Әдеби әлемнің танымал туындылары оқырманына дәуірдің тыныс-тіршілігі мен тарихи кезеңдері, әлеуметтік теңсіздік пен қоғамдық құндылықтар, сондай-ақ автордың тебіреністері жайында сыр шертеді. Абайдың ұлы поэзиясы, Толстойдың тарихи прозасы, Ибсенның новаторлық драматургиясы біз үшін өткен күндердің картинасын құруға және де сол заманның әлеуметтік санасына кіріп кетуге мүмкіндік береді. Әрине, бұның барлығы да әдебиеттің құдіретті күші. Ол бізге шетел асып, шекараны бұзуға көмектеседі: түрік әлеміне жақын боламын десең, Памуктың романдары, ал үндістердің өмірімен танысамын десең, Рушдидың прозасы бар. Алайда, жазушы болу — үлкен жауапкершілік, әрі кез келгеннің қолынан келе бермейтін өнер. Содан болар, қазіргі жазушылардың көтерген әдеби жүктерінің ауырлығы соншалық, посткеңестік кеңістікте ұлттық проза кенжелеп, жазушы деген атақ құнсызданып бара жатқандай... Бүгінгі материалымыздың кейіпкерлері жазушы емес — оқырман, бірақ 5 минутқа жазушы образына кіріп, болашақ кітабының сценариын дайындауға әзір. Сонымен, бүгінгі проза жанрының тақырыптар сұранысын білу үшін жастардан: «Жазушы болсаңыз, не жайында жазар едіңіз?» — деген сұраққа төмендегідей жауаптар алдық. Еркебұлан, блогшы Мен жазушы болсам, еліміздің аймақ тұрғындарының бет-бейнесі туралы жазар едім. Өйткені Қазақстанның он төрт облыс адамдарының он төрт түрлі мінезі, өзіндік түсінігі, менталитеті бар. Өзім осы Алматыға келіп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген адамдармен танысып, араласып олардың сөйлеу мәнері, ойлау жүйесі, дәстүрі жайында аз да болса, хабардармын. Бір елде тұрсақ та, ондай айырмашылықтарды біле бермейтіндер бар ғой... Жазушы болып кітап жазатын болсам, алғашқы еңбегімді осы Қазақстанда тұрса да, ойы басқа, салты басқа, ділі басқа қазақтардың барлығы жайында жазып, барлығына ортақ бір қазақтың картинасын шығарғым келеді.
Ақпарат http://yvision.kz/ сайтынан алынды