0 дауыс
71.5k көрілді
Дизайнер мамандығын таңдағым келеді. Бірақ оны таңдағаннан кейін қандай, қалай, қай жерде жұмыс істеймін. Мен ОҚо, Жетісай деген қалада тұрамын (білетіндер бар шығар). Қалай жұмыс істеймін, не жұмыс істеймін, қай жерде (офистерде ме, фабрикаларда ма немесе басқа жерлерде???)жұмыс істеймін? Мысалы менің тіккен көйлегімді келіп сатып алады ма немесе мен көйлек сызамын, соны келіп менен сатып алады ма? қалай өзі? Сол туралы ӨТЕ толығырақ мәлімет берсеңіздер) рахмет!

2 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

 

ДИЗАЙНЕР БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ…

Доменико Дольче мен Стефано Габбананың кім екенін білмесек те, «Dolce Gabbana» бізге жақсы таныс. Джорджио Арманиды танымасақ та, «Armani» деген жазуы бар киімге әуеспіз. Шетелдіктерді былай қойғанда, өзіміздің елде де Оксана Корби, Аида Қауменова, Құралай Нұрқаділова,

Балнұр Асанова сияқты бірқатар танымал қыз-келіншектер бар. Әйгілі өнер жұлдыздарының көпшілігіне киім үлгісін ұсынып жүрген Берік Исмаиловтың коллекциясы өз алдына бір төбе. Бұрындары дайын үлгі бойынша киім тігетіндер де, өз ойымен тігетіндер де тігінші деп аталатын. Қазіргі кезде дизайнер деп атайды. Бірақ, дизайнер – тек киімге ғана емес, басқа да бірқатар салаларға қатысы бар мамандық. Киімнің дизайнымен айналысатын маманды кутюрье деп те атайды. Дизайнер сөзінің өзі ағылшын тілінен аударғанда «айрықша үлгілер мен образдарды, ой-өрнектерді ұсынушы» деген мағынаны білдіреді.

Интерьер дизайнері үйіңіздің немесе жұмыс орныңыздың жайлылығы үшін қызмет етеді. «Уикипедияда» интерьер дизайны дегенге мынадай анықтама берілген: «Жайлылықты және орта мен адамдардың өзара қарым-қатынасының эстетикалық талғамға сай болуын қамтамасыз ету мақсатын көздейтін дизайнның саласы». Дизайнер клиенттердің тапсырысына орай үйді, жұмыс орындарын, қоғамдық орындар мен кеңселерді әсемдеп, көркемдейді. Баспа саласында дизайнер деп газет-журналдарды, кітаптар мен альбомдарды безендірумен айналысатын маманды айтады. Көгалдандырумен айналысатын дизайнер болады. Ол – үйлердің, кеңселердің ауласын, көшелерді көркемдеп, эстетикалық талғамға сай безендіретін маман. Тұтас бір аумақтың «сән-салтанатымен» айналысатын маманды ландшаф дизайнері деп атайды. Сайттар мен баннерлерді жасайтын маман веб-дизайнер деп аталады. Бұл мамандықтардың кез келгені сұранысқа ие. Дегенмен, дизайнер дегенде біз көбіне сәнгерлерді, яки киім үлгілерін ұсынушыларды айтамыз.

ДИЗАЙНЕР БОЛУ ҮШІН НЕ КЕРЕК?

  • Өзгеге ұқсамауы, өзіндік қолтаңбасы болуы – басты шарт;
  • Ойлау қабілеті ерекше болуы тиіс;
  • «Шикізатты» көріп отырып, дайын бұйымды көз алдына елестете алуы керек;
  • Адамдармен тіл табыса білуі де маңызды;
  • Ойдан ой тудырып, үнемі соны, тың идеяларды ұсынып жүруі керек;
  • Төзім мен сабыр да аса қажет қасиеттер, өйткені кейде ә дегеннен ойлағаның орындала қоймауы мүмкін. Бір жұмысты бірнеше рет бұзып, қайта жасауға тура келетін сәттер болады;
  • Еңбекқор болу керек;
  • Киімді пішіп-тігуге икемді болу қажет;
  • Сән әлеміндегі түрлі бағыттар, стильдер жөнінде жан-жақты хабардар болған жөн;
  • Мата мен терінің түрлерін ажырата білу керек;
  • Тігістің түрлерін де меңгерген жөн;
  • Клиенттерді мұқият тыңдап, олардың қажеттілігімен санаса білу керек.

 

Ғаламтордан дизайнер болғысы келетіндерге арналған небір кеңестерді көзіміз шалды. Солардың кейбірін ықшамдап бергенді жөн көрдік.

 

  • – Сәнді киімдер сататын компаниялардың немесе маркалардың тізімін түзіп, олардың қай бағытта жұмыс істейтінін алу керек. Мысалы, жастарға арналған киім, күнделікті киім, балалар киімі, тағысын тағы.
  • – Сүйікті дизайнерлеріңнің жұмысын мұқият зертте. Олардың ойын, идеясын, көздеген мақсатын тап басып тануға тырыс. Біреудің ойын толықтай көшіріп алуға болмайды, бірақ, үйренуге болады.
  • – Сән журналдарын жиі-жиі парақтап, ішіндегі ұнаған үлгілерді көрнекі жерге іліп қой. Сән әлемімен өмір сүр. Сонда идея өзінен-өзі туады.
  • – Сәнгер болғысы келетін адам әрдайым бабында болуы керек. Күн сайын жаңа үлгілерді ойлап тауып, солардың сызбасын сызып қой. Тың идея болмаса да, сыза беру керек. Бұл да өзгеге ұқсамайтын өз жолыңды табуға көмектесетін тәсіл.
  • – Дизайнер кереметтей суретші де болуы керек. Үлгінің өзін көрсе көз тоятындай етіп салуды меңгер. Үлгіні түсінікті етіп сызуды ғана емес, матаның түстерінің бір-біріне сай келуін де шебер меңгеру аса маңызды.
  • – Киім тігіп үйрен! Киімді нақты бір адамға өлшеп-пішіп тік. Әр адамның дене бітіміне қарай, жарасымды әрі сәнді етіп тігу – басты талап.
  • – Матаның түрлерін, бір-бірімен үйлесетін-үйлеспейтінін ажырата біл. Мысалы, шыт матамен тойға киетін көйлек тіге алмайтының секілді, жібекпен қара жұмысқа киетін киім тіге алмайсың. Қандай да бір үлгіні ойластырған уақытта оны қандай матамен, қай түспен тігетініңді де ойластырып қой.
  • – Мүмкіндігінше кәсіби білім алған жөн. Тым құрыса дизайнерлер курсынан өткен дұрыс. Бұл сән әлеміндегі негізгі заңдылықтар мен матамен жұмыс істеуді үйрену үшін қажет.
  • – Сән әлеміндегі соңғы жаңалықтарды қалт жіберме. Арнайы веб сайттарды үнемі қарап отыр, журналдарды оқы. Мүмкіндігінше биылғы, келер жылғы сәнді киімдердің үлгісін ойластыр. Сондай-ақ, он жылдан кейін қандай киім сәнде болатынын да болжап көргеннің артығы жоқ.
  • – Өзің сызған ең жақсы киім үлгілері немесе олардың суреттерін жинақтап жүр. Бұл өзіңнің жетістігіңді көрсетуде таптырмайтын тәсіл. Ауызбен айтқаннан гөрі көзбен көргеннің әсері де басқаша болатынын ұмытпаған жөн.

 

Кәсіби маманның кеңесі

Құралай Нұрқаділова, белгілі дизайнер:

 

ӘРКІМНІҢ ӨЗ ҚОЛТАҢБАСЫ БОЛУЫ КЕРЕК

– Ең алғаш сән әлеміне 17-18 жасымда аяқ басқан едім. Дизайнер-стилист болып жүргеніме 22 жылдан асты. Дизайнер болсам деген ниет, тілек, тіпті сенім де аздық етеді. Біздің салада таланттың үлесі 10 пайыз ғана, қалған 90 пайызы тек еңбекпен келеді.

 

Бұл – өте қиын әрі күрделі кәсіп. Мәселе қомақты қаржыда да емес.

 

Дизайнер, ең алдымен, стратег болуы керек. Бұл өзі шахмат ойыны сияқты нәрсе. Қандай жүріс жасайтының анық болуы тиіс. Не керек екенін білу және тез шешім қабылдай алу да аса маңызды.

 

Сән әлемінде жетістікке жету үшін әйту керек, бүйту керек деп тап басып айта алмаймын. Әркімнің өсу, өркендеу жолы әртүрлі. Бәріне ортақ бір талап жоқ деуге де болады. Әркім өзінің өсу жолын өзі таңдайды. Біреулер, мәселен, сән әлеміне қатысты журналдарда стилист болып жұмыс істейді. Енді біреулер жеке тапсырыстар негізінде үй-үйді аралап, қызмет көрсете жүріп, үлкен жетістікке жетуі мүмкін. Қалай болғанда да, бұл – шығармашылық. Шығармашылық болғаннан кейін оның басты шарты – әркімнің өз қолтаңбасының болуы. Бәріміздің істеп жүргеніміз бір тірлік сияқты көрінгенімен, біздердің бір-бірімізден айырмашылығымыз көп. Тіпті, түс таңдаудың өзінде де үлкен айырмашылық болады. Біреулер ашық түстерді ұнатады, енді бір дизайнерлер «салмақты» түстерді құп көреді.

 

Мектептерде дәріс оқимын. Кезінде Алматы технология университетінде де дәріс оқыдым. КИМЭП-те лекция оқып тұрамын. Өзімнің сән үйімнің жанында да оқу орталығы бар. Бірақ, ол ақылы. Бұл орталықта әр адаммен жеке-жеке жұмыс істейміз. Материалдық жағдайы ғана емес, жалпы икемі, мүмкіншілігі де ескеріледі. Соған орай, арнайы жоспар құрып, соның негізінде жұмыс жасаймыз.

 

ҚАЙДА ОҚУҒА БОЛАДЫ?

 

«Сымбат» сән академиясы

 

1992 жылдан «Сымбат» сән академиясы деп аталатын ұйым 1947 жылы тігін шеберханасы негізінде құрылған. 1996 жылы академияның жанынан дизайнерлер мен құрастырушы мамандар даярлайтын жоғарғы сән колледжі ашылған. 1998 жылы «Сымбат» сән бизнесі университеті ашылып, онда дизайнерлер, құрастырушылар, технологтар мен маркетологтар даярлана бастады. «Сымбат» сән академиясының мекен-жайы: 480004, Алматы қаласы,. Жібек жолы даңғылы, 65 а. Тел.: 8 (7272) 507369, 730511. E-mail: ubm_symbat@nursat.kz

 

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы

 

Өнер академиясының ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Қолданбалы-сәндік өнер және дизайн» факультеті металл, ағаш, керамика және тоқыма өнерінің суретшісі, интерьер және жиһаз дизайнері, дизайнер-график, киім дизайнері, театр, кино және телевизия костюмінің суретшісі мамандықтары бойынша шәкірттер дайындайды. Мұнда төрт кафедра бар. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының мекен-жайы: Алматы қаласы, Панфилов көшесі, 127. Тел: 8 (727) 2614240.

0 дауыс
Сәлеметсізбе, мен Мырзакенттенмін, инста дизайнер болсаңыз, телефонмен ақ табыс табасыз
...