Елбасы жайлы шындық

«Сайлау» атты сайқымазағыңды тоқтат, Нұрсұлтан!

Осындай тақырыппен Алматы қаласының Ақсақалдар алқасы атынан Қазақстан Республикасының президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жазылды.

1991 жылғы Президенттiк сайлау­да, қазақ халқының талай заман армандаған Тәуелсiздiк таңы ендi арайлап атқан күндерде, Елдiң тұтқасын сенiп тапсырдық.
“Ел басқаруда тәжiрибесi бар азамат” деп санап, қазақ хал­қын жарқын болашаққа бастайды деген үмiт арттық, өкiнiшке қарай, ол үмiттiң орындалмады.
Бiрiншi күннен бастап, бар күшiн Қазақ Мемлекетiн нығайтуға, халықтың күрт төмендеп кеткен әлеуметтiк жағдайын шешу жолдарына емес, Қазақ Елiнiң барлық билiгiн жалғыз өзiнiң тақымының астына салуға, сол билiктен өмiр бойы айырылмауға жұмсады.
Осы күнге дейiнгi барлық iс-әрекеттерiң тiкелей қазақ халқының мүддесiне, ұлттық мемлекеттiң орнығуына, ана тiлiмiздiң, дiнiмiздiң, дәстүрлерiмiздiң нығайғанына мүл­дем қарама-қарсы. Оған мынандай мысалдар келтiрiптi:
1. Коммунистiк империяның өзi “ұлттық мемлекет” ретiнде мойындаған ҚАЗАҚ Советтiк (Кеңестiк) Социалистiк РЕСПУБЛИКАсының аталуы, арасындағы идеологиялық қосымшаларды алып тастап: ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ деп өз­геруi керек едi. Сонда, азаматтардың бәрi ҚАЗАҚТАР болып есептелер едi. Оны 10.12.1991ж. Қазақстан Республикасы деген дүдәмал атқа өзгерттiрдiң. Негiзi­нен, “РЕСПУБЛИКА” дегенге де қарсы болды, бiрақ, Жоғарғы Кеңес келiспеген. Елiмiздiң халықаралық ағылшын тiлiне аудармасы тiптен масқара, тура орысшадан – KAZAKHSTAN!

 2. 1995 жылдың 7 наурызында Қазақ мемлекетiнiң алтын тұғырлары болуға тиiс үш құжатты: “Қазақ ССР Егемендiгi туралы Декларация­ны” (25.10.1990), “ҚР Тәуелсiздiгi туралы заң”(16.12.1991), “ҚР Конституциясын” (28.101.1993) қабылдаған Жоғарғы Кеңестi (ЖК) қит­ұрқылықпен таратып жiберiп, барлық билiктi өз қолына алды. 1995 жылы ЖК (Жоғарғы Кеңес) жоқ уақытта заңсыз саналатын екi референдум өткiзiп (29.04.1995, 30.08.1995) өзiнiң патшалығын “заңдастырды”. Сол жылдан бастап заңды билiктi де, демократияны да түбiрi­мен жойды.

3.1993 жылғы Конституция бо­йынша тек қана атқару билiгiн басқаруға тиiс едi, қол астына сот, прокуратура, Парламент, Сайлау коммиссиясы, барлық билiк органдарын жинап алған соң ойыңа келгендi iстей бастады. Өйткенi қадағалайтын Конституциялық сотты, өзiнен жоғары билiк Жоғарғы Кеңестi, Үкi­меттi қадағалайтын – Жоғарғы Кеңестiң Бақылау палатасын атымен жойды.

4. Халқымыздың ондаған жылдар бойы ерен еңбегiмен тұрғызып, құрған өндiрiс ошақтарын, колхоз-совхоздарды халықпен, ғалымдармен ақылдасып, тиянақты реформалаудың орнына, “қызыл” директорлармен бiрiгiп, талан-таражға ұшыратып, быт-шытын шығарды. Халыққа: “Жекешеленгенде соның ұшпағын сендер де ұстайсыңдар” деп жалған құжаттар таратып, алдап, iс жүзiнде Елдiң бар байлығын, кен орындарын, жерiн өз отбасы мен достарына, алаяқтарға, шетелдiктерге таратып жiбердi. Бұл “Тәуелсiздiк туралы Заңның” 11-бабын тiкелей бұзғаны, өйткенi, онда: “... жер, оның қойнауы, табиғи ресурстар тек ҚР меншiгiнде болу керек, ол Тәуелсiздiгiмiздiң негiзi...” деп нақ­ты жазылған. Экономикамыздың, ауыл шаруашылығының бүгiнгi жағдайын қандай тауар, азық-түлiк шығарып жатқанымыздан, шетелден қандай тауарлар келiп жатқанынан, соның бағаларынан-ақ ай­қын бiлуге болады.

5.1989 жылы “ұлтаралық қатынас тiлi” деп қазақ тiлiн үйренгенше уа­қытша берiлген орыс тiлiнiң мәрте­бесiн 1995 жылы мемлекеттiк тiлмен бiрдей қолданатын қылып, екiншi мемлекеттiк тiл, iс жүзiнде басты тiл етiп қойды. Осыны түзейiк деп жазған 133 қазақтың бетке ұстар азаматының сөзiне пысқырмады да! Мемлекеттiк тiл бiлмейтiн ми­нис­трлер бiзден басқа қайда бар? Орысша бiлмеген соң Қытай мен Моңғолияға қандастарымыз қайта кетiп жатқаны намысына тимей ме?

6. Есiк-төрiмiздi айқара ашып дiн-секталардың бәрiн кiргiзiп болды. Жыл сайын шiркеу, синагога соғылып жатыр... Сонда, Ливан боламыз ба, болашақта?

7. Былтыр марқұм болған экономист Қанат Берентаев 2000-10 жылдары жемқорлықпен Елден шетке 300 миллиард АҚШ доллары шығарылды деп жазды. Яғни, жылына қазақ халқы 30 миллиардқа тоналып жатыр деген сөз. Ол, жемқорлықпен күресiп жатырмыз деген сөзiң­нiң жалған екенiн дәлелдейдi. “Халық – құдайдың екiншi аты” дейтiн өз Елiн алдағаны қалай, ақсақал жасыңда? Сонда, Алладан да қорықпайтын болды ма?

8.“Кеңес заманында Мемлекет жаппай тегiн пәтер беретiн, денсаулық сақтау, жоғары, орта бiлiм беру саласы түгел тегiн болды. 1980 жылдардың аяғында Михаил Горбачев тауарларға 5% ғана бiр үстеме салық салып едi, бүкiл ҚСРО болып оған қарғыс-лағнет айтқан. Ал, қазiр баға, комуналдық төлемақы ай сайын 5-10 пайыз­ға өсiп жатыр, сонда, бiз не айтамыз? Баспанасынан қар үстiне лақтырып тастаған ана мен балалардың көз жасына кiм жауапты?

9.Маңғыстауда халықты атуға кiм бұйрық бердi? Тiптi, бiр сөзi-iсi екiншiсiне үйлесуден қалды... 

10.Дағдарыс келе жатыр деп ойбайлап, өздерiң шығын iздеп ЭКСПО, универсиада, қысқы олимпиа­да сияқтыларды шақырасыңдар, бұл қалай, сонда? Неге, оның орнына қарапайым халыққа да қолжетiмдi баспана, тен­тiреп жүрген 80 мың балаға бала­бақша салғызбайды, неге құлайын деп тұрған немесе жөн­деусiз сәнi де, мәнi де кеткен мектеп, емхана, аурухана, кiтапхана­лар­ды жаңартпайды?

11.Дағдарыс билiк пен Үкiметте. Ешкiм ештеңеге жауап бермейдi! Бұрын, ең болмаса айына бiр шығып, теледидардан халықтың сұрақтарына жауап берушi едi, ол да қалды! Өзiне жазылған мыңдаған хаттарға бiр жа­уап жоқ! Алматы зейнеткерлерi жиналып 145 ашық хат жазыпты. Бiр жауап жоқ! Сонда оны кiм отырғызды Ақордаға? Турасын айтайық, халық саған керек болмаса – сенiң де халыққа керегiң жоқ!

12.Халықты дағдарыс­қа жеткiзді. Жұмыссыздық, бұрын-соң­ды қазақ тарихында болмаған қылмыс (кеңес кезiндегiден түрмеде он есе көп азаматтар отыр), жезөк­шелiк, нашақорлық! Екiнiң бiрiнiң мойнында көтере алмас несие бұғауы! Осы фактiлердiң өзiнен-ақ Қазақ Елiн дұрыс басқара алмағанынды мойындауы керек.

13.24 жылда бiр рет те ашық, адал сайлау өткiзiлмеді. Сайлау комиссиялары халықтың таңдауын бұрмалайды Сайлауға байланысты ұсыныстар:
“Қазiргi сайлауды дереу тоқтату керек, өйткенi, Сайлау заңын толық қайта қарап, сайлау комиссияларын түгел өзгерту қажет. Президенттiк сай­лаудың өз уақытында – келесi жылы өткенi абзал.
Қазақ халқының сенiмiн ақ­тай алмағанына, демократиялық алмасу заңдылығына байланысты (1993 жылғы Конституцияда 65 жасқа дейiн ғана рұқсат) алдағы Президенттiк сайлауға түсуден бас тартуға тиiс­тi. 25 жыл басқардың, күйеубалаларына дейiн ресми миллиардер болды, жетер! Оның өзi­нiң, отбасысының амандығына, қауiпсiз­дiктерiне, өмiрге жет­кiлiктi дәулет­терi болатынына қоғам атынан кепiлдiк беруге дайынбыз.

Талаптар:

11 миллион қазақтың iшiнде “Қазақ Елiн басқаруға сай Назарбаевтан басқа бiрде-бiр азамат жоқ” деушiлердi қазақ халқын қорлаушылар деп есептеймiз!
Қамаудағы барлық саяси тұт­қындар босатылуға тиiс.
Мұқтар Шаханов құрған “Халық рухы”, басқа партиялар тiркелуге тиiс.

Қазақ халқы кең, кешiрiмшiл халық... Қанша қателiк, тiптi, қылмыс iстеген адамдарды кешiрiп жатады. Егер де, бiздiң ұсыныстарды қабылдаса, қоғамда тұрақтылық пен прогресске деген сенiмдiлiк туатыны сөзсiз. Бiздiң халықтың қырық күн сынбай, бiр-ақ күнде сынатыны да белгiлi...
 Ал тағы да: “Халықты Маңғыстаудағыдай белiнен басамын, еш­қайда кетпейдi!” деп ойласа, онда тура ханталапайға, басқа сөзбен айтқанда, Украинадағыдай Майданға апарады. Бiзге ескерту парыз...”
 
Алматы қаласының Ақсақалдар алқасы:
Сапабек ӘСIП, жазушы, “АЗАТ” қозғалысының ардагерi, төраға;
Аймұхан ТАУЖАНОВ, мұнайшы, “Жас тұлпар” қозғалысының ардагерi;
Төлеубек СЕЙТҚАЛИҰЛЫ, сәулетшi-ғалым, “АЗАТ” қозғалысының ардагерi;
Аманкелдi САТЫБАЛДИЕВ, тарихшы, АЗАТ қозғалысының ардагерi;
Серiк САПАРҒАЛИ, энергетик, саяси сотталған,
“АЗАТ” қозғалысының ардагерi”.

Енді сәл-пәл өз ойымды қосайын. Шынымен де Ақсақалдар сөзінен шындықтың іздерін байқауға болады. "Байқауға болады" демеймін, бәрі шындық. Мұнан басқа да былық-шылықтары жетерлік секілді. Ринат ағамыз айтқандай "Үш жүздің тағдырынан гөрі үш қыздың тағдырын артық" қойған адам біздәі қоғамға керек емес секілді.

Мен Елбасыны сыйлаймын. 20 жылдағы еткенін, еккенін құрметтеймін. Енді ол өз басын құрметтеп, сол жұрты аңсап отырған "құрметті демалысына" шыққаны да жөн секілді. Хандық билікті қалпына келтіруден басқа да шаруалары бар шығар? Мүмкін басқа елдің президенттеріне өзін мақтатқызу, қарыз беру арқылы жағымпаздану, т.с.с.

Жазба "Жас Алаш" газетінен алынды. Тек бұл үлкен кісілердің "сен" деп өзінен кіші адамға қарата айтқан жерлерін сәл өзгерттім, сыйлағаным деп білерсіздер, кешірерсіздер деген ойдамын. Хаттың толық мазмұны бұл емес, бұл тек газеттегі жазбаның өзгертілген нұсқасы. 

ОЙЛАНАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

Мен ҚАЗАҚПЫН! 23.03.2015 жариялады

1 пікір

Медальдің екі жағы бар дегендей, президентіміздің де кемшілігі бар болар, бірақ дәл қазіргідей заманда оның ел басқара тұрғаны өзімізге жақсы сияқты. Хат жолдаған Ақсақалдар өздері тап-таза ма екен? Шығай хан да сексен жасқа келгенде хан сайланған, жасында тұрған ештене жоқ.
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,459 қолданушы