Апамның айтқандары

  1. Жазғы салқыннан жаныңды аяма.
  2. Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның өз жақсылығы болады.
  3. Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген мақал бар.
  4. Әйелдің жалаңаш денесі еркектің құмарлығын қоздыра түседі. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған  құмарлық таудан төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей, жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда  еркек елеңдемейді, әйел алаңдамайды, адалдық бұзылмайды.
  5. Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың.
  6. Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу – дарақылықтың белгісі.
  7. Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, оны түзетуге көмектес.
  8. Қызға қатты күлудің қажеті жоқ, жігіттерге оның жәй ғана жымиғаны жетіп жатыр.
  9. Ауыз шешендік әркімде болады. Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі, жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы – бәрі де сайрап тұрған сөз.Сондықтан, оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен  танылғаны дұрыс.
  10. Шошаңдаған қыз шешенің атына кір келтіреді.
  11. Баласы арақ ішсе, шешесі у ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
  12. Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.
  13. Үміт күткен ұлы оңбаған болып кетсе – әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе – шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз болып шықса – жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ бол.
  14. Ақ көңіл мен адал ниеттен  туған іс әсем болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті.
  15. Қыздың жақсы жігітке шығуы, жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара – пар. Алдымен жеңіске жету қымбат,  ал жеткен жеңісті баянды ету одан да қымбат.
  16. Көшеде көлденең тұра қалып, бірінің ернін бірі жұлып, жердей боп жалмап, жұрт көзінше  сүйісіп жатқан қыз бен жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ.
  17. Кей адам кілт етпе келеді. Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.
  18. Махаббат барша байлықтан күшті. Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат  та өзін байлық пен барлықтың қоса қолдауын ұнатады.
  19. Екі адамның бір-біріне шын ықыласпен  қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттың не асыл достықтың арқасы.
  20. Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
  21. Тірі адамның бар бақыты, бар қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың  немесе о дүниелен үміт етудің  қажеті жоқ. Сол себепті бар терді төгіп,  барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған  үйіңді жұмақ ете біл.
  22. Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға болдым деме.
  23. Жақсы адам – магнит. Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып алатыны сияқты, жақсы адамның да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң – айналаңда досың көп; жаман болсаң – жалғыз жүресің. Орташа болсаң – сен де бір жақсының жанын жағалайсың.
  24. Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде. Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса – іздеген досың алыстан үйіріліп, өзі келеді.
  25. Біздің ауылдың қазақтары баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп жатады. Алауыздықтың атасы – жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе екен!
  26. Ел билеген жақсы адамның өмірдің күнделікті күйбеңімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы осында – артына тастап кеткен асыл кітабында ғой.
  27. Біреуді пәленше көп біледі деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті жоқ. Ондай «білгіштіктен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық. 
"Махаббат қызық мол жылдар" кітабынан.
Қазақ салт-дәстүрлері 7.02.2015 жариялады
116,025 сұрақ
294,324 жауап
152,839 пікір
60,310 қолданушы