Үлкен Арал теңізінің тартылу себебі

арал, арал өзені

Уақытысында аумағы жөнінен Жердегі ішкі сулар қатарында төртінші орында болған Арал теңізі үшін 2014 жылдың жазы тағы бір кері кеткен маусым ретінде тарихта жазылды. NASA-ның жер серіктерінен түсірілген фотосуреттерге қарағанда Оңтүстік Аралдың шығыс жартысы алғаш рет толықтай дерлік кеуіп қалды. Фотосуреттер Earth Observatory сайтында жарияланды.

Кіші Арал және Үлкен Арал; 19-маусым, 2014 жыл

арал спутник

Кіші Арал және Үлкен Арал; 25-маусым, 2000 жыл

Батыс Мичиган университетінің география профессоры Филип Миклиннің айтуынша, бұл жағдай соңғы 600 жылда, яғни, Әмудария өзені өзінің арнасын кілт өзгертіп, Каспий теңізіне құюын доғарғаннан кейін бірінші рет болып отыр (Арал теңізінің тартылуы циклді сипатқа ие). Алайда, бүгінде Әмударияның арнасы қаз-қалпында. Арал теңізіне жалғанып жатыр. Бірақ, өзен суы ұзақ жылдардан бері Арал теңізіне жетпейді. 

Бес жыл бұрын Оңтүстік аралдың шығыс бөлігі толықтай жойылған еді. Әйткенмен, мол жауын-шашынның есебінен ондағы су деңгейі күрт көтерілді. Миклиннің ойынша, шығыс бөлігінің толықтай дерлік құрғап қалуына Арал теңізі алабында жауын-шашынның аз түсуі себеп. Сонау Памир тауларында қар аз түсіп, еріген қар суларының аздығынан онсыз да Аралға тамшыдай болып жететін өзендегі су қоры анағұрлым төмендеген. Одан бөлек, Орта Азия елдерінің өзен суын ауылшаруашылығы қажеттеліктері үшін тынымсыз пайдалануы аз су мөлшерін тіпті тауысты. Ал, Арал теңізінің құрып бітуі адами факторлардың салдарынан басталғаны әуелден белгілі.

Біреу еді, үшеу болды

Теңіздің тартылуы XX ғасырдың орта тұсында басталды. Дегенмен, Аралдың «жоқ» болатыны жөнінде қауіп сөздері одан бұрын, 30-жылдары айтыла бастаған-ды. Сол кезде КСРО аумағында Орта Азия жерлерін мелиорациялау жөнінде ғаламат бағдарлама қолға алынды. Әмудария мен Сырдария өзендері бойынан суландыру жүйесінің құрылыстары басталды. Бір ғана Қарақұм су арнасының ұзындығы 1445 шақырымға созылып,Әмудария суының 45 пайызын өзіне алып қойды. Кеңестік инженер-мелиораторлардың суды шығындамай сақтап қалу үшін қолдан қазылған су арналарын бетондауға бастары жетпегені таң қалдырады.

Арал, шіркін, 60-жылдарға дейін өзінің тірі қалуы үшін күресіп-ақ бақты. Ондағы су деңгейі бұрнағы қалпын сақтады. Ауданы 68 мың шаршы шақырымға, ұзындығы 426 шақырымға, ені 284 шақырымға жетсе, ең терең жері 69 метр болды. Жылына 40 тонна балық ауланып, теңіздің қазақстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу комбинаты, 45 балық қабылдау бекеті; өзбекстандық бөлігінде — бес балық зауыты, балық консервілеу зауыты мен 20-дан астам балық қабылдау бекеті жұмыс істеді.

Бірақ, 60-жылдардан бастап теңіз деңгейі 0,7 метрге қайтымсыз түрде төмендеді. Аралға келіп құятын өзен суларының мөлшері — 4,5 есе, теңіздегі су айдынының ауданы – 8 есе, су көлемі – 13 есе азайды. Тұздану деңгейі 13-25 есе өсіп, Әлемдік мұхиттың минерализациялану бойынша орта деңгейінен 7-11 есе артып кетті. 1989 жылы Арал теңізі бір-бірінен оқшауланған Солтүстік (Кіші) Арал және Оңтүстік (Үлкен) Арал деп екіге бөлінді. 2003 жылы Оңтүстік Аралдың өзі тағы екіге: шығыс және батыс бөлікке айырылды (Шығыс Арал және Батыс Арал).

Оңтүстік Аралдағы судың тұздылық деңгейі артқаны соншалық, ондағы балық біткен қырылып қалды. Судағы тіршілік тоқтап, «Артемия салина» шаяндары ғана бұл тұзды суларды мекендеді. Теңіз табаны жаңа бір шөл дала – Аралқұмға айналды. Егістікке пайдаланылған тыңайтқыштар құрамындағы пестицидтер мен тағы да басқа улы заттар Әмударияға қайта қосылып, өзен суымен бірге Арал теңізіне құйылып келгендіктен, ешқайда кетпей, теңіз түбінде шөгіп қалған-ды. Сол улы заттар теңіз тартылғанда, шаң-тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, Арал маңын, Қарақалпақстан мен Қазақстанға жататын аумақтарды экологиялық апат аймағына айналдырып жіберді. Жергілікті жұрт тыныс жолдарының созылмалы аураларына, анемия, қылтамақ, бауыр-бүйрек және көз аураларына шалдықты. 
 

Қазақы Арал

Сырдария өзені келіп құятын Солтүстік Аралдың жағдайы Оңтүстік көршісімен салыстырғанда анағұрлым жақсы. Қазақстан билігі қалып қойған теңізді қалпына келтіруге шындап кірісті. 2005 жылы ұзындығы 14 шақырымдық Көкарал бөгеті салынғаннан кейін Кіші Арал суының Үлкен Аралға жылыстауы тоқтатылды. Осылайша, Солтүстік Аралда тіршілік жанданды. 2010 жылы Солтүстік Аралдағы су деңгейі мұхит деңгейінен 42 метрге көтерілді. Бұл дегеніңіз, Оңтүстік Аралдағы су деңгейінен 14 метрге жоғары, өткен ғасырдың 70-жылдарындағы су деңгейінен 11 метрге төмен. Су айдынының ауданы үш мың шаршы шақырымнан асады. Орташа тереңдігі — 8 метр. 

Қазір Солтүстік Аралда жылына 6 тоннаға дейін балық ауланады. Мұндағы суларда сазан, көксерке, ақ амур, лақа, табан, торта, камбала балықтары бар. Таяу жылдарда су деңгейі Арал қаласына жақындауы мүмкін деп күтіліп отыр. 2012 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасын әлемдік маңызы бар сулы-батпақты жер-сулардың тізіміне қосты. Осы тізімге енген жер-сулар Рамсар конвенциясымен қорғалады. 

Теңіздің оңтүстік бөлігі болса, өзінің ақырғы күндерін кешіп жатқанға ұқсайды. Осыдан бес жыл бұрын ресейлік ғалымдар ондағы су деңгейінің жылына бір метрге тартылатынын, ақырында «жер асты және қалдық өзен суларымен қоректенетін ащылы-тұщылы су айдынына» айналады деп болжам жасаған. NASA-ның фотосуреттеріне қарағанда, Үлкен Аралдың шығыс бөлігі бұл стадияны өткерді. Ендігі кезек, батыс бөлігінде. Әмударияның суы бұл бөлікке жетпейді. Су айдыны жер асты су көздерінің есебінен «бар» болып отыр. Түрлі бағалауларға сенсек, жер асты су көздерінен жылына екі текше шақырым су беріледі.
Сөйте тұра, Аралдың суын «тартып алып қойған» Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттері суармалы жерлерінің жартысын қысқартып, Әмударияның айдынын толтыруға ешбір құлық танытар емес. Керісінше, халқын асырау үшін суармалы жер көлемін үздіксіз арттырып келеді. Экспортқа шығарылатын ылғалсүйгіш мақта өсімдігі де осы Әмударияның есебінен суғарылады. Аралдың ажалына кезінде осы мақта өсіру шаруашылығы тікелей себеп болған-ды. 

Ғалымдар теңіз деңгейін толықтай бастапқы қалпына келтіру үшін Әмудария және Сырдариядан жылына құйылатын су мөлшерін төрт есе арттыру керектігін есептеп шығарды. Бүгінде, бұл қос өзеннен жылына 13 текше шақырым су құйылады. Арал теңізінің тартылуына үлкен зардап шеккен Өзбекстан үкіметінің ұйытқысымен ұйымдастырылатын конференциялардан келіп жатырған пайда аз. Бұған қоса, Аралқұм аумағында көмірсутектердің ірі қоры ашылған. Кейбір есептеулерге сәйкес Аралқұмдағы көмірсутек қоры Орта Азиядағы барлық мұнай қорының 31 пайызын, газ қорының 40 пайызын құрайды. Мұнда қазір ресейлік «Лукойл» компаниясы белсенді жұмыс істеп жатыр. Сондықтан да теңізді тірілту мәселесі көзделген пайданың ығында қалып, әзірге екінші орынға ысырылған сияқты.

Теңізді толтыру үшін ойластырылған қияли бір нұсқа бар. Ол — Памир тауларының тәжік жеріндегі аумағында орналасқан Сарез көлінің суы есебінен теңізді толтыру. Сарез көлінің су деңгейін 70-100 метрге төмендету арқылы Арал теңізінің айдынын 6-8 миллиард текше метр сумен толтыруға болатыны есептелген. Бірақ, Аралды қалпына келтіруге қатысты қандай әрекет болмасын, осыған мүдделі мемлекеттердің күші біріктірілу керек. Ал, бұған мүдделі мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас әзірге жақсартуды қажет етеді. Арал теңізінің келешегі де осы жақсартуларға байлаулы.

Жәнібек Нұрыш

Қызықты деректер 6.02.2015 жариялады

1 пікір

Арал теңізінің тартылуы табиғи құбылыс. Оны ғалымдар "маятник процессі" деп атайды. Осының бір дәлелі, Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары теңіздің тартылған табанынан ескі қаланың орнын тапты.
116,035 сұрақ
294,371 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы