Ел басына күн туғанда ер етігімен су кешеді. Сондай ерлердің бірегейі-Кеңестер Одағының Батыры, генерал Сабыр Рақымовтың дүниеге келгеніне жақында 110 жыл толды.
Шымкентте Сабыр Рақымов атындағы мектеп-интернатта осы салтанатқа орай батырды еске алу кеші өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев штабта отырған көп генералдардың бірі емес, майданның алғы шебінде, желдің өтінде болған нағыз жауынгер генерал туралы мазмұнды әңгіме айтты. “Осындай ерлерімізді түгендеуге, ерлігін бүгінгі ұрпаққа баян етуде Тәуелсіздігіміздің орны бөлек. Елбасымыздың сындарлы саясаты өшкенімізді жандырды, ұмыта жаздағанымызды жаңғыртты, біз осыны ұмытпауымыз керек” деді.
Еңбек ардагері Ағабек Сүгірәлиев атақты ерлердің ұрпақ тәрбиесіндегі орнын әдіптеді.
Сабыр Рақымов-қазақ генералы, кіндік қаны Оңтүстіктің Қазығұрт ауданы, Көкібел ауылында тамған.Әйтсе де, ел басына төнген зобалаң бала Сабырды шешесімен бірге Ташкенттегі нағашыларын сағалауға мәжбүр еткен еді. Ұлты жайлы сұрағанда жас жігіт “үлкендер бізді өзбек дейді” деп жауап қатуының өзі менің қаным басқа ғой деген ойды екіұшты аңғартқандай болады. Көрші бауырларымыз қанша иемденгісі келгенімен ата тегі қазақ батыры өз жұртын тапты. Өз ұлтымен қауышуына көп азаматтар үлес қосты.
Салтанатты кеште солардың бірпарасы естелік медальдармен марапатталды. Әйтсе де өзбек қимаған, қазақ қайтарып алған генералымыз әлі де өз бағасын алмай жатқанын айтуымыз керек. Сабыр Рақымовтан күдер үзген ала топылы ағайын оның Ташкенттегі еңселі ескерткішін кісі көрмейтін қуысқа тықты. Даңғыл атауын қайтып алды.
Қазақта жауынгер генерал көп емес. Қазақтың ардагер ұлы Сабыр Рақымовтың еңселі ескерткіштері Алматы, Астана сияқты бас қалаларда асқақтап тұрса қандай ғанибет. Ұрпақ үшін үлкен өнеге, жастар үлгі алар тағлым, батырлыққа үндер баян болмақ.
Ол-қалталы кейбіреулердің жау түсірген атасын тарихтың бір қуысынан тауып алып, қолдан қиыстырып жасаған, ескерткішін тұрғызған күмәнді батырлары емес, нағыз батыр. Сондықтан да құрметке лайық.
Сабыр Рақымов атындағы мектеп-интернатының директоры, полковник Ұлықпан Бәшенов батыр жайында ғылыми-педагогикалық конференциялар өткізіліп, кітаптар шығарылу керектігін айтады. Жан сөз. Елі бар да ер ұмытылмайды.
Ер есімі ел есінде
Қазақта ежелден жерін жаудан, елін езгіден, қызын күңдіктен, ұлын құлдықтан қорғаған батырлары көп болған. Сонау заманда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды батыр бабаларымыздан басталатын ерлік істер кешегі Желтоқсан оқиғасына дейін жалғасты. Олардың күрес жолдары мен ерен ерліктерінің бәрі Тәуелсіздік, ел, жер үшін болды. Осы жолда көптеген ер азаматтар тер төгіп, өз жандарын құрбан етті.
Аналарымыз жесір, сәбилеріміз жетім қалып, ақ жүздерін қайғы жасы жуып, ащы зары мен мұңы дүниені күңірентті. Күрес жолында халқымыздың басынан өткерген небір қиындықтар мен қасіреттер, ерлеріміздің ерлігі тарихқа жазылып, халық есінде мәңгілік сақталып қалды.
Туады ерлер ел үшін,
Өлмейді ісі мәңгілік.
Өшпейді абзал есімдер,
Ұрпаққа жетіп мәңгілік, - деп ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев жырлағандай, батыр ағалары-мыздың есімдері, ерліктері жас ұрпақ санасында мәңгілік сақталатынына сенемін. Қазіргі таңда біз, Тәуелсіз елдің жас өрендері үлкен күрес жолымен келген Тәуелсіздігімізді, елдігімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, еліміздің жарқын болашағы үшін өнегелі тәрбие, терең білім алып, аянбай еңбектенуіміз қажет.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеткен жетістіктеріміз бен табыстарымыз ұшан-теңіз. Әлем жұрты мойындаған іргелі ел болдық. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасы. Біз осының бәрін қадір тұтып, қастерлеуіміз қажет. Біз - бақытты ұрпақпыз. Осы бақытымызды, шаттық күндерімізді бағалай, құрметтей білейік! Тәуелсіз Қазақстан мәңгі жасасын! Еліміз гүлдене, көркейе берсін!