Шыңғыс ханның құландарды қыруы

Шыңғыс ханның маңдайына біткен жалғыз ұлы Жошы құлан аулауға құмар екен дейді. “Құлан аулау қоян аулау емес, қауіп-қатері көп”  деп оны аңға жалғыз жібермейді екен. Күндердің күнінде ханзада әкесінен ұрланып, аңға бір өзі шығып кетеді, бір жерлерге келгенде жайылып жүрген бір үйір құланды көреді. Қуғаннан екі көзі жайнап, қорамсағынан сұр жебесін суырып алады да, жазықсыз жануарларды қынадай қырады. Қырудың қызығына түсіп кеткен ол, оғының таусылғанын да білмей қалады, ханзаданың қауқарсыз халін сезген көсем құлан оны қос өкпеден қос аяқтап теуіп айдалада өлтіріп кетеді.

Ұлы хабар-ошарсыз кеткен соң, бір сұмдықты білген хан жаман етті естуге дәті бармай, былай деп жар салады: “Кім де кім баламның естіртер болса, аузына қорғасын ерітіп құямын”. Мұндай сөзді естіген соң, жаман хабарды барып айтуға кімнің батылы жетсін! Ешкім тіл қатып, тіс жармайды.

Бір күні тақта отырған ханның алдына қызметшісі жүгіріп келеді: “Алдияр тақсыр, ханзаданың хабарын білем деп есік алдына бір кісі келіп тұр” дейді ол. Хан “Кірсін” деп әмір етеді. Ішке қолында домбырасы бар бір кісі енеді. Хан: “Жолаушым, білгеніңді жасырмай түгел айт”, - дейді. Сонда күйші қолына домбырасын алып: “менің білгенімді екі шек пен бір тиек айтып береді”, - деп күмбірлетіп жөнеледі.

Күйдің алғашқы шумақтарынан шапқан аттың тұяқ дүбірі естілгендей болады. Көзінің қарашығындай жалғызы үй жанына кеп қалды ма деп жүрегі тулап қоя береді. Ханның жүзіне қан жүгіріп, шырайлана түседі. Бірақ осы мезетте үстіңгі шектен жан дүниеңді әлем-тапырық еткен орны толмас өкініш пен қайғының сұмдық сарыны құлаққа келген еді. Домбыра адамша жылап, адамша егілді. Хан қабағын демде қара бұлт жайлап, еңсесі түсіп қоя береді. Қол созған жақсы үміт көзден ғайып боп, көңілін қапалықтың ауыр мұңы басады. Ендігі сәтте күйші құланды көрген ханзаданың қуана салған әнін, ажал алып зуылдай ұшқан сұр жебенің дыбысын, өлімнен қашқан аңдардың тұяқ дүбірін суреттегенде, хан ойы отызға бөлінеді. Күй тілін түсінуді бұған несін жазды екен тәңірі! Күй шарықтап,  шырқау шегіне жетті, кенет арындаған екпін кілт үзілді де, домбыра көмейінен жан тәсілім еткен жанның ақырғы демі естілгендей болды. Ханның өңі сазарып қоя берді де, орнынан атып тұрды. Екі көзіне қан толып, бармағын тістелей берді. Күйші бұл кезде бастапқы қаралы тақырыпқа қайта оралып, күй екпіні әлсіреп, қайраты кеміп, дүниеден көшіп бара жатқан пенденің жете алмай кеткен арманын айтып, жанары сөніп бара жатқандай еді. Хан жас жуған жүзін екі алақанымен басып отырып қалды. Бірақ есін тез жинап алды да, өз әмірін екі етпей орындамақшы боп: “Жалғыз ұлымның жапанда мерт болғанын естірттің, жазаңды ал ендеше” , - деді де, жақсыны да, жаманды да, айтыпсың, осымен өмірбақи үні өшсін деп, домбыраның көмейіне балқыған қорғасын құйдырады.

Шыңғыс хан мен Кетбұға жыршының арасындағы Жошы өліміне қатысты толғау: 
Кетбұға жырау: 
Теңіз бастан былғанды, 
Кім тұндырар, а, ханым?! 
Терек түптен жыгылды, 
Кім тұрғызар, а, ханым?!

Шыңғыс хан: 
Теңіз бастан былғанса, 
Түндырар үлым Жошы-дүр. 
Терек түптен жығылса, 
Тұрғызар ұлым Жошы-дүр. 
Көзің жасын жүгіртед, 
Көңілің тұлды болмай ма?! 
Жырың көңіл үркітед, 
Жошы өлді болмай ма?!

Кетбұға жырау: 
Сөйлемекке еркім жоқ, 
Сен сөйледің, ей ханым! 
Өз жарлыгың өзіңе оқ, 
Не ойладың, ей,ханым?!

Шыңғыс хан: 
Құлынын алған құландай, 
Құлынымнан айрылдым! 
Айырылысқан аққудай 
Ер ұлымнан айрылдым! 
Жошы өлімін Кетбұқа жыраудың Шыңғыс ханға жеткізгені: 
"Уа, иеміз, Шыңғыс хан! 
Домбыра не деп жырлайды, 
Сарнап бір даусын қырнайды, 
Құлағың сал осыған... 
Ақсақ құлан, қу құлан, 
Қияннан қашқан қу кұлан, 
Қиырысыз кұба далада, 
Аңда жүрген балаңа 
Кез болып бір қашыпты, 
Белден-белге асыпты: 
Ақсақ құлан, Жошы хан, 
Елсіз құба далада, 
Қат-қат бұдыр салада, 
Мекендеп өрген, өрбісіп, 
Ордалы кұлан жосыған. 
Қуып ақсақ құланды, 
Мінгені тұлпар құнан-ды, 
Ордалы үріккен құланға 
Құйғытып ойнап қосылған, 
Өлім деген тәңір ісі, 
Желіккен кұлан әңгісі, 
Кұнан мен тұлпар еліккен, 
Жосыған құлан желіккен, 
Балаңды шайнап өлтіріп, 
Жалмалап, жалмап кетіпті, 
Ордалы құлан шошыған. 
Жұрттың аузына бармаған 
Сөзді айтып жылап зарлаған 
Домбыраның балаңды 
Естірткені осы, хан! 
Өзгеге артпа жалаңды, 
Еліктірген балаңды, 
Сол қу қүлан, ту құлан, 
Балаң өлді - Жошы хан! 
Нансайшы, ханым, осыған!"

Әйгілі "Ақсақ құлан" күйінің шығу тарихы осылай болса керек. Мұнан соң Шыңғыс хан домбыраның көмейіне қорғасын құяды. Бұрын домбыраның ішегі бірнеше болса, қорғасын оның тек екеуінен басқасының бәрін үзіп жібереді. Осыдан соң барып домбыра екі ішекті болған екен. Көптеген аңыздарда осылай айтылады.

Бұл оқиғадан соң Шыңғыс хан қаһарына мініп бүкіл әскерімен Қазақстанды қоршайды. Әрбір сарбаздың арасына 25 метр арақашықтық қалдырып, бүкіл құландарды үркітіп Балқашқа қарай айдайды. Балқашта күні бұрын дайындалған орға барлық құландарды еркіне қоймай айдап, қанын судай ағызады. 

 

Мен ҚАЗАҚПЫН! 15.02.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,090 қолданушы