Абылай ханның соңғы сөздері

— Иә, Абылай, сен қанды көз қара бүркіт едің!.. Ал енді бұл жалғаннан өтіп барасың, артыңдағы ұл-қызыңа айтар қандай кеңесің бар?..

— Ұл-қыз дейсің бе?.. Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі айтарым бар. Бірі — қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым — мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, қолыма найза ұстап майданға шығайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір тұтам жерін бергем жоқ. Ал батыстан келе жатқан орыс еліне, оның бекініс, қала салуына қарсы шықпадым. Тіпті қара шекпендеріне егін-жай да бердім. Осыны неге істедім? Ақ патшамен тіл тапқым келді. Рас, кейде оның қиянаты да аз болған жоқ.  Бірақ «битке өкпелеп тоныңды отқа салма» деген, сол ақ патшамен найза арқылы емес, сөз арқылы тіл табуға тырыссын. Бұлай ету өздеріне сүйеніш болады. Ақ патша тірі тұрса, Абылай ұрпағынан ел билеу үстемдігі кетпейді…

— Абылай, өмірде қиындықты да, қызықты да көп көрдің, ал сонда қандай өкінішің бар?

— Өкінішім... Өз басымның өкініші… Үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесімен Зеренді, Шортандыны жайлаған төлеңгіттеріме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады. Және жұттан да қуаңшылықтан да қорықпайды. Ал мен жаудан қазақтың жері біткенін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой, білмей қалдым…

Адамзатқа әрқашанда қуат беретін үміт деген ұлы күш бар. Ол ақылыңды қанағаттандырып қияға самғатады. Жігеріңді қамсыз қайрай көк темірге салдыртады. Мен де бұл дүниеден көп нәрседен үміттенген едім, жеткен жерім осы болды. — Абылай ауыр күрсінді де тағы үндемей қалды. Аздан кейін қайта сөйлеп кетті. — Үмітсіз тек шайтан дейді қазақ. Жоқ, ол бекер екен. Ең үмітсіз — көктемі мен жазы өткен, терең тамырлары қайта жасармастай боп семген кәрілік екен. — Ол тағы қинала күрсінді, — әрине, жетпіс екі жас кәрілік пе? Бірақ басымнан өткен қилы-қилы кезеңдерге көз жіберсем, мың жыл жасағандаймын. Жоқ, мазасыз ой, бітпес тартыстан, тәнім емес, жаным қартайыпты. Ал жаныңның қартайғаны — шын кәріліктің келгені, алдағы үмітіңнің тегіс сөнгені… Үмітіңнің сөнгені — ол сенің өлгенің! Бұл аурудан жазылсам да, жаным шаршаған кәріліктен жазыла алмайтыным кәміл. Жазылудың да керегі жоқ секілді, бірақ сөйтсе де өлгің келмейді екен, әлі де жер басып, күн сүйіп жүре тұрсам дейсің…

 Солай екен!  Өлгелі жатып, өлім әуестей, неге осыншама қақсап кеттім. Менің айтайын дегенім басқа еді. Хиуа тұтқынынан өзімді алып шыққан Ораз құлдан бастап мен дүниеде аз адамның қанын төккен жоқпын. Майданда да өз қолыммен сан ер жүрек, албырт жасты ат жалын құштырдым… Жазығы бар, жазығы жоқ, талай адамның қаны мойнымда… Өмір бойы, қазақ тәрізді азғантай ел қасқыр тектес келсе, сол жөн деп ойладым. Өйткені ол өз тіршілігі үшін алыса да, жұлыса да біледі. Қазақ елі де сол қасқыр тәрізді өз тағдыры үшін күресе алса ғана, тірі қалады деп ұққам… Заман тек өзін де, басқаны да аяуды білмейтін күштінің заманы… Мен елімді соған баулыдым. Өзімдей болуын көкседім. Бірақ мұным, міне, өлер алдында ғана түсіндім, дұрыс емес екен… Ел болып жер бетінде қалудың басқа да жолы бар сияқты… Өзің көріп отырсың, маған енді бұның бәрінің қатысы жоқ… Тек енді сен маған мынаны айтшы, осы менің құдай алдында күнәм көп пе? О дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір «сен күнәкарсың» деп гүрзісімен ұрып жүрмей ме, осы сұрағыма жауап берші, жаным тынышталсын.

Елу жылдан астам майдандас болып жүріп, бір рет те Абылайдың ажалдан қаймыққанын көрмеген Бұқар жырау, оның о дүниеге барғанда мүңкір-нәңкір гүрзісінен қорыққанына таң қалды. Әйтсе де ол Абылайдың өлер алдында сонау өзі төккен көп қаннан шошып жатқанын ұқты… Бұқар жырау жауап беріп үлгірген жоқ. Абылай ақырғы рет ышқынып демін алды да, көзін мәңгі жұмды.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 15.02.2015 жариялады
116,053 сұрақ
294,506 жауап
152,845 пікір
60,451 қолданушы