Мен ҚАЗАҚПЫН! 9.02.2015 жариялады

Неге екенін білмеймін, кітапханаға кірген бойда осы қызыл мұқабалы кітапқа құмарттым. Алыстан қызыл түс күнге шағылысып, мен-мұндалап сонадайдан шақырды. Кітапханашыға да амандаспастан жетіп барып, сол кітапты қолыма алдым. Кітап сыртында «Ақан сері. 1 кітап» деген жазуы болатын. Атын сирек еститін Ақан сері жайлы кітаппен ең алғаш осылай танысқан болатынмын.

Әдетімше кітапханаға тағы да жаңадан келген кітаптардың бар-жоғын көріп шықтым, өзіме сенбей, кітапханашыдан сұрадым. Ол қолымдағы кітаптың ғана келгенін айтқан еді. Қолымдағы «Ақан серінің» жаңа екені көрініп тұрды, ылғи да кітаптың мазмұнына қарайтын едім, бұл жолы да әдетімнен жаңылмай, мазмұнын оқыдым. Жалпы қызық секілді көрінді... Кітапханашы маған жаздырмай-ақ беретін. Әрине, мектепте әдеби кітапты оқитын 4-5 оқушы, оның күнде келіп тұратыны мен ғана болсам танымай қайтсін. Кітапты алдым...

Сорыма орай  ол кітап алған күні-ақ бітіп қалды. Бірішекті соғудан бастап Ақтоқты драмасының соңынан бір шықтым. Азаттықты аңсаған Ақан бейнесі жадымда ұмытылмастай болып мәңгі қалған еді.

Екінші кітабы ауыл кітапханасында жоқ боп шықты. Кітапты қайтармадым, Шара апайға еркелік жасап сатып алдым. Әттең, екінші кітабының жоғын-ай!

Студенттік жылдың ең алғашқы кезінде Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханадан осы кітапты байқап қалып және алдым. Оны қайталап тағы бір аудардым. Қайта өткізген кезімде екінші кітабын еске алдым. Еске түскені мұнша дұрыс болар ма, бірден табыла кетті. Оны алып, үйге (жатқан үйім Титовта, қала сыртында болатын) жеткенше маршрутта бітірдім.

Жалпы кітаптан алған әсерім бір ғасырға жетерліктей болды. 

Қазіргі кезде ең сүйікті кітабым – «Махаббат қызық мол жылдар», ең сүйікті әртісім – Хлоя Морец болса, ең сүйікті кейіпкерім  - Ақан сері.

Менің көз алдымдағы Ақан Сері өзіме қатты ұқсайды. Оның бар болмысы маған келеді. Азаттыққа, кең далаға, дархандыққа құштарлығы дәл менікіндей. Басқа да ұқсастықтарымды айта да берер едім, тек артық ойлап қалатын оқырмандардан қорқамын.

 Ғафу Қайырбеков «Ақан-аға»

Алланың атыменен аталатын 
Дүниенің бар байлығын, махаббатын
Бөктеріп Құлагердің аш беліне,
Жалғаннан шауып өтті Ақан-аға.
Ақанға Құлагерді құдай берген,
Жәй тарих нағашыдан сұрай келген,
Құлагер құлағанда қайран сері
Құшақтап қара жерді жылай берген.

Өйткені сыңарынан айрылған ол,
Арманы қанатынан қайрылған ол,
Дүниеге "қош!" деп қолын бір сермеді,
Жүрегі қиянаттан айныған ол.
Ақанды азған заман ұғынбады,
Құдай да жарата сап бұрылмады,
Тек қана ұғынды оның ғажаптығын
Ақ маңдай қарауылдың сұлулары. 

Олардың Ақан еді сыйынғаны,
Махаббат базарына жиылғаны,
Ақанның жылағаны олар үшін 

Жалғанның бар қызығы тыйылғаны. 

Дүниеден Ақан көшті, қызық көшті,
Деді де, қара шашын қиып, кесті.
О, жалған, сұлулардың азасынан
Кім көрген ауыр қаза, қиын сесті!..
Ақан ол - махаббаттың пайғамбары,
Қазақтың жиған мүлкі, жайған малы -
О, оның бір әніне тұрмайтын
Амал не, көр соқырлар аңғармады.
Кемісін кім айтады өз әкеңнің,
Деген соң: "Дүниеге өзім әкелдім",
Асылын өлтіріп ап өз қолымен,
Жылайтын әдеті ғой қазекеңнің.

Жарайды, кешір бізді, Ақан-аға,-
Қайта шық тарих атты сахнаға, 

Ел болды сол қазағың, кісі болды,
Әйтпесе, жақсыларын шақыра ма?
Туған жер, осылардың ойла бәрін,
Ойлауға бұрын сенің болмады әлің.
Ақанды тойлағаның,ата қазақ,

Ол - сенің елдігіңді тойлағаның!

 

117,824 сұрақ
303,596 жауап
153,363 пікір
65,474 қолданушы