0 дауыс
113k көрілді

Шортанбай Қанайұлының "Зар заман" өлеңіне шығарма керек?

5 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

ХІХ ҒАСЫРДЫҢ ІІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ЗАР ЗАМАН ӨКІЛДЕРІ

Қ.С. Қожабекова

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.

Қазақ әдебиетіндегі байырлық рух ХVІІІ ғасырда  жоңғарлар мен қарсы күресте ХІХ ұлт азаттық күресте, (Махамбет, Нысанбай ) қайта көтерілгенмен , Қазақстанның Ресей құрамына өтуі нәтижесінде зар заман кезеңі басталды.

Қазақ жеріне қол салған патша үкіметі халықты жарылқау үшін келмегенді. Жерінен айрылған халық әдеп – ғұрып пен қазақы мінезінен де айрыла бастады . Патга үкіметі енгізген жаңа әкімшілік шаралар қазақ болмысына тән еместі. Ұрлық, өсек, талас – тартыс , алауыздық, арызқойлық – қазақ қоғамының осы кезеңдегі жемісі болды.

Осы кезде өмір сүрген қазақ ақын - жырауларының бір тобы қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстарды айаусыз сынға алды.

Олар Қазақстанның  Ресейге қосылуымен капиталистік көзқарастардың енуін кері кеткендік деп есептеді. Өткен өмірді ансады , болашақ туралы өз болжамдары мен пікірлерін білдірді.

Қоғамда болып жатқан өзгерістерге өзіндік көз қараста болған және сол бағытта жырлаған ақындарды М.Әуезов « Зар - заман » жыршылары  деп атаған болатын  және әдебиет тану тарихында да олар осылай айтылды. Тарих ғылымының докторы М.Қойгелдиев отаршылдық бұғауына мықтылап байлаған халықтың мың -мұхтажы мен  қайғы - қасыретін жырлаушыларды « Зар -заман » мектебінің ойшылдары деп атады. (1,246 б.). Бұл термин алғаш 1927 жылы енгізілген еді.

Зар - заман кезеңінде ғұмыр кешкен орталық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң – зармен жырлаған ақындар шоғыры. Оның белгілі өкілдері : Дулат Бабатайұлы , Шортанбай Қоңайұлы, Мұрат Мүмкейұлы, Әбу бәкір Кердері, Аубан Асан , т.б. Мұхтар Әуезов Аблай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып Нарманбетпен аяқталды (2,168 б.). зар – заман тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алғанын отан көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі , елді басқару жүйесінің басқа санатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар- заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Олар халықтың жай күйін ойлаған үлт- қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шоғырлары халықтың салт- дәстүрлерді қабығы бұзылмаған қалпында сақтауға , ұлттың – бітімімен ажырамауға үндейді.

Еркіндікпен бостандықтың, дәстүр мен европалық метрополиядан еңген жаңа тәртіптердің шегінен шиеленісуі Шортанбай, Дулат және Мурат сияқты « зар – заман » ағымы ақындарының шығармалары арқылы қабылдады. Олар ХІХ ғасырдағы қазақ өміріне тән барлық құбылыстарды аяусыз сынайды. Әлеуметтік, үйлесімділік уақыты ретінде өткен дәуірді идеяландыра отырып , бүгінгі заманның келешегінен де үмітін үзіп, түңіледі, қауіп жұбататын ешнәрсе таппаған Зар –заман ақындарының кеудесін кернеген мұң, зар , шер әбден күнәға батқан « замандастарының  құлағына » жете қоймайды. Қазақ халқының шырайлы жерлерін алып, аздырып, діннен аулақтату сияқты империялық пиғылдар жүзеге асуына қарсыласы қозғалысы Зар –заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясын үндесіп өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөнкеұлының    

( 1843 – 1906 ) жырларынан айқын байқалады ( 3,38 ). Зар – заман ақындарының шығармаларындағы ұлттық болмысы , қазақы қадір – қасиеті сақап қалуға үндеген , ой – пікірлер жанаймен шарасыздықпен соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай өлеңдермен болжамдықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің  өршіл үні  айқын аңғарылады. Зар –заман ақындарының шығармаларында сары уайымға салыну, қайғы – мұңға берілу сарыны да байқалады. Бұл кезең ақындары келер күннен үміт жоқтығын налыйды, тығырықтан шығатын жол таппай қыйналады. Олар елдің барлық түсінен Нәубетті ақыр заманың келгені деп ұғады. Зар – заман мектебінің аса ірі өкілдерінің бірі – Шортанбай Қанайұлы ( 1818 – 1881 ) « зар – заман » атауы да ақынның сол дәуір халін жырлаған өлеңдерінің бірінің атынан алынған. Концерватор ақын қасиетті Түркістан маңында дүниеге келіп, қарқаралы өңірінде өмір сүреді. Ол патша өкіметінің отарлау саясатының қазақ халқының болмыс тіршілігіне кері әсер еткенін , көптеген қайшылықтарды алып келгенін, заманның азғанын , әдеп-ғұрыптың тозғанын, ел – жұртта береке қалмағанын шығармаларының басты тақырыбы етіп алады. Қазақ  халқының дәстүрлі шаруашылығы мен тұрмыс салтына едәуір ықпал еткен капиталистік қатынастарды қабылдамаған ақын халық өмірінде болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарады.

Шортанбай адамдарының әлеуметтік топқа бөлінуі олардың шыққан тегіне сәйкес болу керек деп есептеді.

Заманның бұзалғанына назары болған ақын «әуелгі заманның » енді қайта келмейтіндігіне « құдасы жоқ құлдың , қонысы жоқ байдың » озатынына , « байдың тілін жарлы алмай, ханның тілі қара алмай » өздері де жөнін біле алмайтынына қынжылыс білдіреді. « заман оңайлар еді, бірақ оған әуелден бас білдірдің » деп осы жағдайға душар еткендерді ренішін айтады (4,29).

Елде ұрлық пен парақорлықтың , өсек пен жалақорлықтың көбейін, ұлы атасын сыйламаған , атасы батасын бермеген әлеуметтік құбылысты заманақырға теңеген шортанбай оның себебін патша өкіметінің отарлау саясатынан іздейді. Шортанбай ақырзаманды «бүкіл адамзат ұрпағының » жойылуы деп ұқпайды. Оның ойынша , «ақырзаман »бұрынғы әдет – ғұрыптың бұзылуы адамдар арасындағы сыйластық байырмалдықтың азаюы әркімнің өз басын күйттеуі, қазақ халқының өз еркіндігінен айырылуы , орысқа бодан болуы. Хандық билікті аңсаған ақын « Жандарал ұлығың , майыр сынғаның болды », «кәпірді піріндей  тілмәшті жеңгендей дуанды үйіндей көрдің », енді сені күтіп « абақты тұр қасында , қазылған қара көріндей » (5,60 ) деп сақтандырады.

Шортанбай басқа халықтың заңдары мен тұрмыс ерекшеліктерінің    екінші халыққа күшпен енгізілуінің қаншалықты қатерлі екендігін түсіндіреді. Ғасырлар бойы қалыптасқан биліктің, әдеп – ғұрыптың кенеттен өзгеріске ұшырауын ол халықтың адамгершілік нормаларын бұзатын құбылыс ретінде бағалады. Патшалық Ресейдің отаршылдық саясатын батыл айыптады, бұл жағдайдан шығудың жолдарын іздеп арпалысты.

Зар – заман ақындарының өлең – жырларында елмен қоштасу , туған жердің өткенін аңсау сарыңы орын алған. Жалпы «алға көшу», қонысты бастау ұғымы көптеген халықтардың фольклорлық шығармаларына тән. Таласуға түскен елден кетіп, жайлы жер , ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндікке , бостандыққа ұмытылу мұраттарымен орайлас келеді. Туған жердің табиғатына қарап тұрып , өткен күннің  елесін іздеу жастық дәуреннің еске алу үрдісі ата қоныстың бүліншілікке түсіп , өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң – шермен астасып жатады. Ақындардың бір қатары жұтаған жер мен көшкен елге қайырылып сөз айтып тұрып , басқыншылық пиғыл мен зорлықшыл әрекеттерді зорлана жырға қосады. Зар – заман ақындарының көпшілігіне тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап , алдағы уақыттағы ел сипатының өзгерісін қолмен ұстап, көзбен көргендей бейнелеп айтуы. Мұндай болжам өлеңдер Зар – заман ақындарының шығармашылығын алғашқы бастапқы кезеңінде , яғни отарлаушылардың ойранынан бұрынырақ айтылғандығы мен құнды . бүгінгі көз қарасақ тұрғысынан қарасақ олардың ойлаған қауіпі расқа айналғанына куә боламыз. Бұл ақындардың ішінде  өлең – жырдың бар қуатын пайдаланып, ата – баба дәстүрімен астарлай айтып, батыс пен шығыстан келетін кесапатты бірдей болжап бергені. Дулат Бабатайұлы (1802 - 1874). (6,169).

Зар – заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықдықтың белең алунан басталады. Жыр жүйріктерін бар құдреті бар қабілеті ел жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қатерді, зорлық – зомбылықты , алдын – ала ескертті, зардаптарын күнілгері таңба басқандай айтып берді. Елдің берекетін кетірген отарлаушылардың құбыжық кейпіндегі  бейнесін жасады. Солардың ойранына жол ашқан өз халқының кейбір жандайшаптарын айаусыз сынға алды , кей тұста ел бірлігінің келместігін де түйреп өтті. Зар-заманның бүкпесіз баяндалған оқиғаларын кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Зар-заманның бүкпесіз баяндалған оқиғаларын кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Зар-заман ақындарының шоғырының белгілі өкілі – Дулат  Бабатайұлы қазақ халқының дәстүрлі жыр үлгісін түр жағынан өзгертіп, өлеңді көркемдеп кестенің жаңа үлгісін жасады. Аталған ақындардың қай қайсысында  ұлттық поэзиямыздың мазмұны жағынан байытуға үлес қосты. Кеңес идеология үстемдік еткен кезде Зар – заман ақындардың шығармаларын насихатттауға тиым салынды , олар барлық оқулықтардан алынып тасталды. Соған қарамастан зар –заман ақындарының шығармалары әр жылдарда зерттеу нысанасына айналды. Қазақ әдебиетін тариқын оқып – үйренуге арналған ғылыми жинақтарда олардың кейбір олең тұлғаулары жарық көрген тұстарында болды. Мысалы , 1978 жылы Ленингратта басылып шыққан , « Поэты  Казахстана » жинағында - (құрастырған М.Мағауин ) ( 7 ,149 б. ) Зар – заман ақындарын отаршылдыққа қарсы жазылған бір қатар өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.

ХХ ғасырдың соңынан бастап  Зар – заманның тарихи сипаты , Зар – заманның   ақындарының шоғырының белгілі өкілдері, әдеби ағым ретіндегі ерекшеліктері , көркемдік кестелері туралы бір қатар еңбектері жазылды. Зар – заман шығармаларының – жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар күрделі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының тұрақты зерттеу нысанасы болып қала бермек.

Консерватор ақындар күшті де , әділ хан билігін құп көрді. Олар өз шығармаларында өткен дәуірді аңсады. Әз Жәнібекті , Қасым ханды , Тәуке ханды, Абылайды, Кенесарыны еске алды , олардың ел бірлігін нығайтудағы еңбектерін атады. Замананың бұзылуын ел билеудің бұрынғы дәстүрлерінің жойылуынан деп білді, сондықтан ел арасындағы келеңсіз құбылыстар тамырын тереңге жайды деп тұсіндірді. Олар патшалық отаршылдық саясатты сынаумен қатар былайша жарқын өмірдің қайта  орындалатынына сенді. Зар –заман ақындарының уақыт тағдырын  дұрыс түсінгені және оны әділ бағалағаны өзінің тарихымен өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірақ олар дәстүрлі құндылықтарды қорғаны мен тығырықтан шығатын жолды, жаңа арна мен бағытты көрсете алған жоқ. Дегенмен , олар патшалық отаршылдық саясатты сынау мен қатар , болашақта жарқын өмірдің қайта орнайтынына сенді.

+1 дауыс
С.Мұқановтың «Қазақтың XVІІІ-XІX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінде «Зар заманның жағдайы» деп айрықша назар аударған ғылыми проблемасы кейін үлкен науқанға айналып, кеңес үкіметі құлағанға шейін бет қаратпайтын саяси мәселеге айналып, оның өкілдері әдебиет тарихынан аласталған болатын.

