+2 дауыс
6.9k көрілді

2 жауап

+1 дауыс

мына жерге біраз фотолар салдым http://files.gw.kz/cjs18kghbt.html   ұнағанын аларсыз

+3 дауыс
Имандылық – тәрбие негізі

Қазіргі кезде ел болашағы – жастар, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ деген сөздерді жиі еститін болдық. Әлбетте, қай халықтың да болмасын, мемлекеттік даму стратегиясында жастарға, жас буынға, олардың тәрбиеленіп, ортаға сай озық білім игеріп шығуына баса назар аударылады. Бүгінгідей ақпарат пен техникалық жаңалықтар кезек шарпыған заманда, оқуға, ғылымға, тәжірибеге сүйеніп, бұл салалардағы жетістіктерге иек артқан дұрыс-ақ. Алайда жастардың саналы азамат болып қалыптасуының кілті тек құрғақ білімде тұр деп айтсақ, қатты қателескеніміз.

Адам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел, ақыл-есі түзу азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына байланысты. Жасыратыны жоқ, бүгінде космополиттік идея кеуделерін улап, туған ұлтына жандары ашымайтын «мәңгүрт» типіндегі жастардың көбейіп келе жатуы алаңдатарлық жайт. Бұған «жол беріп жатырсың» деп, жетпіс жылдай уақыт бойы кеңестік сүзгіден әбден сүзіліп, қорғаншақтық күйге ұшыраған аға ұрпақ өкілдерін кінәлау қиянат та болар. Әйтсе де, кез келген нәрсеге көзді жұмып қарау, сүйекке сіңген салғырттық, көзді байлап, көрер алдымызды тұмшалап тастаған. «Құлдық психологиядан», қараңғы қорқыныштан, ит түртпектен арыла алмай отырғанымыз шындық. Мына мәселеге де байыпты көзқарас танытқанымыз жөн. Тәуелсіздік алған кезден былай қарай он бес жыл уақыт ішінде өмірге келген ұрпақ бойында ерекше ұмтылыс, ерекше қуат сезіледі. Қоғам мен адамды қатар шырмаған қат-қабат қиындықтардың, дауасыз даулардың көп уақыт өтпей, күні бітеріне күмәнсіз сенгіміз келеді. Бұл арманды біздің жас өскіндеріміз жүзеге асырмақ. Тек өскелең өркенді жаһанданудың жойқын соққысына, тілсіздік дертіне ұрындырып алмай, өз ұлтының мәдениет мәйегінен алшақтамай өсуіне жол ашуымыз керек. Ол үшін жүріп өткен ізімізге тағы бір бұрылып, жеткен жетістіктерімізді салмақтап, рухани құндылықтарымызды ұрпақ санасына ендірген абзал.

Бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, жүрекке дарытып келген асыл қасиеттері көп-ақ. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған. Мал – мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Қазіргідей «мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» жандар кездесіп отырған кезде мұндай сөздің маңызы да жоғары. Жиған – терген дәулетіне жүрегін байламай, одан да биік нәрсе бар деп білген аталарымыздың имандылық төңірегіндегі түсінігіне біраз толғаныс жасауды жөн деп санадық.

Иман – қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата – бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет – болмысының, мінез – құлқының айнасы. Яғни, Шәкәрім атамыз айтқандай,

Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сөз.
Өлтірсе де көзбе – көз
Иманын сатып алмас бөз, - дегендегі иман. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Қазақтың жүзі жылы жанды жолықтыра қалса, «бетінен иманы төгіліп тұрған адам екен» немесе «иманжүзді кісі екен» деп сөз етісетіні де сондықтан. Тіпті адам ғұмырының мәні болып саналатын махаббат сезімінің де негізі имандылықтан басталады. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп атбереді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жол осы деп әділетті.

Дәстүрлі қазақ руханиятынан тамыр тартып, нәр алған данышпан тұлғалардың елді жақсылыққа үндеудегі көптеген ой – пікірлерінің имандылық маңына келіп тоғысатыны шындық. Кешегі «біз барлық қайратымызды ел үшін еселеп жұмсайық. Халық түзеуді жол қылайық» деген кемеңгер Мұхтар Әуезов те жас жеткіншектерге кемел тәрбие беру үлгісін имандылықтан іздеген. Бесікте жатқан жас сәбидің жүрегіне имандылық нұрын құйған жөн деп есептеген. Ендеше, арысы Абайдай бабалар, берісі Мұхтардай даналар ұлт болмысының дәнекеріне жатқызған имандылық негіздерінен бас тартуымызға мүлдем жол жоқ.

Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден, дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде – ақ ұлан – ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір – тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат дін – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Халқымыз имандылық нұрының бастауларын сондай жүрек көзі ашылған перзенттерінен алды деп толық сеніммен айта аламыз. Екінші тірегі – салт – дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет – ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым – зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі. Ананың бал әлдиімен бойға дарып, жүрекке сіңген ана тілдің құдіреті байтақ даламызға береке дарытты, ұлттың ұлан – ғайыр жерде бытырап жоғалмай, бір шаңырақ астына бірігуіне күшті құрал болды.

Міне, осындай басты – басты үш қасиетті берік ұстаған ата – бабалар біздерге, кейінгі ұрпақтарына «адастырмас айқын жолды» көрсетіп кетті. Жоғалтып алсақ, кешірілмес күнә, келер ұрпақ алдында қарабет те біз болмақпыз. Данышпан Абай бір қара сөзінде: «ата – бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі, ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен… Екіншісі намысқор келеді екен,»- деп қапаланып жазады. Біз де Абай дана өкінішінің артын құшып жүрмейік. Иманымызды ту етіп, соған жету үшін бар күш – жігерімізді салып, аянбай еңбек етейік дегім келеді.

Ислам сайттарында тағыда көп мәліметтер бар
...