Шетелге шығатын ҚР азаматтары үшін жадынама #1 Сапарға дайындық!

Көбіміз біле бермейміз шетелге саяхаттауға шыққанда қандай құжаттарды алып,нені ұмытпау керектігімізді, міне сол туралы барлық ақпаратты осы және келесі жазбаларымнан оқитын боласыздар.) 

#1 САПАРҒА ДАЙЫНДЫҚ !

• Шет елге шыққан кезде, ең алдымен, жол құжаттарыңыздың дұрыстығын тексеріп алу керек. Әсіресе, паспорттағы тегіңіздің, атыңыздың, әкеңіздің атының (латын тіліндегі транслитерациясы да), туған күніңіз бен туған жеріңіздің, балаларыңыз туралы мәліметтердің, паспортыңыздың аяқталу мерзімінің (паспорттың мерзімі сапар аяқталғаннан кейін кем дегенде 6 айға дейін жарамды болу керек) дұрыс жазылғанына көз жеткізіңіз. Егер өзіңізбен бірге 16 жасқа толмаған балаларыңыз бара жатса, онда әке-шешесінің біреуінің паспортына балаларды жазып, суреттерін жабыстыру керек немесе оларға жеке паспорт алуға болады. 

• Жолға аттанар алдында туыстарыңыз бен достарыңызға өзіңіздің сапарыңыз бен баратын жеріңіз туралы айтып, байланыс телефондарыңызды тастап кетіңіз. 

• Баратын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдық мекемесінің телефондарын жазып алыңыз. 

• Қазақстан Республикасынан үш мың АҚШ долларынан артық шет ел валютасын алып бара жатсаңыз, оны мағұлымдамада (декларация) жазып көрсету қажет. Қазақстан Республикасының азаматтары басқа елге қолындағы шет ел валютасын алған жерді растайтын құжатсыз он мың АҚШ доллары көлемінде ғана шет ел валютасын алып өте алады. Бұл сомадан артық валюта алып бара жатқан жағдайда, оларды растайтын мынадай құжаттарды көрсету қажет: айырбастау пунктінің шет ел валютасын сатып алғандығы жөнінде анықтама-куәліктер, банктік есеп-шоттан ақшаны шет ел валютасымен алғандығы туралы құжаттар, шет ел валютасын аударма арқылы алғандығы туралы банктік құжаттар, Қазақстан Республикасына алып кірген шет ел валютасы туралы кедендік декларация. Бірақ басқа елге барған кезде мағұлымдамада көрсетпеуге болатын ақша көлемін сұрап алыңыз.

 • Баратын елдерде өзіңізге қажетті дәрі-дәрмектердің бар-жоғын алдын ала біліп алыңыз. Кейбір кездерде Қазақстанда оңай сатып алуға болатын дәрілерді, шет елде шығара бермейді немесе оларды тек дәрігердің берген рецептісімен ғана сатып алуға болады.

• Ауа-райы ыстық елдерге баратын болсаңыз, алдын ала егілген жөн. Тропикалық елдерге баратындарға күл ауруына, сіреспеге, полиомелитке қарсы егілген дұрыс. Африка (Сахарадан оңтүстікке қарай) мен Латын Америкасына барар алдында безгекке қарсы міндетті түрде егілу керек. Меккеге баратындарға делбеге қарсы егіліп алған жөн. Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде ұзақ уақыт болатын болсаңыз В гепатитіне қарсы егілген дұрыс. 

• Шетелге оқуға, жұмысқа немесе тұру үшін бара жатсаңыз, құжаттарыңызды заңдастырып немесе апостил қойғызып алыңыз. Бұл, ең алдымен, білім туралы құжаттарға, АХАЖ мекемелері берген куәліктерге, мүліктік қатынастар мен әлеуметтік қамтамасыз ету құжаттарына қатысты.

 • Көп елдерде азық-түлік тағамдарын, спирттік ішімдіктерді, темекі өнімдерін алып кіруге шектеулер қойылғанын немесе тыйым салынғанын ескеру қажет. Мысалы, мұсылман елдерге қандай-да болмасын спирттік ішімдіктерді алып кіруге болмайды. 

• Шет елде болатын мерзімге сәйкес дәрігерлік сақтандыру полисін алуды ұмытпаңыз. Ол саяхат кезінде жазатайым оқиғадан сақтану мен сақтандыру полисінде көрсетілген аяқ астынан болған дәрігерлік шығындардан сақтануға мүмкіндік береді.

ЖАЛҒАСЫ БАР )

Пайдалы кеңестер 16.03.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,090 қолданушы