Сүт безінің обыры

Сүт безі,Сүт безінің обыры

Сүт безінің обыры (емшек обыры) – бездің өзектерінен және үлестерінен түзілетін эпителий ісігі. Бұл әйелдерде ең кең тараған онкологиялық ауру. Ол қазіргі заманғы онкологияның ең күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Сүт безі ісіктерінің қандай да бір формалары (ал олардың саны 30 түрден асады) әйел халқының жартысында кездесуі мүмкін. Қуанышқа орай, олардың басым көпшілігі зарарсыз және денсаулыққа қауіп төндірмейді. Қатерлі ісіктер (обыр және саркома) он шақты есе кем рет кездеседі, алайда олар әйелдердің арасында жетекші онкологиялық патологиялар болып табылады.

Ең жиі кездесетін симптомдарға мыналар жатады:

  • өзін-өзі тексергенде табылған әдетте ауырмайтын, қатайған, шеттері қисық түйін немесе кішкене тығыз түйінше;
  • қолтық асты шұңқырында пайда болған түйін немесе кішкене құрылым;
  • сүт безі мөлшерінің және пішінінің өзгеруі;
  • емшекұшынан әдетте қанды немесе мөлдір сары сұйықтықтардың шығуы, іріңге ұқсауы мүмкін;
  • сүт безі терісінің, соның ішінде емшекұшының немесе ареоланың түсінің өзгеруі, терінің беті апельсин қабығына ұқсауы;
  • қызаруы;
  • сүт безінің бетінде көктамырлардың айқын көрінуі;
  • теріде ойықжараның пайда болуы мүмкін (ауру қарқынды даму кезінде);
  • емшекұшы түрінің немесе сезімталдығының өзгеруі, емшекұшының тартылуы (сүт безінің ретракциясы), оның үлкеюі немесе қышуы;
  • сүт безіндегі барлық өзгерістердің симметриялы болмауы;
  • сүйектердің ауруы;
  • салмақтың жоғалуы.

Жоғарыда аталған белгілер науқаста қатерлі ісіктің бар болуын білдірмейді. Олар зарарсыз құрылымдарда да жиі кездеседі. Жалпы алғанда, қандай да бір тұрақты тек обырға ғана тән ауру белгілері болмайды. Үрдістің сипаты туралы тек дәрігер ғана айтуы мүмкін. Сонымен қатар күрделі жағдайларда бірқатар қосымша (аспаптық) әдістемелерге, соның ішінде әр түрлі биопсияларға, сүт безінің рентгенографиясына (маммографияға) және ультрадыбыстық зерттеуге жүгінуге тура келеді.

Әйелдерде емшекұшы және ареола облысында обырдың өзіндік түрі – Педжет ауруы (немесе Педжет обыры) кездесуі мүмкін. Осы жағдайда емшекұшы және ареола, сондай-ақ оған тиесілі тері шеттері қисық біршама қалыңдау валик пішіндес суланған бетке (қабынған жара немесе ойықжара тәріздес) немесе құрғақ терімен қапталған бетке айналады. Белгілі бір уақытқа дейін ісіктің түйіні сүт безінде анықталмауына байланысты, көптеген адамдар бұл үрдісті тері ауруы деп санайды да, түрлі сыртқа жағатын заттармен, соның ішінде гормондық жақпа майлармен емдеуге тырысады. Емшекұшының мұндай түрдегі патологиялық өзгерістері анықталған жағдайда онколог дәрігердің консультациясы қажет, ол микроскоп астында цитологиялық зерттеу, диагнозды нақтылау және емдеуді таңдау үшін міндетті биопсияны (жараланған беттен жағындыны алуды) орындауға міндетті.

Егер Сізде сүт безі обырына тіпті кішкентай күдік туса, Сізге маммолог-онкологқа қаралу қажет.

Салауатты өмір салты 23.02.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,095 қолданушы