Абылайдың түсі

Ертедегі қазақ бабаларымыз түсі арқылы болашақты болжай білген деседі. Түс көріп жаудың қашан, қайдан шабатынын біліп отыратын батырлар, елінің болашағын көретін хандар жайлы есітеміз. Алдарыңыздағы Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясының "Қаһар" романынан үзінді. Мұнда Кенесары хан өзінің бабасы Абылай ханның көрген түсі жайлы айтып береді...

 -  Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан қып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты...

«Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, - депті хан Абылай, - алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті... Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», - депті Абылай хан.

Сонда Бұқар жырау былай деп жорыған екен:

«Жалынқұйрыққа мінгенің - хан тағына мінгенің. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», - депті.

Дәл мұны айтып отырған шақта Кенесары Абылайдайдан туған арыстандай ұл өз әкесі - Қасым төре, одан туған жолбарыс өзі екендігін білсе де, өзінің баласы Сыздықтың көкжалдай, ал немересі (Сыздықтың баласы) Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін білмеген еді.  Ал одан тараған бақа-шаяндарды кім екенін өзіңіз-ақ біле берерсіз...

Мен ҚАЗАҚПЫН! 14.02.2015 жариялады

1 пікір

Абылай хан түсінде маңғолдарды көрген)
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы