиым жасап, кесір-қырсықты  отпен аластатып, отқа табынған. Отбасы, отағасы, отау деген сөзден отты қастерлеуден шыққан.
      Ал жер-ана  тіршілікке  нәр  беріп,  анамыздай асырап жатыр. Қазақ халқы жер-ананы  әулие тұтады. "Баптағанға - жер жомарт " ,   "Жері байдың - елі бай  ",  "Туған жер - алтын бесік "   деп жер-ананы  аялайды.
      Жер - жаһамадағы  тіршіліктің нәрін сіңіріп, өмір сүрудің  тірегі болып тұрған құдірет - су. Өмірге ең қымбат,  ең қажетті  болғандықтан,  халық судың шығып жатқан  жерін "әулие бұлақ " дейді. Халқымыздың  суға байланысты қаншама даналық  нақыл сөздері  бар десеңізше:  "Су бар жерде  өмір бар " , " Сусыз  өмір тұзсыз аспен тең ",  "Өзің ішетін суға өлген ит тастама ".
      Жан дүниенің  өмір ырғағын  жасап тұрған келесі құдіретті нәрсе - ауа.  "Ауа - өмір тынысы " дейді халық. Ең қымбатты, қажетті нәрсені   "ауадай қажет " деп халық ауаны қымбаттың қымбаты деп бағалайды.
      Халқымыз  ежелден - ақ  көптеген  жануарларды аялап, қамқорлыққа  алған. Оларды жақсылықтың  жаршысы, бақыттың бастамасы деп дәріптеген. Олар: далаға ажар берген ақбөкен,  ән мен сәннің иесі - бұлбұл, су аруы немесе махаббат рәмізі - аққу.
      Қазақ халқы - табиғатты аялаған халық. Ата - бабаларымыз арттарына табиғатты қорғау туралы туралы әр түрлі өсиет сөздер  қалдырып кеткен. Айта кетсек:
  "Көкті жұлса" көктей соласың" деп жамандыққа жориды", "Суға түкірме, өйткені  бұл суды  қайта ішуге  тура келеді",  "Бақаны өлтіруге болмайды,  жаңбыр жауады"  деген көптеген  өсиет сөздер мәңгі  мұра болып қалды.
      Табиғатты аялау, көркейту жұмыстарында  ата-бабаларымыздың  ежелгі экологиялық қағидаларына арқа сүйгеніміз  жөн.
    Табиғатты  аялау - әрбір  адамның абыройлы да  азаматтық  парызы. Табиғат  сүйе білген,  оны аялы алақанымен   аялы білген  адамның ары да жаны да  таза болады.
      "Бабалар еккен  шынарды  балалары  саялайды", "Атаңнан  мал қалғанша,  тал қалсын"  деген  ұлағатты мол ұғымдарды  ұмытпайық.
                           Жасыл  бақтың  бағалап  қасиетін,
                           Наурыз келсе  оң ағаш өсіретін,
                           Бабалардың  жыл сайын  жалғастырып
                           Ұмытпайық өнеге - өсиетін
+2 дауыс
Туған жер  жайлы  жыр да , қара  сөзбен  жазылған  шығармалар  да  әрбір  халықтың әдебиетінде  молынан  кездеседі.

   Бұған  біз  әр  халықтың  туған   жерін   ардақ   тұтып ,  анасындай   қастерлейтінін  байқағандаймыз.
Біздің  қазақ   халқы   да   туған   жер қадірін жас  ұрпақ бойына, санасына  бала кезінен ак  сіңіруге  ұмтылатындығын  туған  жер  жайлы   мақал мәтелдерден,   аңыздар  мен   батырлық   жырларынан  көреміз.  "Ит  тойған жерине, ер тойған жеріне" , немесе  : "Туған  жердей  жер болмас ,   туған  елдей  ел  болмас" , деп ,  ерекшелеп   көрсетеді.
Туған  жерін  сағынғанда    патшалығын  да  тастап ,  елге  тартқан  Бейбарыс  баба  туралы  аңыз   да  жүрекке  жылы.

     Бұлардың  бәрінен   шығатын  қорытынды     әркімге   туған жері ,   туған  елі  қымбат  екендігін  деп  ойлаймын.
     Егеулі   найза   қолға    алып,   еңку еңку  жер   шалып, ел  қорғаған  батыр   бабаларымыз   бен   аналарымыздың  бізге   қалдырған   аманатындай  туған    елімізді   қорғау  ,    нығайту -  әрбірімізге     парыз.
   " Елің  үшін  отқа түс күймейсің"  дегендей,   туған   елінің  бостандығын ,   жерінің   азаттығы  үшін   күрескен   әр  замандағы   ардақты  ерлерін    туған  елі  ешқашан   ұмытқан  да  емес,  ұмытпақ та емес?

менің  өмірлік  мақсатым     туған   жерімді  үлкен  белестерден   көрсету,  елімнің   баянды   бақыты  үшін  жан  аямай  еңбек  ету.           
   Туған  жерді  біздер  ,  жас ұрпақтар  сүймесек,  оның  ертеңі  не  болмақ?!
   Туған   жер  туралы   толғанысымды "  өлеңі  өртке  тиген   дауылдай" Қасым  ақынның   жырымен  аяқтамақпын.  

   Мен  де  өзіңдей  байтақ едім, кең едім,
   Қызығыңды   көріп еркін келемін.
    Сен де  аямай  бердің  маған  барыңды ,
   Мен де  аямай  барым  саған беремін
+4 дауыс
Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз үғым қалыптаскан. Жерді өз Анасындай, Анасын Күндей қастерлеу Ата қостаған салтымыз. «Жер шоқтығы – Көкшетау», «Жер жаннаты – Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген.

Сондықтан орман-тоғайларды сақтап, қоршаған ортаның, өзен мен көлдердің ластанбауына ерекше мән берген.

«Су ішкен құдығыңа түкірме»

«Бұлақ көрсең, көзін аш»

деп, жас ұрпақтың бойына табиғатты қорғаудың тәрбиесін сіңірген.

Табиғатта үздіксіз өзгерістер болып жатады. Мысалы, жанартаудың атқылауы , найзағайдың жарқылы, судың м9зға айналуы сияқты құбылыстар табиғаттағы өзгерістерді көрсетеді.

Аспан денелерінің қозғалысы, гүлдердің шешек атуы, ағаштың жайкалып өсуі, өзеннің тасуы немесе көлдердің тартылып суалуы – осылардың барлығы да қоршаған ортадағы өзгерістер.

Әлемде орын алатын сан алуан өзгерістер табиғат құбылыстары деп аталады.

Табиғат қүбылыстары бір-бірімен тығыз байланысты. Оларды физика, астрономия, география, геология, биология, химия сияқты ғылымдар зерттейді. Әр ғылымның табиғатты зерттеуде өз мақсаты мен міндеті бар. Мысалы, физика негізінен механикалық қозғалысты, жылу, электр, жарық құбылыстарын зерттейді. Физика ғылымы зерттейтін табиғат құбылыстары физикалық құбылыстар деп аталады.

Физика басқа да жаратылыстану ғылымдарымен өзара тығыз байланыста болады. Мәселен, географияда физика заңдарын өзендердің қалай ағатынын, желдің қалай пайда болатынын түсіндіру үшін қолданады. Сол сияқты биологияда физика заңдарын пайдаланып, хайуанаттардың қалай қозғалатынын және көру мүшелерінің қалай жұмыс жасайтынын түсіндіреді.

Сондықтан физика заңдары мен құбылыстарын инженерлер, конструкторлар, дәрігерлер, агрономдар, көлік жүргізушілер және т.б. көптеген мамандар оқып пайдаланады.

Астрономия ғылымы физика заңдарына сүйеніп, бақылайтын аспан денелері мен құбылыстарының табиғатын түсіндіреді. Олардың қасиеттері мен көрінісін ұғындыруға, құбылыстардың себеп-салдарын ашуға тырысады.

Мысалы, физика мен астрономияға ортақ құбылыстар – күн мен түннің ауысуын және Күннің түтылуын қарастырайық. Жарық күн мен қараңғы түннің алма-кезек ауысуының себебі Жердің өз осінің төңірегінде үздіксіз айналуы болып табылады.

Жер өз осін бір тәулікте (24 сағатта) толық бір айналып шығады. Жердің айналуы барысында оның Күн сәулесі түскен беті жарық болады да, ал қарсы көлеңке бетін түн басады. Сөйтіп күн мен түн үнемі алмасып отырады.

Ертеде адамдар күн мен түннің алмасуын Жерді төңіректеп Күннің айналуынан деп қате түсіндірген. Шындығында, Жер бір жылда (365 тәулікте) Күнді бір рет айналады. Жыл мезгілдерінің ауысуы Жердің Күн төңірегіндегі қозғалысына байланысты туындайды.

Күннің түтылуы да табиғат құбылыстарының бірі болып табылады.

Ал табиғатпен адам қатар ұғым. табиғатсыз адам , адамсыз табиғат өмір сүруі мүмкін емес. Себебі адам өз керектісін, қажеттісін табиғаттан табиғи күйінде немесе өндіріп алады. Адам табиғаттын бір бөлшегі болып табылады. Табиғатты қорғау, табиғатты сақтау болашақ жастар біздің қолда
Таза болса табиғат – аман болар адамзат

Табиғат , сен – тіршілік, тұнып тұрған,

Сен – күнсің, көтерілген күліп қырдан,

Сен – көлсің,

Сен – ормансың,

Сен – бұлбұлсың,

Адамға сұлулықты шын ұқтырған, -

деп ақын ағамыз Садықбек Хангелдин жырлағандай табиғат күллі тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя бесігі, құт-берекесі. Адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым. Өйткені, адамның өзін дүниеге әкелетін аяулы да қадірлі жаны анасы болса, адамның табиғаты «Ана» деп құрметтеуінде өте үлкен мән жатыр, Адам – табиғаттың бір бөлшегі әрі ғажайып туындысы. Адамның табиғатсыз өмір сүруі мүмкін емес. Себебі, адам өзіне керекті, қоректі заттардың бәрін табиғаттан алады. Сондықтан табиғат пен адамды бөліп қарауға болмайды. Әсіресе, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін табиғатсыз елестету мүмкін емес. Сан ғасыр бойы халқымыз кең далада өзін аялаған табиғат аясында көшіп-қонып тіршілік еткен. Табиғаттың сан алуан құпия сырларына үңіліп, өзіндік ой түйген. Сол арқылы табиғат заңдылықтарына үндесіп, бірлікте өмір сүрген. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысқан халқымыз өз кәсібін табиғатпен үйлесімді жүргізіп отырған. Табиғатқа аялы алақан, жылы жүрек сезімі, көздің қарашығындай қамқорлық керек екеніне ерекше мән берген. (1-сурет)

Өкінішке орай, қазіргі таңда табиғатқа көңіл бөлінбей, жанашырлық танытылмай отырған жайы бар. Бүгінгі күн бүкіл адам баласын ойландырып отырған үлкен экологиялық мәселелер бар. Дүниежүзінде туындап

отырған ірі экологиялық зардаптарды айтпаған күннің өзінде, бір ғана өз елімізде шешуін таппай отырған экологиялық мәселелер ұшаң-теңіз. Семей полигоны мен Арал теңізінің құрғап кету мәселесін былай қойғанда, күнделікті ауа мен судың ластануы, ормандардың отқа орануы, кейбір жануарлар мен өсімдік түрлерінің жоғалып кету қаупі, тіпті, қоршаған ортаның көң-қоқысқа көмілуі – осының бәрі кезек күттірмейтін үлкен экологиялық мәселелер. Бұл мәселелердің адам өмірінде маңызы зор. Адам табиғатқа тәуелді әрі тығыз байланыста болғандықтан, аталған мәселелерді шешіп, өзі өмір сүріп отырған табиғат – үйіне қамқорлық жасауы тиіс.

Таза болса табиғат –

Аман болар адамзат, -

деп ақынымыз Фариза Оңғарсынова айтқандай, қоршаған ортаның, табиғаттың неғұрлым таза болуы- адамзат денсаулығының мықты болуының кепілі. Яғни, адамдардың амандығы, көтеріңкі көңіл күй мен ерекше шабытта, күш-қуатта болуы табиғат тазалығымен тікелей байланысты. Табиғаттың ластануы адам денсаулығына, өсімдіктердің өсуіне, жануарлардың тіршілік етуіне зиянын тигізеді.

Осындай экологиялық зардаптар Павлодар өңірінде де кеңінен байқалады. Әсіресе, ауа мен судың ластануы жоғары деңгейде. Негізінен ауа екі түрлі жолмен – табиғи және адамның іс-әрекет нәтижесінде ластанады. Ауаның табиғи жолмен ластануы вулкандар атқылағанда, тау жыныстарының үгітілуінен, шаңды дауылдан, орман өрттерінен болады. Алайда бұл ластану атмосферадағы газдардың тепе-теңдігін бұза алмайды. Ал, ауаның адамзат әрекетінің нәтижесінде ластануы атмосфера үшін ең қауіпті. (2-сурет). Оларға өндіріс, көлік және тұрмыс қалдықтары жатады. Бұл кезде ауаның төменгі қабаты көбірек ластанады, өйткені оған өндіріс орындарының шаң-тозандары күнде қосылып отырады.

Павлодар облысы ірі өнеркәсіп орталығы саналады. Онда зауыт-фабрикалар көп орналасқан. Одан шыққан түтін мен шаң-тозаңдар ауа мен топырақты ластауда, ал қалдық сулары өзен-көлдерге ағызылып, ауыз

су мәселесін туындатып отырғаны белгілі. Бұл адам денсаулығы мен өсімдік, жан-жануарлар дүниесінің бірқалыпты тіршілік етуіне үлкен зиянын тигізіп отыр деген сөз. Сондықтан да ауаны ластамай таза ұстау – барлық адамзаттың алдына қойылып отырған түбегейлі міндеті.

Сырттан келушілердің көзін арбап, көрген жанды тамсантпай қоймайтын Сарыарқаның төсіндегі табиғаты ерекше – Баянауыл жері де осы Павлодар өңірінде. Баянауылдың табиғатына қандай теңеу айтса да жарасады. Оның қыратты адырлары мен орман-сулы өлкесі, шипалы таза ауасы мен қарағайлы таулары кім-кімді болса да баурап алары сөзсіз. Бірақ еліміздің мақтанышы, жұмағы болып отырған осы өңірдің де экологиялық жағдайы мәз емес. Оны біз күнделікті ақпарат құралдарынан оқып-біліп отырамыз.

Ел қамын ойлайтын азаматтардың «Баянауыл көң-қоқысқа көмілуде» деген жан айқайы жиі естіліп қалады. Шынында да, Баянауыл ауданындағы елді мекендер мен шаруа қожалықтары көң-қоқыстың арасында жа

тыр. Ауызсу құдықтары мен бұлақтары да қорғауға алынбаған. Ұлттық парк аумағындағы ірі деген төрт көлдің барлығы ұзақ жылдар бойы ластануда. Өндіріс мұржаларынан шыққан зиянды түтін мен ластанған су, то

пырақ тұрғындардың денсаулығына қауіп тудыруда. Баянауыл жеріүлкен демалыс-сауықтыру орны болғандықтан, жаз айларында демалушылар көп келеді. Алайда, олардың ешқайсысы қоршаған ортаның таза

лығына көңіл бөліп отырған жоқ. Сол елдің тұрғындары өз туған жеріне, қоршаған ортасына аяушылықпен қарамаса, басқа адамдарды ол ойландырмақ емес. Жер жаннаты аталатын, киелі жеріміз Баянауыл өңірі осындай экологиялық зардаптарға толы болса, басқа жерлердің жағдайы турал
0 дауыс

Таза болса табиғат –аман болар адамзат!
Табиғат – адам.
Табиғаттың тынысы кең, тілі бай,
Ауасының шәрбатын - ай, тұнығы - ай!
Бұлбұл болып сайрап кетсе, ал бірде,
Адамдарша сөйлейді екен, күнім - ай!

Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын ұясы және аялы есігі, қуатты қонысымен өсіп - өнер мекені. Ол жалпы адам баласының ортақ қазынасы.
Өсімдіктер. Жануарлар. Таңғажайып құбылыстар. Көркем көріністер. Бәрі-бәрі табиғаттың бір бөлігі. Әр адамның «шыр» етіп дүниеге келгені, «Ана» деген сөзді алғаш айтқаны, тәй - тәй басып оқу - білімге жол ашқаны – табиғаттың кең пейілі, мейірімі емес пе? Мен де қоршаған ортаның, табиғаттың таңғажайып құбылыстарын, өсімдіктері, жануарларын біліп, көріп өсіп келе жатқан ұрпақпын.
Табиғатты аялап, керегін жаратып, күнін көріп, мейірлене қараған еңбекшілерге риза болып, рахмет айтамын. Кейбір балалар табиғат – тіршіліктің көзі екенін білмейді, мән бермейді. Мұндай балалардың өмірге, табиғатқа деген көзқарасы олқы болып келеді. Табиғаттың бізге берер көмегі мол. Ал, біз соны тиімді пайдаланып, көптеген жетістіктерге жетіп жатырмыз!
Табиғатқа жыр арнаған ақындарымыз қаншама! Осындай өлең жолдары менің жүрегімде де табиғаттың ең бір көркем мезгілі көктемде жыр боп туды.

Көктем келді ауылға,
Шелектеп құйды жауын да.
Бұзауы қалып, сиырлар,
Қосылды барып табынға.

Күлімдеп күн де аспанда,
Мейірім нұрын шашқанда.
Бүр жарып мынау тал - дарақ,
Бусанды жібіп тастар да.

Жылғалар салды бір әнді,
Көбелек билеп бұралды.
Балауса сұлу қыз - көктем,
Мезгіл - ау жұртқа ұнамды.

Кең даланы күн шуағына малындырған көктемде сайраған құстар, жасыл шөп, түрлі - түсті сарғалдақ, қызғалдақ, бәйшешек, жауқазын сияқты гүлдер көктем келбетін одан әрі әрлей түседі.
Біздің ауылдың көктемі өте керемет.
Жеміс ағаштары бүршік атып, жапырақ жайып, гүл ашып, адамдар ауласын тазалап, кең дала көз жауын алатындай болып құлпырады. Бозторғайлар, қарлығаштар, шымшықтар, сары шымшықтар, сол сияқты су құстары: қасқалдақ, тырна, қызғыш, шағала, тағы басқа дарияның көркін кіргізетін құстар бірінен соң бірі келе бастайды. Қыстап қалған қарға, сауысқан, қараторғай мен алақарғалар өздерінше ән салып, ұшып келген құстармен етене араласып кетті. Көктемде ұшып келген құстар Сырдың ғажайып көркіне әнменен өз үлестерін қосады.
Көктемде біздің ауылдың көркіне көрік қосатын, ғажаптығын сөзбен айтып жеткізуі мүмкін емес бір жер бар. Ол ауыл сыртында орналасқан – қыр үсті. Балалар сонда барып қызғалдақ жинап, мәз болып қайтады. Жинаған гүлдерін ата - аналарына, әжелеріне, құрбы - құрдастарына сыйлап, мәз-мейрам болып жатады.
Біздің ауылдың көктемі дәл осындай.
Ел аузында «Көктемнің бір күні жылға азық» деген қағида бар. Яғни көктемде төккен теріңнің өтеуі бар деген сөз. Бұл мезгілді сенің де текке өткізбегенің жөн, жас дос! Себебі, жер әлемді бусандырып, жанды - жансыз тіршілік иелерін қысқы ұйқысынан оятып, қысқа күнді ұзартатын есік қаққан көгілдір көктем, жай ғана қағып қана қойған жоқ, өзімен бірге бір күнін де текке жіберуге болмайтын тынымсыз тірлігін де ала келді.

Айналаңа зер салып қарашы?! Аулаңның іші, көше бойы қыстайғы күл-қоқысқа толып қалған. Бір-екі күннен соң бүршік жарғалы тұрған тал-теректер мен жеміс ағаштары да тәртіпке келтірілмеген. «Қурап қалды» деп қыста кесіп тастаған әне бір екі-үш теректің де орны бос тұр. Міне, жас дос, мұның бәрі сенің қолыңнан келетін іс. Жұмысты ең бірінші тазалықтан баста. Үлкендермен кеңесіп, тал - теректердің артық бұтақтарын қырқып, тәртіпке келтір. «Бір тал кессең, он тал ек» деген ата-баба өсиетін есіңе алып, кесілген ағаштардың орнына жас көшеттер отырғыз. Өз аулаңды реттеп болған соң, көшеңде, мектебіңде осындай істердің істелуіне ұйытқы бол, соны ұйымдастыр. Сондай-ақ, бақша егіп, егін салатын үлкендерге де қолғабыс тигізуді ұмытпа! Солардан қасиетті іс саналатын диқаншылықты үйрен. Қысқасы, үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің ата - анаңа үлкен медет.
Міне, жас дос, көктемде біз атқарар бұдан басқа да істер көп.
Біз табиғатты аялап, қорғауға міндеттіміз. Әрқашан оны қорғап, ластануына жол бермегеніміз жөн.
Қандай ғажап керемет – табиғат,
Іш, бауырым, пейіл қойшы пайымдап,
Игілігің – көкше көлдер, өзендер,
Сеңгір таулар, гүлді орман, қайың бақ...

Мен сүйемін сылдыраған салқын суды,
Судағы салқындаған үйрек, қазды.
Мен сүйемін күн шығарда көтерілген,
Көгілдір көк жиектегі көкшіл буды.

0 дауыс
табигат аясында туралы тауып берындершы
0 дауыс
жері байдың елі бай шығарма керек
0 дауыс
коксеректи байланыстырып табигат туралы шыгарма жазу керек еди кеминде 250 соз кажет
0 дауыс
Барлық тіршілік иелері, соның ішінде адамдар, үлкен үйде тұрады, оның аты - табиғат. Табиғат жер бетінде тіршілік етеді, ол меридиан бойында әр түрлі - Қиыр солтүстіктен тропикалық ормандарға дейін.

Ормандар-планетаның басты байлығы. Қашан заходишь орманға болса, мына барлық табиғат кереметі: тыныс желдің ойнақы төгіледі треплет ағаштардың, құстар ән ласкает есту қайталанбас сочетаниями дыбыстарды, жанданған кеңістік өмірі.

Күн сәулелері таңертеңгі Шықтың тамшылары арқылы шағылысады, қызыл, сары, күлгін реңктермен жабайы гүлдердің жапырақшаларынан көрінеді. Әуе гүлдері сияқты көбелектер бір гүлшоғырдан екіншісіне ұшады. Түрлі-түсті қоңыздар баяу қозғалады, айдаһарлар ұшады, аралар бал жинайды. Шапшаң секіріп шығады на лужайку бұғы, вспугнув отырған қр көгалдағы қоян. Жабайы қабан бұталардан өтіп, оның жолында бұтақтар мен бұтақтарды сындырады.

Табиғат жаратқан табиғи әлем миллиардтаған жылдар бойы гүлдейді, дем алады, ән айтады және өмір сүретін сансыз тіршілік иелеріне қуаныш сыйлайды.
...