1927 жылы кітап болып шыққаны болмаса, еш жерге таратылмаған, оқытылмаған М.Әуезовтің «Әдебиет тарихына» зер салсақ, «Зар заман деген XIX ғасырда өмір сүрген Шортанбай ақынның заман халін айтқан бір өлеңінің аты. Шортанбайдың өлеңі ілгергі, соңғы ірі ақындардың барлық күй, сарынын бір арнаға тұтастырғандай жиынды өлең болғандықтан, бүкіл бір дәуірде бір сарынмен өлең айтқан ақындардың барлығына «Зар заман ақындары» деген ат қойдық. Зар заман ақындарының алғашқы буыны Абылай заманынан басталған, арты Абайға келіп тіреледі. Зар заман дәуірі толық жүз жылға созылады» [1,192б.] деген анықтаманың айтары әбден анық.

Бірақ осы атау Сәбит Мұқановтың 1942 жылғы «Очерктеріне» дейін айтылмай, жазыла қалса бұқпантайлана айтылып келе жатқан үлкен де даулы мәселе болатын. Оны алғаш ауызға алған М.Әуезовтың өзі соттан үш жылдық жаза алып, 1932 жылғы «Ашық хаты» шыққанша байшыл-ұлтшыл аталып келді де бұған шапағатын тигізгені бүгінде әбден аян. «Зар-заманды» әдейі айтып, жазып отыр мына кеңестік заманда» деп ойлағандар сол «Әдебиет тарихын» кітаптар түрмесіне салып қойған-ды.

Көзі тірісінде М.Әуезов бұл еңбегіне қайтып оралудың жөнін таппай, көңілі дауаламаған болатын. 80-жылдары М.Әуезов шығармаларының 20 томдығын жариялағанда 16 томға енген «Әдебиет тарихы туралы» түсініктеме берген ғалым М.Мырзақыметов «Қазақ әдебиеті тарихының тұңғыш оқулығы ретіндегі бұл еңбек тұтас қалпында жарияланбай, үштен бір бөлегі қысқартылп тасталды. Тіпті, кейде тұтас күйінде жіберілді деген тарауларының өзінен көптеген сөйлемдер мен кейбір әлеуметтік астары өткір пікірлері жұлмаланып» шықты [1,236б.] дегенді оқығанда большевиктік шовинистік идеологияның, оның қол шоқпары болған литоның жарамсақ жағымпаздары әлемді аузына қаратқан М.Әуезовтың әдеби мұрасына осыншама зорлық жасауларын тағылық, ғылымға, мәдениетке жат қылық демеске шараң қалмайды.

Осындай қасіретке ұшыраған зар-заман ақындарын С.Мұқанов білмеп еді деп ешкім айта алмас. Ал олай болса, 1942 жылғы «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» еңбегінің сүбелі екінші тарауын «Зар-заманның жағдайы» деп бұлаңдата атауға қалай дәті барды, нендей мақсат көздеді деген сұсты сауалға жауап іздеп көрейік.

1927 жылдан 1942 жылға дейін арнайы аталмағанмен, зар-заманның ірі өкілдері мектеп оқулықтары мен хрестоматияларында даурықтыра аталмай, қатардағы ақындар ретінде қаралып келгеніне С.Мұқанов ерекше екпін түсірмей, әуелі орыс отаршылдығының екі түрін – жаулап алу мен жерді отарлау амалдарын тарихи деректермен дәлелдей келіп, «бас бостандығынан жерден айрылған кедейленген халық бұл зорлыққа қарсы басын көтере алмады, көтерем дегенге үкімет көтертпей, қозғала бергенде тарп бас салып, орнында езіп тастап отырды. Осылай қолдан күш, бастан ерік кеткен кезде, қайғыдан тұншыққан халықтың зарынан туған көркем әдебиетті біз «Зар заман әдебиеті дейміз». «Зар заман» әдебиетінің негізін қалаушы қазақ ақын Шортанбай» [2,122б.] деп ой түйеді де, Шортанбай Қанайұлының шығармашылығын білгірлікпен еркін талдайды.

Талай қызықты да мәнді деректермен келтіріп, «Шортанбайдың көзінен мың қабат жас ағызған кім? Әрине, ол патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы халықтың көтерілісі басылғаннан кейінгі басына түскен ауыртпалық зары. Халық басына түскен қиыншылықты Шортанбай өзі өлгенше шын ықыласын сала, бойындағы бар ақындық талантын жұмсай, халық қайғысын қайғыра, халықпен бірдей жылап өтті. Сол кездегі халық тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ» [2,124б.] деп талай мысалдармен дәлелдейді. Оқушының көзін жеткізеді.

«Шортанбайдың үш зары бар: «Зар заман», «Бала зар», «Өлең зар». Осы зарларында да ол халықтың басына түскен зарды, замананың зарын айтқан. Бұл үш зар-үш поэма және сюжет жағынан біріне бірі жалғас, бірінің мазмұнын бірі өрбітетін поэма» [2,132б.], сондықтан «Шортанбай жырлары қазақ әдебиетінде жаңа дәуір» [2,133б.] деп қорытуы қазақ әдебиеттану ғылымында алғаш айтылған, тұжырымдалған пікір екеніне дау болмаса керек.

С.Мұқановтың идеологиялық саясаттың желімен «орыс» атауына еш шаң жұқтырмау ниеті күшейген 50-жылдары ешкімнен сескенбей айтқан ойына назар аударсақ, ол «орыс» деген атауды қалай түсінді, қалай түсіну керектігіне жол көрсетті. «Орыс-бүркіт, біз-түлкі», «Қуғындап орыс жеткен соң», «Орыстан жаман тым-ақ жау», «Қорқарма орыс қой дегенге», «Кәпірді көрдің пікіріндей», «Орыс кәпір жеңіп тұр», «Ит кәпірге жақындап…» секілді саясатшылар секем алатын Шортанбай тіркестеріне тағы да С.Мұқанов араша түсті. «Енді біреулер әдебиетте «Зар заман» сарынын Шортанбай туғызды, онысы қазақтың Россияға қосылғанына қарсылығы» дейді. Ол да сөз емес, орыс халқына, орыс мемлекетіне қарсылық сарын Шортанбайдың ешбір шығармасында жоқ. Ол патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы. Сол қарсылығын іске асыра алмаған ол өмірден тарығады да, бетін ахиретке бұрады» [3,16б.] дегенді «Зар заман» поэзиясын зерттеген профессор Б.Омаров соңғы кездегі түсінікпен баяндайды.

С.Мұқанов Шортанбай шығармашылығын талдау кезінде «реалист ақын Шортанбай – заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны. Сол кездегі қазақ тұрмысынан Шортанбайдың жыры шолмаған ешбір сала жоқ» [2,124б.] деп таптық айырмашылық, капиталистік озбырлық пен феодалдық кертартпашылықты көрсете келіп, елде ауызбірліктің жоқтығын, берекесіздік жайлағанын әр шығармасынан суыртпақтап шығарып, өзінің негізгі ойын былай тұжырымдайды: «Шортанбайдан сақталған жырлардың көлемі көп емес, жалпы шамасы 1500 жолдай ғана өлең. Бірақ осы аз көлемді жырға өз заманындағы қазақ халқының саяси-шаруашылық халін, ауылдағы тап тартысын, тұрмыс-салтын, ой-санасын түгел сыйғыза білген. Шортанбай жырлары қазақ әдебиетінде жаңа дәуір. Ол дәуір екі жақты қанаудан тұншыққан халықтың ащы зары, соңдықтан, Шортанбай өз заманының атын «Зар заман» деп тауып қойған» [2,129б.] деген қорытындыға тәуелсіздік, егемендік алған тұста әрең жетіп отырмыз.

С.Мұқанов Мұрат Мөңкеұлының поэзиясына тоқталғанда, ақынның «Үш қиян», «Қарасай-Қазы», «Шалгез» поэмалары мен Жас келін, Ораз, Жылқышы, Тыныштық, Жантолымен айтыстарын, басқа толғауларын талдай келіп, «Шортабай мен Мұраттың екеуі де «Зар заманның» ақыны бола тұра арасында айырма бар» деп алады да, Шортанбайды өз заманы тұрғысынан көріп, «Мұрат – өз заманының мұңын мұңдаумен қатар, елінің тарихына үңіліп, өз заманынан ғана емес, өткен тарихтың хал-жағдайын да жырлаған ақын. Мұрат Шортанбайдай «сөзім бітті, мен болдым, енді шықпас үнім» деп қайғының тұнығына батып кетпейді, Мұрат қайғы теңізіне құлаш сермеп батып кетпеуге малтып шығуға тырысады. Осылай жан сақтауға жанталасып малтыған Мұраттың қолына ұстар ескегі, астына мінер қайығы – халқының өткен тарихы» [2,158б.] деп мәнді ойын Мұраттың «Шалгез» поэмасымен нақтылай түседі.

«Бұл поэманы баяғы Шалгез ақын шығарды ма, әлде Мұраттың өзі шығарды ма ол жағы мәлім емес» деп ағынан жарылады да «Шалгез шығармасын, я өзі шығарсын бұл поэманы шығаруға Мұраттың мақсаты: отанын қорғауға, жауына айбынды болып, жауын үркітуге, бостандық алуға, тәуелсіздікке шақыру [2,164б.] деп табады да, «Шалгез» поэмасына мол талдау жасайды.

Ноғайлының он шалы қалмақтың көп жылқысын айдап келе жатқанда арттарынан қуғыншылар жетеді. Шалгез жолдастарына алаңдамай, жылқыны айдап жүре беріңдер деп, өзі қуғыншыларды жалғыз тосып алады. Мұндай жағдай 1465-1560 жылдары жасаған Тіленшіұлы Шалгез жыраудың «Ер Шобан» деген жырында баяндалған. Сәбит Мұқановтың қолында осы жырдың болмағандығы, мейлі Шалгез, не Мұрат шығарсын мейлі, әйтеуір жырдың көркемдік бейне жасау амалы күшті «Батырлардың образын бір- бірінен жекелеу, әр батырдың арнаулы сипат тауып, бір батырды екінші батырға ұқсатпауы күшті. Осы поэманы шығарған ақынның адам образын жекелеуге шеберлігін көрсету» [2,164б.] еді деп дәстүр жалғастығына үлкен мән береді.

Шынында, Шалгездің «Ер Шобанында» Жұмай, Мәмбет, Сұлтан, Қаян, Жылым, Баубек, Қолай, Жақсымбет, Жақан батырлар даралай суреттелсе, Мұраттың «Шалгез» поэмасында шындығына келгенде Қожақ, Жанай, Шора, Сойдақ, Қазы, Қосай, Арғын, Мамай батырлар аталады. Ал олардың аттары ғана емес, образдық келбеттері де басқа. Шалкиз бен Мұратты біріктіріп тұрған дәстүрлі машық, тіпті, әрі-беріден Мұрат Шалгез бабасының жырын естіп, соған ұқсатып жырлайыншы деген ниетінің өзі он батырдың бірі етіп Шалкезді атап, қалмақтың қолын қайтарған шешен батырға айналдырып жіберген. Суреттеу тәсілдері де бірдей.

Арғымақ аттың аласы,

Қас игінің баласы.

Алдаспан ауыр қылыш суырған,

Ажалға қарсы жүгірген.

Бұ жиынның ішінде,

Исалының ұлы Жылым бар [4,36б.],–

десе Шалгез жырау, ал Мұрат Мөңкеұлы:

Енді бірін кім десең?

Жеті аршын жарым бойы бар.

Адамнан артық біткен сойы бар.

Артынан келген дұшпанға,

Көрсететін тойы бар.

Жауырыны жазық,

Мойны ұзын.

Оқ тартқанда

Қолы ұзын.

Маңдайының арасы

Екі қарыс екі елі.

Дулыға симас шекесі,

Оның бір несін сұрайсың.

Теккеппер деп жалғыз аттанған,

Көкшенің ұлы Қосай бар,–

деген суреттеу амалы мен бір-біріне ұқсамайтын батырлардың образын жасағаны үшін Сәбит Мұқанов Мұратты «Зар заман ақыны» деп айтудың өзі обал-ау дегенге жақындап, «қандай тамаша бейнелер!» біздің совет заманының батырларына «болсаңдар, осы Мұрат сипаттаған қазақ батырларындай болыңдар дерлік емес пе?!» [2,164 б.] деп Мұрат ақындығына ризалығын жасырмай, бүгінгілерге үлгі етіп, өмір шындығына оралады. Кешегі мен бүгінгіні жалғастырып, дәстүрдің қасиетті ықпалын сездіреді.

«Жалпы еңбектерін тұтас алғанда Мұрат XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінен аса бағалы орын алады» деген қорытындысы өкінішке орай 1947 жылы Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және Әдебиет инититутының саяси өрескел қателері туралы «қаулыға ілікті де, бүкіл «Зар заман» ақындарының қатарында кете барады.

С.Мұқановтың игі ниеті мен шыни танымына ілігіп, құнды да толымды пікір айтқызған ақын – Мұрат. Өзін жалпы қазақ ақыны, халық ақыны санаған және тарихын терең білген Мұрат «қазақ халқының сорлы ел еместігін, отанын, бостандығын қорғау жолында күресе алғандығын» [2,155б.], «Қазтуған», «Шалкиіз», «Қарасай-Қазы» дастандары мен «Үш қияны» көркемдігі мен идеясы жағынан өте құнды шығармалар» екенін нақты талдаумен дәлелдеп, олардың авторын «данышпан, ұлы жүректі Мұрат ақын» деп таныды.

Жалпы, очеркте «Зар заман» әдебиетінің жай-күйі, Шортанбай, Мұрат сынды ұлы ақындар шығармашылығы барынша жанашырлықпен насихатталып, толымды зерттеу жүргізілген. Осы баяндалған шындықтар әлі күнге дейін қалың оқырманның қолына толық тимей жатуы, әрине, өкінішті.
+1 дауыс

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінің бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты өзектілігі

Шортанбай Қанайұлы- XIX ғасырдағы  қазақ әдебиеті тарихынан елеулі орын алатын, өзіндік сөз өрнегі бар өнерпаз. Туған елінің тағдырын болжап, халқының басына түскен ауыртпалықтарды  көкірегі қарс айрыла жырлаған өз дәуірінің тамаша жырау-ақыны. Ақынның сырлы толғауларының ішіндегі ең айтулысы «Зар заман» өлеңі қай заман үшін де маңызды саналатын түйіткілді мәселелерге толы. Әсіресе, өлеңнен  бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты аса өзекті ойларды көптеп кездестіреміз.

«Зар заман» өлеңіндегі ақын сынаған сол замандағы  ұл мен қыз бойындағы жағымсыз қылықтардың бүгінгі жастардан  да орын алып жатқаны өтірік емес. Мәселен, Шортанбай ақын:  

Бұл асылық асқан заманда,

Ұл туады атаменен егесіп,

Қыз туады анаменен теңдесіп,

Баласы кетіп тыюдан

Масқаралар таймайды

Жас сыйласып тұрудан,-деп, «зарлы заманның» ұл-қызының сыпайылық, кішіпейілділік тәрізді адамдық қасиеттерден алыстап бара жатқандығын айтады. Қазіргі заман қыз-жігіттерінің де  көпшілігінің  аталмыш қылықтардан аулақ емес екендігін олардың ата-анаға, үлкен кісіге деген құрметінің азайып кеткендігінен анық байқауға болады. Басқасы былай тұрсын, өз ата-анасын «сен» деп атап, олармен құдды бір құрдастарындай сөйлеседі. Менің ойымша, бұлай жалғаса берсе, «атасы тұрып ұлы, анасы тұрып қызы сөйлегеннен без» дейтін халқымыздың ұлттық құндылықтарынан айырылып қалуымыз ғажап емес. Сонымен қатар, өлеңнің:

Ұлың киді дүрия,

Ұстараның жүзіндей

Аударылған дүние 

Қызың киді биқасап,

Тергеп кимей байқастап

Кешкітұрым болғанда

Құлан менен бұландай 

Үйде тұрмас ойқастап.

Қыз-жігітте әдеп жоқ ,-деген жолдарынан да сол дәуір жастарына тән сауықшылдық, ойыншы-күлкішілдік тәрізді татымсыз қылықтарды көреміз. Әрине, бүгінгі заманауи қыз-жігіттердің де сауыққұмарлық, қыдырымпаздық, жеңілтектікке бой алдырып, жаман әдеттерге әуес болып жүргені бәрімізге аян. Осыған қарап, ақынның ашына жырлаған ұл мен қыз бойындағы қасиеттердің  қазіргі жастарда кең етек алғаны жайлы ойлана түсеміз.

Шортанбай Қанайұлының «Зар заман» өлеңінің бүгінгі жастар тәрбиесіне қатысты  өзектілігі аса зор екенін байқадық. Бұл туынды сол заманның ащы шындығын айтып қана қоймай, өскелең ұрпақты жамандықтан сақ болып, жақсылыққа жақ болуға, ізгілікті қасиеттерді бойға сіңіруге шақырады. Сондықтан да, ақын шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, жастар тәрбиесіне көмекші құрал ретінде таратылуы тиіс.

+1 дауыс

Бағзы заманнан бері қарай өмір сүрген ақын, жыраулар қазақ жеріндегі замана көшінің бағыт-бағдарын елден бұрын бағамдап, өмір ағымының беталысын, тіршілігінің тынысын тамыршыдай дөп басып танып отырған. Іштен, тыстан келетін қауіп-қатерлерді алын-ала сезіп білген. Бұл өзгелерден артық туған ақын, жырауларға тәңірдің берген тән қасиеті болса керек. Олар қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман болса, шаттана, масаттана жырлаған. Ел басына күн туған аласапыранда отты жырларымен қалың қазақтың жігерін жанып, тұтастық пен бірлікке шақырған. Ал туған жеріне жатжұрттықтар сұқ көздерін сүзіп, шеңгелдеп қол сала бастағанда жыландай жылжып келе жатқан қасіреттен халқын сақтандырып жырмен зар жылаған. Жат пиғылдылардың елдің іргесін ірітіп, ырысын шашып, қазынасын қасықтап та, шөміштеп те таситынын елден бұрын аңғарған. Ақындар алмағайып заманда елдің жігерін жанып, төнген қауіптің бетін қайтаруға халықты үндеп отырған.

Біздің дәуіріміздің ХVІІІ ғасырынан бастап Ресей патшалығы қазақ жерінде де отаршыл, озбыр саясат жүргізе бастады. Орыстар қазақ елін еріксіз билеп-төстеп, елдің шұрайлы, құйқалы өңірлерін емін-еркін егеленіп, халықты жерінен, әдет-ғұрпынан, дінінен бездіруге әрекет жүргізді. Әлімсақтан атадан балаға мирас болып, сан ғасырлар бойы алтын тіндей жалғасып келе жатқан қазақ қоғамындағы қалыптасқан құндылықтар орыс озбырлығының әсерінен өзгеріске түсті. Ел басқарудың жүйесі бұрынғыдан басқа сипат ала бастады. Халықты қисыны жоқ салықтармен, ретсіз алымдармен қанап, түкпір-түкпірде отаршылдықтың дендеп енуі, одан халықтың зардап шегіп, күйзеліске ұшырауының ақыры — тарих сахнасына елдің мұңын мұңдайтын бір шоғыр «зар заман ақындарын» шығарды. Олар қазақ халқының сол кезеңдегі мұң мен зарын, тарта бастаған азабын, көріп отырған теперішін, алдағы күнін ойлаған ұлт қайраткері дәрежесінде танылды. Өз заманының тамыр соғысын елден бұрын сезетін, өмір ағысының беталысын алдын ала біліп отыратын көріпкелдей сұңғыла ақындар күңірене небір толғауларды толғады, күрсіне тіл қатты. Ұлтқа қауіп-қатер жақындай түскенін естірте отырып, елді ата-баба дәстүрін қаймағы бұзылмаған күйінде сақтауға, ұлттық болмыстан ажырап қалмауға жалынды жырларымен үндеді. Осы арқылы халықты ел басына төніп келе жатқан қасіреттен сақтандырды.

Зауалды заманда ғұмыр кешіп, отарлық езгіге, орыс патшалығының қанауына түскен халықтың тағдырын запыранды зармен, күңіренген мұңмен жырлаған ақындар шоғырын қазақтың әдебиеттану ғылымына «зар заман ақындары» деп атайтын термин пайда болды. Бұл терминді ғылымға Мұхтар Әуезов 1927 жылы енгізген және зар заман ақындарының дәуірін бір ғасыр көлемі деп көрсеткен.

Осы зар заман ақындары шоғырында елге белгілі ақындар Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асандар болды.

Халықты зар илеткен зобалаң заманды жыр еткендердің бірі — ақын Шортанбай Қанайұлы. Ол 1818 жылы Қаратау өңірінде, Түркістан жерінде туылып, 1881 жылы Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақсу-Аюлы ауылында өмірден озған. Шортанбайдың өз кіндігінен Алдаберген, Аязбай деген ұлдары мен Бәйіш атты қызы болған. Сыр бойы мен Түркістан аймағындағы ірі дін өкілі Мәді (Маһди) қажы — (Диуана) қожаның ұрпағы Шортанбай жас шағында арабша оқып білім алған. Көкірек көзі ояу, білімпаз Ш.Қанайұлы көрген-білгендерін көңіліне түйіп, санасына орнықтырып отырған. Тәңірдің берген дарынының арқасында ол ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының тарихындағы ірі қоғам қайраткерінің бірі болған ақын. Өз дәуірінің өмір шындығын айқын көрсете білген бірден-бір көреген ақын заманның, қоғамның әр саласын кеңінен қамтып, шынайы өмірді көзбен көргендей етіп бейнелеп берген ірі суреткер, өткір тілді жампоз жырау болды.

Діни сауатты Шортанбай Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикметінен» сусындап, оны жаттап өскен. Ислам діні жолындағы оқуының нәтижесі Шортанбайды ишандық дәрежеге жеткізді. Шортанбай ишан Түркістан өңірінде ислам дінін тарату жолында қызмет атқарып жүріп, Сарыарқаның Қарқаралысындағы Жамантай төренің жанына біраз уақыт қоныс аударады. Кейіннен Жанғұтты бидің қолқасымен Ақсу-Аюлы бойына қоныс жаңғыртады. Онда барған соң мешіт салдырып, медресе ашып бала оқытады. Өмірден озғанға шейін Жанғұтты бидің қамқорында болады.

Бойына туа бітті тәңірден берілген ақындық шабыт дарын иесін осы жолға түсірмей қоймайды. Жан-жақты сауатты, өлең-жырға әуес, сөзге шешен Шортанбай жиын, той-думандарда жырға ден қоя бастайды. Ақырында толғау айтса — толғап айтатын, жыр айтса — төкпелеп төгетін ақынға айналады. Қасиетті Түркістан жері оны ишан дәрежелі дін иесі етсе, Қарқаралы байтағына арқалы ақын ретінде танылады. Шортанбай шығармаларында ХІХ ғасырдағы қазақтың өмірі шынайы болмысымен суреттеледі. Әсіресе, елдің тұрмыс-тірлігі, жоқ-жұтаңдардың жағдайы ақынды қатты толғандырып, жат жұрттық келімсектердің қазақ жерін талапайға сала бастауы ақынға шаншудай қадалады. Елге жасалған отаршылдық, халыққа істелген қиянат ақынның көптеген шығармасына арқау болды, зар заманның келгенін күңірене жырлап, халқын төнген қауіптен қорғады.

Шортанбай шығармалары өткен ғасырдың соңғы ширегінде кейбір кітаптарда жариялана бастады. 1882 жылдардан бастап, өлең, толғаулары жинақталып, бөлек кітап көлемінде жарық көреді. Аталған жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Бала зары», «Байды құдай атқаны», «Атамыз Адам пайғамбар», «Өсиет-насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға» тағы басқа да шығармалары енген.

Кешегі кеңес заманында бірқатар толғаулары мен айтыстары С.Сейфуллиннің 1931 жылы шыққан «Ескі әдебиет нұсқаларында», С.Мұқанов пен Қ.Бекхожиннің 1942 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиетінің хрестоматиясында», 1962 жылғы «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» және1965 жылғы «Айтыс» жинағында жарияланған.

Ш.Қанайұлының «Бала зары» атты өлеңдер жинағы ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Қазан қаласында баспаханадан басылып шыққан.

Келешекті көрегендікпен болжау, алдағы күндердегі елдің даму сипатындағы өзгерістерді көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп шынайы бейнелеп жырлау секілді зар заман ақындарына ортақ қасиет Ш.Қанайұлында да бар. Бұндай сипаттағы өлең мен толғаулар оның шығармаларында көптеп орын алады.

Шортанбай ақынның шығармаларының дені дерлік «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай заманды аңсап, заман ағысының кері кетіп бара жатқанына налудан туған. Мысалы, «Зар заман» деген толғауында өткен заманның жақсылықтарын аңсау байқалады. Мұнда ақын заман азды, заң тозды, бұрынғы зорлар қор болды, қорлар зор болды, ұрпақ ата-анасын тыңдаудан қалды деп торығады. Ел ішіндегі әлеуметтік мәселені жырға арқау етіп, жұртқа төрелік айтатын билер мен ел билеушілерінің парақорлығы мен әділетсіздігін, ел ішіндегі алауыздықты тағы басқа да мін-қылықтарды шариғат жолымен кінәлап, бұрынғы өтіп кеткен замандағы билердің әділ іс-әрекеттерін аңсайды. Аласапыраны көп алмағайып замандағы өзгерістер мен жаңалық біткенді танығысы келмей, оған үрке қарап:

— Мына заман қай заман?

Азулыға бар заман.

Азусызға тар заман,

Мұның өзі — зар заман…- деп, кейпі қашқан заманның кесір кепиетін ашына айтады, батыл толғайды. Қазақ жеріндегі ел билеушілерді сын садағына алып, Асанқайғыша толғанады әрі торығады.

Заман ағымының беталысының қалыптан ауып, адамдар арасындағы әлеуметтік теңдіктің ауытқуын, осыдан барып кедей мен жоқ-жұтаң елдің басына түскелі келе жатқан кесапаттан жұртты сақтандырып:

Мынау ақыр заманда,

Алуан-алуан жан шықты.

Арам, араз хан шықты,

Қайырымы жоқ бай шықты.

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп көрер күші жоқ,

Ақша деген мал шықты.

Кедей қайтіп күн көрер? —

Сол себепті қорқамын! — деп, заманның түнеріп келе жатқан қара бұлтын ашық көрсетеді.

Шортанбай шығармаларының өзегі — беталысы өзгерген заман, қайырымсыз қоғам, берекесі кете бастаған халық тұрмысы, елдің өмір сүру ырғағының бұзылуы, қонысы мен жерінен шеттетуге негізделген қысым көрсету, отаршылар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, жаңа қоғамдық қарым-қатынастардан туындаған ел тонаудың небір түрлері, екі жүзді ел билеушілер, бұзақы тонаушы топтар. Патша отаршыларымен қатар елді қанауға малды байлар да, алып сатар саудагерлер де кірісіп жүргенін шығармаларында көрсетеді. Бұларға қоса князьдар мен генерал-губернаторлар, әскербасылар мен дуанбасылар, соттар, тілмаштар секілді сол кездің әкім-ұлықтары елдің тыныштығы мен дәулетін судай шашады. Осыны көріп отырған Шортанбай ақын:

Заман қайтып оңалсын,

Адам қайтып қуансын,

Жандарал болды ұлығың.

Майыр болды сыпайы,

Айрылмайтын дерт болды,

Кедейге қылған зорлығың.

Князьді көрдің піріңдей,

Тілмәшті көрдің биіңдей,

Дуанды көрдің үйіңдей,

Абақты тұр алдыңда,

Қазылып қойған көріңдей, — деп, олардың барлығын елдің ырыс-несібесін жалмайтын ауызын ашқан аждаһадай етіп көрсетеді.

Ол «Бір тәңірге аян-ды», «Бір насихат айтайын» және тағы басқа да өлеңдерінде қараша халықтың ауыр тұрмысын, би-болыстар, ұлықтар мен байлардың ел билеудегі кейбір келеңсіз әрекеттерін, озбырлықтарын әшкерелеп көрсетеді.

… Кедейлерге салып шығынды,

Негізі байдың тоймайды, — деп, байлардың тойымсыздығы мен ашкөздігін өткір тілімен түйрейді, олардың бет-бейнесін ашып береді.

Отаршыл Ресей патшасының қазақты үйреншікті сүйегіне сіңген әдет-ғұрыптан, наным-сенімінен, иманынан, ел билеу салтынан айыруға жасаған әрекеті мен зорлықшыл әділетсіздігін көрген Шортанбай одан әрі:

…Осы күнде заманың

Осылайша болып тұр.

Мұсылманды бұл күнде,

Орыс кәпір жеңіп тұр…- деп, түйіндейді.

Ш.Қанайұлы қазақтың бойындағы адами қасиеттердің айни бастағанын, ұлттық тұрпаты мен елдік сипатының бұзылғанын былай деп көрсетеді:

Заманақыр кезінде —

Ұл сыйламас атасын.

Қыз сыйламас енесін,

Ер жеттім деп егесіп,

Салыстырар денесін, — деп, қазақтың қанында жоқ жат қылықтардың өріс алып келе жатқанын ашына жырлап, ескертеді, кимелеп келе жатқан кесапаттың кері кеткен кейпіне ашынады.

Бұдан әрі мұсылмандық шарттар мен иманға жасалып жатқан қиянат, адал мен арамның ара қатынасы туралы да болашақ болжамын айтады.

…Зекетсіздің бұйырар

Сүндетсізге жиғаны.

Аузы түкті ие боп,

Қазаққа берер қиғанын, — деп, көреген ақын күйініш білдіреді.

Бұдан соң ақын ХХ ғасырда қазақтың басынан өткерер бар қияметі туралы:

…Қайран да халқым, қайтейін,

Кейісті көп тартасың.

Көппен көрген селебе,

Селебені елеме,- деп, егіле отырып, елін жұбатады.

Шортанбай ақын елдің басына түскен нәубетті ақырзаманның келгеніне теңейді. Оның бұл жердегі ақырзаман дегені дүниені жойып жіберетін ғаламдық апат емес, отаршылық пен қанаудың аранына түскен ұлттың күйреуі мен тозаққа ұшырауы сипатындағы ақырзаман екенін көреміз. Ол осы тұрғыда:

Таңда махшар күн туса,

Таразыны аударар.

Жаһаннам деген дозақта,

Шайтан болар жолдасы.

Құбыласын білмей құл

Сонда тартар жазасын.

Кешірмейді Құдайым

Бес намаздың қазасын.

Құрт-құмырсқа жиылып,

Сонда алады мазасын.

Жаһаннамның белгісі

Жалғанға болар расың.

Мұқып қылмай құдайым

Ол залымның тәубасын

Сақта құдай солардан,

Сол себепті қорқамын!- дейді. Осылайша келер нәубеттің зардаптарын тайға таңба басқандай күн ілгері айтып береді.

Ақын өмірден өтер алдында көптен сыйлас досы Жанғұтты мен Асанбұғы қожаны шақыртып алып, араздасады. Заман ағымы, ұрпақ болашағы, ел болу қам-қаракеті туралы олармен ой бөліседі, пікірлеседі. Екі ақылдасына келер заман туралы өзінің болжамын жаздырады.

…Отыз, отыз бірінші жылдары,

Елдің ері еренде,

Жалғыз-ақ қара қалады.

Ұялмастан бұл кәпір,

Оған да салық салады.

…Сол уақыттың кезінде,

Ұмытпасаң тәубаңды,

Түтін салар соқпаққа.

Түзу жолдан сан қилы,

Жолығарсың күрзі менен соқпаққа, -деп, алдағы күннің болжалды, келер ұрпақтың мойнына түсер ауыртпалықты көзбен көргендей, қолға ұстатқандай етіп айтып берген.

Шортанбай негізінен болжампаз, көреген, ақылгөй, өсиетшіл ақын. Сондықтан жырларымен де адами ақыл айтып, халықты түзу жолға салып, жөн сілтеуді өзінің зор мақсаты санаған болса керек. Ақын әр кезде терең толғап, өрнекті де өрелі сөз термелейді. Орынды да орнықты ақылдар береді, нақылды сөз айтады.

Ол өсиеттерін қалың қазаққа, оның кәрі-жасына арнайды. Елдің бас көтерер адамдарын тәубаға шақырып, бір күндік мал-мүлік пен дүние жинап қор болмай, халық үшін, бір Құдайдың жолында қызмет етуін тілейді. Ізгілік, әділет жолынан тайынбай іс қылып, саналы, салиқалы өмір кешуін уағыздайды. Ақирет жолы мен адамгершілік, әділет жолдарын тең ұстап, ешкімге обал, қиянат жасамай, тек қана ізгілік жасап өткенін қалайды. Адамдарды тойымсыздық пен опасыздықтан аулақ болып, қанағат пен рақымға жақын болуға үндейді.

Шортанбайды зар заман кезеңінде өмірден түңіле жырлаған жігерсіз, қайғы мен мұңның ақыны деп тұжырым жасауға келмейді. Жоғарыда келтірілген бірқатар өлеңдердің үзінділерінен-ақ ақынның бойындағы басым күш пен жігерді бағамдауға болады. Өлеңдер өзегінен елді бас көтеріп, серпілуге шақырып, батыл күреске үндеуді, халықтың сана-сезімін оятуды көздегенін көреміз. Шортанбай өмір сүрген зар заман деп аталған — тар заманда халыққа ұран тастап, үндеу жасап, алды-артын болжап бергеннің өзі үлкен ерлік, елге адал қызмет. Шортанбай шығармашылығын зерттеушілердің пайымдауынша, халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Ол ел-жұртының қасіретін ерлерше арқалап, мұңын мұңдады, ақындық шабытынан күрескерлік жыр толғады. Өз елінің мінезін, мінін түзетпек болды. Жасығандардың жігерін жанып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды.

Сол замандағы қоғамның жай-жапсарын зерделеп, залалды зардабын елге түсіндірді, салдарынан сақтандырды, кесапаттың алдын алуға жатпай-тұрмай жұртын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішін дендей бастаған әр түрлі келеңсіздіктерге, талан-таражға, алауыздыққа, берекесіздікке, бейәдептікке, опасыздыққа қарсы халықты аянбай күресуге шақырды. Сол заманда бұдан артық елі мен халқының қамы үшін адал қызмет ету екіталай еді.

Шортанбай өз заманындағы қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздік пен өмір шындығын шынайы суреттей білген сұңғыла жыршы екендігімен қатар суырып салма айтыскер ақын болған. Кезінде ол Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сөз сайыстырған. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өн бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық аңғаруға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан рет жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығымен тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, табан астында қарсыласының алдын орап кететін тапқырлығын танытады.

Шортанбай Қанайұлы өр мінезді өлеңдерімен қазақ әдебиетін түр, мазмұн жағынан байыта түскен, адами және бекзаттық қасиеттерді, ізгілік пен парасаттылықты жырлаған, оны елге насихаттаған ірі ақын.

Бір сөзбен айтқанда, Шортанбайды заманның тамыр соғысын дөп басып танитын, мезгіл мұғдарын алдын-ала болжап, күн ілгері көре білетін өз заманының да, одан бергі заманның жаршысы болған кемеңгер де көреген ақын деп бағалауға болады.

Бойындағы адами қадір-қасиетінің молдығына, дарынды білім иесі болуына, елі мен жерін қастерлей білуіне байланысты Шортанбай ақынды ел бүгінге дейін әулие деп есептейді.

Әулие ақын дүниеден озған соң мүрдесі жерленген орынға зират салмауды өсиет етіп кеткен. Ақынның атын атауға, оның шығармаларын насихаттауға ХХ ғасырдағы әміршіл саясат рұқсат бермеді. Оның жырларын айтуға тыйым салынды, өлеңін айтатындар болса олар қуғындауға ұшырады.

Осы тыйымдардың кесірінен кеткен олқылықтың орнын толтыратын кезең енді келіп жетті. Ол үшін қазіргі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Ұлттық ғылыми кітапханасында сақтаулы тұрған айтулы ақынның шығармаларының қолжазбасын толыққанды зерттеп, зерделеп, өлең-жырларын жинақтап жарыққа шығару, жұртшылық арасында насихаттау керек деп білеміз. Бүгінгі уақыт соны көрсетіп отыр.

0 дауыс
Кейбір жағдайларда ғана жол беріледі және оны жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады және ол туралы не білеміз?
...