Саяси емес көктем

Ақпан басталмай жатып күн шақырая бастады. Айнала нұрға толды. Мен мұны анонс екен деп қалдым. Жақын күндері болатын қызықты киноның ең бір әдемі жерін кесіп алып, азғантай секунд көрсетіп: «сәрсенбі күні 21:00-де көріңіздер»,-деп жатушы еді ғой. Көктемге ұқсас сәттерді мен сол көктемнің анонсы екен деп жүргем. «Жіберіп алмайық» деп санама мықтап түйіп қойғам. Сөйтсем ол сәттер көктемнің анонсы емес, өзі екен ғой. Бәсе осыншама ұзақ анонс болушы ма еді. Сонымен көтем келді, достар! Оның бірден бір дәлелі бағана таңда ояна салып сыртқа шыққанымда қараторғайды көрдім. Иә, кәдімгі қараторғай. Жаным-ау, тым ұялшақ болар ма, сыйға келген Айфонымның камерасын қосып, соған қарата бергенімде ұшып кетті. Келесі бұтаққа қонды. Мен тағы оқталдым. Ол тағы ұшып кетті. Бұл жолы келесі үйдің алма терегіне қонды. «Мені анабір селпиші қызбен шатастырғаны несі» деп өкпелеп қалған жоқ па екен-ей?. Ассамблеяның атынан ұшып жүрген анабір ауғандық алақанат құстың зияны тимесе екен. Қош келдің, қараторғай.

Көктем ерте шықты. Қараторғай ерте келді. Қыс ұзаққа бармады. Бәрі де Алланың қалауымен. Алла өзі біледі. Ал, біз президент сайлауы неге ерте өтеді деп даурығып жатырмыз. Өлімнен басқаның ерте болғаны жақсы деп жатушы еді. Айналайындар-ау, президент сайлауы өлім емес шығар. Күңірене бермейік.

Давай, былай жасайық. Табиғатты аялайық, өзіміздің денсаулығымызды күтейік. Рас, билік басындағылардың, тіпті кез-келген кішігірім билігі барлардың барлығы жемқор-ақ шығар. Солардың кесірінен сәл қамығып та жүрген боларсыз. Оған түк те қыңқ демеңіз. Олар қашып-қашып кетеді. Шетелге! Қашпағандары қамалар. Сонда мына мемлекет, кең жайлау Қазақия өзімізге қалмағанда кімге қалады?. Сол күнге жетеміз. Ол үшін денсаулықтарыңды күтіңдер, табиғатты аялаңдар. Жәрайды кішігірім бір жемқордың шотында 40 млн доллар бар шығар. Ол байғұс соның бәрін жұмсап үлгереді деймісіз. Әйелінің төркініне аз-кем көмектескені болмаса, туған бауырына көк тиын татырмайтын о байғұс асып кетсе 10 млн долларын жұмсап үлгерер. Басқасы тұрады емес пе. Жә, шетелдік банктерге кеткен ақшаларды қайтеміз дейтін боларсыз. Оларға барып осылай да осылай еді, ол негізі біздің ақшамыз еді деп бірауыз айтып, түсіндіріп, процентін алып қалып, қалғанын өзімізге беріңіздерші деп оны да әкеп аламыз. Не бопты олар да адам баласы ғой, түсінетін шығар. Жәрайды бермей қойса да қылымыз қисаймайды. Ақша деген не керек, жасап аламыз. Ең бастысы зауыттар мен фабрикалар, мұнай мен газ, ірі өндіріс орындары бәрі өз қолымызға өтеді. Өтпесе де бәрібір. Ең бастысы Қазақстан өзімізде қалады. Жүреміз әрі-бері. Кең дала. Рахат емес пе иә. Рахатың не күшті ғой.

Көктем келді. Дала күшті. Көктемді қамығып, қайғырып қарсы алғанша, әдемі көңіл күймен қарсы алайыншы деп, өзімше көңілденген түрім ғой.

Кел, көктем! Келе ғой. Ерте келіп қойдым деп қысылма Нұриманның қызы да аттестатын алған күннің ертесінде-ақ байға тиіп кеткен. Қазір әне төрт баланың анасы. Сол кезде шу-шу еткен жұрт, қазір оған қызыға қарайды. Бұлар шулай береді, сен көңіліңе алма, Айнам. Сенің саясатқа түк қатысың жоқ.
P.S. Үсті-басы кір-кір, балшық-балшық көктемнің талайын көрдік қой. Мына көктем ұқыпты екен. Мұнтаздай таза.

Поэзия 19.02.2015 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы