Мұстафа Шоқайды танимыз ба?

 Саяси сауат

Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны негізінен анықталып келеді. Бірақ әлі де белгісіз, дүдәмал тұстары бар. Ол әлі анықтала жатады деп ойлаймын. Мұстафа Шоқай сияқты қазақ тарихына ғана емес, бүкіл әлем тарихына із қалдырған адамның өмірбаяны ұзақ жылдар зерттеле түспек. Дауы да болар әлі, бауы да ( кейіннен анықталған жері деген мағынада) болар. Сондықтан да қазіргі белгілі материал­дарға негіздеп, өзім зерттеген, қоғамға таныс материалды өрбітіп, осы кезеңге байланысты айтып бергім келеді.

Мұстафа Шоқай Қызылорда облысының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Бұл туралы да екі түрлі пікір бар. Кейбіреулер Сұлутөбенің атын басқаша айтады. Бірақ негізі туған жері осы Сұлутөбе, қазір шағын станса.

Сол кезеңдегі қазақ балаларының тағдыры қандай болса, Мұстафаның да тағдыры сондай. Бірақ оның екі ерекшелігі болды. Бірінші, Мұстафа қазақ даласына белгілі үлкен шонжар, Хиуа ханының үлкен датқасы болған Торғай бидің немересі. Екінші, бала күнінде естігені — Хиуа хандығына бағынбау үшін қазақтардың қаншама соғысқаны, қай жерде қандай шайқастар болғаны, қазақ жігіттерінің ерлігі туралы әңгімелер. Өзінің туған анасы сондай соғыстарда қолына ту ұстап, топтың басында жүреді екен. Анасы ертегі-жырға өте құмар болған және баласына соның бәрін айтып беріп отырған көрінеді. Осы екі жағдай Мұстафа Шоқайды сол кездегі басқа балалардан бөлек, үлкен болашаққа бастаған деп ойлаймын.

Мұстафа өз кітабында Торғай датқаның бір ерлігін келтіреді. Хиуаның ханы Торғайдың сүмбіле сұлу, жүйрік атына қызығып, тартып әкетеді. Батыр Хиуа ханына жалғыз өзі барып, бүкіл жұрттың көзінше хан сарайынан атты мініп алып кеткен екен. Сонда хан қарап тұрып: “Тимеңдер оған, тиюге болмайды”, — деп батпаған дейді. Осы ерлігі ел арасында аңыз болып кеткен. Торғайдың ержүрек, ештеңеден қайтпайтын мәрт мінезі Шоқайда да болған, Шоқайдан Мұстафаға сіңген.

Алғашқы кезде ол ауыл мектебінде оқыған, кейін Қызылордада мектепке барған. Бірақ Қызылордадағы мектепке қанағаттана қоймаған әкесі Мұстафаны Ташкенттегі ер балалар гимназиясына береді. Мүмкін Мұстафа жай ғана, оқыған көп қазақтың бірі болып қалар ма еді, кім біледі? Бірақ Мұстафаның тағдырына, өжет болып өсуіне, революциялық жолға түсуіне шағын ғана бір оқиға әсер еткен.

Мұстафа ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіреді. Бұл 1910 жылы болған оқиға. Мектепте және бір бала күміс медаль алады. Осы медальдарды тапсыруға гимназияға Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Александр Самсонов деген кісі келеді. Былай қарасаң, жай ғана салтанатты оқиға, генерал-губернатор медаль тапсырып қана кетуі керек. Бірақ Самсонов ұлтшылдық дертіне шалдыққан адам еді.

— Қанеки, мен кімге тапсырамын? — деп мұғалімдерге сұрақ қояды.

— Алтын медальды Мұстафа Шоқаев деген балаға, күміс медальды Запреметов деген балаға тапсырасыз, — дейді гимназия директоры.

Әрине, Мұстафа генерал-губернаторға қарсы шыға алмайды ғой. Егер Самсонов алтын медальды Запреметовқа, күмісті Мұстафаға тапсырса да көнер еді. Бірақ, бір ғажабы, генерал-губернатор жұрттың алдына шығып, алтын медальды Запреметовқа берген кезде әлгі орыс баласы: “Мен мынадай медальды алмаймын. Бұл әділдік болмайды. Мұстафа менен жақсы оқиды, мен бас тартамын” — дейді. Сол кезде шу көтеріледі. Бүкіл гимназияның балалары ұран тастап: “Мұстафа, Мұстафа!” — деп айқайлап тұрып алады. Ақыры оны басқысы келген жандармдардың дөрекі қылығы салдарынан гимназияның балалары төбелеске шығып кетеді. Генерал-губернатор Самсонов сол арадан әскерлерін алып, қашып кетуге мәжбүр болады.

Самсонов тарихта өте дөрекі генерал ретінде белгілі. Оның алдында бірнеше үлкен мешіттердің төріне өзінің портреттерін ілгізіп, бір масқара болған екен. Сол қылығы үшін Әулие-Атада көтеріліс шыға жаздаған. Сондай әпербақан адамның қылығына төзбеген халық (көпшілігі мұсылмандар) Самсоновтың Түркістан өлкесінен кетуін талап еткен.

Осындай оқиғалар арқылы Мұстафаның алғашқы саяси сауаты ашылды деуге болады.

 Ұстаздар

Үлкен қайраткерлердің өмірбаяндарын қарап отырсаң, алғашқы ұстазының зиялы адам болғаны, соның арқасында қайраткерлік жолға түскенін байқайсың. Мұстафаның Қызылордада жүрген кездегі ұстазы Иван Наливкин деген кісі еді. Ташкентке келген кездегі ұстазы Т. Доррер деген кісі болды. Ол арғы тегі неміс болғанымен орыстанып кеткен аса зиялы адам болған. Осы екі кісі Мұстафаға соншама жаны ашып, оның Санкт-Петербургтегі императорлық заң университетіне түсуіне әсер еткен. Санкт- Петербургтегі кезең Мұстафаның жай ғана бунтарь емес, саналы түрде революциялық жолға түсуіне жол ашты.

Сол кездерде Бірінші Дума, Екінші Дума деген думалар болды. Патша халық көтеріле бастаған кезде не істерін білмей, Дума ашуға мәжбүр болған. Думаға бұратана халықтардан да депутаттар кіре бастаған кез. Мұсылман фракциясындағы депутаттарға Мұстафаның көп көмегі тиеді. Ол депутаттардың хатшысы, аудармашысы ретінде көзге түскен.

Бірте-бірте Мұстафа империя дегеннің не екенін, бұратана ел дегеннің не екенін айыра бастады. Бостандық жолын студент кезінің өзінде іздестірген. Көптеген кітаптарды серік етіп, империялардың тарихын оқу, бостандық үшін күрескен халықтардың тарихын оқу арқылы көзі ашық күрескер болып шыққан. Сол кезде қазақ даласында Алаш азаматтары бой көтере бастаған. Солардың көпшілігінің тағдыры Санкт-Петербургпен байланысты еді. Негізгі білімді адамдардың көпшілігі депутат болды. Патша бір рет Думаны таратып жіберіп, екінші рет қайтадан сайлау өткізуге мәжбүр болған. Бірақ бәрібір, мұсылман депутаттары бой бермей, үлкен саяси күшке айналып, өздерінің дегенін істетіп отырған.

Сол уақытта Әлихан Бөкейхановтың Алаш көсемі болғаны белгілі. Оның оң қолы мен сол қолы Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов еді. Осы үшеуімен де Мұстафаның тағдыры тығыз байланысты.

Мұстафаның саясаткер, қайраткер, күрескер ретінде жетіліп, толығуына үлкен әсер еткен 1916 жылғы көтеріліс. Бірде генерал Анненковқа болған соттың архивте жатқан стенографиясымен танысқаным бар. Сонда ол: “ Революцияны 1917 жылы біз бастаған жоқпыз, шын революцияны 1916 жылы киргиздар бастаған болатын”, дейді. Себебі, Еуропада соғысып, өзімен-өзі болып жатқан Ресей тылында, алыстағы қазақ жерінде революцияның бұрқ ете қалатынын білмеген. Менсіне қоймаған.

Кеңес өкіметі кезінде бұл көтерілістің мән-мағынасын барынша жоққа шығаруға тырысты. Жалғыз Амангелді батырдың ерлігі ретінде ғана, жалғыз Торғайда ғана көтеріліс болған сияқты көрсетті. Сол кезде көтеріліс бүкіл Қазақстанды алып кеткен еді. Жалғыз Амангелді емес, көптеген батырлар шыққан болатын. Егер кеңес тарихшылары негіздегендей, көтеріліс бір ғана облыста шыққан болса, патша өкіметі батыста немістермен соғысып жатқан армиясының генерал-лейтенант Лаврентьев бастаған үлкен бір бөлігін шығысқа қарай алып кетіп, Торғай өлкесіне төге салмас еді. Жетісуға бөлек армия алып келген. Сөйтіп, өзі әлсіреп тұрған ар­миясынан біраз күштерді қазақ даласына әкелуге мәжбүр болған. Қазақ даласын­дағы 1916 жылғы көтеріліс, атаман Анненковтың айтқанындай, өте күшті революциялық көтеріліс болды. Бұл жай ғана бас көтеру емес, саналы түрде патшаға қарсы шығу еді. Біріншіден, отарлық саясатқа, екіншіден, соғысқа қарсылық көрсетті. Әскерге бала бермейміз деуге басқа халықтардың шамасы келген жоқ. Армияға, соғысқа бала бермеуге қазақ қана қарсы тұрды.

Осы жағдайда қатты қантөгіс болғаны белгілі. Мен архивте жатқан Ә.Жанкелдиннің материалдарымен де таныстым. Сонда ол кісі: “Бір миллионға жақын солтүстік облыстарының (негізінен Торғай облысының) қазақтары Иранға кетуді ойластырдық. Алдымен Бұхарға елші жібердік. Бұхар әмірі өз жері арқылы Иранға жол ашып беруге келісті”, дейді. Содан олар жай халықты әскермен қоршап, жылжып отырған ғой. Сырдариядан өткен, Бұхар әмірі ауырып жатқан соң оның бас уәзіріне жолығып, ертеңнен бастап соның жері арқылы өтуге келісім алады. Келесі күні таңертең Петербургтен “Патша тақтан құлады” деген жеделхат келеді. Содан Иранға бет алған бір миллиондай қазақ кері қарай, еліне қайтады.

Осындай ғажап тарихымыз бар. Мен тарихшы емеспін. Бірақ біздің тарих­шыларымыздың мұндай фактілерді неге айтпайтынына таң қаламын. Әліби Жанкелдиннің жазбалары стенографиямен түсірілген. Үш адам өкіл отырып, оның ішінде НКВД өкілі бар, стенографияны хаттаған. Мұндай жағдайда жүрдім-бардым оқиғаларды жай ғана айта салмайды ғой.

Сол 1916 жылғы көтеріліс қазіргі Өзбекстанға қарасты Жизақ облысында да кең құлаш жайған еді. Думаның мұсылман фракциясында жұмыс істеп жүрген Мұстафа болашақ Уақытша үкіметтің төрағасы Керенскиймен бірге Ташкентке комиссия мүшесі болып келеді. Ел арасына тарап кеткен мынадай бір әңгіме бар. Керенский Жизаққа келгенде: “Ал, Мұстафа, көтеріліс болған жерді көрсетпейсің бе маған?”, — дейді. Сонда Мұстафа: “Керенский мырза, сіз тұрған төмпешік қаланың дәл ортасы еді. Қазір қалада үй қалмаған, тып-типыл болған”, — депті.

Керенский: Апыр-ай, бұл не деген жауыздық!”,— деп қысылып қалған екен.

Осы сапарында Керенский Ташкенттегі Еникеев деген қарт генералдың үйінде қонақ болады. Генералдың бір ұлы, сұлу бір қызы бар екен. Сұлу қыздың қасында керемет бір сұлу келіншек жүреді. Ол Мұстафаға арнап бірнеше ән шырқайды. Таныса келгенде Мұстафаның білгені, ол кісі Ташкенттегі опера театрының әншісі Мария Горина екен.

 Түркістан республикасы

Кеңестік кезеңде тарихшылар Түркістан республикасы деген сөзді айтпауға тырысты. Оның мән-мағынасын қолдарынан келгенше төмендетіп, берекесін қашырды. Шын мәнінде Түркістан республикасы адамзат тарихындағы интеллектуалды биік кезең деп ойлаймын. Бүкіл әлемдегі демократияның дамуына Париж коммунасы қаншалықты зор әсер еткені белгілі. Франция ғана емес, бүкіл Еуропа Бастилияны қарапайым халық басып алып, корольды дарға асқаннан кейін 72 күн бойы демократиялық сезімде болған. Халық билеген. Бірақ, көсемдер көбейіп кеткен. Әркім өзіне тартып, кейін Франция қанға тұншығып барып басылды. Париж коммунасы билік құрған 72 күн ішінде Робеспьер, Дантон сияқты әлемдік деңгейдегі үлкен қайраткерлер көзге түсті.

Түркістан республикасының тарихы — бар болғаны 62 күн. Ең алдымен ол Ташкентте құрылды. Бұған жұмысшылар, шаруалар, солдаттар, әртүрлі ұлт өкілдері қатысты. Жан-жақтан келген делегаттар бір ауыздан Түркістан республикасын жариялады. Оның шын мәнінде халықтық сипат алғанына бір мысал келтірейін.

Ашхабаттан, Жетісудан, Ферғана мен Қоқан жақтан соғысып жатқан солдаттар, казак-орыстар, Бұхарадан немістер эшалон-эшалон болып Ташкентке төгіле бастаған. Барлық составтардың маңдайына “Түркістан республикасы жасасын!” деген ұрандар жазылған. Осы қозғалыстан шошып кеткен орталық — Петербург пен Мәскеу, бірнеше рет Лениннің өзі бастап, Сталин қостап, Мұстафаға ұсыныс жасайды.

“Түркістан республикасын құрғаныңа қарсы емеспіз, қолдаймыз. Бірақ сен бізді мойында, Кеңес өкіметін мойында”, дейді. Бұған Мұстафа көнбейді.

Мұстафа мен Әлихан Бөкейхановтың, Мұстафа мен Тұрар Рысқұловтың келіспей қалуы осы арада білінген. Себебі, Бөкейханов та, Рысқұлов та “Біз бостандыққа бірте-бірте жетейік. Алдымен автономия болайық. Қала салайық, ауылдарды көр­кейтейік, мектеп ашайық. Әбден жетіліп алған кезде ел боламыз. Оған уақыт керек”, деген. Қан төгілуін қаламаған. Мұстафа Шоқай бұған бірден келіспеген.

Мұстафа өз кітабында жазады. Беларусия жақтан окоп қазуға барған жүз мыңдаған қазақтар қайта бастаған кезде, темір жолда шығысқа бара жатқан Ресей әскерлерінің эшалондары қазақтар тиелген составтарға жол бермей, олар кез-келген станцияларда бірнеше айдан жатып қалады. Соларды Қазақстанға тезірек жеткізу үшін Әлихан Бөкейхановтың өзі кетеді. Сосын: “Менің өкілім сен боласың, Орынборға бар” деп Мұстафаға жеделхат жолдайды.

Мұстафа келіп, съезд жұмысына бір-ақ күн қатысып, іштей келіспей Ташкентке кетіп қалады. Ташкентке келсе мұнда да съезд болып жатыр екен. Бірақ бұл Орынбордағыдай “киргизский” съезд емес, Түркістан халқының жұмысшы, шаруа, солдаттар және ұлттар съезі еді. Кешігіп келген Мұстафа есіктен кіре бергенде ұстазы И. Наливкин танып қалып: “Жолдастар, бізге Мұстафа Шоқайдың өзі келді. Төрге шақыруға рұқсат етіңіздер”, — дейді.

Ол кезде Мұстафаның аты дүрілдеп тұрған. Зал тік тұрып, Мұстафаны төрге шығарады. Мұстафа бірден сөйлеп кетеді, бірнеше рет сөйлейді. Бірнеше күнге созылған съезде опера театрының әншісі Мария Горина: “Мен әнімді бірінші қатарда отырған Мұстафа Шоқаевқа арнаймын” деп шырқайды.

Мария Горинаның күйеуі ақ гвардияшы офицер еді. Ол үлкен дау шығарып, әйелін ұрып-соғып, ақырында ыза болып ішімдікке салынып кетеді.

 Қанды қырғын

Желтоқсан айының басында революцияға әбден беріліп, қанаттанған халық мешітке жиналып, намаздан кейін уағдаласып, көшеге шығады. Бұларға көшеде күтіп тұрған еуропалықтар қосылады. Араларында Доррер, Наливкин бар, Орта Азияны мекендеген немістер мен еврейлердің де, орыс-казактары мен жұмысшы табының да өкілдері бар, барлығы қолдарына ту алып қаланың орталық бөлігіне бет алады. Шыршық өзенінің жаңа көпір деген жерінен өте берген кезде, төрт тұстан пулемет құрып қойған большевиктер халықты қанға бөктіріп, қырып салады. Бұл жағдай Қайролла Тұрғанбаевтың кітабында да көрсетілген екен. Сол күннің ертеңінде “Қанды оқиға” деген мақала жазылған. Большевиктердің халықты қалай қырғаны Мұстафа Шоқайдың өзінің кітабында да бар. Саясатқа жүйрік большевиктер енді ұлттар арасына жік сала бастайды. Түркімендер мен өзбектер арасында соғыс шығарады. Ташкентке келе жатқан составтарда ұлтаралық қақтығыстар туғызады. Өзбектер мен тәжіктерді, тау қырғыздары мен қазақтарды қақтығыстыра білген. “Түркістанды қазақтар билеп отыр. Бұлар ертең өзбектерді де, тәжіктерді де, қырғыздарды да қазақ қылып алады. Министрлерінің бәрі қазақ. Бұған төзуге болмайды. Қазаққа билетіп қоямыз ба?” — деп өсек таратып, базарларда жүретін адамдары болған. Ақыры ушығып, түркімен делегациясы кетіп қалады. Осыдан кейін Мұстафа Шоқай Түркістан республикасының астанасын Ташкенттен басқа жаққа алып кетуді ойластыра бастайды. Ақыры тоқтағаны Қоқан қаласы болды.

 Қоқан кезеңі

Қоқанға көше салысымен революциялық іс, мемлекетті құру жалғаса береді. Аз уақыттың ішінде 12 министрлік құрылады. Мұстафа өзінен гөрі сәл жастау, Мұхаметжан Тынышпаевты бірнеше рет сөйлесіп жүріп, Түркістан республикасының премьер-министрі болуға көндіреді. Өзі революцияның көсемі және сыртқы істер министрі ретінде қалады. Екі айдан сәл-ақ асатын мезгілде ішкі істер министрлігін құрып, милиция жасақтайды. Сөз арасында айта кетуге болады, кейін Кеңес өкіметіне қарсы шығып, 40-шы жылдарға дейін қарсылық білдіріп келген басмашылар негізінен Түркістан республикасының милициясы еді.

Екі айдың ішінде 2 мың адамнан тұратын армия құрылды, оның формасы тігілді. Мемлекеттік банк, қазіргі тілмен айтқанда, мақта-мата кластері құрылды. Судьялар тағайындалды. Франциядан, Ыстамбұлдан көп ақша түсе бастады. Мұстафа Түркістан республикасының мән-мағынасын түсіндіріп, оларға өкілдер жіберді. Өстіп, енді-енді жанданып келе жатқан кезде, большевиктер ұлт араздығын бұрынғыдан да асқындырып жіберді. Қоқан қаласының маңайындағы өзбек ауыл­дарына “қазақтар түбі сендерді аямайды, сақ болыңдар” деген үгітшілер жіберді.

 Екі Миша

Мұхаметжан Тынышпаев Верныйдағы ұл балалар гимназиясында оқыған. Сол класта Михаил Фрунзе деген молдаван бала да оқиды. Тарихтың ғажабы, Тынышпаев Петербургке барып Темір жол институтына түскенде, Фрунзе әскери жолмен кеткен. Тынышпаев Қоқанда премьер-министр болып тұрғанда, Фрунзе аты дүрілдеген қызыл әскер қолбасшысы ретінде Ақтөбе арқылы Ташкентке келіп түседі. Ташкенттен Фрунзені бірден Қоқанға қарай жібереді. Ол өте талантты, дарынды қолбасшы болған. Қоқанды қалай алудың жоспарын жасап, тез арада іске кірісе бастайды. Түркістан республикасының басшылығы Қоқанда, хан сарайында жиналыс өткізіп отырғанда, таңғы сағат 11-де Фрунзе жіберген өкіл келіп, премьер- министрге хат тапсырады. Бұл хаттың мән-мағынасы көп зерттелмеген.

Тағдыр мені Тынышпаевтың жалғыз ұлы Ескендір ағамен көп араласуға жазды. Ол кісі кейде “Әкім, саған керек болады”, — деп өзінің тағдырын айтатын. Соны мен санама әбден хаттап алатынмын. Көптеген әңгімелері есімде. Соның бірі — Мұстафаға жазған Фрунзенің хаты.

“Бір жапырақ қана қағазға жазылған хатты әкем кейін маған көрсеткен еді”,— деді ол кісі.

“Миша, — депті Фрунзе, — Мен Қоқанды қоршап тұрмын. Бүгін түс қайта шабуылды бастаймын. Зеңбірек көп, оқ та көп. Пулемет бар, әскерім жақсы қаруланған. Қоқан қаласы жермен-жексен болады. Менің саған ақылым, бәрін таста да қаш”

Бұл хатты Тынышпаев Мұстафа Шоқайға көрсетеді. Мұстафа министрлерге хатты оқып береді. “Не істейміз?” — дегенде бәрі: “Өлсек-өлерміз, мұндай қоқан-лоққыдан қорықпаймыз”, — дейді. “Біздің екі мың әскеріміз не болады, мыналар кемінде жүз мың әскермен келіп тұр ғой”, — деп сөйлегендер де болған. Сонда Мұстафа: “Болашақ ұрпағымыздың сағы сынбасын, аз болсақ та, қырылсақ та, қашпайық”, — деген екен.

Үш сағат уақыт берем деген Фрунзе жарты сағаттан кейін қаланы атқылай бастайды. Үш-төрт сағат зеңбіректен снаряд жаудырады. “Осы қырғынның салдарынан 60 мың адамы бар Қоқанда 20 мың ғана адам қалды”, деп жазады Мұстафаның өзі. Жазықсыз бала-шаға, кемпір-шал, қатын-қалаш қырылып кеткен.

Екі Мишаның тағдыры мұнымен бітпейді. Бұның алдында да бір оқиға болған. Тарихшыларға, газет оқырмандарына айтып берсем, артық болмас. Шабуылдың алдында қызылдар М.Тынышпаевтың баласы Ескендірді ұрлап кетеді. Оны апарып бір үңгірге тығып, сол арадан тағы да: “Тынышпаев сен Түркістан республикасынан кет! Кетпесең, балаңды өлтіреміз!” — деген тұрғыда хат жібереді. Кішкентай Ескендірді оның немере ағасы Оспан деген кісі құтқарып алған екен.

Шырғалаң

Түркістан республикасының барлық басшылары қашуға мәжбүр болады. Мұстафаның қасында бір ғана офицері бар еді. Ол тамақ іздеп кеткенде бір қышлақтың жастары, большевиктердің айдап салуымен Мұстафаны қорлайды. Шоқынған дейді. Большевиксің деп ұрып соғып, дарға аспақшы болады. Дарға асуға алып келген кезде жиналған топтың ішінде сауатты бір өзбек Мұстафаны бірден танып: “Не істеп жатырсыңдар? Бұл Түркістан республикасының басшысы Мұстафа Шоқай ғой! Төреге сендер қалай қол жұмсадыңдар?!” — деп айқай салады. Фанатик халықтар төрені қатты сыйлайды ғой. Әлгілер: “Кешіре гөр, кешіре гөр” — деп бастарын иіп, жерге жығылады. Сонымен Мұстафа құтылып кетеді.

 Мария Горина

Ташкентке әрең жеткен Мұстафа Мария Горинаны тауып алады. Қала сыртындағы үйіне түнде келеді. Мария оны қуана қарсы алып, іздеп жүрген қызылдардан жасырып, қаладан қалай алып кетуді ойластыра бастайды. Мария бұл кезде Түркістан соғысында жараланған солдаттарға ерікті түрде көмектесіп, медбике болып жүрген. Ол вокзалға барып, Петербургке жүретін пойыздың басшысымен келісіп, Мұстафаны жаралы солдаттардың ішіне кіргізеді. Бүкіл денесін, тұла бойын дәкемен орап, жаралы солдат ретінде вагонға салып, алып келе жатады. Сұлутөбе стансасына жақындаған кезде Мұстафа мазасызданып, Марияға: “Қол-ая­ғымды шешіп, ең болмаса бір сәтке терезеге алып баршы”, — деп өтініш жасайды. Бақытына қарай, жайшылықта тоқтамайтын пойыз Сұлутөбеде тұрып қалады. Мұстафа шыдай алмай, киімін киіп жерге түседі. Сол арада жақын бір жеңгесі кездеседі. Мұстафа шошып кетіп, вагонға қайта кірмекші болғанда, жеңгесі жүгіріп келіп, бас салып құшақтайды. Қасында еріп жүрген 6-7 жасар балаға: “Мынау сенің көкең, Мұстафа” — дейді. Мұстафа баланы тік көтеріп, маңдайынан сүйеді. “Үлкен азамат бол” — деп батасын береді.

Бұлар алдымен Орынборға, одан Екатеринбургке барады. Ол арада Мұстафа мен Вадим Чайкин деген досы генерал Колчакты өлтірудің жоспарын жасайды. Бұлардың қонақүйде жарған бомбысынан Колчак аман қалады. Енді Мұстафа мен Чайкин Марияны қалдырып, өздері Кавказға қарай қашуға мәжбүр болады.

“Мен қазақ ауылдарымен жүріп отырамын. Сол жерлерге Мария келеді деп айтып кетемін. Сені ешкім сатпайды”, — дейді Мұстафа әйеліне. Марияның өмірі 40-50 сериялы фильмге жетерлік мол материал. Ол өзінің кітабында қазақ даласынан қалай өткенін, Досмұханбетовтардың ауылында болғанын, қалай Маңғыстауға келгенін, Маңғыстаудан Дербентке кемемен қалай жеткенін жазады. Ол кезде Кавказ ағылшындардың қолында еді. Келіп түскен жерінде теңіз жағасында шаршап ұйықтап қалған екен. “Көзімді ашсам форма киген қап-қара біреу тұр. Формасы ағылшын армиясыныкі. Негрді өмірімде бірінші көруім”, — деп жазады ол кісі.

— Сіз Мариясыз ба? — дейді негір.

— Иә, Мариямын.

— Сізді комендант шақырып жатыр.

Әлгі жерде Марияға жақсы киімдер, қаражат беріп, Бакуге жеткізіп салады. Бакуге келсе, Мұстафалар ары қарай, Тбилисиге кетіп қалған екен. Мария бөгелмей арттарынан қуып, екеуі Тбилисиде кездеседі. Мұстафа сол арада жаңа газет, журнал шығарып, тәуелсіз Грузияға көмектесе бастаған. Бірақ 5-6 айдан кейін Қызыл армия мұнда да келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, бұлар Батумиге қашады. Сол жерден түрік кемесіне мініп, Ыстамбұлға келеді.

 Сталин

Сталиннің жек көретін екі үлкен жауы болған. Біреуі Троцкий де, екіншісі Мұстафа Шоқай. Троцкийден билікке таласады деп қорықса, Мұстафадан кеңес өкіметінің ең бір шұрайлы өлкесін бөліп алып кетеді деп қорыққан. Сондықтан Мұстафа Шоқай кемемен Түркияға өтер кезде оның қасына бір жансыз ереді. Сол шпион Батумидан бастап, Мұстафаның отбасымен бірге жүреді. “Ол науат сататын саудагер еді”, — дейді Мария кітабында.

Ыстамбұлда жүргенде, күндердің бір күнінде кешке жақын үйіне қайтып келе жатқан Мұстафаға біреу шабуыл жасайды. Бірақ өлтіре алмайды. Мұстафа жаңағыны күшпен еңсеріп, бетін жасырған шүберекті ашып қалса, өзінің үйінде жүрген адам екен. Әлгі қашып кетеді.

 Екінші жансыз туралы Мұстафа Шоқай өз кітабында жазады.

“Парижде жүргенімде оқыған бір азамат келді. Қызылдармен келісе алмай қаштым деді. Мен оны іске тартып, газет-журналдардың жұмысына араластыра бастаған едім. Бір күні шикілігін сезіп қалдым. Сосын ашық әңгімеге шақырып едім, ол жігітім мойындап, қашып кетті. Өзін-өзі әшкереледі”, — дейді ол.

Мұстафаны өлтіруге жіберілген үшінші жансыз, Ташкенттен пойызбен қашып шығып, келе жатқанда жолда, Сұлутөбеде кездесетін жеңгесінің жанындағы бала. Аты — Байдырахман. Байдырахман комсомол мүшесі, жақсы оқыған, өжет, сымбатты, ұзын бойлы жігіт болып өседі. Әлдебір қызметі ұнап, НКВД оны Харьков қаласындағы тыңшылар мектебіне жібереді. Сонда оқып жүргенде қалалық партия комитетінің екінші хатшысының қызына үйленеді.

Соғыс басталғаннан кейін Мәскеуге шақырып алып, НКВД-ның адамдары: “Мұстафаны білесің бе?” — деп сұрайды. Ондай адамдармен байланысы барларды тұтқындап, атып жатқан кез. Сондықтан Байдырахман қорқып, “білмеймін” дейді. Сол үшін есінен тандыра әбден ұрып-соғады. Есін жинағанда: “Мұстафа Шоқайды білесің бе?” — деп тағы сұрайды. “Білмеймін” — дейді бұл. Тағы соғады.

Үшінші кездескенде: “Жарайды, сен Мұстафаны білмеймін дейсің, оның туысы екеніңді біз білеміз”, — деп Мұстафа екеуінің өмірбаянын жайып салады. Өзі де біліп тұрған жігіт аналар айтып тұрған соң, мойындауға мәжбүр болады. Қайтадан түрмеге қамап, Лубиянкаға жатқызады. Сонда ұрып-соғып, 1941 жылдың қараша айының аяғында Украинаға алып келеді. Сол кезде Батыс Украинада алғашқы тұт­қын солдаттардың лагері болған. Байдырахманды тағы да ұрып-соғып, сол лагерден қашқан тәрізді етіп, Виница қаласында орталығын құрып отырған Мұстафаның қолына түсіреді.

Байдырахман Ресей армиясының запастағы генерал-майоры екен. Көп жылдар барлаушы болып, Кеңес армиясына қызмет еткен.

Сонымен Мұстафаны өлтіруге барған Байдырахман оны өлтіре алмаған. “Жетінші күні Мұстафа ағам оянып, шай үстінде: “Торғай атам түсіме кірді. Ол “Мұстафа, сенің қойныңда шұбар жылан жатыр ғой” деді”,— дейді Байдырахман. — Біліп қойған екен деп шошып кеттім. Мұстафа бетіме қарап отырды да: “Сенің мұнда келмеске мүмкіндігің жоқ болды ғой. Қай бір жетіскеннен келдім дейсің. Саған ақылым, сен мұны қой. Мен хат жазып беремін, бір жігіттер сені Ыстамбұлға алып кетеді. Сонда институтқа түсесің. Болашақ Түркістан республикасына сен сияқты азаматтар керек”, деді”.

Байдырахман сол күні болған және бір оқиғаны айтады. “Кешке жақын Мұстафа ағам әлдебір өлім лагеріне барып келді де, тұнжырап ұзақ отырды. Содан кейін “Лагерьде мен мұсылмандармен кездесіп, алдарында сөз сөйледім. Мен сендерге немістерге беріл деп айтпаймын. Бірақ аман қалуды ойлаңдар. Түркістан республикасына қызмет етуді ойлаңдар. Менің осы сөзімді қолдайтындарың бірнеше қадам алға шығыңдар дедім. Жиналғандардың жартысына жуығы алға шығып, жартысы шықпай қалды” — деді.

Мұстафа комендатураның тепкішегімен көтеріліп келе жатқан кезде пулеметтен оқ атылады. “Артыма бұрылып қарап едім, жаңағы менің үгітіме көнбегендерді қырып салыпты. Соны көргенде есім шығып кетті. Жазықсыз ағайындарымды қыруға себепкер болдым” — деп ол қатты күйзелді. Содан отыра қалып жазу жазды, — дейді Байдырахман. — Бір кезде бері кел деп шақырып, “міне, мен Гитлерге хат жаздым” депті.

“Неміс халқы дүниедегі ең зиялы халықтың бірі. Әлем тарихына Бетховен, Гете, Гейне сияқты ірі тұлғаларды сыйлаған. Бірақ сіздердің істеп отырған мына қылықтарыңызға мен түсінбеймін. Бұл варварлардың қылығы. Қолға түскен әскери тұтқындарды менің көзімше қырып салды. Осыған наразымын”. Өстіп хат жазып, қасына қосып берген неміс офицерлерінің бірінен беріп жібереді.

Қол қойып отырғанда Мұстафа Байдырахманға: “Мен өзіме-өзім үкім шығардым, қарағым. Мынау хатты алғаннан кейін, мені бұлар аман қалдырмайды”, — дейді. Бір ғажабы, Мария жеңгемізді көрмеген Байдырахман осылай десе, Марияның кітабында да тура осы оқиға бар. Хатты Гитлердің идеологияны басқаратын Розенберг деген министріне жіберген. Сол күні кешке Мұстафаны Винницадан алып кетеді. Барған соң Берлиндегі ақсүйектер жататын ауруханаға жатқызады. Үш күннен кейін Мұстафа қайтыс болды деген хабар келеді.

Мұстафаның өлімі туралы түрлі-түрлі пікір бар. Әркім әрқалай айтады. Біреулер Сталин өлтірді дейді, біреулер Гитлер өлтірді дейді. Және Мұстафадан кейін Түркістан қозғалысына келген белгілі қайраткерлердің атын айтады. Мен бұл дауға қатысқым келмейді, тарихшы емеспін.

Бірақ, логика бойынша жаңағыдай хатты алған соң Мұстафаны кім өлтіруі мүмкін? Сондықтан мен сценарий жазған кезде бұл мәселеге жауап іздеген жоқпын. “Берлинге қарай қара мәшинемен Мұстафа кетіп бара жатыр, өлімге емес, өмірге”, деп бітіремін.

Мұстафаның аз ғана тірлігі, бар ғұмыры болашаққа арналған. Сондықтан Мұстафа ауруханада өлген күні Мұстафаның үлкен болашағы басталды.

1941 жылдың 19 желтоқса­ны. Неміс концлагеріндегі кеңестік әскери тұтқын­дардың хал-жағдайымен таныса жүріп, Мұстафа Шоқай өзінің қатты ауырғанын сезеді. Қызуы көтеріледі. Дәрігер тексереді. Алайда, профессор Руднев сырқат адамды қарап, қандай ауруға шалдыққанын анықтай алмайды. Жобасы сүзекке ұшыраған болар деген болжаммен М. Шоқай Берлиндегі “Виктория” ауруханасына түседі. Бірақ ол сүзекпен ауырғанына сенбейді, Париж түбіндегі Ножан қаласындағы үйіме қайтамын, жіберіңдер, босатыңдар деп қанша сұранып, жалынса да ешкім тыңдамайды.

Еріксіз емделуге түскен Мұстафаның дене қызуы одан сайын көтеріліп, жеті күндей ес-түссіз жатады. Сол тұста оның ауруын басатын дәрілер берілсе керек. 27 желтоқсан күні аздап есін жиды білем, медбике бір ине салып, жағдайын сұрағанда “ұйқым келе береді” дейді де, талықсып кетеді, содан оянбайды.

Сол күні кешкі 9 шамасында марқұмның әйелі Мария Яковлевна Берлинге жетеді. Мәйітті көрсе­туді сұрағанымен, рұқсат берілмейді. Қайғылы оқиғаның қалай өрбігенін ешкім түсіндірмейді. Бәрінің сөзі – сүзектен қайтыс болды. Келесі күні тағы да мүрдені көруді талап етеді. Немістер “әзірше болмайды, күте тұрыңыз” дейді. Мұндай мүмкіндік тек 31 желтоқсанда ғана жасалады. Мариям ханым жатқан қонақ үйге Уәли Каюм-хан келіп, күйеуінің мәйітін көруге рұқсат берілгендігін хабарлайды.

Сөйтіп, Мұстафа Шоқай “лагерьлердің бірінде” емес, неміс елі астана­сының “Виктория” деген символдық аты бар ауруханасында көз жұмды. Ал “виктория” деген сөз латынша – vіctorіa – жеңіс деген мағынаны білдіретіндігін, ертедегі грек аңызы бойынша жеңіс құдайы болып есептелетіндігін еске алсақ, тағдыр оған “бәрібір біз жеңдік қой” деген сияқты соңынан қылмаңдай күлімсіреп қалған сияқты.

Елдің тәуелсіздігін, халқының бостандығын аңсаған Мұстафа Шоқай кеңес басшылығының Түркістан жерінде жүргізіп отырған отаршылық саясатын әшкерелеп жазған материалдары большевиктердің, олардың көсемінің мазасын алғандығы шындық.

Сонау 1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетіне Сталиннің арнайы хат жазып “Ақ жол” журналы мен шет елдегі Шоқай жазбаларының арасында үндестік бар, бұған неге тосқауыл қойылмайды деп пікір айтуы тегін бе? Ал сол кезде ОГПУ-дің барлау қызметіне қарасты арнаулы бөлім шет елде тұратын Мұстафа Шоқай сияқты Мәскеудің көзіне түсіп, қара тізімге іліккендерді қырып-жоюға жаппай кіріскен еді. Осы мақсатпен көлік апатына ұшырату, у беру, ұрлап жоғалтып жіберу, тасадан оққа ұшыру әдістері кеңінен қолданылды.

Парижде жүрген генерал А. Кутеповті ұрлап әкетіп, көзін жойды. Оның ізін басқан генерал Миллер белгісіз жағдайда ғайып болды. Украиндық ұлтшыл А.Коновальц те қазаға ұшырады. Мюнхен­де Степан Бандераны үйінің босағасында атып кетті.

Қыр асуға мәжбүр болған зиялы қауым қайда барса да НКВД қыр соңынан қалмады. Олардың жеке басы ғана емес, әртүрлі жағдайда араласқан адамдары, тіпті саясатқа ешқандай қатысы жоқ әлемнің басқа түкпіріндегі туған-туыстары қуғын-сүргінге түсті. Мұны Троцкий мен Мұстафа Шоқайдың өмірінен айқын көруге болады. Мысалы, Троцкийге іш тартып жүр деген НКВД қызметкері И. Райсс Швейцарияда қазаға ұшырады. Екі жеке хатшысы – чех азаматы Э.Вольф Испаниядан, неміс азаматы Р. Клемент Парижден – үшті-күйлі жоғалып кетті. Ал 1940 жылдың 20 тамызында испандық Рамон Меркадер Троцкийдің өзін аюандықпен өлтірді. Ол 20 жыл түрмеде отырып шыққаннан кейін Ресейге келіп, жасаған “ерлігі” үшін Кеңес Одағының Батыры атанды, біраз уақыт Москвада тұрды. Жендет баласына көмектескені үшін шешесі Ленин орденімен марапатталды.

Мұстафа Шоқайдың жағдайы да осыған ұқсас. Өзіміз оқып, қолмен ұстаған Сәкен Сейфуллиннің, Хасен Қошанбаевтың, Қазмұхамет Күлетовтің, тағы басқалардың қылмыстық істерінде олардың өкімет алдында жасаған бірден-бір айыбы Мұстафа Шоқаймен сыбайластығы екен. Алайда, бұлардың тергеу ісінде бұл тезисті айғақтайтын бірде-бір дерек жоқ. Шынын айтсақ, “қызыл” Сәкен мен “ұлтшыл” Мұстафаның арасында қандай астыртын байланыс болуы мүмкін. Сөйтсек, Ташкенттегі кәсіптік-техникалық училищенің оқушысы Б. Дабыловқа Парижден жазған бір хатында Шоқай одан “Тар жол, тайғақ кешу” кітабын жіберуді сұрапты. Мұны байқаған ОГПУ “әлі жарық көрмеген кітапты ол қайдан біледі, демек елдегі сыбайластарын анықтап, құрту керек” деп қорытынды жасаған.

“Парижде Шоқаймен кездестің, яғни ымы-жымың бір”, деген кінә тағылып, Әміре Қашаубаев қаншама азап шекті десеңізші! Мұстафаның туыстары, ауылдың қарапайым азаматтары, саяси күреске қатысы жоқ туған інісі – Нұртаза Шоқаев, немере інісі – Мырзеке Қалмұхамедов “үштіктің” бұйрығымен атылып кетті. Жазығы — ағасынан хат алғаны. Осындай “қылмысы” үшін Байдәулет Дабылов өмір бойы НКВД-нің қуғынында болды.

Қазақтың алғашқы оқымысты заңгерлерінің бірі Райымжан Мәрсеков Аспантауға қыр асуға мәжбүр болған. Ол Қытайда тұтқындалып, сонда мерт болған деседі. Екінші бір дерекке сенсек, Марсеков Семей түрмесінде қазаға ұшыраған.

Маңғыстаулық Оразмұханбет Тұрмағанбетұлы да өткен ғасыр басындағы қазақтың санаулы оқыған азаматтарының бірі еді. Қудалау көре берген соң Иранға барып бас сауғалайды. Алайда, 1937 жылы ОГПУ оны сол жерден ұрлап, Мұстафа Шоқайдың сыбайласы деген айыппен 1938 жылы атып жіберген.

Большевиктерге қарсы саяси көзқарасы мәлім Мұстафа Шоқайдың үнін өшіріп, мерт қылу ОГПУ-дің басты мақсатының бірі болғаны сөзсіз. Алайда, ондай айғақтарды тек Москвадан, Федералдық қауіпсіздік қызметінің архивінен ғана табуға болады. 

Мен ҚАЗАҚПЫН! 9.02.2015 жариялады

1 пікір

Танымағанда ше, осы кісінің атындағы мектепте оқығанмын)
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы