ЖЫЛЫ ЖАҢБЫР ҚҰЙЫП ТҰР.
*Өлеңді жазған: Қалқаман Сарин Айымғазыұлы*
----------
Жылы жаңбыр құйып тұр. Құйса құйсын.
Далам жатыр аңқытып жусан иісін.
Жалаң аяқ жүгіріп мұндай шақта,
Еркелеген анаңа бір сәбисің.
Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл?!
Періштелер қондырған қанатымен,
О, құдірет ! Тамып тұр тамшыдан нұр !
Жаушы, жаңбыр, алмасып тозаң нұрға,
Бой көтерсін бозкөде бозаң қырда.
Жұпар шашып жағалай жатсын өлкем,
Жердің беті құлпырып көз алдымда.
Жасағанның жұмбағын дәл мүсіндеп,
Періштелер аспанға салды сурет.
Кеңістіктей кеңейіп көкірегім,
Жүрегіме осы нұр мәңгі сіңбек...
Жаушы, жаңбыр, жауа түс, жаушы, жаңбыр,
Естімеген адамзат ән шығар бұл?!
Періштелер қондырған сендегі мен
Ғашық болып өтермін тамшыға әрбір.
----------
![description][1]
Жаңбыр
Жапырақтан жылы жасы ыршыған,
Бақылашы мына жаздың жаңбырын.
Тамшыларда дауылдар бар тыншыған,
Дауылдарда – мұхиттардың тағдыры…
Қарашыққа құлағандай жарық бар,
Түкпіріне сүңгіп кетші тамшының.
Тұнып тұрған сол әлемде қалықтап,
Ұшып жүрсін жан-шыбын.
Өз атыңды естігендей нөсерден,
Шығып кетші дуылдаған қауымнан.
Мөлдіреп кеп көшелерге төселген,
Жаратылыс жұмбағын көр жауынан!
Саған жауын мұңын шағар, сұрасаң,
Тылсымдықтың сырын ашар үңілсең.
Тамшылармен сипалайды жыласаң,
Тысырымен жұбатады түңілсең…
[1]:
