Кенесарының түсі

Көпшіліктеріңіз "Көшпенділерді" оқыған боларсыздар. Бірақ Кенесары ханның ол кездің адамдары көруі мүмкін емес нәрселерді көруі мені қатты таңғалдырды. Соны сіздермен бөліспекпін. Аяғына дейін оқып көріңіздер. 

Бұл сөздерді Кенесары өзінің өлер жылында қиын жағдайда айтқан екен.

— Біз, қалың қазақ осы арадан босып Балқаш барып, Қамал аралында қыс өткізіп, одан Меркені алған екенбіз. Қырғыздың манаптары Сарбағыш Орман мен Жантайға: «Ағайынды екі жұрт бірігіп, Қоқан ханын жойып, жеке ел болайық», — деп хат жазыппын...

— Орман өзі хан болғысы келеді екен, ол «сен маған бағын, сөйтсең бірігуім мүмкін, әйтпесе өзіңді ұстап берем. Сенің басыңа Бесонтиін үш мың сом күміс ақша мен алтын медаль бергелі тұр», — дейді. Мен не дегенімді білмеймін, осы арада шым-шытырық бірдемелер басталды. Қалиғұл манап келіп, өзара татуласып, бір-бірімізге тимейтін болып бітім істеген тәріздіміз, бірақ ол бітімді, менің басымды сатып шен алмақ болған манаптар уәдесін бұза ма, келісім сұрап барған Саурық батырды өлтіріп, Күнімжанның інісі мен Жанасты қолға түсіріп, көп төлеу сұрай ма, қалай, әйтеуір біз олармен соғысуға бел байлаппыз...

Содан қан төгіс басталыпты. Екі жақтан бірдей жазықты, жазықсыздар қырылып, жылаған бала, қатын-қалаштың ойбайынан жер түршіккендей...

Сайып келгенде біз Орман манаптың әскерімен бетпе-бет келіппіз. Екі жақ Шу өзенінің бойындағы Қара Қоныс жазығының күншығыс шеті Кекілітау етегінде кездесіппіз. Кекілінің «әулие шыңы» аталатын басында Орман қолы. Ежелден қан жосыған жер деп саналатын Майтөбе адырының басында біз... Сол жағымызда қалың бұйратты Алмалысай жазығы. Одан әрі Шу өзені... Олар биікте, біз төмен. «әулие шыңының» басындағы Пішпектің құшбегі әлішер датқа мен Орман манапты өңімдегідей анық көріп тұрмын. Манаптар «бәлем, тұра тұр!» деп жұдырықтарын түйеді. Күншығыс жағымыздан, атын білмеймін, тағы бір қарлы биік шың елестейді. Оның басында Бесонтиін. Ол Орман мен әлішерге қол бұлғайды, «Кенесарыны тез құрт. Жәрдемге бір атқанда мың адамды қыратын қаруы бар жүз әскерімді жібердім», — дейді. Етекке қарасам Бесонтиіннің сөзі жөн секілді. Екі сыпайы самаурынға ұқсас буы бұрқыраған бірдемеден оқты қардай боратып тұр...

— Мүмкін сондай бәле ме, әйтеуір жантүршігер бір ғаламат... Соғыс әлі басталған жоқ, бірақ менің екі көзім Кекілітау жағында. Күндіз көзіме түсері тау басына жыра, сайы, қойнау мен шаңын бұрқыратып ағылып келе жатқан қалың қол. Түнде бүкіл Кекілітаудың бойын қаптай жанған оттар... Мен шошынып, Әбілғазы, сенен: «Кекілідегі қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе?» — деп сұраймын...

— Қырғызға бірге аттанған Сыпатай батыр мен Рүстем төре бізді тастап кетіп барады. Ар жағында тағы да шым-шытырық бір пәлелер... Жекпе-жек шыққан батырлар, қарама-қарсы беттесіп келген қолдар. Орманға мен: «Шық жекпе-жек!» — деймін. Ол маған борбайын көрсетіп күледі. Қысқасы, бір кезде біздің қалың қол қоршауға түскен екен деймін. Бір жағында патша солдаттары, екінші жағында қисық қылыш қоқандықтар, үшінші жағымызда ала қалпақ манаптар. Жанталасып жан-жағыма қараймын. Қоршауды бұзам деп екі жүз жігітпен жауға шапқан Наурызбай... Ар жағында тағы шым-шытырық... Дәл өңімдегідей: «Япырмай, бұдан да қиын кезеңдерде жол тапқан ақылым қайда деймін. Патшаның зеңбіректі бес мыңдаған әскеріне бой бермеген басым, мына тоғышар манапқа төтеп бере алмағаның ба?» — деймін өзімді өзім қинап. Бірақ төтеп бере алатын емеспін. Әсіресе сыпайларымның құтын алып, қырып бара жатқан екі бүйірімізден атылған әлгі самаурындай буы бұрқыраған ғажайып қару... Әлден уақытта Ақауыздың жалын құшып Наурызбай құлады. Тек қолды жарып Ақылағымен қамалай қуған жауға жеткізбей Ағыбай ғана құтылды. Қоршау таяған сайын тынысым тарылып, Батырмұрат бастаған серіктеріммен иірімді Қарасу өзеніне ат қойдым... Астымдағы атымды иірім ала жөнелді. Қай жағымнан келгенін білмеймін, біресе Батырмұрат, біресе Қараүлек, біресе сен екеуің, біресе Арғын, Қыпшақтың жас жігіттері суға жібермей мені жағаға алып келе жатыр...

— Шықтым ғой (жағаға.авт). Бірақ алдымда Төрегелді манап басқарған Қалиғұл жасағы тұр екен. Қолға түстім... Ар жағында тағы шым-шытырық, біреу жылап, біреу күлген тәрізді. Бұл уақытта қарасам сыңсыған жау ортасында тұрмын. Бұл бір үлкен той тәрізді. Ең ортада Қалиғұл манап, «иманыңды айта бер, қазір басыңды аламыз» дейді. Мен иманымды айтып, аллаға жалынғаннан гөрі, басымнан өткен өмірімді, ағайын-туысымды, қатын-баламды, үзеңгілес серіктерімді, туып өскен Көкшенің көгілдір тауларын, Сарыарқаның айдын шалқар көлдерін, жасыл орман, көк шалғын белдерін көз алдыма елестетіп ән салдым...

— Сондағы қоштасуымның екі ауызы қазір де есімде:

Қош аман бол, Сарыарқа өскен жерім,

Қайтқан қаздай қалың ел, көшкен жерім,

Тізе қосып бар қазақ ел бола алмай,

Ит пен құсқа жем болып өшкен жерім.

Сен де аман бол, Сарысу, Қаратауым,

Жеңе алмадым, Қоқанда кетті дауым.

Қорқыт көрі алдымда қазулы екен.

Ақырында, мінекей, жеңді жауым!..

Осы қоштасуымды айтып басымды Қалиғұлдың қолындағы қылышқа тоса бердім. Сұп-суық болат қылыш көк желкемнен кірш етіп кіріп, өндірімнен бір-ақ шықты, басым анадай жерге домалап түсті...

Өзім өлсем де, бәрін естіп, көріп жатырмын. «Кенесары өлді» деп соңымнан ерген бірқауым жұрт аза тұтып, күңірене жөнелді. Құлағыма сол қайғының ішінен Нысанбайымның жоқтауы дара естіледі. Тоқтай тұршы қалай деп жылап еді Нысанбай? Иә, бір-екі ауыз сөзін әлі ұмытқам жоқ:

Тұлпардан сайлап ат мініп,

Дорбадан жемін жегізген.

Жем орнына бал беріп,

Қысырдың сүтін емізген.

Басуға қалың жау келсе,

Алып шығар дегізген

Кенекемді қалдырып,

Көк бурыл, саған не болды?!

Кенекем менің кеткен соң

Заманым қалды тарылып.

Халық иесі ханымнан

Екі бірдей қанатым,

Жетім қалдық айырылып!

Екі бірдей қанатым,

Топшыдан қалды қайырылып!

Балдағы алтын ақ берен

Тасқа тиді майырылып!

Кемшілік түсті басыма,

Көрінгеннен қаймығып!..

Нысанбайдың жоқтауы бітер-бітпестен, Орман мен Жанай Қоқан ханына достықтың белгісі етіп, екі арбаға тиеп көз алдымда сарбаздарымның бастарын ала жөнелді. Ішінде Наурызбай қалқамның, Құдайменді, Жеке батыр, тағы осы айқаста қаза болған екі балам мен он бес сұлтанның бастары бар... Бар басты Қоқан ханы «қырғыз манаптары Кенесарыдан қалай өшін алып бергенін көрсін», — деп Ташкент базарының дәл ортасына ағашқа кигізіп іліп қойды. Амалым не, бәрін көріп жатырмын. Ал өзімнің басымды Қалиғұл манап қоржынға салып, Үйсін, Дулат рулары да заты қазақ қой, бүлік шығарып жүрер деп, Жасыл көлдің сыртымен орағытып, Жаркент арқылы Қапалдағы Бесонтиінға алып келді. Мұнда ең алдымен көргенім Кенесарының кегін аламыз деп манаптарға қарсы аттанып бара жатқан қалың Албан, Сыбан жігіттері болды. Олардың не істегенін көргенім жоқ, бірақ алыстан құлағыма келгені: мені өлтіруге қатынасқан кісілердің жазасын аямай тарттырыпты. Ал Төрегелді манаптың аулын шауып, өзін ат құйрығына байлап өлтіріпті. Мұны көре алмаған себебім менің басымды Аякөз, Семей арқылы Омбыға ала жөнелген. Омбыға келген соң Аршабоқ, шоқша сақалымнан ұстап тұрып: «Он жыл ұстатпап едің, енді міне қолымда тұрсың. Не істесем де еркім бар...» деп күлді. Мен де күлдім, — «Мықты болсаң тірімде неге кегіңді алмадың? Қу басқа қайрат істеп не қыласың», — дедім. Ол «Кегімді тіріңде алған жоқпын ба? Саған Орман мен Жанай манаптарды айдап салып, сенімен қырқыстырып, ақыры солардың қолыменен басыңды кестірген мен емеспін бе?» — деді, сөйтті де жан-жағында тұрған кілең сары ала тонды жандаралдарға: «Кенесарыны құртуға қатынасқан қырғыз манаптарын тегіс Омбыға қонаққа шақырайық. Ал мына басты жуан мойнынан айырған әлібек ұлы Қалиғұлға, Россия империясына көрсеткен адал еңбегі үшін, патша ағзам атынан, мойнына қарғы бау етіп тағып жүрсін, Георгий лентасына байланған күміс медаль берейік» деді. Сөйтті де менің бетіме қарап: «Міне, Кенесары, күштімен күрессең табарың осы болады», — деп кекете күлді де, есік алдында күтіп тұрған шабармандарына басымды ұстатып: «Тез Петербурға жеткізіңдер!» — деді. Олар мені қайтадан қоржынға салып ала жөнелді. Неше күн, неше түн жүргенімді білмеймін, әйтеуір шірітпейтін бір дәрі жаққан ба, күздің суығында кіші құдай — патша ағзамның өзі тұратын салтанатты қалаға жеттік. Менің сорлы басымды шоқша сақалымнан ұстап неше түрлі жандаралдар сан рет көрді. Ақырында бір күні миымды, бас терімді, кеңсірігімді сыпырып ап, маңдайыма күйдіріп «Қырдың қарақшы сұлтаны Кенесары Қасым ұлының басы» деген таңба салып, өзім секілді бастар, сан түрлі ғажайып суреттер, тас мүсіндер, патша ағзамдардың тамаша заттары тұратын кең сарайға апарып қойды...

— Иә, менің қу басым әлгі жұрт тамашалайтын кең сарайда тұра берді. Орысша білмеген соң атын да ұмытып қалдым, «өрім тәж» дей ме, «ерім тәж» дей ме әлгі үйді... Әйтеуір әркім келіп қу басқа бір қарайды. «Япырмау, мынау қу бас әлгі дала сұлтаны Кенесары дегеннің басы ма?» — дейді кейбіреулер, ал кейбіреуі: «Мұның Россия патшасына көнбеймін деп істемегені бар ма, қанша жұрттың обалына қалды», — десе, бағзы біреулер: «Елін отаршылықтан қорғаған ер еді, қас манаптары патшаға сатылып өлтірді», — деп аяйды, ал енді біреулері: «Нағыз көзін шұқитын қанішер еді, қарашы, қандай қадірлі жерде тұрғанын», — деп қу басыма кіжінеді. Тіріде бірін естімеген сөзімнің мыңын естіп тұра бердім. Ал бір қызығы әлгі үйде... Біз секілді қу бастарды әр жылда сәкіден алып, астыңғы үйге апарып, тым тез қурап қалмасын деп, дәрі жағып, азын-аулақ майлап қайта әкеліп жүреді. Мен өлгеннен кейін сегіз жыл өткен соң, осындай астыңғы үйге тағы бір апарғандарында сәкі үстінде тұрған Орман манаптың да басын көрдім. Қуанғанымнан ба, ашуланғаннан ба, кәдімгі өңімдей еңіреп жылап жібердім... Бақсам Сарыбағыш қырғыз бен Бұғы қырғыз жерге таласып Жасылкөл бойында өзді-өзі ұрысқанда, Бұғы қырғыз жағындағы біреу; «Талайдың қанын ішкен, жұртыңа бүйідей тиген сұм едің, өлу қалай болады екен көр», — деп айбалтамен көк желкесінен шауыпты. Ақ патшаға еңбегі сіңген қырғыз ханы еді деп басын біз тұрған «ерім тәжге» әдейі әкеліпті. «Япырмай, тірімдегі қасымнан, өлгенімде де құтыла алмадым-ау», — деп мен ыршып-ыршып түсіппін. Бірақ бір ақсақалды қарт адам Орманның басын қолына ұстап тұрып, астындағы қағазға қарап: «Патшаға еңбегі болғанмен, халқына еңбегі жоқ мұндай бастардың бұл үйде тұруының қанша қажеті бар? Дүниеде не көп, мұндай бастар көп, әкетіңдер», — деді...

Міне, көрдіңіз бе, ол соғыстың бар жағдайынан бастап, өзінің өлерін, орыстың Эрмитажын да көрген... Мұндай да болады екен-ау...

Мен ҚАЗАҚПЫН! 15.02.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,091 қолданушы