Қазақ жеріндегі ең алғашқы шарап ішу осылай болыпты...

Қазақ жерінде ең алғашқы шарап ішу былай басталыпты:

...Неплюев айдалаға ұзын-ұзын столдар қойғызып дастарқанын соның үстіне жайды. Россия байлығын көрсеткісі келгендей, столдарды қазақтың табақ-табақ семіз еттері мен уылжыған сары қымызына, орыстың сан түрлі тағамына лық толтырды. Бұнда шошқа етінен басқаның бәрі бар: құс еті, балық еті, жеміс, тұздаған капуста, помидор, қияр, ең аяғы қабығымен бірге пісірілген картоп та қойылды. Мойындары ұзынды-қысқалы бөтелкелерге құйылған орыстың ақ арағы, бенедиктин, ликер, тағы басқа шетелдің түрлі шараптары самсап тұр.

Қонақтары асқа отырмастан бұрын Неплюев тағы бір керемет көрсетті. Бір батальон солдатын ортадағы алаңға шығартып, жаяу әскер соғысының неше алуан тәсілін ойнатты. Шабуыл, шегіну, қолма-қол ұрыс, мылтықтың сүйір ұшымен жауын түйреу. Одан кейін екі эскадрон салт атты драгундар қонақтарды атты әскер ұрысының қыран-қырлы түрлерімен таныстырды. Орыс әскерінің неше алуан ат ойнату, тал шабу, ордан секірту тәрізді өнерлерін бұрын жақын жерден көрмеген қазақтың ақсақал, би, сұлтан, батырларының естері шықты. «Ой, пәле!», «Жігітім-ақ екен!», «Па, шіркін, мына кертөбел қалай ойқастайды!» деген қошемет дауыстар бүкіл өзен бойын алып кетті. Көріп отырғандары әскер ойынынан гөрі соғысқа ұқсаңқырап, «Орынбор губернаторы осы араға бізді неге жинап алды екен» деп, Неплюевқа күдікпен қарап отырған кейбір аңқау байлар ойын біткенше, «Ей, алла тағала, өзің сақта!», «Құдай-ай, бекер-ақ келген екенмін!» — деп, ішінен иманын айтып, құдайына жалбарынумен болды.

Бұл ойындар біткеннен кейін «бәлем, зәрелеріңді біржолата алайын!» дегендей, өзінің солдаттарының өнеріне риза болған Неплюев қонақтарын лагерь сыртындағы төбеге қойған алты зеңбіректің қасына алып барды. Зеңбіректің қалай атылатынын көрсетпек боп, арт жағында үрейлене топырлап тұрған қалың топқа бір қарап қойды да, «от беріңдер!» деп бұйырды.

Осыдан екі жыл бұрын Орынбор қаласында «орыс патшасының қол астына кірмек» боп келген Әбілмәмбет пен Абылайға Орынбор комиссиясының бастығы бір зеңбіректен бір минут ішінде он рет оқ атқызып жұртты таң қалдырған. Бұ жолы Неплюев алты зеңбіректен бірдей екі минут оқ жаудыртты. Алты зеңбірек екі минуттың ішінде аузынан жалын төгіп, жүз жиырма рет гүрс-гүрс етті. Аспан аударылып жерге түскендей болды. Бүкіл сар даланы тітіреткен бір қорқынышты гүріл билеп кетті. Нағыз ақырзаман туғандай, бұрын мұндайды естімеген қазақ жылқылары кісіней шыңғырып, шылбырларын үзіп, ер-тоқымын бауырына ала, айдалаға шаба жөнеледі.

Мұндай гүрілдің қан базарын бұрын-соңды көрмеген қазақтың «игі жақсыларының» көбі-ақ «астапыралла, астапыралла!» деп жағаларын ұстап, имандарын үйірумен болды. Атыс бітісімен өзенге қарай жүгіргендері де бар...

Зеңбірек үнімен жұрттың зәресін алғанға мәз болған Неплюев «қазақтың жауынгері Хиуаның білтелі мылтығын бір атып қайта тұтатқанша, бұл зеңбірек он рет оқ шығара алады. Осы зеңбіректің атқан оғынан бес минуттың ішінде бір ауыл жоқ болады, ал бір сағаттың ішінде он екі ауылды құртып жібере алады» деді.

Зеңбіректердің жалын атқан әлемді тітіреткен гүрілін естіген жұрт бұл сөзге күмән келтірмеді. Бұл алты зеңбірек түріктермен соғысып жатқан Россияның қазақ жерін отарлауға әзер бөлген бар қаруы екенін білген жоқ. Неплюевтің де қазақ хандары мен Жоңғар, Қарақалпақ уәкілдерін Ор бекінісінің ішінде емес, сыртында қабылдауының да бір себебі осында еді. Әлі қару-жарағы шамалы Ор бекінісін қонақтарына көрсеткісі келмеді. Іші толған пәле екен деп, құр сыртқы сұсынан шоши берсін деп ойлаған.

Осылай күні бұрын еңсесін басып алған қонақтарын ертіп, генерал енді дайындалған стол басына келді. Неплюевтің оң жағында Әбілқайыр мен оның күйеу баласы, Орта жүздің батыры Шақшақ руынан шыққан Жәнібек, сол жағында Жоңғар елшілері мен Қарақалпақ батырлары отырды.

Өзге үш жүзге таяу қазақтың игі жақсылары мен Неплюевке еріп келген орыс офицерлері, жаңа ғана «соғыс ойынына» қатысқан драгундер, гренадерлер, мушкетерлер бастықтары өздерінің шен-шекпендеріне қарай стол бастарына орналасты.

Генерал Неплюев осынша жұрттың достық, бітім үшін жиналғанын, Россия елінің ең ұлы мақсаты көршілес елдермен тату-тәтті тұру екенін айта келіп, шыныға құйылған шарапты ең алдымен ұлы Россияның мәртебелі әйел патшасы Елизавета Петровнаның құрметіне көтеруді ұсынды.

— Кімде-кім өзінің алдындағы шынысына құйылған зәмзәм суын ішпесе, — деді күліп, — ол біздің мәртебелі ақ патшамыздың қасы.

Бұл сөзге нанып қалған қазақтың кей аңқау батыр, ақсақалдары «тәуекел!» деп алдында тұрған кішкентай шыны ыдыстарға амалсыз қол созды.

Бірақ бұны ішсек кәпір болып кетеміз деп сазарып отырып қалғандар да бар. Осы кезде Неплюевтің өзімен бірге еріп келген Орынбор мұсылмандарының муфтиі, ахун Нәсіполла молда орнынан түрегеліп:

— Патша үшін бұл шарафні ишпағанлар күнәға батады! — деп жариялады. Сөйтті де өзі жұрт көзінше қолындағы арақ құйылған шыныны аузына апарып, көмейіне төңкере салды.

Бұдан кейін ешкім «ішпеймін» дей алмады. Барлығы да шыныларын қолдарына алды. Біреулері бірден жұта салды, біреулері қақала-шашала ішті. Кейбіреулері аузына апарған боп, білдірмей жерге төкті.

Ішіп болғандар жамыраса сөйлеп, күліп жатты.

— Удай ғой!

— Өңешімді өртеп жіберді ғой итің!

— Қой, пәлесінен аулақ.

— Молла-екең өзі рұқсат еткен соң ғана іштім.

— Өле-өлгенше көргенім осы ғана болсын!

— Қатын патша да, губернатор да риза шығар...

Жамырасқан бейшаралар өздері ауыздантқан осы арақ-шарапқа бір екі жүз жылдан астам уақыт өткен кезде, үрім-бұтақтарының әбден қанығып алатынын қайдан білсін! Қайран аңқау сорлылар! Енді олар асқа кірісті. Бұған келгенде қазекең ақ патшаның атын ататқан жоқ. Екі білекті сыбанып жіберіп, сүбенің майлы етін асағанда қарап тұрған адамның айызы қанғандай еді. Он екі мүшесі түгел астауға салынған құнанның семіз еті, қабырғасы қабырға, төсі төс, жілігі жілік күйінде заматта жоқ болып жатыр. Астаулар мен табақтар әне-міне дегенше дымы қалмай қайтып жатыр. «Ана бір домалағына қол жалғап жіберші», «әлгі ботташық дегені осы болар», «тамақ емес қой мына жарықтығың», «мына бір шөп жапырағының ащысы-ай», «бұл орыстар не болса соны тамақ етеді екен-ау», «пәле, балық болсаң осындай бол, әр қабырғасының өзі тебендей ғой!» деген дауыстар да шығып қалды. Ішілген қымыз, төгілген шарап...

Міне, Әбілқайыр ханның бізге сіңірген еңбегі осы. :))

Қазақ салт-дәстүрлері 15.02.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,371 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы