Поэзия 1.03.2015 жариялады

Көктемгі өлең

Есте қалар бұл көктем несіменен.

Бар мұңымды келеді кешіп ӨЛЕҢ.

Сол жағында кеудемнің бір уыс ет.

Тулайды-ай кеп үміт қып несібеден.

 

Жалғызсырап жабықса жетім желік,

Жүдетеді ауыр ой етімді емеіп.

Күдік, үміт санамда теңеліпті

Көктемдегі күн мен түн секілденіп.

 

Сезім сыйлап төбемде күн күледі,

Осы көктем өзгертер мүмкін мені.

Бой тазартар жаңбырдың жауары анық,

Бұлтты жүрек кеудемде күркіреді.

 

Жалғыздықта жан болмас жүрегі кең.

Бақыт табар қай пенде бір өзінен?

Толған айдай табынтар талай ару,

Тоңы жібіп мұз қатқан мінезінен.

 

Таңғажайып тәтті өмір басталарда,

Кез қылмасын тағдырым тас қамалға.

Қоймаса екен бұл көктем мен ұнатқан,

Аруымды ғашық қып басқа жанға.

 

Көне қоймас көңілге қыңыр ұлмын,

Теңселтті кеп тірегін тұғырымның.

Келер, кетер көктемі жылдарымның,

Қалай өтер көктемі ғұмырымның...

Тағы ойладым...

Көктем келді, мен сені тағы ойладым.

Өткенге енді, ойлармен қарайладым.

Қалай жаным табады тыныштықты,

Өлең деген отпенен тағы ойнадым.

 

Ойдың төгіп қағазға ақ айранын,

Өзің дедім атқан таң арайларын.

Ғашықтардың тілі тек ойлар ғана,

О, тоба қалай білген Абай бәрін?!

 

Абайды оқып, мен сені тағы ойладым.

Сен жайлы жыр жазғандай талай дарын.

Сені ойласам жүректе шабыт шалқып,

Шуағымен жібітер жан аймағын.

 

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым.

Сен келесің түсінбей қалай бәрін...

Сол кеткеннен жүректе жара қалды.

Сол кеткеннен от алып шөлмектерден,

Өртеніп кетті менің сан ойларым.

 

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым.

Ойлай берем біткенше жан айғайым.

Бітіргенше жүректің жанармайын,

Жолдай берем жырымды ауылыңа

Ағарғанша осынау самайларым.

 

Мен сені тағы ойладым, тағы ойладым.

Ұмытты деп ойлама оңай бәрін.

Кездестірер келеді қалайда күн,

Сонда айтамын қалғанын осы жырдың,

Мен сені әлі оәлаймын, солай жаным!

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

"Ыстыбұлақ" жыр жинағының авторы Руслан НҰРБАЙ

2 пікір

Тамаша өлең.

Жетім желік

сөзінің мағынасы не екенін қалай білсек болады?

Жалғызсырап  жабықса жетім желік? «Желiк»-тiң синонимi ерiккен емес пе... Мағынасы жоқ өлең...
117,050 сұрақ
298,366 жауап
153,118 пікір
63,357 қолданушы