Ойын ойнай білейік!

BattleField 

Суретті көрген бойда-ақ жазбаға қызығып кірген боларсыз? :))

Бұл жазбада сіз ойлаған компьютерлік ойындар емес, сыныпта, аз ғана жұртпен ойнатылатын ойындармен бөлісемін. Сонымен көріп кетіңіздер:

  1. «Мафия»ойынын кейбір мектептерде оқушылар ойнайды.  Ортаға бір адам шығып, ойынды жүргізеді. Ол топбасшы немесе тәлімгер, активист адам болуы мүмкін. Жүргізуші «Түн болды» дегенде бәрі көзін жұмады. Ойынның ең алғашқы кейіпкері айналып жүріп жүргізушіге қанша мафия, қанша полиция,қанша дәрігер болатындығын өзі шешіп, шешімін сыбырлап айтып кетеді. Одан соң шеңбердегі өз орнына барып, көзін жұмып тұрады. Бұдан кейін жүргізуші мафияны «оятады», ол бір адамды көрсетеді. Оның айтқанының белгісі – мафия «ұйықтайды». Мафия көзін жұмған соң жүргізуші полицияны оятады. Ол өзінің «мафия» деп ойлаған күдікті адамын саусағымен көрсетеді де оны саусақпен «атады». Жүргізуші полицияны ұйықтатып, дәрігерді оятады. Дәрігер «оқ тиді-ау» деген адамды «емдеу» үшін саусағымен көрсетеді де «ұйықтап қалады». Мұнан соң ойын басқарушысы «Қала оянды» деген кезде бәрі көзін ашады. Жүргізуші мафияның кімді көрсеткенін, полицияның кімді атқанын, дәрігердің кімді емдегенін айтады.  Мафия көрсеткен, полиция атқан және дәрігер емдеген адам-егер екі талапқа сәйкес болса, ол адам ойыннан шығады. Яғни мафияның көрсеткенін полиция атса, атылған адам ойыннан шығады. Мафия көрсеткен адамды болсын, көрсетпеген адамды болсын, әйтеуір полиция кімді атса да, сол адамды дәрігер тауып емдесе, емделген адам ойыннан шығады. Ойын соңында қалған адам жеңеді. Ойын дыбыссыз ойналады. Және ойыннан шыққан адамның кім екенін /мафия, полиция, дәрігер/ сұрап алады да бастапқыда ойынның алғашқы кейіпкері айтқан ойыншылар санынан азайтып тастайды. Яғни бастапқыда екі мафия десе, ойыннан шыққан адам мафия болып шықса, онда ойын соңында енді тек бір мафия қалады.
  2. Сыныпта ойнатылатын тағы бір ойынға «Неге? Себебі?» -ні жатқызуға болады. Әуелі балалар «Неге?» деп бастап кез келген сұрақты қояды, ал қыздар «Себебі» деп бастап кез келген себеп жазады. Бұл сөздер жазылған қағазды бүктеп, оларды бөлек жинап, араластырады. Содан соң «Неге?» деген сұрақтың біреуін алып, дауыстап оқиды. Себептер жазылған парақтардан да біреуін алып дауыстап оқиды. Сонда қызықты қызықты тіркестер пайда болады. Мысалы: «Неге Аиданың шашы қысқа?», «Себебі менің жігітім жоқ». Арасында сұрақтар мен жауаптар сәйкес келетін кездері болады, қызықты сөйлемдер шығаруға тырысу керек. Ойнаушылар сұрақты да, себепті де кім жазғанын білмеуі қажет..
  3. Ортаға екі адам шығарасыздар, олардың көздерін байлап, алдарындағы екі орындықты табуы керектігін айтасыздар. Олар байлаулы көздерімен орындықты іздеумен болады, бірақ сіздер орындықты алып тастайсыздар.
  4. Осыған ұқсас ойын. Көрермендерден соткаларын сұрап аласыздар да қатысушылардың көзін байлап, дәл жаңағыдай орындықты тауып, отыруы керектігін айтасыздар. Бірақ олардың жолына соткаларды жайып тастайсыздар. Олар соткаларды баспай, орындыққа барар жолдағы ешқандай телефонға зиян тигізбей, мақсатқа жетуі керек. Тек олардың көзі байланған соң, орындықтарды қалдырып, соткаларды алып тастайсыздар. Қатысушылар соткаларды баспас үшін азаптанып, орындыққа отырады. Олар орындыққа жақындағанда соткаларды қайтадан жайып тастайсыздар. Орындыққа отырған соң, жүргізуші көзін ашқанда шынымен де едендегі өз іздері мен аман-есен тұрған соткаларды көріп, таң қалады, бірақ оған соткаларды қойып, қайтадан жайып қойғаны айтылмайды. Бір ескерерлік жайт: аяқты сүйретіп басуға болмайды.
  5. Бірнеше /үш немесе одан да көп/ жұпты ортаға шығарып, оларды бір қатарға, жұптарына қаратып тізіп қоясыз. Олар бір біріне қарап тұрып, кезекпен өз жұбының ұнамай тұрған жерін атайды. Бәрі атап болған соң, ойын жүргізушісі жұптарға өздері айтқан ұнамаған жерлерін сүйгізеді. Яғни өзіңіздің қарсыңыздағы қыздың әмұрны ұнамай тұр» десеңіз, ойын соңында мұрнынан сүйесіз. Тек ойыншылар сүю керектігі жайлы білмеуі керек.
  6. Немесе осыған ұқсас ойын бар. Шарттары да дәл осындай тек жұбының қай жері ұнайтынын, қай жері ұнамайтынын сұрайды. Ұнаған жерінен сүйеді, ұнамаған жерінен тістеп алуы керек.
  7. Аудитория немесе сынып ішінде болады. Барлығы да бір-бір парақ алады да, астына аты-жөнін жазады. Сосын әркім басқаларға береді. Басқалар атын оқып, ол туралы өз ойын, сыни пікірін, ақыл кеңесін аямай жазады. Жазады да, өз жазған жеріне дейін бүктейді. Сосын келесі адамға береді. Келесі адам да, ол адам туралы ойын жазады да, келесіге... Осылай парақ таусылғанша жаза береді. Парақты алған адам бүктеуді ашып оқуына болмайды. Таусылған парақтар бүктелген күйі мұғалімге не ұйымдастырушыға жиналады. Сонсоң ол біртіндеп ашып, оқиды. Әуелі аты-жөнін айтады да, достарының өзі туралы ойларын жариялайды. Оқығанда әр жерінен араластырып оқу керек және солай оқитынын ескерту қажет. Өйткені, бірінші берген, екінші берген адамды қатысушы адам санап отыруы мүмкін де, кейін реніш туындауы мүмкін. Осылай әркім өзі туралы айналасындағыларының әділ пікірін біледі. Ешқандай "артық әңгіме" болмас үшін (қолтаңбасынан танып қалуы мүмкін) ұйымдастырушы пікірлер жазылған қағазды жоюы керек (өртеу, өзімен бірге ала кету). Мұны бір-бірін жақсы танитын сыныпта оқушылармен немесе дәрісханада студенттер арасында жасауға болады. Қатысушының өзін-өзі тануына, әрі оқушыңыздың, студентіңіздің жаңа қырларын тануыңызға мүмкіндік туады.
  8. «Поле чудес» ойынын көрген боларсыздар. Дәл сол ойынды қазақшаға аударып, ойнатады. Қазақша сөз жасырылады, қазақша сұрақ қойылады. Әр әріпті айтқан сайын қатысушылардың /үш-төрт адам/ таңдаған әрпі дұрыс болса әріп ашылады, дұрыс емес болса, тақтаға ол әріпті жазып, үстін сызып тастайды. 
Пайдалы кеңестер 25.02.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,369 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы