Қалықпан – ерекше жағдайда сирек туатын қыранның бірі. Аңыз бойынша қарақұстың жетінші не тоғызыншы ұрпағына сәйкес. Махамбет Өтемісұлы өзінің мұндай іргелі қасиетке шешендік ой, ақындық тіл, ұшқыр ақылымен жете алатынына назар аударту арқылы метафора дәлдігін асыра түседі. Жеке ісімен ниетінің дұрыстығына сенім, қиялдағы күдік болжамы, диалогтық қатынасты елестету өлеңдегі аршындау, жан-жағына қарақтау, іштей сөйлесу, ашық пікір айту, өзіне-өзі сенімділік және оған басқа субъектілерді иландыру экспрессемалары – психологиялық драматизм кернеуіне лайықты мысал. Жорық падишаһы Махамбет адалдығы мен ақтығына шіркейдей күмән ұялатудан аулақ. Контрастылық ыңғай, шендестіре сөйлеу, тұлға мен жалпы қауым интенцияларын шартты түрде шарпыстыра ой түю тағы да әдепті айқындау мазмұнын тиянақтай түседі.Сонымен қатар,ақынның ереуіл үстіндегі бар бітім-тұлғасын қазақ менталитеті үшін аса қадірлі текті құстар әулетімен салыстыра толғау үрдісі әрдайым қайталанып отырады.
Мен қарақұстан туған қалықпан,
Сөйлер сөзге жалықпан.
Көптер көзін тіккендей,
Көп соңыма түскендей,
Көптің несін алыппын?
Тыңда, халық, әлеумет,
Көп кісіден анықпын.
Махамбет жыралындағы ақынның айналасынан оқшау тұлғасын даралап көрсетуде «ақсұңқар» концептіне қатысты жолдар ерекше поэтикалық қуатпен биік әсерлерге бастайды. Мысалы:
Аспанда ұшқан ақсұңқар,
Қолымда тұйғын, лашын.
Қосылған жаста арудың
Көре алмай кеттім құлашын («Аспанда ұшқан ақсұңқар») – деп тұсауын кесетін толғауда «ақсұңқар» — қол жетпес арман кейпінде сағыныш, ынтызарлық әуендерімен ұштасып жатады[3,181-183].
Диалогтық қатынас сақталатын өлең құрылымындағы «ақсұңқар» концепті символикалық мағынасын өзге шығармаларда да жоғалтпайды.
Мен ақсұңқардан туған құмаймын,
Бір сұңқарға жұбаймын.
Суырыма қамшы тигізіп,
Шаппай неғып шыдайын?!
Түбін қазған мен – бәйтерек,
Толқуменен құлаймын.
«Мен қарақұстан туған қалықпан» формасындағы құрылымнан өзгешелік – мұнда кішіден ірілену орынан жоғарыдан сәл төмендеу, әйтсе де дегдарлық сымбатынан айрылмау әрі жақсылық ұғымының құндылық өрнегін ата-тек өлшемімен құлпырту мақсаты шығармашылық үдерісіндегі ырықсыздық заматын табиғи талант құдіретімен түрлендірген. Өмірдегі көрініс, жағдаят атаулыны әсерге бөлеп, шығандата суреттеу романтизм эстетикасы талаптарына әбден сай. Өлеңде психологиялық ыңғайдағы намыс категориясы поэтикалық астарлы бейне әрі риторикалық сұрау арқылы динамикалық серпін тапса, соңғы қос тармақтағы аллитерация және айқын метафора болмысы предикативті сипатымен дараланады. «Бәйтерек» жай бәйтерек емес, «түбін қазған» «бәйтерек», ол жай құламайды, «толқуменен құлайды». Қозғалыс суретінің шынайылығы эмотивтік ой-сезім қабаттарына эстетикалық ажар қосады. Әсер-түйсік іліктестігі заңдылығына сайсаңыз, осы жолдардағы эпитеттер Махамбет өмірін коннотативті жүйеде көп қырлы қалыппен бедерлейді. Фауна мен флорадағы егіздесу шағы соңғы мезетте мұңды кейіп алуы ақын тіршілігімен тағы бір жұп түйін құрайды. Сатылы, градациялы параллелизм үлгісіндегі сұлулық генотиптен алшақтамайтын қайсарлық, асқақтық, табандылық рухымен тұтасып жатыр.
Таудай болған талаптың
Назары қайтқан күн болған.
Жібектен бауы көрініп,
Ақсұңқар ұшқан күн болған.
Негізінен Исатай өлімін аза тұту рәсіміне беріліп, толғауда жоғарыдағыдай керағар сезім тоғысулары кездеспейді, қайта бастан-аяқ түнеру,күйіну сағаттарына сәйкес біп текті ой ағымы, салыстырулар бедері белестеніп көрінеді.Киелі құс бейнесі Махамбет жырларында уақыт өте жеке субьект болмысымен терең ұштасыптұтасу үрдісіне көшетіндей.
-Томағалы сұңқар мен едім,
Толғамалы найзамен
Толықсып жауға шапқанда,
Бір озғанмын жұртымнан.
Ер дұшпаны көп болар,
Қатын-дұшпан жігіттер
Не демес дейсің сыртымнан ?
Махамбет эпитеттері сұңқар тұлғасын тым еркін күйде бейнелемейді.Қалың тобырдың бірі емес, топжарған жүйрік сазгер арқылы батыр артық туған қасиетін жасырудан аулақ. «Көп кісіден анықпын»деп қана кішірейе қататын лирикалық кейіпкер енді қиялдағы көңіл жақпас көріністерге ашына ,қыр көрсете сөйлейді.Махамбеттің жаулары алыста ғана емес, өз ішінде,қасында жүргені наразылық әсерін асқындыра түседі.
Лашын, ителгі, бүркіт,жапалақ, күшеген,қаршыға,қыран концептілері төңірегіндегі көркемдік бейне үзіктері Махамбет өлеңдерінтоты құстай түрлендіреді.Сұңқар ұғымының ақын автопортретін сомдаудағы эстетикалық тұжырымдамасы адамзаттың тәуелсіздік, азаттық рухы жолындағы қайтпас қайсарлық, ерлік,зәулім мұрат туралы поэтикалық түсініктерін толымды өрнектеген.Тарихқа біржақты баға беру, аруақтар сырын толық білмей жатып,талқыға салу-әр адамның арына жүк. Махамбет Өтемісұлының жорық көсемі әрі елдік пен ерліктің жыршысы,ұлы жырау екендігі анық.