Менің балалық шағым. Алғашқы тарау.

Мен мың да тоғыз жүз тоқсан жетінші жылдың  жиырма тоғызыншы қазанында түс әлетінде туыппын. Жатқан перзентханам еміс-еміс есімде қалыпты. Көптеген майда-майда бөлмелері бар, сырт құрылысы интернатқа ұқсас бірдеңе-тін. Оны қалай есімде қалғанын да білмеймін, бірақ менің анамның  басқа біреуді емізіп жатқанын көріп қалғаным да, оны көріп «қызғанып» іңгәлап жылағаным көз алдымда. Ес білгенде осы оқиғаны айтып бергенімде анам шынымен де сүті жетпеген бір келіншектің баласын емізіп бергенін айтып, әрі менің мұны қалай ұмытпағаныма таңқалған еді. Өсе келе жылағанымда менің қалағанымды алып беретінін байқап, ойыншыққа таласа қалсам, көзімнің жасы даяр тұратын. Бірде анамнан «мәмәсін» қайта-қайта сұрай берген ем, мамам қамқор үнмен «Ащы ғой, балам, ащы. Ішпей де-ақ қойш, мә, одан да сиырдың ыстық сүтін ішші» деп еді. Сөзбе-сөз болмаса да, мәні осындай болатын. Мен қоярда-қоймай жылап, ақыры дегеніме жетіп, мәз болып, алғашқы «тартқанымда-ақ» ащырқап, жылағанмын. Осыдан соң анамның әрқашан дұрыс жолды, тек жақсы нәрсені айтатынын түсінген едім.

Жүре білуді үйренбестен құлауды, бірақ қайта тырмысуды үйрендім. Сөйлеп, сөздің ыңғайын келтірдім. Тырдай жалаңаш екі үйдің арасында жүре беруді ұнататынмын. Жан баласын жақын тартпадым, көшеде біреу жасымды сұраса, бірден бас бармағымды екі саусағымның арасынан көрсететін едім. Атымды сұраса «Айтпайм» деген жауап міндетті түрде қайтарылатын. Бір рет үйден ешкімге айтпай, тал түсте бір өзім жалаңаш көшеге шығып кеткенмін. Көшенің басында бір атты адам кімнің баласы екенімді, атымды сұраған, тек екеуіне «Айтпаймнан» басқа жауап ала алмады. Ызаланып кетті, білем, жекірген түрде жасымды сұрап еді, жұрттың бәріне белгілі жауап – дәәу саусағым көтерілді. Әлгі қарқылдап тұрып күліп кетіп қалған еді, бұл оқиға қатты есімде қалыпты.

Мамам «кішкентай кезімде қандай едім?» деген сұрағыма берген жауабында айтатұғын: «бір қолыңда балғаң, екінші қолыңда шегең, жер жалпайып отырып алып, екі ауыңның арасына қайқайтып топыраққа шеге қағып ойнап отырар едің. Сені қанша тоқтатайық десек те болмайтын, әйтеуір бірдеңе тауып алып екі аяғыңның арасынан қылтитып шеге қағатынсың. Әшамайыңды ұрып ала ма деп қорқып, қорқып, ақыры үйреніп кеттік. Түрсиіңді әр талдың бұтағына іліп кете беретінсің. Киімдеріңді әр жаққа шешіп кете бересің, артыңнан тәтең жинап жүретін.»

Анам әкемнен екі ай үлкен, әрі үлкендігі ақылдылығынан білінетін. Маған әрдайым оңаша қалғанда ақылын аямайтын, тіпті артығымен айтатын. Қызықты нәрселерді айта отыратын, әңгіме айтудың қас шебері еді, ұйытып тыңдата білетін. Ол кісіге әрдайым ризамын,  сол кезде әр айтқан сөзі қазір алдымнан шығып, өзінің пайдасын тигізетін. Әрдайым, тіпті түн ортасында келсем де жүзі жадырап, маған тамақ даярлап, жағдайымды ойлап пеш жақта отырар еді. 

Алдымда жалғыз тәтем болатын. Мен туылғаннан кейін мені анамнан емес, анамды менен қызғанып жүреді екен, әрине, бар назар маған бөлінгендіктен бұл шартты нәрсе еді. Мамам мені тербетуге әпшемді қалдырып кетсе, әпшем ол кеткен бойда бесікті аудара салып қашады екен. Анам бұл қызғанышты да баса білді. Алғашқы айтқан сөзімді де ызаланып, әпшеме қарап айтсам керек, ең алғашқы аузымнан шыққан сөз «Мөді» болыпты. Гүлнар деп мамамды, Ерлан деп папамның атын айтпай, дәл тәтемнің атын – Мөлдір деген сөздің ыңғайын келтіріппін.

Асқан ақылды еді, жазу ажары тым көрікті болатын. Тез жаза білетін, өлеңді өте керемет шығаратын. Жасына қарамай оның өлеңі тым мағыналы еді, оныкін қызғанып, бір биік ақындардыкін көшіріп алған деп айыптайтынмын. Бірақ інім екеуіміздегі секілді бақытқа ие бола алмады – анамыз оның сыныбына жетекшілік етпейтін. Бірақ қатты тырмысып оқитын, өйткені мұғалімнің қызы ғой. Ол кезде мұғалім балалары басқаларға үлгі болуы керек деген қағида болатын. Мұғалімдердің балалары әркез басқалардан ерекшеленіп тұрар еді. Ал қазір ше?

Мөлдір тәтем өте пысық еді, аталардың да, біздің де үйдің ішін тазартып, жинап, тамақтарын дайындап үлгеретін. Екі үйдің арасы елу қадам, аталарымның үйінде аты айтып тұрғандай ата, әже, әкемнің інілері мен қарындастары тұратын. Ал екінші үйге әкем енші алып шығыпты. Екеуі екі үй болғанымен де бір шарбақтың ішінде еді.

Ал біздің үйде тек бес адам: әкем-Ерлан (1967.28.03.), анам-Гүлнар (1966.20.12.), тәтем-Мөлдір (1989.26.02), інім-Шерхан (2001.28.04).

Папам мені өте қатты жақсы көріпті. Мен туылған күні кәдімгідей «қуыпты». Әрине, ұлдың орны бөлек қой. Оның үстіне қыздан кейін туылған ұл, үмітіңді үздіріп барып туылған еркек кіндіктің қуанышы өзгеше болыпты. Алғашқыда ауыл жарығының «бастығы» - монтер болды, кейіннен телефонисттікке ауысты. Өзінің кенже ұлын сүймейтін әке бар ма екен? Кіші ұлы, інім – Шерхан қылықты, көкем, әрі әр ісі еркелікке толып тұратын еді. Оны құшақтағанды жақсы көретінмін. Қазандай басымен, қыздыкінен де жұмсақ алақанымен маған ұнайтын. Қызтеке деп ойлап қалмаңыздар, тек басы ерекше үлкен болды. Ал ұйықтағанда оның қолын ұстап жататын әдет таптым. Алақаны жұмсақ еді, жас кезімде сол қолын ұстап жатаыпұйықтаушы едім, есейгенде де сол әдетті тастай алмадым. Әлі күнге дейін ауылға барғанда балалығымды ұмытпай, алыса кетеміз, ұйықтарда алақанын ұстап жатамын. Сүйікті інім, жалғыз інім, өскен кезде сол алақанына бәрін салып ерке етіп өсірмесем  ба деймін.

Анам қазір мектепте інім екеуміз секілді көптеген ұл-қыздардың сынып жетекшісі, төртінші сыныпты оқытып жүр. Қағазбасты, мұғалімдердің көпшілігінің жұмысын бітіріп береді. Отбасымызбен «жоқ» деп айтуға ыңғайы жоқ, кілең ақкөңілдерміз. Анам да сондай, өзгеге қол ұшын беремін деп көп жұмысты мойнына артып алады. Ауылға барған сайын бір қуантып қоямын – барлық жұмыстарын тындырып беремін, компьютерді дұрыстап, жиналып қалған қағаздарын шығарамын, істерін дөңгелетіп әкетемін. Інімнің апта бойы созылған, бітпей қалған түйдек-түйдек тірліктерін бітірісемін, әкем бастауға бата алмай жүрген тірліктер аяқталып қалады.

Інім сегізінші «Г» сыныбында аннан қашқан, мұннан қашқан жындыпаштармен бірге дырылдатып сабақта жүр. Кім білген қазір де миы ашып, сабақта отырған болар. «Башкати» деп менің бұрынғы мұғалімдерім мақтап кететін еді, қазір сабаққа костюм-шалбар мен «красовка» киіп алып, сабаққа кешігіп келгені үшін бір топ балалармен бірге есіктің төңірегінде ұялып тұр ма екен? Ай, жоқ, ол шайтан секілді еді, «ұятсызға ұялған жараспайды» дегендей мен секілді ұрыс естіп жатса да, күліп тұрған шығар. Бірақ анам жас кезінен –ақ миына таза жүруін сіңіретін еді, қасындағыларға қарағанда тап-таза боп, бірақ тентектігін білдіріп тұрған болар.

Тәтем маған жастайымда «әпше емес, тәте деп айт» деп өзін «тәте» деп атағанымды қалайтын. Қазір өз қызына да «мама» деп айтуды үйретіп жатқан болар. Ақтауда күн райы салқындау, әрі сағат белдеуінен шамалы айырмашылық бар еді. Мүмкін қазір үйде отырып, бір балаға үй тапсырмасын орындауға көмек беріп жатқан болар. Қанша дегенмен дарынды репетитор ғой.

Папам үйде, қояндардың қастарында болар. Семьясынан кейінгі жақсы көретіні – қояндары еді, қазір соларға жем салып жатқан болар. Күйбеңдеп, жоқ жерден жұмыс тауып, соны бітіргенше тыным таппайтын. Мүмкін жұмыстардың бәрін бітіріп, компьютерден «Пасьянс Паукты» ойнап жатқан шығар. Шерхан жанында тұрып, қыңқылдап компьютерге «очередін» күтіп тұр-ау.

Ал мен үйге қайтатын маршрутқа елу теңге таппай кітапханадағы компьютерде Сұрақ-Жауап деп аталатын өзімнің сүйікті сайтыма «Мен туралы жүз факт» деген санатқа осы блогты жазып отырмын. Қарын аш, кеше түстен бері ештеңе жемеген, көз кіртиген, қалтасында көк тиыны болмаса да кешке досының туған күнін қалай өткізетінін ойластырып отқан, пиджак, джинск, қара кроссовка мен көк көйлек киіп алған қазақтың қара домалақ баласын көз алдыңа елестете аласың ба? Мәә, не деген фантазия, уже көз алдыңа елестете алмай, тырысып жатырсың?

Бұл жазбада өзімнің төрт аяқтан екі аяққа көшуім және отбасым жайлы бөлістім сіздермен, жалғасы бар, жалғасатын болады. Келесі жазбада мектеп қабырғасы жайлы, оқушылық ғұмырым жайлы бөліссем деймін.

Не дейміз, сөзге кедейміз, келесі кездескенше дейміз. Келесі кездескенше!

Мен туралы 100 факт 28.02.2015 жариялады

2 пікір

Перзентханадағы жағдайлар есiмде дейдi? Недеген бақытты жан едiң. Кеше мен қандай тамақ жегенiм есiмде жоқ...
Баяғыда жад деген мықты болған ғой :))
116,035 сұрақ
294,371 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы