Жар таңдау әңгімесі

Ассалаумағалейкум! Мен бірінші блогымды жазбақшымын, негізі пәлендей блог жазудан хабарым жоқ, сондада тырысып көрейін дедім. Бір жағынан ұят шығар біреудің жазғанын мында жазайын деп отырмын. Бүгін журнал қарап отырған едім, сол жерден 2006 жылы шыққан "Жыл он екі ай" деген кітапты тауып алдым, сол кітапты ақтарып отырғанда "Жар таңдау" деген әңгімені көзім шалып қалды. Сосын осы әңгімені СЖ сайтына блог ретінде неге жарияламасқа деген ой келді. Ал енді осы әңгімені жазып берейін. (Егер қажет емес деп жатырсаңыздар, кетіріп тастасаңыздар болады)

                                                               "ЖАР ТАҢДАУ"

Біздің елде ертеректе Таңатар деген бір адам өмір сүріпті. Төмендегі жағдай сол кісінің басынан өтсе керек.

Таңатар еті тірі, ақылды жігіт болғанымен, қолдың қысқалығынан ба, жоқ әлде көн етіктіні менсінбей, көк етікті кездеспей, қыздан қыз таңдап жүріп ала ма, орта жасқа келгенше үйленбепті. Содан бір күні: "Таңдаған тазға жолығады" деген, енді бас құрмасам болмас",-деп, бекем шешімге келіпті.

Сөйтеді де, ел кезеді. Ауыл аралап жүріп, бір бейтаныс қараша үйге тап болады. Ол үйдің екі қызы бар екен. Үлкені 25 жаста екен де, кішісі 20 жаста екен. Байқаса, екеуі де ақылды, тәрбиелі жандар сияқты. Алайда кішісі үлкенінен гөрі сұлулау, әрі сұңғақтау. жігіт кіші қызды ұнатып қалады да, құда түспекші болады.

Дегенмен, қазақ қызының алдында әпкесі тұрғанда сіңілісінің тұрмысқа шықпайтын әдеті бар емес пе: әке-шеше мен қос қыз да осы дәстүрді бұзғысы келмейді. Сонда жігіт бұл үй-ішіне мынадай тілек-шарт ұсыныпты.

- Екі қыз бірдей екі шәйнекті бірдей суға толтырып, бір мезгілде бірдей жанып тұрған екі отқа қойсын. Қайсысының шәйнегі бұрын қайнаса, соған үйленемін, - дейді ол.

- Мақұл, - дейді әке мен шеше, екі қыз да бұған келіседі.

Сонымен, екі қыз жігіттің шартын мүлтіксіз орындап, шәйнек қайнатуға кіріседі. Бірақ үлкен қыз: "Менің шәйнегім бұрын қайнаса екен, сіңілімнен бұрын тұрмысқа шықсам, дәстүріміз де бұзылмас еді", - деп ойлайды да, дегбірсізденіп шәйнегінің қақпағын қайта-қайта аша береді. Ал, кіші қыз: "Әпкемнің шәйнегі бұрын қайнаса екен. Ол алдымда тұрғанда менің тұрмысқа шыққаным ұят қой", - деп қимылсыз отыра береді.

Осылайша бәрі не боларын күтіп отырады. Өкінішке орай, екі қыздың да тілегі жүзеге аспай, кішкене қыздың шәйнегі бұрын қайнайды. Сөйтіп, күйеу жігіт өзі ойлағандай кіші қызға үйленіп, мақсатына жетіпті.

Бұл арада енді оқырман қауым тарапынан: "Үлкен қыздың шәйнегінен гөрі қіші қыздың шәйнегінің бұрын қайнауының сыры неде?" - деген сұрақ тууы мүмкін. Оның жауабы қарапайым: қақапағы жиі ашылған үлкен қыздың шәйнегіне сырттан кірген салқын ауа әсер етіп, ондағы судың қайнауын сәл де болса кешеуілдеткен еді. Авторы: Ж. Тұрсынұлы

Түйін: Сабыр түбі - сары алтын.
Қызықты деректер 21.03.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,095 қолданушы