#2 Мұқағалидің музасы

Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,
Кетеміз-ау, әй, кетеміз… пендеміз.
Ұрпақтарға береміз де кезекті,
Біз кетеміз. Кету үшін келгенбіз.

© Мұқағали Мақатаев



Ия, батырсымақ болып көрінсек те, ғалым болып үлгерсек те, шыққан жеріміз бір, кететін жеріміз де бір болмақ. Алайда, барлығы осыншалықты оңай болса, не үшін келгенбіз деген сұрақ туындайды. Мұқағали ағамыздың жай ғана «кету үшін келгенбіз» деген сөзінің астарында үлкен мағына жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. 

Кету сөзінің сөздік мағынасы бір жерді тастап, екінші бір жерге қоныс аудару екен. Дегенмен, адам бір жақтан екінші жаққа қоныс аударуды тек белігілі бір істерді жасап болғаннан кейін ғана жасайды. Жай мысалға, қазекеңді алайық. Жайлауда малды әбден көк шөпке семіртіп алып, қыстауға қыстың аязынан аман қалу үшін көшеді. Яғни, бір мақсат бар…

«Мақсатсыз адам — жемісі жоқ терекке ұқсайды».


Шетел азаматтарының арасында психологтары маған өте таныс. Атап айтсам, Джим Рон (Джын ұрған деп қалжыңдап айтамын), Брайн Трейси (бренд тіреуіш), Стивен Кови  және тағы басқалар. Қазақшалап қызық қылып достарыма айтпасам, психолог туралы тыңдағысы келеді деп ойлайсыз ба? Әрине, жоқ. Алайда, кітаптарында өте маңызды тақырыптарды қозғайды деп айта аламын. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі — адамның мақсаты. 

Мақсат қойғаннан кейін, оған жетілмейтін болса, жәй ғана нәрсіз сөз бен ұмтылыс болып қалады. Ал, мақсатқа жету үшін белгілі бір тәртіп қойып, соған бағыну керек. Бауыржан Момышұлының жақсы бір сөзі бар: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Орынды айтылған, әрі менің көкейімде жүретін маңызды сөздердің бірі екеніне күмәндарыңыз болмасын. Енді тәртіп туралы Джим Рон былай дейді:

«Адам баласы өмірде мақсат қойса да, қоймаса да түбінде сезінетін екі түрлі ауырлық (боль) бар. Біріншісі, мақсатқа жетемін деп, тәртіпке бағынғанда сезінетін қиындық (ауыртпалық), ал екіншісі мақсатына жетпегеннен кейінгі сезінетін өкініш ауыртпалығы. Екеуінің айырмашылығы: біріншісінің салмағы грамдармен өлшенетін болса, екіншісінің салмағы тоннамен өлшенеді. Таңдау еркі сізде..»

Міне, мақсатқа жетудің өзі де бір үлкен іс екенін аңғаруға болады. Уақытынды істелмеген іс те артынан ауыртпалықтар алып келетінін өмірде де көріп жүрміз ғой. Кіші мәселе болып көрінгенмен, өнеге болатындай сабақ шығаруға болады. Көкірек көзімен қарай білу керек екенін бізге Мұқағали ағамыздың жай ғана бір шумағы ескертіп тұр.

Әрбір халықтың келесі ұрпаққа қалдырыр мұрасы болады. Сол мұраны қалдыру мақсатымыз болмақ. Ал, мақсатымыз орындалғанда, асықпай, саспай, уайымдамай кете береміз. Яғни, қолдағы туды жастарға беріп, өзіміз демалысқа шығамыз. Мұқағалидің кету үшін келгенбіз дегені содан болу керек. Яғни, басталған эстафетаны тапсырыру үшін. Әр ұрпақ, келесі ұрпағы үшін өмір сүруі ғасырдан ғасырға қайталынып келе жатқан дәстүр десек те болады. Мені мүмкін түсінбегендер болады, алайда кітапты жай ғана ашып көрсеңдер, барлығы түсінікті болады…

Осыншама жазба жазып адамдардың ішін пыстырып жіберуім мүмкін. Ал, Мұқағали ағамыз оны жәй ғана бір шумаққа енгізіп жіберген. Даналық деп осыны айт, шеберлік деп осыны айт. 

 

Ешбір ел айтарлықтай дамымай қалады, егер жанашыр мен шын жүректен жасайтын қаһармандары болмаса. Ол қаһармандарды теледидардан, интернеттен көрсетпейді, олар жүлде алып, халықтың мақтанышына кенелмейді, олар міндет болғандықтан, я болмаса лауазым мен мансап үшін жасамайды, олардың тек мақсаты — халық. Өйткені, берер қол алар қолдан әрдайым жоғары турады. 

© Алмас

Өз ойым 16.03.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы