Адамның үш ерлігі

Баяғыда қазақтың бір батырынан "Өміріңізде өзіңіз сүйсінген неше ерлігіңіз болды?" деп сұрапты-мыс. Сонда: "Өмірі есімнен қалмайтын үш ерлігім бар" деп батыр мына төмендегілерді айтыпты:

  • Бір ұрыста жау қолына түсіп қалдым,-деп бастапты батыр. - Қалмақтың мені олжа еткен батыры еліңнің ерлерін ата, олардың осал жерлерін айт, қазақтың ұлы өзенінің өткелін көрсет деп қинады мені. Мен айтпадым да, көрсетпедім де. Содан кейін ол мені кеңірдегімнен қылқитып жаңа сойылған өгіздің жас терісіне қаптатып, босағасына байлап қойды. Жас тері жаздың ыстығында бір-ақ күнде кеуіп, сірі болып шыға келді. Күн көтеріле сіріге шелектеп су құйдырады. Ол кезде сірі сәл кеңиді де, құрыс-тырысы жазылып, рақаттанып қаламын.  Күн қыза сірінің суы кеуіп, ол енді қайтадан құрысады. Өгіз терісінен жасалған темірдей сірі жан-жағымнан өқрсау боп қысқанда сүйектерім сытырлап, өліп кете жаздаймын. "Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме" деген емес пе? Өлсе өлермін, бірақ сырымды бермеспін деп тістеніп, кұн сайын бір уыс боп бүрісемін де қаламын. Өстіп бір ай жаттым. Бір айдың ішінде арыстай басым аруақтай болды да қалды.  Бір айдан кейін қазақтың бас батыры келіп, мені қинаған жауды өз қолымен өлтіріп, мені қысқан сіріні өз қолымен тіліп, босатып алды. Бір ай сіріде жатқанымда қыңқ етіп үн шығармағанымды бір ерлік деп білемін.
  • Түнде мен далада ұйықтап жатқан жерімде сұп-суық бірдеңе бақайымнан көтеріліп, кеудеме шығып, жоғары қарай өрмелеп келе жатқанын сезіп, оянып кетті. Қозғалмай жатып байқасам, бақайымнан бері қарай өрмелеп келе жатқан ұп-ұзын жылан екен. Ұшып тұрсам, оның шағып алатынын білдім де, сенің іздеп келе жатқаның осы ғой деп, аузымды аша бердім. Жылан апандай боп жатқан ауызға басын сұға бергенде мойнынан қыршып алдым да, жыланның басын жерде шеңбердей боп шоршып жатқан денесінің қасына түкіріп тастадым. Екінші ерлігім осы деп есептеймін.
  • Жиырмаға жаңа ілінген  қылшылдаған шыдамсыз жас шағымдаөне бойымды қышыма қотыр басып, орнымнан қозғала алмай, жатып қалдым. Сонда тұла бойым отқа күйгендей дуылдап, қанша қышынып, қиналсам да, етіме бір рет тырнақ тигізбей шыдап кеттім. Осыы үшінші ерлігім еп айтар едім, - депті батыр.

Ал сіздің өмірдегі үш ерлігіңіз қандай? Бөлісейік...

Әлемге саяхат 6.02.2015 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы